Қара судың қадіріне жетіп жүрміз бе? 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін

Қара судың қадіріне жетіп жүрміз бе? 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін

Біз осы қара судың қадірін біліп жүрміз бе? Әй, қайдам. Судың да сұрауы барын ұмытып барамыз. Беті-қолымызды жусақ та, сарылдатып суды ағызып қоямыз. Моншаға немесе ваннаға шомылсақ та, суды шалпуыштаймыз. Алды-артына қарамаймыз. Кейде бақша суғарып жүрген жандар кранның аузын ашық қалдырып, төңіректі көлшікке айналдырып жатады. Ең жаманы – сол ісіне өкінетін адам аз. Себебі судың қадірін білмейміз. Суды тегін дүние көреміз. Алайда дүкен сөрелерінде таза судың бағасы бензиннен қымбат екенін күнде көріп жүрсек те, назар аудармаймыз. Зейін қоймаймыз. Әлемде бір тамшы суға зар мемлекеттер барын білсек те, селт етпейміз. Қайғы жемейміз.

Елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. БҰҰ мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Мемлекет басшысының пайымдауынша, еліміз 2050 жылға қарай тіпті «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Көбі – шалғайдағы ауыл тұрғындары. Көпшілігі әлі күнге құдық суына мұқтаж. Көлшіктен су ішіп отырғандар да кездеседі. Алысқа бармай-ақ, Астананың тап іргесіндегі Талапкер, Қараөткел ауылдары халқы таза суды сатып алып ішуде.

Құдайға шүкір, қара судың қадіріне жету үшін 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Көп жұмыс атқаруда. Жаңартылған Су кодексі қабылданды. Онда түйінді мәселелер шешімін тапты. Қуанарлығы, аталмыш ведомство Президент тапсырмасымен су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасауға кірісті. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары жайында мәлімет жинақтау көзделген. Әйтсе де, жаңа технологияға проблеманың шешімі деп емес, проблеманы шешу жолындағы құрал деп қана қарауымыз керек. Цифрландырудың әдістемелік базасы қаланбаса, технология тілін түсінетін білікті мамандар болмаса, ең озық жүйенің өзі ешқандай пайда әкелмейді.

Министрлік су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2030 жылға дейін қосымша 2,6 текше шақырым су жинай алатын жаңа 42 суқойма салуды, 1,9 текше шақырым су сақтайтын 30 суқойма мен 14 450 шақырым суару каналын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Сарапшылардың мәлімдеуінше, аталған шаралар арқылы тасымалдау кезіндегі су шығынын 25 пайызға азайтуға, ал суармалы жерлердің көлемін 400 мыңнан артық гектарға ұлғайтуға болады.

Қазақстан Орталық Азиядағы және ішінара ТМД-дағы көршілеріміз сияқты суды тұтыну деңгейі өте жоғары. Aquastat мәліметінше, ҚР-да 2020 жылы жан басына шаққандағы судың жалпы көлемі 1,31 мың текше метрді құрапты. Қазір бұл өскені анық. Ал соңғы мәліметтердегі бір адамға шамамен 3,6 мың литр дегеніңіз өте үлкен көлем. Көл-көсір шығын.

Күні кеше, 15 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Су ресурстары жөніндегі арнаулы өкілі Ретно Марсудиді қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын тағы бір көтеріп, бұл мәселенің мән-маңызына ерекше тоқталды. Өйткені Президенттің пікірінше, 2040 жылға қарай еліміздегі су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Жай ғана жалаң цифр сияқты көрінбесін, ауқымын аңғарту үшін бірнеше мысал келтірейік. 15 млрд текше метр дегеніміз – Бұқтырма су қоймасының жартысына тең немесе Балқаш көлінің 15 пайызына парапар. Қазақстан бүгінде бүкіл салаға (ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, ауызсу) 25 млрд текше метр су жұмсайды. Егер жылына 15 млрд текше метр тапшылыққа ұрынсақ, тұтынып отырған суымызды екі есе қысқартуға мәжбүр болады екенбіз. Бұдан да қарабайыр есеп: бір кісі күніне екі литр су ішсе, 15 млрд текше метр әлем халқын екі жарым жыл бойы ауызсумен қамтуға жетер еді. Мұншама көл-көсір көлемді көзге елестетудің өзі қорқынышты!

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, әлемде 1 миллиардтан астам адам таза ауызсуға зәру, ал көптеген елдер су тапшылығынан зардап шегуде. Су тапшылығы ең жоғары елдер негізінен Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия аймақтарында орналасқан. Мысалы, Африка елдерінде – Эфиопия, Сомали, Нигерия, Оңтүстік Судан. Бұл аймақтарда құрғақшылық пен инфрақұрылымның жоқтығынан халық лас суды пайдалануға мәжбүр.

Таяу Шығыста – Йемен. Орталық Азияда Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да су ресурстарының шектеулілігінен тапшылық сезінеді.

Су тапшылығының негізгі себептері көп. Соның бірі – климаттың өзгеруі және жаһандық жылыну. Оған қоса, халық санының өсуі мен суды артық тұтыну да өз зардабын тигізуде. Тағы бір кедергі – суды үнемдеу технологияларының жоқтығы.

ЮНИСЕФ болжамы бойынша, алдағы жиырма жылда су тапшылығын тартатын елдер қатары көбеюі мүмкін. Сондықтан біздің де алды-артымызға қарап, қара судың қадіріне жетуге тырысқанымыз абзал.

Сонымен бірге, Астанада өтетін өңірлік экологиялық саммит пен желтоқсан айында Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясына дайындық мәселелері де назардан тыс қалмады.

Ретно Марсуди БҰҰ Бас хатшысының су мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі ретінде Қазақстанның аймақтағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалады. Бұған, әрине, дандайсуға болмайды.

 

Нағашыбай Қабылбек
23.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24557
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24220
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41672
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37563
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41942