Жылқыларды жақсы көремін. Шабандоз ағалардың тұлпарға мініп шапқанын көргенде қызығатын едім: «Шіркін, менде мініп шапсам ғой!» – деп армандайтынмын. Кинолардағы, ертегілердегі, қиссалардағы ақылды тұлпарлар сияқты менің де тұлпарым болса ғой деп ойлайтынмын. Кейде түсімде тұлпарға мініп шауып кетіп бара жатамын. Әкем Тұрарбек пен анам Гүлфияның айтуынша, жылқыны мінуге үйреткен менің қазақ бабам екен. Сонда мен неге атқа мінбеймін деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Бір күні менің арманым аяқ астынан орындалды. Әкем тай сатып аламыз, соған қора салуымыз қажет деп, жедел жұмысқа кірісті. Қыстың күні еді. Қора біткен соң біздің үйге келетін «қонақты» асыға күттім. «Ертең келеді» деп әкем айтқанда жүрегім дүрсілдей соғып кетті. Әнеки, келе жатыр, әдемі тай екен. Маңдайындағы қасқасы көзіме оттай басылды. Өзі жуас екен. «Иә, бұл жуас тай бүгін демалсын, ертең мінесің», – деді әкем менің ойымды оқығандай. Міне, өмірімде бірінші рет таймен бетпе-бет келдім. Біздің ауыл Алматы қаласына жақын болған соң, мал ұстатпайды. Өмірімде малды жақын жерден көрмеппін. Енді міне, бірінші рет тайға мінейін деп отырмын. Қорқып тұрмын, жүрегімнің дүрсілі өзіме естілгендей. Әкем мені тайға көтеріп мінгізді. Біраз жер жетектеп жүрді. Мінекей, өзім кетіп барамын. «Менің тайға мінгенімді достарым көрсе ғой!..» – деп мақтанып қойдым іштей. Сөйтіп, жиі-жиі тайыма мініп, ауылдағы алаңқайға шығып қыдырып жүрдім. Менде тағы бір арман пайда болды. Болашақта осы тайыммен бәйгеге қосылып, бірінші орын алсам деген. Айтпақшы, біздің үйімізге таймен бірге тағы бір мақұлық келді. Кішкентай ғана сүйкімді күшік, Ақтабан деп ат қойдым. Өзі тынымсыз, шәуілдеп келіп үреді дейсің. Мен тайға мінгенде ол астымыздан зу өтіп өте шығады. Бұрын ішім пысатын, қазір үйдегі екі «досыммен» сөйлесемін. Күшігім ерке, ал тайым салмақты. Бәрін түсінеді және қантты жақсы көреді. Берсең, рахаттанып жейді. Айман әжеме және ауылдағы бауырларыма ватсаппен суретін жібердім.
Әңгімемді тезірек аяқтауым керек, сыртта екі досым күтіп тұр. Айтпақшы, тайды жиі мінбесең құтырып кетеді екен. Өткенде солай болды, секіріп шауып мені тастап кеткісі келді. Құдай сақтады, тайыма ұрыстым, содан ба, қазір жуас. Кейде ол сыңғырлай кісінейді. Тай деген жақсы, сен де сатып ал, жақсы дос табасың. Оны мінгенде өзіңді патшадай сезінесің. Әзірге әңгімеме көп нүкте қояйын, қызық нәрселер болса, тағы да жазамын. Қош сау боп тұрыңдар, достар!
Абдулла ТҰРАРБЕК,
№211 мектеп-гимназияның
2 «ә» сынып оқушысы,
Алматы қаласы