Алты Алаш жұрты тағы бір талантты да рухты, намысты баһадүр перзентінен айырылды. Ғарифолла Әнес Қабдолқайырұлы ғалым, журналист, қоғам қайраткері ғана болған жоқ, ол елін, жерін, тілін жан-тәнімен қорғап жүрген санаулы өр мінезді азаматтардың бірі еді. Сона-ау тоқсаныншы жылдары Аллам тәуелсіздігімізді бергенде Ғарифолла Әнес өзгелердей абдырамай, ғасырлар бойына тұншығып, зорлық-зомбылыққа ұшырап келген қазақ халқының жоғын түгендеуге тырысты. Алдымен «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» дегендей, орыстың озбыр саясатының кесірінен ашаршылықтан миллиондап қырылғанын жария етіп, қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған Алаш арыстарын ақтауға бар күш-жігерін салды. Мақалалар жазды. Қазір еліміздің белді басылымы болып қалыптасқан «Ана тілі» газетінің шаңырағын көтеріп, ашуға сүбелі үлес қосты. Іле-шала «Арыс» қорын, баспасын ашты. Бұл баспа Алаш арыстары және нәубет жылдары туралы еңбектерді шығарудың қайнар көзіне айналды. Кейінгі жылдары Алаш арыстарының сүйектері жатқан Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында тамаша мұражай ашып, мешіт салдыруға мұрындық болды. Ол тіл майданының күрескері ретінде танылды. «Қазақ тілі» қоғамының белді мүшесі болып өтті…
Саналы ғұмырында халқы үшін барлық ақыл-ойын, жігерін, қайратын жұмсаған Ғарифолла Әнес бауырымызды ажал деген зұлым арамыздан алып кетті. Бірақ оның ұлан-ғайыр еңбегі қат-қат болып артына қалды. Оның жарқын бейнесін, еңбегін халқы ешқашан ұмытпайды.
Марқұмның алды пейіш, арты кеніш болсын! Әумин!