Қазақ әдебиетінің тағы бір дүлдүлі өмірден өтті

Қазақ әдебиетінің тағы бір дүлдүлі өмірден өтті

Қазақ әдебиеті қара жамылды. Халық жазушысы, ақын, драматург, аудармашы, сазгер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері Исраил Сапарбай 85 жасқа қарағанда шағында  өмірден  өтті.  Ол  ұлт  руханиятына  өлшеусіз мұра  қалдырған   көрнекті қаламгер  еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың марқұмның отбасына жолдаған көңіл айту жеделхатында: «Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды», – деп жазылған. 

Өміршең туындыларымен қалың оқырманның жүрегін жаулаған қаламгердің өлеңдері сезімді селт еткізеді. Жүректен шыққан жырлары таза лирикаға лайықталған. Сыршыл ақынның «Аққу арманы» поэзия әлеміне алғашқы қадамы болса, «Қызыл-жасыл дүние», «Түнгі әуендер», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты жинақтары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді.

Қарымды қаламгер 1941 жылдың 15 мамырында Самарқанд облысында дүниеге келген. Әкеден небәрі екі жаста жетім қалады. Балалық дәурені тауқыметпен өтеді. Өмір иірімін қым-қуыт тіршілікпен шектемей, поэзия арқылы өз тағдырын жазды, қоғамның дертімен ұштастырды. Сөзге әуен қосты. Қағаз бетіне өрнектеген кейіпкерлері театр сахнасында сөйледі. Әйтсе де поэзия әлемінен алыстамады.

Республикамыздың  театрларында Исраил Сапарбайдың пьесалары қойылды. Мәселен, «Сыған серенадасы» пьесасы Шәмші Қалдаяқовқа арналған. Ал Ақсақ Темірге арналған, тарихи тақырыптарға жазған пьесалары арқылы драматургия саласында өнімді, жемісті еңбек етті. Ол ерекше үнімен, нәзік талғамымен, ақындық қуатымен қазақ әдебиетінде өзіндік із қалдырды. Қаламынан туындаған шығармаларынан салмақты, салиқалы, биязы мінезі айқын көрінеді. Оның есімі, өнері, поэзиясы қалың оқырманының жадында мәңгі қалады. Ақынның жатқан жері жайлы, иманы саламат болуын Аллам нәсіп етсін!

«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті, 

«ElAnA» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық  сайты мен «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар

 журналы ұжымы

24.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16529
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31555
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30173
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33769