Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  Ә. Смайыловқа

 

 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

Қазақта "Қолыма жұмыс бергенің —жаныма тыныс бергенің" деген сөз бар. Бірақ қазір Қазақстан халқының тынысы тарылып, қыларға қызмет таппай жүр. Себебі жұмыссыздық деген жегі құрт барлық салаға дендеп енді, тәжірибелі маман болсын, енді ғана ЖОО-ын тәмамдаған адам болсын екі қолға бір күрек таппай қиналады. Дей тұрғанмен біздің елдегі статиска деген құдырет өтіріктен өрнек тоқуды доғармай тұр. Соңғы үш жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді. Бұл тек жұмыспен қамту орталығына арнайы өтініш бергендердің есебінен шыққан дерек екенін құзырлы орындар ескермейді. Салдарынан Қазақстан халқының көбі жалықысы жақсы, табысы тәуір жерде қызмет қылып жатқандай көрінеді. Ағайынды осындай жалған деректер әбден ашындырып болды.

Жұмыссыздық енді ғана еңбек нарығына шығатын жастардың да уайымына айналды. "Оқу грантын көбейттік" деп көп есеп беретін билік, сол мамандар ЖОО-ын тәмамдағанда қайда барып қызмет қылатынын тіптен ойламайды. Нақты дерек, 2025 жылы мемлекеттік білім гранты 75 мыңға жетпек. Оған ақылы оқитын жүздеген мың студентті және қосыңыз. Бірақ осынша маманды жұмысқа қабылдайтын еңбек нарығы бар ма? Табақтай диплом ұстаған жастар ертең қайда барып қызмет қылады? Қазақстандық жастардың 40 проценті мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ЖОО түлектерінің 30 проценті бірден жұмыс таба алмайды. Аталған мәселемен күресудің орнына салалық министрлік бір реттік грант, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, жастар практикасы деген науқандық шаралармен ғана жүр. Жастар елдегі жұмыс күшінің 40 пайызын құрайтынын ескеріп, Үкімет оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешкенде Қазақ жастары Кореяға қара жұмысқа кетпес еді, Еуропаның даласында пияз теріп ақша тауып жүрмес еді.

Қазір елімізде 6 миллионнан астам жас адам бар. NEET жастардың саны 422 мыңға жетті. Олармен де нақтылы жұмыс жасалып жатқан жоқ. Бір реттік кей жобалардың нәтижесін білу тіптен қиямет. 2022 жылы Ұлттық қордан "Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі" Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға грант беруге 69,2 миллиард теңге бөлінген. Бірақ оның 6,9 миллиард теңгесі игерілмеген. Бұл да жұмысты жүйелеуде кеткен қателік. Ең қызығы, Жоғары аудиторлық палата жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес идеяларды іске асыруға гранттар беру және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға гранттар беру іс-шарасының нәтижесін бағалау мүмкін емес депті. Нәтижесін бағалау мүмкін болмаса Ұлттық қордан несіне қыруар қаржы бөлінді?

Ұсыныстар:

1. Жалған есептен құтылып, нақты жұмыссыз жастардың санын жәнге олардың талап-тілегін білу үшін мобильді топтар құру керек. Олар базарлар мен басқа да жастар көп шоғырланған жерлерді аралауы керек. АМАНАТ партиясында сондай жүйе бар, аталған тәжірибені мемлекеттік деңгейде іске асыру қажет.

          2. Бір реттік науқандық бағдарламаларды қойып, есепті тұрақты жұмысқа орналасқан жастардың санымен жүргізу керек.

         3. Демографияға және елдегі әлеуметтік ахуалға қатысты қазақ жастары қазір шекара асып қара жұмыс істеуге мәжбүр. Мысалы 2022 жылы Оңтүстік Кореяда 9600 Қазақстан азаматы заңсыз тұрған. Әлемге шақсақ бұл сан бірнеше еселенеді. Сондықтан шетелде жүрген жастарды қолдайтын, қорғайтын халықаралық келісім-шарттар  жасау керек.

         4. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды адал азаматтар құрады» деді. Және бір сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деді. Еңбек адамдарына арнап 20 деректі фильм түсіргенімде елімізде қандай қайраткер, көпке үлгі болатын, бірақ елеусіз жүрген еңбек адамдары бар екенін білдім. Әр шығарылым көрерменге үлкен толқыныс сыйлады. Сондықтан Еңбек адамы, Адал азамат концепцияларына идеологиялық тұрғыда үлкен бағдарламалар керек.

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

 

«AMANAT» партиясының

фракция мүшесі, депутат                                                   Н. Сәрсенғалиев

 

03.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 774
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 620
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 665
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 598
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 623

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5596
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5041
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8208
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6021
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7234