«ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN»-да ҚАЛАМЫМНЫҢ ІЗІ ҚАЛДЫ

«ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN»-да   ҚАЛАМЫМНЫҢ ІЗІ ҚАЛДЫ

 «Қазақстан-ZAMAN» Халықаралық қоғамдық-саяси газетіне 2006 жылы осы басылымның Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып бекідім. Алматыға арнайы барғанда газеттің директоры Ахмет Аляз, Бас редакторы Ертай Айғалиұлы  құшақ жайып қарсы алды. Он жылдан астам осы газетте қызмет істей жүріп, қарымды қаламгер, шебер ұйымдастырушы адамдардың жанкешті еңбегіне тәнті болдым.

Алдымен Ахмет мырзадан бастайын. Ең алғаш Ахметтің алдына «Түрік азаматы, қазақ тілінде тіл табысып кете аламын ба?» деген дүдәмал оймен, имене кірген едім. Жап-жас, бойына ойы сай, иман жүзді азамат жылы ұшырай: «Апай, мұнда отырыңыз», – деп қарсы алғанда, жүрегім жібіп сала берді. Алдымен ол аталмыш газет Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 17 қаңтарда ашылған тұңғыш шетелдік, еларалық еркін басылым екенін, түркі дүниесі мен қазақ ұлтының мүддесіне қызмет ететін басылым екеніне тоқталды. Содан кейін Қарағанды облысының тыныс-тіршілігінен аздап суыртпақтап сыр тартып, газеттің алға қойған мақсатымен таныстырды. Ахмет мырза қазақ тілінде анық және еркін сөйлегенде, ерекше сүйсіндім. Тіпті түрік деуге аузым бармады. Басылымды он жылдай басқарған «Тіл жанашыры» Ахмет бей жұмыстан кеткенше биязы,бірқалыпты азаматтық қалпынан айнымады.

Осы жылдары ғалым, ҚР Журналистер одағының мүшесі Априза Айтбаева апай директордың орынбасары болып қызмет етті. Апай Қарағандыға келген іссапарында газеттің тарихын баяндап берген еді. Әйгілі фототілші Рахымбай Ханалы осы кісінің жары екенін әңгіме үстінде білдім. Түсірген суреттерін бала кезімнен республикалық газет беттерінен көретін едім. Сондықтан да апайдың Ханалы марқұм туралы айтқан естелігі маған қызықты болды.  Рахымбай аға да осы газетте фототілші болып қоймай, редактордың орынбасары  қызметін атқарып, зор үлес қосқан. 

Халықаралық «Қазақстан- ZAMAN» газетінің Бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі жазушы Ертай Айғалиұлы есімі бүкіл республикаға танымал. Журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен майталман маман газетті 2005 жылдан бері басқарып келеді. Елі, жері десе, ішкен асын жерге қоятын, намысшыл, ұлтым десе ұрандап шығатын отансүйгіш редактор газет бетіне көкейкесті әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселе көтерген өткір мақалаларды батыл жариялап, оқырманнан оң бағасын алып келеді.

Газет редакторының бірінші орынбасары, белгілі ақын Жанбақыт Борантаев пен қарымды қаламгер Шаяхмет Құсайыновтың «Қамшыбасар», «Жанайқай» айдарымен  берілген журналистік зерттеу жүргізіп,  шындықты шырқыратып жазған мақалалары қаншама халықтың тағдырына араша болды. Осы күнге дейін қаламы жүйрік Ермек Сахариев, Нағашыбай Қабылбектің және әр облыстағы меншікті тілшілердің материалдарын оқып жүремін.

Жетпістің ортасына келсе де, басшылық жұмыстың тізгінін ұстап жүрген Мешітбайқызы Сәуле апайдың қажырлылығына таңғалмасқа шара жоқ! Осы күні «Qazaqstan dauiri»  газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Мешітбайқызы Сәуле апаймен танысқаным да қызық болған. Бірде Бас редактор Ертай Айғалиұлы «Қазақтелеком»  компаниясының ісқағаздарына мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі бас менеджері Сәуле Мешітбайқызы Қарағандыға барады. Хабарласып, күтіп алып, сол кісімен «Қазақтелекомға» барып, мемлекеттік тіл мәселесі туралы мақала дайындап беріңіз», – деп тапсырма берді. Редактордың жіберген нөміріне қоңырау шалдым, телефонның арғы жағынан «Жұлдызсыз ба?» деп сыңғырлап тіл қатқан әйел адамның даусы естілді. Даусы сыңғырлап тұрған соң, «жас шамасы өзім қатарлы адам болды-ау» деп ойладым да: «Сәуле, сәлеметсіз бе? Қай жерде келе жатырсыз?» – деп қойған сұрағымды жауапсыз қалдырып, телефонды өшіре салды. Түк түсінсем, бұйырмасын! Көлікті күтіп алсам, ішінен жас шамасы әжептәуір үлкен апай шықты. Қысылғаннан аузыма сөз түспей қалды. «Сәуле дейсің, мен сенің құрдасың емеспін» деп, бірден айтып салды. Мен кешірім сұрадым. Ашуы тез қайтады екен. Сәлден соң шүйіркелесіп, кейін тіпті жанашыр адамыма айналып кетті. Сол күні «Қазақтелекомға» барып,онда жұмыс істейтін өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлегеніне куә болып, қайран қалдым. «Тоқпағы мықты болса...» дегендей, Сәуле апайдың қатаң талабынан шыққан қорытынды екенін ішім сезді. Сол жолғы тексерістің нәтижесінде «Қазақтелеком»  қазақша сөйлейді» деген мақала жаздым.

Бұған дейін  Ертай аға мен Априза апаймен көлікпен ауыл-қаланы аралап, баспасөзге жазылу барысын насихаттап, газеттің, журналдың тиражын  көбейттік. Халықпен кездесіп, көкейкесті көлемді мақалалар жаздық. Кейін басшылық өзгеріп, Сәуле апаймен іссапарға шығатын болдым. Сонда апайдың жасы алпыстан асса да, шаршауды білмейді. Осы күні жетпістің алтауына аяқ басса да, ақпарат саласы теңізінде құлаштап жүзіп, жол көрсетіп жүрген алып кемедей Сәуле әпкемізге қайран қаламыз. Жыл сайын еліміздің 14 облысын аралап, қараша халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оң шешімдер қабылдауына тікелей себепкер болып қоймай, маңызы зор мақалалар жазады.

Енді өзімнің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілші болғандағы он жылдан астам еңбек жолымның кейбір кезеңдеріне тоқталып өтейін. Журналист ақпаратты шапшаң жазып беруі керек. «Қазақстан-ZAMAN»-да жұмыс  істеген жылдары  газеттің электрондық поштасына жіберген мақалаларды бір сүзіп шықтым. 2015 жылдың 13 шілдесі күні «Қазақстан- ZAMAN» газетінің электрондық поштасына сол кездегі Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетовтен алған сұхбатымды суретімен  жіберіппін. Тарих деген – осы, бүгінде А.Қанатұлы – ҚР Білім және ғылым министрі! Әр жіберген мақаланың тұсына «Тендердің мақаласы, Жанбақытқа беріңіздер», «Ерекеңе немесе Жанбақытқа берулеріңізді сұраймын», «Ереке, нөмірге салып жіберіңізші», «Бауыржанға беріңіздер», «Бас редактор болмаса Жанбақытқа беруіңізді сұраймын» деген сияқты «аттандаған» жазбаларды көруге болады.

Қарағанды облысына Нұрлан Нығматулин әкім болған жылдары кәсіби мереке қарсаңында тұңғыш рет БАҚ үздіктеріне облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы тарту етілді.  Алғашқы жылдары бірнеше аталымнан тұратын сайыста жүлделі орынның бәрі орыстілді БАҚ журналистеріне бұйыра берді. Қазақ басылым, телеарна журналистері елеусіз қалғанға намыстандым да, «Қазақстан-ZAMAN» газетіне  «Алтын сұңқар жез болып, көрінгенге кез болып...» атты көлемді сын мақала жаздым. Онда қазақтілді әріптестерімнің еленбей қалғандығы, сол  жылдары сан жылдық  тарихы бар  ана тілімізде шығатын жалғыз газет – облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің материалдық жағынан мүшкіл халі, тәжірибесі мол тілшілердің еңбегі елеусіз қалғанын нақты дәлелдермен жазғанда, осы мақаланы «Қазақстан- ZAMAN» газеті ғана жарыққа шығарды.  Мақала шыққан кезде облыс әкімінің ішкі саясат басқармасы арқылы әлгі газетті алдырып, мені қабылдауына шақырып, мақаланы  жазуыма не  түрткі болғанын сұраған еді. 

Кейін облыс әкімі біз жұмыс істейтін редакцияға келіп, жұмысымызбен танысып, кабинеттерді аралап, жағдайды көзімен көріп кетті. Бір жылдың ішінде редакция күрделі жөндеуден өтіп, әріптестерім өздеріне лайықты марапаттар алғанда, менің ғана емес, осы мақаланы  сол уақытта атынан ат үркетін Н.Нығматулиннің бет-жүзіне қарамай жарыққа шығарған «Қазақстан- ZAMAN» газетінің үлесі бар екенін мойындағанмын. Мемлекеттік тіл туралы жазған «Аудан аты қашан өзгереді?», «Қарағанды көшелері атауы – қара тізімде», «Тұмау емес, тіл жаныма батып тұр», «Баспасөзбаяны неге мемлекеттік тілде сөйлемейді?» атты көптеген өзекті материалдар кезінде оқырманнан оң бағасын алды.

Жыл сайын халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газеті ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп «Ауыл ажары – азаматына сын» атты экспедициясымен Қарағанды облысында болды. Экспедиция құрамында: сол жылдардағы Бас директорының бірінші орынбасары, экспедиция басшысы Сәуле Мешітбайқызы, Бас редактор Ертай Айғалиұлы және меншікті тілші –  мен болатын едім. Қарағанды облысының көлемі үлкен. Экспедиция мүшелеріне сонау Ұлытау мен Егіндібұлаққа дейінгі ұлан-ғайыр жерді аралау оңай емес. Әкімшіліктен көлік беріле қоймаса, жиенімнің бірін өз көлігіме жүргізуші етіп алып, жолға шыға беретін едік. Әкімдердің қабылдауында болып, халықпен жүздесіп, ауылға қатысты көкейкесті мәселелерді көтеріп, азғантай жетістіктері болса, жариялап, өз үлесімізді қостық.

Он жылдан астам жақынымдай болып кеткен әріптес, сапарлас, дәмдес болған «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымын 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін!

 

Жұлдыз ТОЙБЕК, «Қазақстан-ZAMAN» газетінің Қарағанды облысы бойынша бұрынғы меншікті тілшісі
09.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

Аудан әкімі ардагер спортшыларды марапаттады
Талас аудан әкімдігі - 06.07.2022 33
АУЫЛАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Жамбыл ауданы - 06.07.2022 27
164 түлек ауылға жолдама алды
Сейсен ҚОЖЕКЕ. Меркі ауданы. - 06.07.2022 21
Ардагер аяқдопшылар алтыннан алқа тақты
Нарбол ҚАШАҒАН, журналист. Талас ауданы. - 06.07.2022 21
Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы
Анықтама жасаған – Абзал Құспан, заңгер - 30.06.2022 182
Абылай хан туралы ащы щыңдық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к. - 30.06.2022 189
Абылай хан туралы ащы шындық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т. ғ. к. - 23.06.2022 1190

Топ жаңалықтар

1
Дәстүрлі спартакиада
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 71
2
Басты мақсат – жас спортшылар қатарын көбейту
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 66
3
«Алтынордалықтардың» алтыншы қойылымы
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 97
4
Оң баға берілді
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 68
5
Еңбектенемін деген жасқа мүмкіндік мол
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 68