Желтоқсан-40

Желтоқсан-40

 

Тәуелсіздік-35

                               Сендерге алғысым шексіз,  жақсы адамдарым!

        Еліміздің егемендігін алуына  қолдан келгенше  үлесін қосып, алаңға барып өзінің наразылығын білдірген  күрескерлердің бірі -Желтоқсан ардагері, «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» саяси-қоғамдық ұйымының мүшесі Абдрасул Оразкүл Айдашқызы еді. Мұрағатта сақталған алаңда иін тіресіп тұрған бір топ жастардың суреті естеріңізде болар.  Соның  ішінде ақ шәпкі  киген еліктің лағындай  кекілді қыз Оразкүл болатын.  Сөздері нық, ісі мығым, достыққа адал жанды  көрген сайын сүйсініп, «ел басына күн туса бірінші болып қолына қару алып ұрысқа осындай  нағыз қайсар да батыл жандар шығатын  болар» деп ойға қаламын.  

                                              Алғаш тігінші болып істедім

  Мен  1963 жылы ақпан айының 15 жұлдызында Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қазалы қой совхозы Сарыбұлақ елді мекенінде дүние есігін аштым. 1980 жылы Қазалы қой совхозындағы №100 Кеңтүп орта мектебін бітіріп, арман қуып Алматы қаласына келдім. 1981-1982 ж.ж. Алматы УПК - өндірістік бухгалтер мамандығын алдым.  Телеграфист-телефонист мамандығы бойынша курсын бітірдім. «Кванта» оқу-инновациялық өндірістік кәсіпорнында  бухгалтер мамандығы бойынша қосымша мамандық алдым. 2013 жылы Алматы қаласы Орталық Азия Университетінде психология мамандығын тәмамадап,  диплом алдым. Сөйтіп өзімнің алғашқы еңбек жолымды  Дзержинский атындағы тоқыма фабрикасында тігінші-моторист болып бастадым. 1981-1982 ж.ж. Алматы УПК - өндірістік бухгалтер мамандығын алдым.  Телеграфист-телефонист мамандығы бойынша курсын бітірдім. 1983-1984 жыл аралығында Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы сол кездегі Ленинск қаласының (Байкоңыр)  жанындағы ет өңдеуші-ет өнімдерін жасаушы зауытында бас бухгалтер болып істедім. 1984-2005жж. Алматы поштасында телеграфист, телефонист, пошта байланысы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарадым. 2013 жылы Алматы қаласы Орталық Азия Университетінде психология мамандығын тәмамдап,  диплом алдым.Одан кейін де зейнетке шыққанға дейін әртүрлі басшы қызметтерде  істедім.

                                          Біз алаңға намыс үшін барған едік

 ... Сол күні күн әдеттегіден қатты суық болды. Бірақ біз жастықтың қызуымен көк мұздың үстінде жүрсек те тоңбадық. Мұрағатта алаңда иін тіресіп тұрған бір топ жастардың суреті бар. Соның  ішінде мен де бармын.  Ол кезде мен 1986 жылы   Алматы поштамтында телеграфист болып жұмыс істеп жүрген  едім.  «Брежнев алаңына жастар наразылық білдіріп жиналып жатыр» дегенді естіп, бірнеше қыз  тролейбусқа мініп, Фурманов мен Абай көшесінің қиылысына дейін барып, ары қарай жаяу тарттық. Содан түнге дейін болдық. Шекарашылар училищесінің жауынгерлері бізге «артқа бармаңдар» деп ескертті. Бізді жасақтар  ұрып,  қуып ұстап автобусқа салып, сол кездегі Ленин ауданындағы РОВД-ға алып келді.Бірақ мені құдай сақтап, сол милициялардың ішінен бір қырғыз жігіті «автобустың артын айнала қаш!» деп сілтеп жіберді. Мен оның қырғыз жігіті екенін «шоң қыз» деген сөзінен білдім. Содан кейін қараңғы жерлермен қашып жатақханаға келдім. Далада жатақханаға кіре алмай біраз жүрдім. Сәл  уақыттан кейін тағы қыз- жігіттер келіп, вахтада отырған орыс ұлтының кемпіріне қаттырақ  сөйлеп аштырып, соларға еріп  мен де   кіріп кеттім. Келесі күні 18-не бірнеше қыздар қайта жиналып, алаңға бет түзедік. Ленин даңғылында жиналған жастармен бірге ұзын колонна  боп сап түзеп, даңғылдың бойымен төмен қарай жүрдік. Кенет «Россия» магазинінің жоғарғы жағында тұратын тұрғындардың біреуі балконнан бізге қарай мылтық атты. Абырой болғанда ешкімге тимеді. Жігіттер тұра жүгіре бастап еді, біз басу айтып,  содан  біздерді тыңдап,  әрі қарай кеттік. Сөйтіп КАЗПИ-да қамалып тұрған студенттерді босатып алып алаңға келдік. Оларды қосып алып, үлкен колонна болдық. Кешке ұрып-соғу басталды. Қандай күш екенін білмеймін, қыздар жалаң қолдарымен сынған мәрмәр тастарды жұлып алып жігіттерге тасыдық. Сол күні де түннің ортасында солдаттардан  қашып, Байсейітова көшесіндегі үлкен қоршаулардан секіріп кеттік. Аяғымыздағы  12 см биік өкшелі етікпен қалай жүргенімізді білмеймін.  Содан Калининамен қашып жүгіріп,  әйтеуір жатақханаға жеттік.

    19 күні кешке қарай екі тергеуші келіп, мені алып кетті. Мені ұстап әкеткеннен кейін 2-3 күн РОВД-да болдым. Тергеу жүргізіліп, таяқ та жедім.  Фрунзе ауданындағы РОВД-да 21 желтоқсанға дейін тергеп, сол күні сотқа әкеліп, 15 күнге қамауға үкім шығарды. Алматы қаласының Масанчи көшесіндегі УВД-ның жертөлесіндегі камерада 30-ға жуық қыз отырдық. Сол 15 күн қамауда болғанда КПЗ-да қызмет жасайтын милиционер қазақ жігіттері (аттары есімде жоқ) бізді өздерінің қамқорына алып 15 күн бойы кезекшіліктерін өздері атқарды. Бізді өзге ұлттан қорғап ешкімді жолатпай тұрды. Анау- мынау керек заттарымды жасырып жеткізіп берді. Сол 15 күнді өтеп шыққан соң менің өмірімде  қиындықтар басталды. Мен істейтін Алматы почтамты директорының орынбасарлары өзге ұлттан болатын. Бірінен соң бірі атакалап, «мұндайларды атып тастау керек, бұлар бүлдіргілер, бұлар адам емес!» деп неше түрлі сөздер айтып айыздары қанып жатты. Содан Совет ауданында комсомол жиналысы болды. 30- дан астам комиссия мүшелері болды. Менің  комсомол билетімді  лақтырып жіберді. Қосымша телеграфист, телефонист болғасын әскери міндетті билетіміз болған еді, оны қоса лақтырды. Сонымен мені бірауыздан жатақханадан шығаруды  шешті.        

   Ертеңіне Алматы почтамтының директоры Роза Токенқызы Юсупова апамызды  шақыртты.Ол кісі әрдайым қазақ қыздарына қамқор болатын. «Жандарым, менде амал жоқ, шамалы уақыт шыдаңдар, сосын өзім реттеймін» дегесін сенімді болып шықтық. Мені №96-пошта бөлімшесіне газет, хат -хабар тасушы қылып азғантай айлықпен ауыстырды. Жатақхана жоқ, пәтер  жалдауға ақша жетпейді. Содан «Отырар» қонақ үйінде  түнде ыдыс- аяқ жууға жұмысқа тұрдым.Орыстарың маған жиіркенішті түрмен қарайды.Өзіме өзім «шыда,шыда, әлі бір жерден шығасың» деп қоям. Бір даяшы  келіншектің  бөлмесінің  кіре берісінен тұратын жер тауып, тапқанымды төлеп күн көрдім.Солай өмір жалғасып жатты.Содан 1987 жылдың маусым айының аяғында Роза Токенқызы кабинетіне шақырып, маған 11- ықшам ауданындағы көп қабатты үйдегі жатақханадан орын беретінін айтты. Сөйтіп мені қайтадан телеграфист -телефонист мамандығыма қайтарды. Онда да маған «тек ақырын жүр!» деп ескертіп жіберді. Иә, ол кісіге зор алғыс айтамын,  мен үшін басын қатерге тікті. Өйткені партия қатарындағы қызметкер адам, бір жағдай болса қиын болатынын  жақсы білемін. Менің де әкем партия қатарында  болатын. Ол кісі қарапайым жұмысшы болса да совхоздың бетке ұстар азаматтарының бірі болатын. Алайда зияным тиіп кетер ме деп мен ауылға бармадым. Алла сақтап ол кісілер білмей қалды. Менің әкем білгенде  қостар  ма еді әлде ренжір ме еді? Өйткені ол кісі бұл жағдайдан бейхабар болып, ана дүниеге  қайтып кетті. Міне сол 1987 жылдың маусым айынан кейін ақырындап  тыныш  өмірді бастадым. Сол қиын-қыстау кезеңдерде менің жолымда кездескен, тірі қалып, аман-есен өмір сүруіме көмегін тигізген дархан жүректі жандарға алғысымды айтқым келеді.

                       Жастардың бойынан қызу қайрат пен қайсарлықты көргім келеді

   Аулада жүрсең қарт кісілердің өзі немерелерімен орысша сөйлесіп жатады. Қазір орыс тілі қарым-қатынас тілі болып кетті ғой. Қанша тіл білсең де өз тіліңді ұмытпай ана тіліңде сөйлескенге не жетсін? Осыны жастарға ұғындырып отыру керек. Біздің тіліміздей жағымды, бай, әдемі тіл жоқ. Бір сөздің өзі қаншама мағына береді. Өзіңнің тіліңді , ұлтыңды сыйламасаң,  сен кімге керексің? Алаш зиялылары осыны аңсап кетті емес пе? Ұлтымыздың бар қаймақтарын сыпырып кетті ғой. Тарихымызды жаңартып, қайта жазу керек. Ашаршылықты қолдан жасап, халықты қынадай қырды. Қазақ әйелдері 9-10-нан бала туып, әйтеуір халықтың  санын көбейтті. Кеңес үкіметі кезінде қазіргі келіншектер сияқты  бала күтіп 3 жыл отырмады, 3 ай ғана отырып, жұмысқа шығып кететін. Сол кездегі аналарымыз не деген шыдамды,төзімді, еңбекқор еді десеңші! Мен сол желтоқсан оқиғасы кезіндегідей қазіргі жастардың намысшыл, ұлтшыл, нағыз     отансүйгіш патриот болғанын қалаймын. Сол қасиет бүгінгі заманда жойылып бара жатқандай. Жастар енжар, ешнәрсеге қызықпайды. Мен олардың көздерінен жалындаған отты, қайсарлықты, өжеттікті көргім келеді. Жастарымыз көзі ашық білімді, саналы, белсенді  болса деймін. Жаңа дәуірді, Жаңа Қазақстанды құратын солар емес пе? Сондықтан олардан әлі де көп үміт күтемін.

                                                                                                        Әңгімелескен – Шаргүл Қасымханқызы

 

29.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24103
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23769
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41246
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37166
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41436