Бұрын «Адам адамға дос, бауыр» деген қағида болатын. Қиналған жанға қол ұшын беріп, қамқорлық жасау қазақтың қанында бар қасиет еді. Бір ауылда тұратын адамдар бір-біріне мейірімді болды. Тұрмысы төмен, күнкөрісі қиын отбастарына ел-жұрт болып, көмек қолын созатын. Бірі малын беріп, екіншісі басқасын әкеліп, қиыншылықты еңсеруге барынша қамқорлық жасайтын. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған да біздің ұлт еді. Тіпті ол кездегі ауылдың ақжарқын адамадары ұлтына, дініне, тіліне де қарамайтын. Қазақ елінің әр қиырына соғыстың қиын-қыстау кездерінде күштеп қоныс аударылған қаншама ұлт өкілдерін жергілікті халық құшағын ашып, бауырына басты?! Солардың арасында жергілікті ұлтқа деген немістердің ризашылығы шексіз. Бұған бір-ақ мысал, биыл Талас ауданы Ойық ауылындағы бүгінде Дінмұхамед Қонаев атымен аталатын мектеп түлектерінің 40 жылдық кездесуіне тәуелсіздіктің елең-алаңында тарихи отаны – Германияға қоныс аударған Андрей Гребтің арнайы келуі. Ол, он жыл білім нәрімен сусындатқан білім ошағында болды. Іргелі ауылды аралап, өмірден өткен кісілердің үйіне кіріп, жақындарына көңіл айтты, аман-есен жүрген қариялар мен мұғалімдеріне сәлем берді. Тараз қаласында өткен түлектердің қырық жылдық кездесуіне Еуропа төрінен келген құрметті қонақ ретінде емес, мектеп түлегі ретінде қатысты.
Жатсың деп жатсынбай, өзгесің деп өзекке теппей өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан ата-әжелеріміз, әке-аналарымыз, алдыңғы толқын ағаларымыздың ал енді қазаққа дегенде жаны жоқ еді-ау. Мұны мен ұлы жұт-ашаршылық жылдары Арқадан үдере көшіп, Саудакент ауылының төңірегіне аман жеткен атам мен әкемнен талай естігенмін. Жергілікті тұрғындар өздері аштан үзіліп жатса да Бетбақдаладан өтіп, арып-ашып зорға жеткен бауырларына қолдарындағы бір уыс талқанын беріп, жүрек жалғатқанын айтар бүгінде арамызда сол бір қасіретті жылдардың жалғыз куәсі де қалған жоқ.
Соғыстың сұрапыл жылдарында да қол-аяғы бүтін ер азамат түгел Отан қорғауға аттанып, көбі майдан даласынан оралмағанда да тіреуі жоқ мұңлықтарды елдегі үлкендер, қан-қасаптан жарым-жан болып келген жауынгерлер жылатпады, қамқорлық жасады, қорған болды. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда да адамгершіліктің ақ туын биік ұстаған алдыңғы толқынның өнегесіне таңғалумен келемін. Кешегі «кемелденген социализм» дәуірінде де әкелеріміз, ағаларымыз ақ жолдан айныған жоқ. Тіпті «қайта құрылып» жатқанда да…
Осындай қасиетті қазақтың бүгінгі ұрпағына не болды? Бұл бірінші отыз жылғы идеологияның жеткізген «жемісі» дер едім. Бұрын әр ауылда топ-тобымен жиналып алып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып отыратын қариялар жоқ бүгінде. Алда жол көрсетіп, жөн сілтейтін данагөй қартың болмаған соң не дерсің? Тәуелсіздік жылдары дүние есігін ашқан жастардың алды 31 жасқа аяқ басты. Осы жасқа кім жол көрсетті, қайсысы жөн сілтеді? Кейбір ата-ананың ұрпақ тәрбиесін ұмытқалы қашан?! Осыдан барып ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бауырмалдық жоғала бастады. Ал ондай мейірім жоқ жерде үлкенге құрмет, кішіге ізет қайдан болсын.
…Әлеуметтік желі деген бүгінде ой еркіндігінің алаңы емес, бір-бірін жерден алып, жерге салып жатқан нағыз «ұрыс алаңына» айналғандай. Бір ниеті бұрыс адам «қисық-қыңыр» пікір жазса оны жоқ дегенде он адам қоштай кетеді. Екінші жақ оларға қарсы шығып, «қырғын» басталып сала береді. Анайы, бәйәдеп сөздерді аямай оңды-солды сілтейтіндерден де көз сүрінеді. Отбасы, ошақ-қасынан шықпайтын тірлік те әлеуметтік желінің тұрақты тақырыбына айналғандай. Ішкен тамағын, үйіндегі ит-мысығын, қанша күйеуге тигенін, қанша әйел алғанын айтып, жарияға жар салу қазақ дәстүрінде бұрын-соңды бар ма еді? Әнші қаракөздерімізді сахнаның емес, саунаның «жұлдызына» айналдырып, жазып жатқандар өздері де өнерде, ел алдында жүрген белгілі азаматтар.
Жазғыштардың арасында кім жоқ дейсіз, мектеп оқушысынан бастап, зейнет жасындағы қарт кісілерге дейін өріп жүр. Бір-бірін «жағадан» алып жатқан тағы да жалғыз қазақ. Елге, жерге бөлініп алып айтысып-тартысып жатқандар да аз емес. Әлеуметтік желідегі мұндай сұмдықты бала-шағаға дейін оқып, көріп отырған соң, бауырмалдық туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Сонда да үнсіз қала алмайсың. Ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең бесігіңді түзе!» деді. Қайран кемеңгер жазушы қазағының осындай күйге жететінін сезгендей айтып кетті-ау осы сөзді.
Біздің бала кезімізде жол көлік оқиғасынан ба, басқа жағдайда ма, әлде бір жас қыршынынан қиылып, қайғылы қазаға ұшырап жатса, ауыл тұрмақ, бүкіл аудан халқы болып, күңіреніп кетуші еді. Ер азаматы қайтыс болған қаралы үйге ағайын-туысы, құда-жекжаты, жақыны болмаса да «Ой бауырым-ай, қыршыным-ай, боздағым-ай» деп барып, марқұмның жақындарымен құшақтаса көрісіп, көңіл айтатын. Қариялар қаралы шаңырақта өмірден мезгілсіз өткен жанның жақындарына тебірене тоқтау сөз айтып, сабырлыққа шақыратын. Халқымыздың бойындағы бауырмалдық, мейірімділік қасиетті қайтсе қайтаруға болады? Бірінші ұлы ойшылдардың, ұлт көсемдерінің және артында сөз қалған ата-бабалардың ұлағатты сөздерін ұрпақ болашағы деп жүрген жас желкен бойына сіңіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. «Тәрбие тал бесіктен» десек, әрбір ата-ана өмірге әкелген ұл-қызына елін-жерін сүйюді, отаншыл, бауырмал, мейірімді болып өсуіне бірден-бір жауапты тұлға. Білім беру мекемелеріне де жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Түйіндей келсек, енді отыз жыл емес, ары кетсе он жылда-ақ безбүйрек ұрпақтың тағы бір толқыны өсіп-өніп шықса, қазақи болмыстан, атам заманнан ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан бауырмалдық қасиеттен жұрдай боламыз.