Еңбек түбі – береке. Тап осы сөз ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне арналғандай. Себебі ала жаздай бел жазбай еңбек етіп, танап басында тынымсыз жұмыс істеп, қамбаны алтын дәнге толтырған диқандар маусымдық науқанды аяқтады. Қобда ауданы еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, үздіктер марапатталды.
Ауылшаруашылығы еңбеккерлері күніне арналған «Алтын күз – 2021» іс-шарасы аудан орталығында тал отырғызудан басталды. Еріктілер былтыр жергілікті қазына есебінен жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылған Ыбырай Алтынсарин көшесіне 200 түп терек отырғызды. Келесі жылы осы жердегі саябақта көгал төселмек.
Сондай-ақ мереке қарсаңында аудандық өлкетану музейіне берілетін жеке ғимарат құрылысы таныстырылды. Оның құрылысы биыл көктемде басталған.
Мереке одан әрі аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов пен Қобда ауданы әкімі Болат Кулов кәсіби мерекемен құттықтап, ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, ауылшаруашылық саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың Алғыс хатын тапсырды.
Әлбетте, ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің әрқайсысының еңбегі ұшан-теңіз.
Мәселен «BS-Agro» шаруа қожалығы басшысы Берік Сариев ауданға 330,0 млн теңге инвестиция тартқан. Ол бұл қаражатқа екі «JohnDeere» маркалы трактор, бір «JohnDeere» маркалы комбайн, жер өндейтін және мал азығын дайындайтын техникалар сатып алған. Ал «Самер» шаруа қожалығының басшысы Ержан Иманғазин 130 га бидайдан 78 тонна, 50 га арпадан 30 тонна өнім алып, ауданда алғаш болып барабанды суару қондырғысын қолданған.
«Ануар» шаруа қожалығының басшысы Айболат Жисов пен «Бейбарыс» шаруа қожалығының басшысы Жәдігер Ордабаев сәйкесінше «АқтөбеНесиеКорпорациясы» арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 150,0 млн теңгеге Ресейден 200 бас және «Қобда Исатай» несие серіктестігі арқылы 170,0 млн теңгеге 262 бас асыл тұқымды ірі қара мал алған.
Сонымен бірге облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен «Қазақ Асылдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Жеңіс Кіржанов та бар. Жас болса да, шаруаның ыңғайын білетін кәсіпкер «АқтөбеНесиеКорпорациясы» арқылы 975,0 млн теңгеге Башқұртстаннан 1500 бас қалмақ тұқымды ірі қара мал сатып алған. Сонымен бірге үш «JohnDeere» және үш «Lovol» маркалы тракторын сатып алып, 5 мал кешенінінің құрылысын жүргізген.
«Береке» шаруа қожалығының басшысы Бекболат Өтениязов өз қаражатына шетелдік 4 бірлік «Lovol» және К-742 маркалы тракторларын, жер өңдейтін, тұқым сепкіш агрегаттар мен мал азығын дайындайтын техникалар сатып алды. Бүгінде кәсіпкер 6000 бас қойға арналған кешендердің құрылысын жүргізіп жатыр. «Жарық» өндірістік кооперативінің төрағасы Самат Бабагужин облыс, аудан тұрғындарын ет өнімдерімен қамтудағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі. Бүгінде аталған өндірістік кооператив құрамына 56 адам енген, 10 адам жұмыс істейді. Самат Бабагужиннің айтуынша, осындай кооперативке бірігу арқылы ұсақ кәсіпкерлер мемлекеттік көмек алуда үлкен мүмкіндіктерге ие болып отыр. Ал «Қобда Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Есет Ибашев 3170 га дәнді дақылдан 1900 тонна, 1100 га майлы дақылдан 440 тонна өнім алғанын тілге тиек етті.
Мерекелік шара барысында ұзақ жылдар бойы жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыруда тынымсыз еңбек етіп, еңбек адамының жарқын үлгісін көрсеткен ардагерлер І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен наградталады. Олардың қатарында Бағдәулет Әлиұлы, Жылқыбай Камиев, Біржан Раев, Айтқали Тайгөзов, Шағуан Мендияров, Сағынай Құсайынов сынды әр жылдары ауылшаруашылығы саласында нәтижелі еңбек етіп, абыройлы қызметтер атқарған еңбек ардагерлері бар.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қобда ауданының әлеуметтік-маңызы жоғары жобаларға демеушілік жасаған кең пейілді, мәрт азаматтарға «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталды. Бұл ретте сахнаға Сарбұлақ ауылының ұялы байланыс сапасын жақсарту мақсатында байланыс мұнарасын қойып, ауылдық стадионды қоршауға өз үлесін қосқан Темірбек Айдашев пен кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты, Ақырап ауылының тұрақты қамқоршысы, биыл ауыл жастарына құны 6 млн теңге болатын заманауи спорт алаңын салып беріп, Исатай Тайманұлының кесенесі жанынан шырақшы үйін салуға өз үлесін қосқан Асылбек Нұргелдин көтерілді.
Қобда аудандық мәслихатының шешімімен өнегелі ғұмырын батырлар мекені – қасиетті Қобда жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына арнап, өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан елжанды азаматтарға – ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Халиолла Сағындықов пен ауылшаруашылығы саласының ардагері Кәдірбек Меркашевке «Қобда ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ауданның ауылшаруашылық саласының дамуына елеулі үлес қосқан ауыл еңбеккерлеріне де сый-сияпат ұсынылды. Бірнеше адам «Семей ядролық полигонның жабылуына 30 жыл» медаліне ие болды.
Ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз – 2021» мерекесінің ең қызықты сәті далада өтті. Аудан орталығынан шеткерірек тігілген «Этноауыл» алаңында жеті қазынаның бірі – Тазылар көрмесі мен «Ұлы дала дарабоздары» атты ұлттық ат спорты түрлерінен сайыстар өтті. Ат спортының қыз қуу, теңге алу, көкпар сияқты түрлерінен спортшылар кім мықтыны анықтаса, бәйгенің үш түрінен өткен дүбірлі додада 5 облыстың сәйгүліктері жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады. Ал жиналған атсүйер қауымның делебесі қозып, шабандоздарға дем беріп, рухын көтеріп отырды.
– Ұшқан құстың қанаты талатын жерде өмір сүрген ата-бабаларымыздың аманатын арқалап, кешегі Ақтамберді мінген «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» дейтін қазанаттардың арасында өткен бәйгеге ұлттың рухын көтеретіндей шашасына шаң жұқпаған небір-небір сәйгүліктер келді. «Жігіттің бабымен талассаң да, бағымен таласпа» деген бар. Аттың жалында, түйенің қомында өскен қазақ балалары барын салды. Қасқасы қалқалап тұрып, мойнын салбыратып келе жатқан жануар болмады. Тізгінді қанша тартса да, ыңғай бермей шабатын сәйгүліктер өңшең. Атбегінің ащы тері баптағанда, аттың ащы тері үмітті ақтағанда шыққандай көрінді. Шабандоздар да осал болмады. Тегін бала бәйгеге түссін бе?! Текті бала түседі. Тақымында тер қайнап, жанарында от ойнаған текті ұлдар жан алысып, жан беріскендей болды. Дүбірлі шабысында сыр бар, бір ерекше түр бар, рухымызды көтерді тұлпар мінген ұлдар, – дейді тай жарысты да, құнан мен аламан бәйгені жүргізген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.
Аламан бәйгеде қара үзіп келген Алға ауданы Тоқмансай ауылынан келген Артур Шынтаевтың «Жас бала» тұлпары иесіне темір тұлпар сыйлады. Бірнеше жылдан бері «Жантізер» шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істейтін жігіт бұл додаға үш ай бойы мұқият дайындалғанын айтады. Бабы аламапты – ол алғаш рет осындай үлкен додада жеңіске жетіп, автокөлікке ие болды. Екінші, үшінші орын алған шабандоздар мотоциклге ие болды. Құнан бәйге, тай жарыстан жүлделі оралғандар да мотоциклге, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.
Ал ең жас шабандоздарға 50 мың теңге көлемінде жүлде қоры белгіленді. Қобда жерін шаттыққа бөлеген ерекше мереке – жер мен елдің мерекесі, еңбек пен маңдай тердің еленген күні ретінде көпшіліктің есінде қалары сөзсіз...