Сан жанрда талай хабар жасаған,
Жалғыз жүріп, жарым көңіл босаған.
Дикторлықтың шырақшысы секілді
Радиодағы «соңғы» диктор осы адам!
Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ
Айтыскер ақын, журналист
Байжанбаевтың батасын алған
Елден бұрын тұрып, бәрінен кеш жататын дикторлардың еңбегі КСРО кезінде ерекше бағаланды. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деген жуан да қоңыр үнімен бар қазаққа қуаныш сыйлайтын ғажап дауыс иесі, Халық әртісі, диктор Әнуарбек Байжанбаевтың қазақ дикторларын тәрбиелеуде орны ерекше.
Бүгін біз сіздерге сөз етейін деп отырған тақырып иесі – ҚР Мәдениет қайраткері, Ә. Байжанбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ардагер диктор Аманжан Еңсебайұлы.
Өткен мен бүгіннің арасында алтын көпір болып отырған аңыз ағамыздың кәсіби шеберлігімен қоса адамгершілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ендеше қайталанбас ғажап дауыс иесі Аманжан ағамыз хақында сөз қозғасақ.
«Тұлпар аунаған жерде түгі қалар» деп қазыналы халқымыз айтқандай, Аманжан Еңсебайұлының туған жері де ұлылар мекені болып табылады. 1952 жылы 1 ақпанда, қазіргі Жетісу облысы Алакөл ауданы Төңкеріс ауылында дүние есігін ашады. Әкесі Серіков Еңсебай Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі. Бір аяғы жоқ майдангер. Анасы Қартамысова Күлқасыл отбасында бала тәрбиесімен айналысқан шаруа адамы. Еңсебай әулетінен он ұл, қыз өсіп-өнген.
Аманжан аға 1968 жылы Жыланды орта мектебін бітірген соң, ел тарихында «мамания» білім ордасының шаңырақ тіккен ордасы болып аты қалған жердің іргесіндегі Қапал ауылында мал санитары мамандарын дайындайтын №4 училищеде білімін жетілдіреді. Арнайы аттестат алған соң, қазіргі Алакөл, Кеңес дәуіріндегі Андреев ауданы Саратов қой совхозында мал санитары болып еңбек өтілін бастайды.
1970-1972 жылдары Герман демократиялық Республикасы, Галле қаласында әскери міндетін өтеп келгеннен соң, бір жыл уақыт шамасында Алматы ауыр машина зауыты №12 шойын құю цехында қалыптаушы-формовщик қызметінде тер төгеді. Ағамыздың айтуына қарағанда, аталмыш денсаулыққа өте зиян әрі ауыр жұмыста қызмет ететіндердің басым көпшілігі қазақтың ер-азаматтары болған екен.
1973 жылдың желтоқсан айы Аманжан ағамыздың тағдырында елеулі кезең болып табылады. Себебі бұл айда қазақ радиосындағы дикторлар байқауынан Бақытжан Атакелдиев пен Аманжан Еңсебайұлы екеуі қарашаңыраққа қызметке орналасады. Ағаның айтуынша, Бақытжан Атакелдиев қазақтың ақиқық ақыны Мұқағали Мақатаевтың жол нұсқауымен келген екен.
«Зауыттағы табысым 200-250 сом еді, жаңа мамандыққа 70 сом айлықпен қабылдандым, оның өзін екі бөліп береді. 4-5 жылдай бас сауғалап пәтер жалдап жүрдік. Үйленген кезім, өмірлік серігім өзіммен бірге оқыған Серікова Айтжамал (Кәкімова) Алматы тұрмыстық коммуналдық техникумының студенті еді. Тапқанымыз тамағымызға жетпеген соң, қазіргі 2-Алматы вокзалының жанында көмір базасы, қаланың шетінде 70-разъезде бағы үлкен отын, құрылыс материалдарын сақтау қоймасында көмір, цемент, вагондап ағаш түсіріп күн көрдік, 4 жігіт бірігіп 45-60 тонналық вагондарды 60 сомға келісетінбіз», – деп Аманжан ағамыз қиыншылыққа толы қызықты кездерді есіне алды.
Жаңадан қабылдаған жас дикторларға жол көрсетіп, жетелеп, қазақтың «Левитаны» атанған дауылпаз дауыс иесі, көркем сөз оқудың хас шебері, Қазақ ССР-нің халық артисі Әнуарбек Байжанбаевқа жолықтырып, батасын алғызған жан кім десеңіз, айтайық. Ол – дикторларды қабылдау конкурсының басы-қасында жүрген, қазақ-орыс дикторлар тобының жетекшісі, ҚазССР-нің еңбек сіңірген артисті Әбдірахман Әсімжанов атты кең жүрек, асыл азамат болатын.
Қазақ радиосының ішінде Кеңестер Одағы мен Қытай халық Республикасының арасында текетірес саясаттың өте шиеленіскен тұсында «Шетелдерге хабар тарату бас редакциясы» тікелей Мәскеудің бақылауында, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қол астындағы жабық редакция болған. Қазақстанмен іргелес жатқан Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Ирак, Үндістан, Қытай мемлекеттерінде Моңғолияда, Еуропада, АҚШ-та, тіпті Австралияда тұратын сол кездегі қандастарымызға арналып, қазақ тіліндегі хабарлар таратылатын.
Аманжан ағамен тілдескенде байқағанымыз – ұстазын көп айтады. Ал, ол ұстазы кім десеңіз, қазақ радиосының атасы, қара сөз бен әдеби-көркем сөз, поэзия оқудың хас шебері және сол мектептің негізін қалаушы Әнуарбек Байжанбаев.
14 жасынан микрофон ұстап, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шанин, Серәлі Қожамқұлов, Қаликей Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейтова сынды көптеген зиялы жандардың, қайталанбас асыл тұлғалардың жанында жүріп, әндерін тыңдап, лебіздерін естіген асыл жан тұңғыш диктор Мина Сейітованың өзі Байжанбаевты өмір бойы құрметтеп, талантына тәнті болған. Әнуарбек Байжанбаев 1944 жылы 21 жасында Майдан даласынан мүгедек болып оралғанда Кеңестер одағы телеграф агенттігінің «Совинформ-4» бюросының арнаулы хабарларын, «бас қолбасшы» Сталиннің бұйрықтарын Мина апамыздың жанында атақты Шәкен Айманов оқиды екен. Содан бір күні театр жұмыстарынан қолы тимей әлгі хабарды Байжанбаев оқыған көрінеді. Мәскеудегі Юрий Левитандай саңқылдап сөйлеген інісінің дауысына Шәкен ағаның риза болғаны соншалық, сол күннен бастап Қазақ радиосында әлгі хабарларды қайталанбас дауыс иесі Әнуарбек Байжанбаев та оқып тұрған екен. Талантты талант қана таниды деген осы ғой.
Әнуарбек Байжанбаев пен Аманжан ағамыздың арасындағы қарым-қатынас расында да әке мен баладай болған. Ол туралы ағамыз: «Алты айлығында ма, әлде одан шираған кезінде ме екен, анық есімде жоқ. Бір сәбиді Лепсі станциясында тұратын кезінде, Бөрлітөбе ауданының орталығы болған жердегі бажасына беріпті. Ол бала армиядан кейін, 21 жасында Алматыға келіп, Ән-ағаның үйінде тұрды. Аға оны жұмысқа әкеліп, қазақ радиосының іргесіндегі үлкен концерт залына орналастырады».
Ағамыздың айтуынша, қазіргі «Алтын қордан» беріліп жүрген ән-күйлердің ішінде Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жәнібек Кәрменов, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Рашид Мұсабаев, Суат Абусейітов, Нұрғали Нүсіпжанов, Зейнеп Қойшыбаева орындайтын шығармалар мен Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі «Отырар сазы» мен бүкіл әлемді қоңыр үнімен тербеткен Құрманғазы оркестрлерінің күйлері, қысқасы, еліміздің мақтанышына айналған асыл дүниелердің басым көпшілігін Байжанбаевтың баласындай Арыс Байқұлов таспаға түсіріп, жазып алған екен.
Әнуарбек Байжанбаевтың ұлы Арыс пен Аманжан ағаны таныстырып, ағалы-інідей бірге жүрулерін қалайтынын айтқан. Асыл ағаның сол бір өсиетін ұлындай болған қос шәкірті бүгінге дейін әсте ұмытқан емес. Лепсі станциясындағы әке-шешесінің көзі тірісінде де көңілдеріне қарап, ағаны өмір бойы тек «Әнеке» деп сыйлап өтеді.
Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Аманжан аға екі сұрақтың біріне ұстазы Әнуарбек Байжанбаевты қатыстырмай қоймайды. Расында Байжанбаевтың дикторлық ғұмырында айналасына шуақ нұрын шашып, ылғи қолдан келген көмегін тигізіп отырған.
Осы мамандықтың арқасында талай ұлылармен тілдесті
1973 жылы Орталық комитеттің қырағы көзі бәрін аңдып, қалайда қазақтардың санын 10 пайыздан асырмау керектігін жіті бақылап отырған кезде ешкімнен қаймықпай осында азаматтық танытқан Мина апа мен Бәкібай ағаның көмегі арқылы ағамыз қалаға тіркеледі. 14 жасында еліміздің тұңғыш дикторы атанған Мина Сейітова анамыздың ұрпағымен байланысты әлі күнге ағамыз үзбеген.
Ағамыздың айтуынша, Мина Сейітова ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған жиен-келіні екенін өзінің туған ұл-қызына да білдірмей, енесін Кеңсай зиратына жерлегенде барып бір-ақ айтқан екен. Туған-туыстары да бұл сырды жақсы сақтаған.
Бүкіл әлемге аты мәшһүр әнші, КСРО халық артисі Ермек Серкебаев, Күлаш Байсейітова, Жамал Омарова, Кәукен Кенжебаев, Шәкен Айманов, Ілияс Омаров сынды қазақ өнерінде аты қалған, мәдениет пен әдебиеттің дамуына ерекше үлес қосқан саңлақтардың көпшілігімен таныс, дәмдес, сырлас болған ерекше құрметі жан Мина Сейітова бақиға аттанған соң, жары Бәкібай аға қаралы жиынның алдында портретін ұстап жүруді ағамызға тапсырады.
Халқымыз «жақсы жанға әрқашанда бір кісілік орын бар» демей ме? Аманжан ағаммен көп сұхбаттасамын. Ағамыз бір сөзінде өзінің өмірінде жолыққан қазақ зиялылары хақында мына бір тамаша оқиғаларды айтып еді.
Аманжан аға: «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Әзімбайдың немересі Хатира Әзімбаева апайымның қолынан дәм татып, бірнеше рет үйінде де болдым. Өмірден өткенше тәрбиесін алып, соңғы сапарға шығарып салдық. Қазақ ССР-нің халық артисті Серғали Әбжанов атамыздың ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге сіңірген еңбегі зор. Абай атындағы опера-балет театрында еңбек етті. КСРО халық артистері Ермек Серкебаев радиода 1944-1945 соғыс жылдары еңбек еткен. ССР халық әртісі Бибігүл Төлегенова қазақ радиосының шынайы жанашыры, құрметті қонағы еді.
Аманжан Еңсебайұлы шетте жүрген қазақтар үшінде қыруар еңбек еткен жан. Отаннан алыстап жүрген қандастарға төл әдебиетімізді насихаттап, кеңінен таралуы үшін аянбай тер төкті. Қытай Халық Республикасына тағдыр айдауымен қоныс аударуға мәжбүр болған қандастарымыздың басынан өткен небір қиын оқиғалары жөнінде, Шығыс Түркістан Республикасын құру жолында жан аямай күрескен ұлт өкілдері, атақты тарихи адамдар, мәселен, Оспан батыр бастаған көтерілісшілер туралы советтік идеологтар насихаттаған хабарлар таратуда кеңесші болып, тізе біріктіріп еңбек еткен аңыздар қатарында Қытай империясында тұңғыш қазақ тілінде жарияланған «Хасен-Жәмилә» фильмінің авторы Бұқара Тышқанбаев пен классик қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, әйгілі ақын Жәркен Бөдешұлы, Марфуға Айтқожина, сатирик қаламгер Қажытай Ілиясов, әнші Дәнеш Рақышов, күйші Уәли Бекенов, журналист Абылай Түгелбаев сынды Шығыс Түркістанның тарихы мен әдебиетінен хабардар болған жандар болатын.
Аманжан Еңсебайұлы Абай атындағы педагогикалық институтта 1978-1982 жылдары оқыған кезінде профессор, жазушы Нығмет Ғабдуллин мен қазақ әдебиетінің классигі, әлемге аты кеңінен таныс Мұхтар Мағауиннен дәріс тыңдайды. Кейін осы екі үлкен, тарихи тұлғалардың қаламынан туған әдеби шығармаларды оқып, алтын қорда қалдырады. Нығмет Ғабдуллиннің балаларға арналған туындылары мен Мұхтар ағаның «Бес ғасыр жырлайды» еңбегін оқып, қорда қалдыруын сол дәріс барысында ойлады ма екен деген сауал туады.
Ілия Жақанов жиырма жылдай музыка редакциясының бас редакторы болған кезеңіндегі Шәмші Қалдаяқовтан бастап, ән әлемінде ізі қалған Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Өмірбек Байділдаев, Кеңес Дүйсекеев, Мансұр Сағатов, Мыңжасар Маңғатаев т.б. композиторларды Зейнеп Қойшыбаев, Венера Қармысова, Суат Абусейітов, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Кәукен Кенжатаев, Рашид, Мүсілім Мұсабаевтармен жеке таныс болып, сыйласып, жүздескендегі ыстық сәттер ағамыздың жадынан әсте шыққан емес.
Марқұм, ел есінде атқарған игі істерімен есте қалған, еліміздің бұрынғы Ақпарат және мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбаевпен радиода кездесіп, ел мәдениеті мен руханияты жөнінде де көптеген мәселелерді көтерген. А. Сәрсенбаевтың бірге оқыған курстасы, қаламының желі бар, абзал азамат марқұм Бақыт Досымовтың Мұстафа Өзтүрік туралы тамаша танымдық хабарды ұйымдастырған.
Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірті, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен жыр саңлағы Еркін Ібітановтың хабар оқуындағы шеберлікті тілмен айтып жеткізу мүмкін еместігін ағамыз әңгіме барысында айтып қалды.
400-ге жуық көркем дүниелерді оқыған
Ұлы Отан соғысында от кешкен басқа да майдангерлер Хиуаз Доспанова, Жұбан Молдағалиев, Қасым Аманжолов т.б. соғыс ардагерлерінің естеліктерін, алаш арыстарының өмірі мен ауыр тағдыры туралы біраз дүниелер оқып, «Қазақ әңгімелері» айдарымен 400-ге жуық ақын-жазушының шығармаларын оқып, қайталанбас ғажап дауысымен жұртшылыққа жеткізе білген Аманжан Еңсебайұлының есімі тарихта мәңгі қалары сөзсіз.
Атадан қалған асыл сөздерді оқу арқылы ел руханиятын байытты. Сонау ерте замандағы Мөде патшадан бастап, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Ахмет Йүгінеки, Яссауи, Асан қайғы, Бұқар жыраудан бастап, бүгінге дейінгі ақын-жырау, көсемдердің, хандар мен батырлардың 400-ге жуық ұлағатты өсиетті сөздері мен Алаш арыстарының өмірі мен қасіретті тағдыры жайлы жазба естеліктер, 1937-1938 жылдары халық жаулары деп жазықсыз атылған боздақтардың өмірі туралы небір естеліктер мен көркем әдебиеттерді асқан шеберлікпен оқып келеді.
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында Аманжан ағамыз тұңғыш рет Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын толық 4 ай, 88 сағатта оқып тамамдайды. 88 сағатқа созылған бұл оқылым үшін бір тиын еңбекақы дәметпеген. Жан қалауымен оқып шыққан. «Абай жолы» роман-эпопеясын ағамыз толық оқып болған соң, оның монтаждық жұмысын жасап, көркемдеген Советхан Қоңырбаев болатын. Біраз жылдардан бері бұл эпопея ҚХР-дағы Шыңжаң радиосынан беріліп келеді. Ағамыз расында да Абай мұрасын насихаттауда аз тер төккен жоқ. Абай поэзиясы мен қара сөздерінің аудио нұсқасын «Алтын қорға» қалдырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» еңбегін де оқып, жұртшылыққа тыңдатты. Қазақ детектив жанрының дарабоз классигі Кемел Тоқаевтың да шығармаларын оқып, оның насихатталуында әлі күнге дейін еңбек етіп келеді.
Жетпістен жасы асса да әлі күнге өз тыңдармандарынан қол үзген жоқ. Апта сайын қоңыр үнімен радио толқыны арқылы қазақ әңгімелерін оқып келеді.
Біз бұл мақаламызда Аманжан ағамыздан естіген бірнеше оқиғаларды ғана назарларыңызға ұсындық. Негізінен ағамыздың басынан өткерген қызықты да қиындыққа толы оқиғалар бар. Ал, ағамыздың ақындық, қаламгерлік, редакторлық қырлары жөнінде арнайы мақала жазсақ та аздық етеді. Бүгінде жетпістен асқан ағамыздың өзінен кейінгі өсіп келе жатқан іні-қарындастарына берері мол. Таяуда ғана ҚР Ұлттық кітапханасында аталып өтілген мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосов туралы түсірілген «Жалындаған күрескер» атты деректі фильмнің оқылуына атсалысып, түсіріліміне көмектескендігін айтпай кетуге әсте болмайды. Біз сіздерге осынау дикторлық әлемнің бірер тарихын ағамыздың жүріп өткен жолы арқылы жеткізгіміз келді.