Қос тарап: Екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая береді

Қос тарап: Екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая береді

 

Қытай – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы бұл күнде 43,8 млрд долларға жетті. Қытай Қазақстанның 5 үздік инвесторының қатарына кіретінін де айта кетуіміз керек. Бүгінгі таңда 11 мың жұмыс орны ашу арқылы $8,7 миллиардқа 62 Қазақстан-Қытай жобасы іске асырылған. 17,4 мың жұмыс орнын ашатын 13,5 миллиардқа 55 жоба іске асыру сатысында тұр. Жалпы пулға $60,5 миллиардтан астам 222 инвестициялық жоба кіретін көрінеді. Сондай-ақ транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылған. «ҚТЖ» ҰК» АҚ деректері бойынша 2024 жылдың 11 айында Қазақстан мен ҚХР арасында жүк тасымалдау көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 29,3 млн тоннаны құрапты.

Өткен аптада Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Халықаралық бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жайы мен келешегін талқылады.

Ерлан Қошанов Қазақстан мен Қытай қатынасы жаңа «алтын 30 жылдықта» мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында нығайып келе жатқанына ерекше тоқталды.

– Бұл үздіксіз дамудың басты қозғаушы күші ретінде көшбасшыларымыздың жеке достық байланыстары мен ерен еңбегін айтуға болады. Әсіресе, соңғы жылдар қазақ-қытай қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруде маңызды кезеңге айналды. Мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің салып берген жолымен парламентаралық байланыстарымызды одан әрі дамытамыз деп сенемін, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері мәртебелі мейманға елдегі жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар туралы мәлімет беріп, парламентаралық ынтымақтастыққа жеке тоқталды.

Бұл орайда екі ел Парламенттерінің ықпалдастығын нығайтуда былтырғы Мәжіліс делегациясының Қытайға сапары тың қарқын берді. Ерлан Қошанов бастаған делегация Бейжің, Үрімші қалаларында болып, елдің басшылығымен және Парламенттегі әріптестерімен жемісті келіссөздер жүргізген болатын.

– Екіжақты әріптестікті дамытуда заң шығарушы органдардың маңызы мен рөлі ерекше. Жалпы, екі ел парламенттерінің тәжірибе алмасатын, үйренетін тұстары аз емес. Біз парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қытай тарапынан да дәл осындай ықылас бар екенін білеміз. Осы тұрғыда әріптестерімізбен заң шығару саласында түрлі бағыттар бойынша тәжірибе алмасып келеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Екі ел арасындағы партияаралық әріптестіктің де келешегі зор. Әңгімелесу барысында тараптар «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін де талқылады.

Өз кезегінде Лю Цзяньчао елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді.

– Қытай Коммунистік партиясы мен «AMANAT» партиясын байланыстыратын ортақ мақсаттар көп. Ол – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің дамуы жолындағы жауапкершілік. Біз бірлесіп, көшбасшыларымыздың стратегиялық бағдарын ұстанып, елдеріміздің одан әрі дамуына күш салуға тиіспіз. Мемлекет басшыларының сенім мен сыйластыққа негізделген берік достығы халықтарымыз үшін өте құнды. Ендігі кезекте олардың уағдаластықтарын іске асыру – біздің партияларымыздың ортақ міндеті, – деді Лю Цзяньчао.

Осы жерде мына мәліметті айта кеткен дұрыс болар. 27 қаңтарда Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясын бастаған Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті. Осы кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, АӨК, көлік және логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық сала, туризм және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.

Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің қалыптасқан жоғары деңгейін сөз етті.

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 9%-ға өсіп, $43,8 миллиардқа жетті. Екі мемлекет басшылары қойған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндеттерге қол жеткізу мақсатында үкіметтер тауар айналымын әртараптандыруға бағытталған қолда бар әлеуетті кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты қазақстандық тарап жеткізілетін өнім номенклатурасын одан әрі кеңейтудің, оның ішінде, қытай тарапының астық жүктерін вагондардың барлық түрі бойынша қабылдауын ұлғайту, сондай-ақ ҚХР-ға экспорттаушылар тізіліміне жаңа қазақстандық кәсіпорындарды енгізу арқылы Қытай нарығына қазақстандық астықтың экспортын арттырудың маңыздылығын атап өтті, – делінген хабарламада.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
10.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4377
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4555
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19503
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18159
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 21606