Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралған еді. Сонда әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптасатындығын айтқан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде пайдаланылатын базалық сценарийде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4 пайыз. Бұл ретте экспорттың және экономиканың барлық негізгі салаларының өсуі күтілуде»,— десе, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз шегінде болжанып отырғанын хабарлаған. Ал, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы мәліметтерді ұсынған Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт осы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азайып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылатын болады. 2023 жылы шығыстар кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 2022 жылдың жоспарынан 2,2 трлн теңгеге ұлғаяды және 21 трлн теңгені құрайды»,— деп баяндаған. Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ ағымдағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтіп: «2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4 пайызға төмендейді деп жоспарлануда. Республикалық бюджет кірістері 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды. Осылайша, республикалық бюджет кірістерінің жоғары деңгейде өсу қарқынын қамтамасыз етеміз. Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейді. Олар 2023 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024 жылы тағы 800 млрд және 2025 жылы тағы 500 млрд теңгеге дейін азаятын болады. Бұл – өте маңызды аспект. Кепілдендірілген трансферт Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдердің көлемінен аспайтын болады. Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляция межесін ескергенде, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді Жалпы, бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген. Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар болып табылады. Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану»,— деп мәлімдеген. Ұсынылған заң жобалары үшін дауыс беру процедурасынан кейін Үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Аталған мәселеге қатысты Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +16,75 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын хабарлап: «Бұл шешім болжамдар мен нақты деректердің талдауына негізделген, оған геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, сондай-ақ әлемде азық-түліктің жоғары бағалары сақталып отырған сыртқы ортаның факторлары негіз болды. Рас, елдегі инфляция мөлшерінің әлі де жоғары деңгейде болып отыр. Мәселен, өткен жылғы қараша айындағы оның жылдық мәні 19,6 пайыз болып, барлық компонент бойынша өскен. Бұл ішкі сұраныс орнықты болған кездегі жоғары сыртқы инфляцияға және тұтынушылық тауарлар импортының логистикалық жолдарын жаңа сауда бағыттарына қайта бағдарлаудың жалғасуына байланысты қалыптасқан жағдай. Жалпы алғанда азық-түлік бағасының деңгейі жоғары болып қала береді. Оған Украинадағы әскери қақтығыс – тәуекел факторы ретінде ықпал етеді. Көрсетілген факторлар ескеріле отырып, инфляцияның болжамы қайта қаралды. Осылайша, базалық сценарийде биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21 пайыз деңгейінде қалыптасса, алдағы қоян жылы 11-13; 2024 жылы 7-9 пайыз шегінде болады деген болжам жасалуда. Биыл ЖІӨ-нің өсуі 2-3 пайыз шегінде қалыптасып, кейіннен 2023 жылы 3-4 пайызға дейін жылдамдайды. Бұл бұрын болжанған сыртқы сұраныстың әлсіреуіне, мұнай өндірудің біршама қалыпты болуына және кейде Қазақстан экспортын әлемдік нарықтарға жеткізуде туындайтын проблемаларға байланысты орын алады. Инфляция бойынша болжам тәуекелдері геосаяси шиеленістің салдарына және оның одан әрі дамуына қатысты белгісіздікке, сауданы құрылымдық қайта құру кезеңінің ұзақтығына, инфляциялық күтудің жоғары және тұрақсыз болуына, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуына байланысты қалыптасады»,— деп мәлімдеген.
Базалық мөлшерлеме деңгейіне қатысты депутаттық сауалға берген жауабында Бас уәзір: «Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыруда. Базалық мөлшерлеменің өсуі көптеген қаржы өнімдерінің бағасына әсер етеді, ал теңгедегі активтер құнының өсуі халықтың жинақ белсенділігін ынталандырады, тұтынудан сақтауға қарай назар аударады. Бұл шаралар экономикадағы инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған. Алдын ала нәтижелер экономикадағы жинақ, инвестициялық және тұтыну белсенділігінің динамикасы бойынша бақыланады. Ақша-несие саясаты шараларының нәтижесін көру үшін біраз уақыт қажет. Сондай-ақ базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде Ұлттық Банк енгізетін құралдардың экономикаға, қаржылық тұрақтылыққа, жеке және мемлекеттік сектор үшін қарыз алу құнына әсері қаралады. Бұдан бөлек, Үкімет инфляциялық қысымды бейтараптандыру үшін 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шараларды жүргізіп келеді. Бұл шаралар шеңберінде ішкі нарықтағы отандық тауарлар үлесін ұлғайту жұмыстары жүруде, тауарларды сақтау және тасымалдау, бөлшек сауданы қолдау, сондай-ақ монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу ерекше бақылауға алынған. Сауда инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 пайыз үстемеақыны сақтау шаралары қабылданды. Бұл жұмыстар теңдестірілген және бағаны тұрақтандыруға бағытталған», - деген-ді. Соған қарағанда, базалық мөлшерлемеге қатысты мәселеге соңғы нүктені қою әлі ертерек сияқты. Ол қазіргі әлемдік саяси-әлеуметтік және экономикалық ахуалдардың қай бағытқа ауытқитындығына байланысты кез келген сәтте өзгеріп шыға келуі мүмкін сынды. Сондықтан, әліптің артын бағып, мәселенің шешуін алдағы уақыт еншісіне қалдырған абзал болатын сияқты.