Өзге елдің жұлдызына сүйсінген – өз күнін тұманға жасырған.
Жақында ел астанасының төрінде әлемдік жұлдыз – Женепер Лопестің концерті өтті. Жиналған жұрттың қарасы – Құрманғазы тойына жиналғандай.
Арқадан жел ескенде үкілі домбыра үнін естіп, ет жүрегі елжірейтін қазақтың қара баласы сол күні отқа түсіп бара жатқан көбелектей, шетелдік сәнге ұмтылды.
Әлде бұл – заманның талабы ма? Әлде жүрегіміздің шынайы қалауы ма? Сырға құмар қыз – сөзіне қарамайды. Лопес сахнаға шыққанда жиналғандар дүр сілкінді.
Шашылған конфеттей түрлі-түсті жарықтар, жалт-жұлт киінген бишілер, шоуға лайық даңғаза дыбыс… Бірақ осы жарқылдың артында не қалды?
Не тыңдадық? Не алдық? Не жоғалттық? Бұл сұрақтарға жауабымыз – үнсіздік. Өйткені жарқ еткен шоу көңілді қозғағанмен, жүректі тербетпейді, тамырды қозғамайды.
«Қоңыр үн – құлақта, даңғаза – сахнада»
Қазақ – сөз тыңдаған, саз тыңдаған халық. Бабаларымыз:
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй» – деп, ән мен күйді рухани ем санаған.
Бүгін ше? Жақсы ән қалды ма? Тәтті күй тыңдалып жүр ме? Өкінішке қарай, құлақ даңғазаға үйреніп, жүрек үнсіздікке үйреніп барады. Шетелдік шоу қазақтың қоңыр үніне тұмша болып тұр. Домбыра – сахна шетінде, ал фонограмма – сахна төрінде.
«Өз өгізін өгейсінген ел – біреудің доңызын қасиет тұтады»
Ұлттық өнердің бүгінгі күйі – жетім баланың күйі. Кім кінәлі? Мемлекет пе? Мәдениет қайраткерлері ме? Халықтың өзі ме? Иә, кінә көпке ортақ.
Кейде мемлекет қолдамаған соң, күйші мен жыршы күнкөріс қамымен базар жағалап кетеді. Кейде халықтың өзі шетелге еліктеуден жалықпайды. Кейде өнердің өзі – ұрпағына үн қатпаған атадай қартайып бара жатыр.
«Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған шақты аңсамай, қасқыр мен түлкіге есік аштық»
Қазақтың музыкасы – жай ғана өнер емес. Ол – тарих, тағдыр, тәлім, тектілік.
Әр күй – бір дәуір. Әр терме – бір ғұмыр.
Дина қобыз тартпағанмен, Домбырамен ғасырды сөйлетті.
Бүгінгі ұрпақ осы рухани қазынаны танымай өсіп келеді. «Домбыра – кәрілердің ісі» деген сөз кей баланың аузынан шыққанда, тарих жылайды, Шора мен Төлеген күй болып боздайды.
Не істеуіміз керек?
«Судың да сұрауы бар» дейді халық. Ал өнердің сұрауын кім береді?
1. Ұлттық өнерге жарнама керек – жүрекпен емес, жүйемен. Әншінің образы емес, әннің мазмұны маңызды екенін қоғамға түсіндіруіміз керек.
2. Білім беруде ұлттық өнерді басты орынға қою.
Домбыра – музейде емес, мектеп партасында тұруы керек.
3. Жастар тілімен сөйлейтін өнер керек.
Фольклорды фьюжнмен, күйді заманауи форматпен үндестіру – болашақтың кілті.
4. Әлеуметтік желі – ұлттық өнердің сахнасы болсын.
Trend-те терме тұрса, ұлттық болмыс оянады.
Сахнада порнографиялық сипатта киінгендерге, өнер көрсеткендерге заңмен шектеу қойып, екінші рет елге кіруге рұқсат етпейтін уақыт жетті.
Не мағынада, нені айтқысы келген концерт.
Өнер саласында үздіксіз 35 жыл өнерге еңбек сіңірген адам ретінде менің өз басым бұл концертті түсіне алмадым. Ұяттан жерге кіріп отырмын.
«Санадағы бостандық – рухтың егемендігі»
Женепер Лопес бір күнге келді, бірақ рухани отарлану мәңгіге қалуы мүмкін.
Ұлттық өнеріміздің болашағы – тек әншіде, Үкіметте, продюсерде емес, әр қазақтың жүрегінде.
Ендеше, сұрақ өзімізге:
«Сен не тыңдайсың?»
«Сен не көресің?»
«Сенің балаңа не өнеге?»
«Өнер өлмейді – егер ұрпағы ұмытпаса…»
Меруеш БАШАЙҚЫЗЫ