Қазақстанның қай қиырына барса да, елі алақанына салып, сөзіне ұйып, басын иіп тұратын қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызын әулиеаталықтар ерекше мақтан тұтады. Әпкеміз «әр қазағым – жалғызым» деп соққан жүрегінің жетегінде жарғақ құлағы жастыққа тимей, үнемі халық ортасында жүреді. Бірде жағдайын білейін деп телефон шалсам, Атырауда бір жас отбасының шаңырағында болған қайғылы оқиғаны ойлап ұйқы көрмей, сол жаққа ұшқалы отыр екен. Өзгенің үйіндегі проблеманы өзінікіндей көріп, қалайша жәрдем етемін деп жанұшырғанына сонда таңғалғаным бар.
Бұл бір ғана мысал. Өзі басқарып отырған халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті 30 жылдың бедерінде қоғамдағы талай түйткілді мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Экономика мен саясат, қоғам мен әлеумет, таным мен руханият сынды сан саланың тыныс-тіршілігін шынның жүзінде көрсетті. Ауыл-ауылды аралап, аяқ тоздырып, ел ішіне барып жанайқайын өз құлағымен тыңдайтын редакторлар, тегінде, некен-саяқ. Журналистикаға кеш келдім деп үнемі қайталап жүретін Сәуле әпкенің бұл ісі көпке үлгі. Сондықтан болар, «Қазақстан дәуірі» – әрдайым шынайы ақпарат және сапалы сараптамасымен оқырман үшін құнын жоғалтқан емес.
Ал 20 жылдық белесті еңсерген «Мөлдір бұлақ» журналы Еланасының ұстаздық тағылымы мен аналық мейірімінің жемісі іспетті.
Туған өлкеден түлеп ұшып, мұқым елдің сый-құрметіне ие болу - абыроймен жеткен адал еңбектің жемісі. Ақпарат кеңістігінде ойып тұрып орнын тапқан қос басылымның тізгінін ұстау - қасиетті сөзді қастерлей білгенге, қасына кіл мықтыны жиғанға тән. Бағыты айқын БАҚ-тың мерейлі мерекесінде тілерім: Адал оқырманы арта берсін!