Рухы – теңіз, арманы асқақ, маңғаз Маңғыстау

Рухы – теңіз, арманы асқақ, маңғаз Маңғыстау

Аңызы ақиқатымен астарланған ежелгі маңғаз Маңғыстау даласы алдымызда көсіліп жатыр. Отанымыздың ортасында Құл-Қожа Ахмет Йасауи, солтүстік жағында Машһұр Жүсіп Көпеев, батысында Пір Бекет ата сияқты дала данышпандары жатыр. Ал, 362 әулиеге мекен болған, жерінің астынан мұнай атқақтаған, ақ таулары алыстан мұнартқан құпияға толы Каспи теңізінің жағасы, мұнайлы өлке Маңғыстау облысындағы сапарымыз 10-қараша күні Ақтауға жақын «Мұнайлы ауданынан» басталды. Бұл аудан соңғы жылдары шаңырақ көтерсе де, іргесін жайып, іріленіп барады екен. Қанаттаса, қатарласа салынып жатқан ауылдар тақтайдай тегіс асфальтпен тұтасыпты. Ішетін суы, жағатын газы, жанатын тогы түсіріліп, шатыры биік жаңа үйлер сап түзепті. Ішкі көші-қоннан бөлек, көршілес мекмлекеттерден көшіп келіп қоныстанып жатқан қандастарымыздың қарасы да қалың екен. «Елге ел қосылса, құт болады» деп, бастысы бала туу көрсеткіші қуанарлықтай өсіп келе жатыр екен. Қазірдің өзінде мектептердегі өлшемді бала саны екі еседен артып, үш ауысыммен оқитын жағдайға жетіп қалыпты. Жер шарындағы жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иелейтін ұлай-байтақ даламызды толтыруға қазақ керек. «Иесіз жатқан жер жау шақырады». Өзгенің көзін қызартпай өзіміз игеруге тиіспіз.

 

Түске дейін екі шаруашылықта болдық. "Ауыл - Ел бесігі" және "Ел аманаты - ауыл" бағдарламасы бойынша облыстық ауыл-шаруашылығы басқармасының жол сілтеуінде, алдымен "Ағайынды төртеу" деген халал стандартпен мал соятын Құшханада болып жұмыстарымен таныстық. Басшысы Қуанышбек Мадиев деген іскер азамат екен. Оларда мал бордақылайтын қора, жем-шөбі, алыстан әкелген малды сойысқа дейін ұстап отыратын қора, мал соятын арнайы орын бәрі рет-ретімен жайғасыпты. Облыстық ауыл-шаруашылығы басқармасының орынбасары Бердібек Марқабаев мырза, Аудандық бөлім бастығы Мадина ханым қасымызда болып бүгінгі күннің жағдайын таныстырды. Одан шыққан соң Ешкі өсіретін "Каспи" деп аталатын қожалыққа бардық. Ол жерде ешкі сүтін Ақтау қаласына жеткізетін жүйені және сүт өнімдерімен айналысатын отбасылық қожалықпен таныстық. Өз иелігінің жай-жапсарын Құмар Әлпейісованың айтқан сөздерінен ойымызға түйдік.

-Өткен жылы қай-қайсымызға да оңай соқпады!.. Ішінара өңірлерді қоспағанда, Қазақстан бойынша қуаңшылық болды деуге болады. Соның ішінде біздің Маңғыстауға ауыр соқты. Жеріміз кең болғанымен малға аса қолайлы емес. Бұрқырап аяққа оралып жатқан шалғыны, шауып алатын жоңышқасы жоқ. Мал өз аяғымен өрістен жайылып күнін көретін. Былтыр ыстық ұрған дала, аңызақ жел, жаңбырсыз құрғақ маусым бәрімізді тығырыққа тіреді. Бұрындары Батыс қазақстан облысынан Орал жақтан әкелетін шөпке де қолымыз жетпей қалды. Қалтамызда ақшамыз бола тұра малға жем-шөп таппай қалдық. Жердің шалғайлығы қатты қолбайлау болды. Тасымалдау жағы қымбатқа тоқтап, тығырыққа тірелген едік. Биылғы жылы недәуір жағдайымыз жақсарды. Аспаннан жаңбыр жауды, жерден шөп шықты. Алыс облыстардан тапсырыс берген мал азығы да уақытында келіп жатыр, - деп, риза көңілмен сырларын ағытты.

Маңғыстау даласында басты мал түлігі Түйе секілді. Онан қала берсе қой,  ешкі, жылқы секілді мал түрлері бар. Сиыр бар, бірақ оның саны өте аз екен. Өйткені бұл өлкеге үйлеспейді. Сиыр тілімен орап үзетін мал болған соң ондай жайылым бұл маңда болмайды. Ал өзгелері тілімен тістеп қырқатын болғандықтан ілінгені азық. Әсіресе «Адай жылқысының» орыны ерекше. Осы жазда өткен «Ұлы дала жорығында» республика бойынша байқауға түскен барлық қылқұйрықтылардың арасында осы Адай жылқысы уақыт жағынан да, шыдамдылық жағынан да бас бәйгені алып мыңдаған километр жолды артқа тастап жалпы есепте көмбеге бірінші болып жетіпті.

Түстен кейінгі уақытымызды осы Мұнайлы ауданындағы екі мектепте болып, ұстаздар қауымы мен оқушылардың арасында жалғадық. Аудандағы жаңа салынған мектепті, ондағы оқушыларды, мектептің жабдықталуын көрдік. Әсіресе, Нұрманова Құралай Шараубайқызы басқаратын 10-мектепке кіргенде бейне "Гүлбақшасын" аралап жүргендей, немесе сипаты өзгеше рух "Музейін" көргендей әсерге бөлендік. Қабат сайын жаңалыққа толы безендірулер. Үш қабатта жалпы 5000 құмырадай гүл, шағын сарқырамалар орналастырылған екен. Ұлылар мен даналардың фортреттері қойылып, парасатты сөздері жазылыпты, Көрген адамның көңілін көтеріп, рухын сергітетін бейнелер орын алыпты. Мектеп мақтаныштары, спорттағы үздіктер, олимпияда чемпиондары арнайы бұрыштарға қойылыпты.

Бірнеше жыл бұрын Саят Қамшыгер «Гүлге оранған мектеп» деп жазып еді. «Мың естігеннен бір көрген артық» деп, көз көріп қайран қалдық. Тізілген гүлдер ең әуелі мектептің сұлулығын асырып келбетін әсемдесе, екіншіден, оқушыларды еңбекке баулып көркемдік эстетикаға жетелейді. Үлкен кең тынысты акт залындағы кездесу кезінде оқушылардың тәртібін, білімге құмарлығын, ұйымшылдығын бірден сездік.

 

"Қазақстан дәуірі" газеті, "Ел-Ана" сайты, және "Мөлдір бұлақ" журналының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы тереңінен қозғап айтқан сөздерді қалт жібермей тыңдаған ұстаздар мен шәкірттердің ризалығы от ұшқындаған көздерінен көрініп тұрды. Бүгінгі баспасөздің таралуы, елге жетуі, газетіміз бен журналымыздың оқылымы туралы ортақ пікірге келіп, сыр бөлістік. Оқушылардың оқыған көркем сөзі, йтқан әні, қойған сұрақтары бізді де толғандырды. "Ел іші - алтын кен іші" деген осы. Қазақы қалпы орнықты, бұзылмаған пиғылы, ұлттық менталитеті мұндалап тұр.Бойларында намысы бар, салқындамаған көңілі, оқушылардың ықлас-ынтасы бізді де шабыттандырды.

 

Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Сара Ноғаева ханым өзі алып жүріп мектептермен таныстырды. Халықаралық газетіміз бен республикалық журналымызға құрмет көрсетті. Енді бір жағынан Бас директорымыз Сәуле Мешітбайқызына деген сүйіспеншілікте анық сезіліп тұрды. Бәріміздің көздегеніміз ұрпақ тәрбиесі. Өйткені олар еліміздің ертеңі. Біздің "Мөлдір бұлақтың" оқырмандары дәл осы мектептерде. «Оқуға құштар мектеп» болу үшінде, шәкірттер басылымның дәмін татып, қызығын сезіну керек. Кітапқа дос бола білмеген оқушы тамыры тасқа тірелген көшет секілді. Тереңге тарта алмайды.  

 

Нұрлан Ноғаев мырза басқарып отырған Маңғыстаудағы 11-қараша күнгі сапарымыз Түпқараған ауданындағы бес мектепте жалғасты. Түске дейін екі, түстен кейін үш мектепті көріп, ұстаздар мен оқушылардың ортасында болып, мазмұнды кездесулердің қонағы болдық. Қазақстан дәуірі мекемесіне "Қазақстан дәуірі" газеті, "Ел-Ана" сайты, "Мөлдір бұлақ" журналы қарайды. Бас директорымыз «Еланасы» деген ардақты атқа ие болып жүрген Сәуле Мешітбайқызы. Бұл жолғы батыс өңірге жасаған сапарда өзі жол бастап жүрді. Басшымыз Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында туса да Маңғыстаудың ардақты қызы, құрметті перзенті екенін осы сапарымда көріп, көз жеткіздім. Қызықтым, сүйіндім!... Қазақы мінездері бойларында ұрып тұратын, жүректері мейірімге, жандүниесі шуаққа, сөздері тура шынайы айтылатын ағайынның Сәуле әпкемізге ықыластары өзгеше екен. Балалары мен қыздары алдынан шығып күтіп алды. Облыстық ауыл-шаруашылығы бөлімінің бастығы Қазбек Тәшенов мырза, орынбасары Бердібек Марқабаев айрефортқа келіп, табанымызды жерге тигізбей Ақтауға жеткізді, қонақ үйге жайғастырып тыныштық силады. Облыстық аппараттыңбасшысы Нұрлан Тәжібаев мырза, Білім басқармасының басшысы Динара ханым, Түпқараған ауданы әкімі Рахат Тезекбаевтың орынбасары, Талғат Алтынғалиұлы, Аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызы, ауыл әкімдері біздің басшымыз Сәуле Мешітбайқызымен келіп амандасты. Хал-жағдайынан хабар тапты. Үлкен ілтипат көрсетті. Осы жолы тағы бір тамсандырған кездесу "Әр қазақ менің жалғызым" деп жырлаған, сөзі мен өзі бір жерден шығып отыратын ақын Сабыр Адайдың алдымыздан шығуы ғажап әсерімен есте қалды. Әпкеміздің туған інісіндей болып кеткен аңыз ақын жүрекжарды сөздерін айтып, жылы қарсы алды. Атқа мінер басшылар жолымызға серік болды, бағыт-бағдар берді, көмек қолдарын созды. Оқырмандарымыз елде. Сөзіміздің жетер жері, табар тиянағы ауылда. Ауылымыз алтын бесік, ел бәріміздің берекеміз. Шыға бастағанына отыз жыл болған газетіміз, жиырма жылды артқа тастаған журналымыз бұл өлкеге таныс екен. Өйткені біз барған мектептердің кітап сөрелерінде тізіліп тұрды.

Алматы облысынан бастап біраз облыстарды аралап жүрміз. Әр елдің, әр жердің мінезі, көзқарасы, пейіл-берекесі бар. "Тоғай аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады" деген, осы жолғы Каспийдің жағасындағы үш күндік сапар мағанда өзгеше әсерімен ойыма орнықты. Бұл жердегі басшылардан байқағаным адам силай біледі, баспасөздің құндылығын сезінеді. Ұрпақ алдындағы ортақ міндетімізді танып отыр.

 

Түпқараған ауданының бес мектебінде болып бес реткі кездесуді бастан өткіздік. Бізді алып жүрген Айбаршын Қуанышқалиқызы өз ісінің білгірі болып шықты. Әр мектепті қолымен қойғандай етіп, алдын ала, бәрін орналастырып жоспарлап тастапты. Жүрісте, айтылған сөзде, қойылған сұрақ, берілген жауапта дәлме-дәл шығып жатты. Ел өмірімен, білім жүйесінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Бұйымтайымызды айтып, баспасөзге жазылуға үнделік. Балаларға арналған "Мөлдір бұлақты" таныстырдық, табыстадық. Бір қуанарлығы біз барған мектептерде алдымыздан өзімізді қарсы алып төл перзентіміз "Мөлдір бұлақ" шығып отырды. Олар бізді жаздырып алып оқиды екен. Қызыққа толы сұқбаттарымыздан соң, мектеп директорлары алдағы жылға қарай оқырмандарымыздың көбеюіне көмектесеміз деді. "Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше" дейді. Бес мектептегі бас қосулар бірінен бірі өтеді!... Директорлар орнында, шәкірттер сап түзеп тәртіппен жиналған, оқушы ғана емес, ұстаздар қауымыда толық құраммен алдымызда отырды. Ешнәрседе шашау емес, тып-тиянақты. Сәуле Мешітбайқызы туралы толық информациялар акт залындағы үлкен Лед экраннан тоқтаусыз өтіп тұрды. Басшымыздың бейнесі, жүрген жолы, еткен еңбегі, фортреттері көрерменнің көз алдында жылжыды. Бұл ықыласқа бізде риза болып, арқаланып отырдық.

 

Мұндай жылы орта, шынайы болмысты көрген біздерде елжірей сөйлеп, шабыттана өлең оқыдық. Бәріміздің мақсатымыз біреу. Ұрпақ тәрбиесі. Ұстаздар білім береді, біздер ақпараттық, танымдық дүниелер арқылы тәрбие ісін жалғастырамыз. Балалардың көкжиегін кеңейтеміз. Ендеше тәрбие мен білім оқушының қос қанаты. Шәкірттердің қанаты талмасын! Маңғаз Маңғыстьаудың топырағынан түлеп ұшқан тірнектерде есесін жатқа жібермейтін қырандар болатыны ақиқат!...

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы
16.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 44
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 575
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 689
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 604
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 613

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8750
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8150
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11379
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9133
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10364