САЙЛАУДАН КӨЗ АШПАҒАН БҰҚАРАҒА НЕ ҚАЖЕТ? ҺӘМ САТҚЫНДЫҚ ЖАЙЛАҒАН ҚОҒАМ ЖАЙЛЫ ТОЛҒАУ

САЙЛАУДАН КӨЗ АШПАҒАН БҰҚАРАҒА НЕ ҚАЖЕТ?  ҺӘМ САТҚЫНДЫҚ ЖАЙЛАҒАН ҚОҒАМ ЖАЙЛЫ ТОЛҒАУ

«Тоқсан көрем деген жасым ба еді, быламық жеймін деген асым ба еді?» – демекші, шыққыр көзім тәуелсіз қазақ елінің Парламент депутатының «Ресейдің Украинаға жасаған спец операциясын қолдаймын» дегенін ғаламтордан көрді. Көрді де, өз қолын өзі кесе ме, арсыздыққа көнді! Болар іс болды, бояуы сіңді. Амалсыздан қолыма қалам алдым. Басқа не істей аламын, ағайын?!.

 

КЛАНДЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ҚАМАЛЫ БҰЗЫЛМАЙ ТҰР

Сатқындықтың түрі көп-ау. Ұлтты сату, тілді сату, мемлекеттік құпияны, дос-жаранды, отбасыңды сату. Сондықтан сатқындықты ақтауға болмайды ешқашан. Сатқындық сүйекке таңба. Ұрпаққа сын! Тәуелсіздік алғалы отыз жылдан асты, қазақ ұлтын кім сатпады? Дос көріп жүрген ұлы да, есіктен жылап кірген құлы да сатты. Байы да сатты, бағыланы да сатты. Оны аз көргендей, қазақтың сатылмаған дүниесі қалмады. Ұлан-байтақ жері қазынасымен сатылды. Халық әбден тұралады. Жемқорлық кең етек алды. Тамыр-таныстық шектен шықты. Ақырында баррикаданың бір жағына халық, екінші бетіне билік жармасты. Сөйтіп екеуі арбасты, бір-бірінің жағаларына жармасты. Халық шыдамай шерулетті, билік оны «ерігу» деп шеттетті. Осылай бәрі асқынды, кедейшілік халықты басқа ұрды. Халыққа қарсы оқ та атылды, сөйтіп жусатты талайларды. Біреулер «әділдік» деп ақырды, бәзбіреу босқа шатылды. Өмір солай өтіп жатыр, мұның бәрі ертең тарих – болмасақ екен босқа ғапыл!

Біле білгенге отыз жылдық жемқорлық жайлаған билік ойына келгенін істеді. Енді содан сабақ ала аламыз ба? Өткенді қайталамау қолдан келе ме? Баяғыда бір кейуана «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деген екен ашынып. Соның кебін халық киіп жүрмесе деймін. Себебі әлі күнге тоғышарлар мен сатқындар өз биігінен түспей тұр. Әлі де бұрынғы кландық жүйенің қамалы бұзылмай тұр. Баяғы кадрлер жаңа жүйенің кей тармағына әлі де үстемдігін сездіріп отыр. Әлі де «Жыланды үш кессе де кесірткелік халі барын» байқатып отыр. Мұның бәрінің артында ұлтына жан ашымаушылық, сатқындық жатқаны айдан анық. Осыны ойланайық. Президент Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» жаңарта ала ма? Бұл да үлкен сұрақ болып көкейде тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформаның рет-ретімен жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Алдымен референдум, Президент сайлауы өткізілді. Сенат депутаттары сайланды. Енді Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайланады. Бұл науқаннан кейін Үкіметтің жаңа кабинеті жасақталады. Ең бастысы – мемлекеттік маңызды осы саяси науқанның бәрі Конституциялық нормаларға сәйкес өткізіліп жатыр. Президент пәрменімен жүзеге асып жатқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының өміршеңдігі қазақстандықтардың өмірін жаңа деңгейге көтеруге тиіс. Әйтпесе бәрі бекер. Бәрі жалған! Құр сөз бен құрғақ уәдеге халық әбден тойған. Баяғы жұрт жоқ қазір алдай салатын.

Президенттік сайлау 20 қарашада өтеді

Бар ғалам Ресейдің Украинаға басып кірген соғысына қарсы. Бұл балаға да аян. Сөйте тұра қазақстандық депутат Ресейге бүйрегі бұрып мәлімдеме жасайды. Бұл биліктің осалдығы ма? Қасқырға қой баққызғандай кеп емес пе!?. Парламентте елдің мүддесін емес, өзгенің тілеуін тілеп жүрген қанша депутат болды екен? Себебі Мәжілісмен «Менімен тілектес бірнеше адам бар» деп айтып қалды. Олар кімдер? Құзырлы органдар мұны неге анықтамасқа? Ресейшіл депутаттың мәлімдемесінен кейін Парламент Мәжілісінің дереу тарап кетуінде не сыр бар? Ресейшіл депутат Мәжілістің тарайтынын біліп, «айтарымды айтып қалайын» деді ме, әлде солай айтуға мәжбүрлік болды ма?

Құдайға шүкір, «Ресейдің соғысын қолдаймын» деген Азамат Әбілдаев деген депутатты «Ақ жол» партия құрамынан қуып шықты. Мандатын сыпырып алды. Бірақ оған депутаттың қылшығы қисаймаған секілді. Қайта «Ақжолдық» әріптестеріне қоқан-лоқы көрсеткендей ресейлік телеарнаға сұхбат беріпті. «Ресейсіз Қазақстанның күні жоқ. Ресей жоқ болса, Қазақстан көпке бармайды. Егер ҰҚШҰ (ОДКБ) болмаса, біз де жоқ болатын едік. Біз де, Қырғызстан да, Өзбекстан да араб әлемі құсап, «быт-шыт» болып жатушы едік. Кім көмектесті? Біздің Ресеймен бөлісеріміз жоқ. Бізде 80 пайызға жуық адам орысша сөйлейді. Дәстүр-салтымыз бір. Мен әрдайым ашық айтатынмын. Ал енді жұрт өз ойларын ашық айтудан қорқатын болады. Ал ұлтшылдар қарқын ала береді», – депті. Міне, бүгінгі Қазақстанның жаңарған кейпі.

Әбілдаев: “Ресейсіз Қазақстан ұзаққа бармайды, біздің әдет-ғұрпымыз бен  салт-дәстүріміз ортақ” | “Адырна” ұлттық порталыОсымен тоқтай қойса жақсы ғой, әрі қарай бүй депті: «Мен Украинадағы «арнайы операцияны» қолдайтынымды айттым. Путинді қолдаймын. Ол дұрыс жасап жатыр. Ойланып айттым. Егер ұлтшылдарға мүмкіндік берсе, олар елді соғысқа әкеледі. Ұлтшылдар тек өздерін ғана жақсы көреді. Қалған ұлттарды жек көреді. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сонан соң азаматтық соғыс... Украинада да солай басталған», – дей келе: «Егер мені 3-4 сағатта депутаттықтан айырмағанда, мен бір мандатты округтен сайлауға қатысар едім. Бірақ, мені жұртқа көрсетіп тұрып, депутаттықтан айырды. Енді маған ол жерде бітіретін шаруа жоқ», – депті. Экс-депутат Әбілдаев бұл сұхбатты ресейлік «Спутник» сайтына орыс тілінде берген. Біз мазмұнын сақтап, қазақшалап ұсынып отырмыз. Батырың мұнымен де тоқтамай, әсіреұлтшыл, Украинаның ата жауы Соловьевтің арнасына шығып, тағы да көсіліпті. Өзін депутат еткен партияны һәм партияластарын жамандап, су ішкен құдығына түкіріпті. Тағы да: «Қазақстанда ұлтшылдар қаптап кетті», – деп ойбайға басыпты. Осы жерде бір шешіп алатын мәселе бар. Мысалы Ресей азаматы өз ұлтының жоғын түгендесе – патриот. Қазақ азаматы ана тіліне араша түссе – ұлтшыл. Осының аражігін ашып бере алатын кім бар мемлекет басында? Өз ұлтыңды сүйе алмасаң, мәдениетіңді қорғай алмасаң, өз тіліңде сөйлей алмасаң, ата-бабаңды мақтан тұта алмасаң, тәуелсіздіктен не пайда? Азаттықтан не қайыр? Осындайда Ғабиден Мұстафиннің: «Ұлтшылдықпен күресіп болдық қой, ұлтсыздықпен қашан күресер екенбіз?» – деп күйзелгені еріксіз еске түседі.

Белгілі журналист Нұргелді Әбдіғани Ресейге бүйрегі бұрып отырған депутат жайлы: «Қарап отырып бірнеше ой келді: Әуелі өзіне депутат болуға мүмкіндік берген партияластарын жерден алып, жерге салуы жігітшілікке жатпайды! Сонан соң, «Спутникке» берген сұхбаты – Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігіне қатер төндіру. Қазақстанды, оның армиясын, тілін мойындамау! Дезинформация жасау. Сұхбаттағы сөздеріне сот-филологиялық сараптама жасау керек! «Ресейсіз Қазақстан жоқ» деген бір ғана сөзі үшін жазаға тарту керек!» – депті. Мен мұны қос қолымды көтеріп қолдаймын. Себебі майлы жіліктің басын ұстап отырған қаншама шенеунік Ресейге қарап сағатын бұрап отыр. Іштерінде ит өліп жатқандары қаншама! Соларға сабақ болуы үшін, тәубесіне келтіру үшін депутат жауапкершілікке тартылуы әділ жол. Жаңа Қазақстанның айбары мен айдары осындай сәтте көрінбесе, жау кеткесін қылышты тезекке шапқаннан мүйіз шықпайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті елдегі, қоғам белсенділерін аңдып қудалап, оларды үйлерінен шығармай жүргенше, осындай елімізге өте қауіпті адамдардың іс-қимылын аңдымай ма?

 

МЫСЫҚТІЛЕУ КЕЛІМСЕКТЕР МЕН КЕЛГІНБАЙЛАРДЫҢ АУЗЫНА КІМ ҚҰЛЫП САЛАДЫ? 

Ішімізде мысықтілеулес қаншама адам жүр. Ниеттері жаман, пиғылдары жексұрын. Кеше ғана тик-токта Кривошеев деген шықты қазақ билігін Фашистік Германияға теліп. 30-жылдардағы Германиямен салыстырып айтпағаны жоқ. Ресейге арқа сүйегендердің «құйрығы диірмен тартатыны» нені көрсетеді? Қазақ билігінің Ресейден қорқатынын, олардың ығына жығылуға дайын тұратынын көріп жүрміз. Әйтпесе Ақорда қайда қарап отыр? Бізге жеткен хабарға сенсек, осы Кривошеев «Жібек жолы» арнасында ток-шоу жүргізіп жүр. Мұндай немеге эфир бермек түгіл елден қуу керек қой. «Хабарда» да осындай біреуі жүр жылтың-жылтың етіп...

 Своик дегеннің сұхбаты анау. Тұнып тұрған шовинистік ұстаным. Своик Ресей басқаратын СССР-2 құруды ұсынады. Түркі елдерімен одақтастарды мазақ етіп күліп қояды. Латын тілі туралы көзқарасы адам шошырлық. Айтайын дегенім, Своиктен сұхбат алған «Orda news»-тің интервьюлерінің бәрі осындай мағынада, осындай мазмұнда өтетінін қарап жүрген адам бірден сезеді. Қазақтың даласының ауасын жұтып, Ресейдің рублінен күш алып, құтырып жүрген бұларға әзірге қазақ билігі батпай отырғандай. «Русский мир» қоғамын солтүстіктегі көршіміз жақсы қаржыландыратыны айдан анық. Мақсаттары белгілі: Ел ішіне іріткі салу, тұтастықты күл-парша ету. Тәуелсіздік дейтін таза бұлаққа түкіріп, ойына не келсе соны жасап отырған бассыздар енді қанша тайраңдамақ? Оларға «әу» дейтін рухы күшті билік бізде қашан орнайды? Қашан келімсектер мен келгінбайлардың аузына құлып салынады?

Петр Своик. Фрагменты истории власти и оппозиции в Казахстане, нанизанные  на собственную жизнь. Часть 18 — Интернет-газета ЗОНАКЗ. Казахстан.

Своик мырза ақымақ емес, оның сөзінің астарында «бір заманда СССР құрамынан шыққыларың келмеген, «ел бола алмаймыз» деп өз Президенттерің айтқан деген аңдатпа жатыр. Бірінші Президенттің Ресей құрамынан шыққысы келмей бұлтаққа салғаны, кейін өзі сенген Ресей «далаға тастап кеткенде» амалсыздан тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз қазір елге аян. Бәрі біліп отыр.

Петр Своик, Д. Кривошеев, «Ақжолдық» экс-депутат А. Әбілдаевтардың бір мезетте белсенділік танытуы тегін емес сияқты. Өкінішке қарай, билікте ғана емес, халық арасында да мәңгүрттер жетеді. Бүгіннің өзінде орыстілді қазақ, қазақтілді қазақ деген әңгімелер айтылып жүр. Қазақтың түбіне осы жете ме деген күдігімді жасырғым келмейді. Олардың бірігіп жатпасына кім кепіл? Біздікі қауіп еткеннен ескерту ғана, құзырлы мекемелер ай қарап жатпаған болар. Бұл істі бір жағына шығарар деп сенгім келеді.

Қазақтың ортасынан шыққан, қазақтың бар болмысын бойына сіңірген Азамат секілді жігіттердің «орыс әлемін» пір тұтуы, оларға жан теңгермеуі, олардың бассыздығына көз жұма қарауы – жақсылық нышаны емес. Бұл ұлтсыздықтың белең ала бастағанына, халық арасында Әбілдаев секілді «терең ойлы» орысқұл азаматтардың бар екеніне жарқын дәлел. Қазыбек Иса бауырым айтпақшы, «Ұлтқа қауіп ұлтшылдықтан емес – ұлтсыздықтан.

Менің ойымша, Әбілдаев сияқтыларға қарағанда (ана тілін біледі ғой әйтеуір) Егеубаева сияқтылар 1000 есе қауіпті көрінеді. Әбілдаевты ақтап тұрғаным жоқ. Онда жаулық ниет бар. Бірақ аңқау жау... Бір ашумен ішіндегісін ақтарып тастады. Нағыз қауіпті жаулар ішін бермейтіндер ғой. Құдай солардан сақтасын қазақты».

«Ақжолдық» экс-депутат Қазыбек Исаның жазбасы маған ой салды. «Хабар» арнасында дикторлықпен елге танымал болған Динара Егеубаеваның Қаңтар туралы сұхбаттарын көрдім, ұнады. Қаңтар қасіретіне қатысты жақсы еңбек етіп жүр. Бірақ мынау Қаңтар қасіретін тартқан қазақтар туралы орыс тілінде айтқан сөзі қаңтардың қарындай суық екен... Әрине, сайлау мен сайлану әркімнің құқы, ешкімге қарсы емеспіз. Бірақ Қаңтар қасіретін таратқан қазақтардың тілін білмейтін, Ресей тілінде ғана сөйлейтіндер болашағын қай тілмен байланыстырады? Өйткені бұл мәселе – халықтың Мемлекеттік тілді талап етуі күннен-күнге күшейіп келеді! «Қаңтарда көшеге шыққандар – маргиналдар. Мен маргинал емеспін, Алматыда өскен кореннаямын» депті Динара Егеубаева», – деп жазды журналист Оңғар Қабден де өзінің фейсбук парақшасында.

Тілі жаттың - тәрбиесі жат!": Қазыбек Иса қаңтар қатысушыларын "маргиналға"  теңеген Егеубаеваға тіл қатты | “Адырна” ұлттық порталы

Қанша жыл Дариға Назарбаеваның қасында жүріпжүріп келіп, аяқасты қаңтардан бастап «оппозициямын» деп шыға келген Динараның да әуселесі белгілі болды. Кешегі қаңтарда ақырып теңдік сұрап, көшеге шыққан қарапайым қазақтың жігіттері еді. Бұлар әлі де қазақтілділерге маргинал ретінде қарайды екен. Себебі белгілі. Неше жыл Мәскеуде тұрған Егеубаева ауылдың мәмбет қазағын былайша менсінбеуі заңдылық та. «Қазақтың тілін білмейтін адам оның құқын қорғайды дегенге сену өте қиын», – деп турасын айтыпты Оңғар бауырымыз. Жөн сөз! Тура сөз! Ұлтының тілін құрметтемегеннің құны көк тиын дәл қазір. Иә, Динара Егеубаеваның «6 қаңтар» блогы баспасөз мәслихатында «қазақша айтыңызшы» деген тілші сұрағына: «Мен орысша айтамын. Қазір сұрақты Думан түсіндіріп берсін», – дегенінде-ақ «сонда қазақша жауап бермек түгілі қазақша сұрақтың өзін түсінбей отыр ма?» – деп тіксініп қалған едік… Түйсік алдамапты.

Ертең бұлар Мәжіліске өтіп кетсе, не болады? Баяғы жартас – сол жартас болады. «Қазақтілді журналистер сатқын келеді, келесі жолы мәселелеріңді қазақтілділерге айтыңдар!» деп өзінің позициясын әбден нақтылапты Динара ханым. Яғни, қазақтілді ортаның қолынан ештеңе келмейді. Бәрін істеп отырған орыстілділер деген ескерту ғой бұл. Негізі, қазақтардың бұлай тілге бөлінгені ең жаман нәрсе ғой. Кеңестен қалған «мұра». Бірақ талай байқаған бір жайт бар. Сөз бостандығы, ой еркіндігі деп жүрген «либерал», «демократ» атаулыларға қарсы бір сын айтсаң, жер-жебіріңе жеткізіп, боқтап, өзіңе қарсы шабады. Сонда өздері талап ететін ашықтық, еркін дискуссия деген қайда қалды? Содан екінші байқағаным – сол «либералдар» қазақтілді қауымға менсінбей қарайды. Қысқасы, әр ұлттың тілін меңгермей, түсінбей, оның мәселесін шешем деу бос тірлік. Басқа айтарым жоқ.

 

ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУ ҒАНА ҚОҒАМҒА СІЛКІНІС ӘКЕЛЕ АЛАДЫ

Сонымен ішкі дұшпандардан қалай құтыламыз? Оларды қалай тәубесіне келтіреміз? Бұл үлкен мәселе. Әйтпесе бұлар ертең Президент Тоқаевтың жағасына жармасып, Путинмен қорқытып, көптігімен шошытып, талтаңдай бермек. Ол үшін Президент Тоқаев айтқандай, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» ауадай қажет. Бірақ оған әлі күнге қолымыз жетпей отыр.

Сонымен Мәжілісті таратып жібердік. Жолдары болсын! Ішінде жақсы да, жайсаңы да бар еді. Бірақ өте аз еді... Ендігі Парламент ұлт мүддесін ақшадан биік қоятын, Президент пен Үкіметке емес, Халыққа жалтақтайтын азаматтардан сайлануы керек. Ол үшін не істеген лазым? Әрине, ынтымақ пен бірлік – басты күш. Биліктің алдауына, арбауына бұл жолы түспеуіміз тиіс. Әйтпесе бүгінгі биліктен өзгеріс күту – ақымақ адамның ісі. Сайлау әділ өтпесе, ашық өтпесе, бәрі бекер. Құр тұлыпқа мөңіреген сиырдың кебін киіп қала бергеннен шаршадық қой, ағайын.

«Мәжіліске халық атынан кімдер барғанын қалайсыз?» деген сауалнаманы көзім шалды бір сайттан. Сіз бұған кімдерді қосар едіңіз? Бізде әлі күнге елім деп еңсесін тіктеген тұлғаларды Ақорданың жобасы деп қарау белең алып кеткен. Бұл отыз жылда қатты дамыды. Ел арасынан қайнап шыққан белсенді азаматқа сенімсіздік – биліктің ойлап тапқан амалы болса таң қалмаңыз. Оларға бұл өте тиімді. Жұрт мұнда өзді-өзі қырқысып жатқанда олар өз ұпайларын түгендеп алмақ. Улап-шулап біз қаламыз. Сондықтан бұл жолғы сайлауда кәдімгідей белсенділік танытып, осы халықтың сөзін сөйлейді-ау дегендерді іріктеп Мәжіліске өткізу қолымызда тұр.

Бізде негізі Мәжіліске депутаттыққа лайық мықты жігіттер мен қыздар көп...қолдарынан іс келетін...бірақ бізде мәжіліс – «привилегия других» деген түсінікке құрылған... Маған онда не бар, бәрібір биліктің адамдары өтеді деген түсініктен арыл, қазағым. Бойыңды тікте, ойыңды тікте, қазағым! Әсіресе, жастар, сендерге айтамын мұны...

Қалай болғанда да алдағы депутат сайлауында өте абай болуымыз керек. Ұлттық құндылықтардан жұрдай адамдар Мәжіліске өтіп кетпеуі қырағылықты, халықтың ауызбіршілігін талап етеді. Неге екенін білмеймін, әділетті сайлау өтетініне өз басым сенбеймін. Оның түрлі себептері бар. Өйткені өткен отыз жыл бізді жемқорлыққа, сатқындыққа, бәлеқорлыққа, жалтақтыққа, жалқаулыққа әбден үйретіп кетті. Одан оңалып кетуіміз де қиын шаруа. Сыртқы, ішкі жаулардың көптігін көрген кезде мені «тәуелсіздікті сақтап қала аламыз ба» деген қорқыныш иектейді. Президент сайлауындағы кейбір аудан әкімі болуға татымайтын адамдардың Президенттікке үміткер болуы көңілге көп күмән түсірді. Сол күмәннан әлі арылып біткен жоқпын өз басым.

Алда келе жатқан Мәжіліс сайлауы Президент сайлауына кандидат дайындағандай деңгейде өтсе, масқара! Әрине, оны ұйымдастырған – Президенттің маңайында жүрген азаматтар. Сол үшін де олардың күнәсі де, кінәсі де өте көп. Күлкіге қалдырып отыр. Бұл дос пейіл емес – сатқындық! Күні үшін жалпаңдау ғана. Әйтпесе небір тау тұлғалар бар ғой. Соларды сал үміткерлікке. Халық білсін, намысы қайнасын, демократияның не екенін ұғынсын! Ол уәде берді ғой, әділ сайлау өткіземін деп. Сөзінде тұруы керек. Бәрібір бүгінгі ала-құла саясат кезеңімен бағаласақ, Тоқаевқа тең келетін кандидат жоқ еді ол сайлауда... Рысбек Сәрсенбайұлы, Дос Көшім, Болат Әбілов, Ермұрат Бапи, Динара Егеубаева, Жәнібек Қожық, Арман Шораев, Думан Мұхамедкәрім, Сәуле Әбілдаханқызы, Мұхтар Тайжан, Макс Боқаев, Дина Елгезек, Абзал Құспан, Санжар Боқаев, Әлнұр Ілияшев, Ринат Заитов, Айгүл Орынбек, Жанболат Мамай, Шалқар Нұрсейіт, Әсем Жәпішева, Бесжан Толеубекұлы...  

 

БИЛІККЕ ЖАҚҚАН 7 ПАРТИЯ ТІРКЕЛІПТІ, ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМ ҚАЙДА?


ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин мырза алдағы сайлаудың басты 10 ерекшелігін атап көрсетіпті:

1. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады (98 депутаттың 29-ы);

2. Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік туды;

3. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;

4. Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді;

5. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі САЙЛАУДАН КӨЗ АШПАҒАН ҺӘМ САТҚЫНДЫҚ ЖАЙЛАҒАН 7 26 ҚАҢТАР 2023 БАРЫС ЖЫЛЫ халық және президенТ кезінде сақталады;

6. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;

7. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған сайлау бюллетендеріне енгізіледі;

8. Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;

9. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;

10. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу).

Мәжіліс сайлауында да небір қитұрқылықтардың болатыны белгілі. Тек шектен шықпаса деп тілейік. Небәрі он айда референдум, Президент және сенат сайлауы, Парламент һәм Мәслихат сайлауы өткелі жатыр. Бұл мемлекет үшін үлкен шығын. Бүгінгідей алмағайып заманда мұндай істерге тәуекел ету жайдан-жай болмайды. Біздің билікте бір асығыстық бар. Ол не асығыстық? Көзіңді ашып-жұмсаң алдыңда ұрандатқан сайлау тұрады. Бұған халық та түсінбей отыр. Әйтеуір арты жақсы болғай дейміз баяғы. Әзірге ешбір уәденің орындалғанын, басталғанын көрмей отырмыз? Бұл қаншаға созылар екен? Былтыр елдің байлығы 162 адамның қолында деп шулатып еді. Сол байлық халыққа қайтпаса да, ел бюджетіне қайтты ма? 162 байдың нешеуі қайтарды, оның ішінде неше адам Назарбаевтың туысы? Бір жыл өтті. Есеп бермей ме енді?

Тоқаевтың уәделерінің санынан жаңылдық қой деген халықтың жан- айқайын да жеткізгім келіп отыр осы жерде. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан». Қазір қай шенеунік, депутат сөз алса да Президент Тоқаевтың осы идеясын алға тартады. Әйтеуір әркім өзінше әділетті, жаңарған Қазақстанды құрып жатқандай сыңай танытады. Бірақ бәрінің арты жалаңаш. Себебі халық сайламаған жерде тек тағайындаулар ғана салтанат құрмақ. Одан халыққа еш жақсылық жоқ. Кім сайлады, соған тәуелді, қысқасы. Осының ішінде мені қатты қуантқаны, іліп алары «Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік туды» және «Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды» деген өзгерістер. Өзін-өзі ұсыну айтылғалы қай заман. Биліктің құлағына жеткеніне тәуба. Қаншама жыл Ассамблеяның «үй ішінен үй тігіп отырған» қоғамдық ұйым екенін жазудай-ақ жаздық. Әйтеуір оған билік құлақ асыпты.

Бұған да шүкір, халқым. Парадокс! Ассамблеядан Парламентке бармағанмен, Сенатқа 5 адам келді. Не өзгерді? Қандай айырмашылық бар? Керісінше олардың құзіреті артты. 6 жыл сенатор болмақ. Журналист Дина Елгезек қызым жазғандай, мықты азаматтық қоғамы бар ел ғана қуатты мемлекет құра алады! Автократиялық режимнің 30 жылғы қысым мен қыспағына қарамастан, бізде бәрібір азаматтық қоғам қалыптасты. Және азаматтық қоғамның жарқын өкілдері сұрапыл сол соғысқа шыдас беріп қана қоймай, азаматтық қоғамның әлеуетін күшейтуге атсалысты. «Аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолданайық» деген сөзді Тоқаевтың өз аузынан естіген едік. Ендеше, азаматтық қоғам белсенділерінің потенциалын Парламентте неге пайдаланбасқа?

Иә, бәсекесіз Президент сайлауын өткізді. Қоғам оны «жұтты». Парламент сайлауына тәуелсіз партиялардың ең құрығанда біреуін тіркеуден өткізбеуі азаматтық қоғамға жасалған қиянат деп білемін. Қоғамның ендігі үміті мажоритарлық жүйемен түсетін лидерлерде! Азаматтық қоғам үкілеп Парламент сайлауына ұсынатын үміткерлерді арандатып, қиянат жасамаңыздар!

Ендігі Парламенттік сайлауға ешқандай кланда болмаған, әкімдікпен ауыз жаласпаған білімді жастарды депутаттыққа үміткер қылып ұсынуымыз керек. Бұл – уақыт пен заман талабы! Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарын сайлауға қатысуға жеті саяси партияға рұқсат бергені туралы жазылып жатыр.

Олар:

1. «AMANAT» партиясы

2. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы

3. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы

4. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия

5. Қазақстан Халық партиясы

6. Қазақстандық «Байтақ» Жасылдар партиясы

7. «Respublica» партиясы 

Ең өкінішті жері осы партиялардың қатарында оппозициялық бағыттағы партиялар жоқ. Олар неге жоқ? Егер олар болса, шынайы бәсекелестік орнар еді, нағыз әділ сайлау сонда туын желбіретер еді. Бұл жеті партия да биліктің «шинелінен» шыққан «дарабоздар». Парламентке тырнақтары ілінгесін «әріден әңгіме қозғап», Тоқаевты айналып өтіп, Үкіметті «тон кигізіп» қамшымен сабайтыны қазірден белгілі. Биліктің сөзін сөйлеген жерде халықтың мұңы мен мүддесі екінші орынға жылжымақ. Бізге ол керек пе, ағайын?

Тоқаев мырза жеті жылға Президенттік міндеттеме алды. Өткеннен сабақ алса, кемеміз өрге жүзері айқын. Сабақ алмаса, болашағымыз болмайды-ау жарқын. Экс-Президенттің «сара» жолы 30 жылда экономикамызды дамытпады, қарнымызды тойғызбады, ұлттық идеологиямызды қолға алмады. Ұлттық идеология болмағандықтан, тіліміздің тізгінін орысқа, саяси жүйеміздің тізгінін жебрейге («Американдық ұлт» үлгісі), дініміздің тізгінін арабқа (уахаби мен сәләфи), жер асты байлығымызды қытайға бердік. Оның бәрін қайтарып алу үшін ұлттық идеология мен ұлттық құндылық мықты болуы керек. Олай болса, Ел тізігінін қолына алған Тоқаев мінген үміт атты арғымаққа үміт пен күдік те қатар мінгесті. Жол ұзақ және қатерлі. Тоқаев және оның командасы халықты тығырықтан шығарып, тілі мен ділін күшейтуге шамалары жете ме?

Қазақта «Қайыршыға жел қарсы» деген тәмсіл бар. Сол рас секілді. Соңғы уақыттары «Орыс әлемі» идеологиясын жүргізетін Россотрудничество ұйымы Қазақстанда Ресейді қолдайтын және орыс тілінің ықпалын сақтап қалуға ниетті азаматтардың басын қосып, партия құру мүмкіндігін ойластыра бастады деген хабар желдей есіп жүр. Мен бұған таң қалмаймын. Оған ел Президенті Тоқаев есікті айқара ашып қойды. Қазақстанда биыл – «Орыс тілі жылы». Демек елімізде орыс тіліне көз алартуға болмайды. Ал жаңадан құрылатын партияның идеологиялық блогына Ресейден көп жылдан бері грант алып жүрген саясаттанушылар Данияр Әшімбаев пен Марат Шибұтовтар жетекшілік етпек. Бұған не деуге болады, халқым? Осы екі азаматты көргенде есіме Омар Хайямның мына екі нақылы оралады:

1. Адамның санасы қаншалықты төмен болса, ол мұрнын соншалықты аспанға шүйіреді.

2. Мені адамның кедейлігі емес, оның ойы мен жанының кедейлігі қынжылтады. 

 

ӘР ДЕПУТАТ АР АЛДЫНДА, ХАЛЫҚ АЛДЫНДА АНТ БЕРУІ КЕРЕК

Әлеуметтік желіде пікірін ашық жазатын Төкен Әлжантегінің мына байламын құптағым келеді. «Ізгілендіреміз деп жүріп бұрынғылар барлы-жоқтыны жүнше түтті. Түттік деген бірі жоқ. Сөйте тұра жамбас үйкелегендердің көбісі қайтадан Парламентке барғысы келеді. Сонда ақымақ кім, олар ма, қарапайым сайлаушылар ма? Түбінде бізге обал жоқ-ау...

Тағы да жайлы орыннан үміткер партиялардың аттылы-жаяу құрамына көз жіберсем, жеңіл-желпіге үйірлер шоғырын байқаймын. Амалгері бар, қаламгері бар, асаба-сайқымазағы, тағы қарайған, әйтеуір толған көңіл аулаушылар сапқа тұра бастаған сияқты. Сонда олар заң шығарып жарытам дей ме екен?

Айналайындар-ау, Парламентке заң дегеннің жілігін шағатын заңгерлер, саясат қайығының ескегін дұрыс есе алатындар, жалпы қазақ пен осындағы халықтың мүддесін қорғай алатындар барсын да. Бәлкім, сонда өзіміз дұрыс ұйықтап, тыныштығымызды қорғаған әскерлеріміз бірін-бірі қорлап, зорлап масқараға ұшырамас та

Өлім жазасын қайтару керек. Өтірік намыстанбайық, сана саңылауы сартаптықтан арылмаған шамада бізге қаталдық керек-ақ. Біздің түсінігіміз босаңдықты әлі де болса қабылдай алмайды. Ендеше қаталдықты қапқа тыққанымыз өзімізге зиян екенін мойындай білейік. Мен жеке ойымды айттым, қорыту сіздердің ықтиярларыңызда», – депті ол... Иә, депутат болу – сықиған костюмді киіп алып, АП берген мәтінді оқып беріп, АП сызып берген шеңбердің ішінде жүру емес. Депутат болу – қуатты мемлекет пен мықты азаматтық қоғам құру жолында еңбек ету. Жиған білімің мен бойыңдағы күш-қарымыңды ұлт жолына жұмсау! Ол – сынбас ерік-жігер, ол – қайтпас қайсарлық, ол – мұқалмас еркіндік, ол – сатылмас принцип, ол – қарымды потенциал, ол – ұлт алдындағы жауапкершілік, ол – бұзылмас сабыр, ол – жанкешті күрес!

Жас болса да бас болатын ойлар айтып жүрген Дина Елгезек қызымның мына жазбасын Жаңа Қазақстанның депутаты болғысы келетін азаматтар оқуы тиіс. Және ар алдында, халық алдында адал болуға ант беруі керек. Халық қаласа да, қаламаса да Мәжіліс пен Мәслихат сайлаулары өтеді. Саны бізден аз, жері де бізден кем Қырғыз Парламенті мемлекеттік мекемелер тек қырғыз тілін пайдаланатын тіл туралы заң қабылдады. Олай болса 50 күннен кейін сайланатын депутаттардың құлағына алтын сырға болсын, «Мемлекеттік тіл туралы» заңды бір жағына шығарып, «орыс тілі жылының» ығына жығылып кетпесін. Жұмыстарын осыдан бастасын

1. Ұры жүйенің ұрлығын ашуға әзірсің бе?

2. Қаңтар шындығын қазбалауға ше?

3. Тістегеннің аузында кеткен қазақтың байлығын түгендеуге ше? Қайтартуға қарым-қабілетің жете ме?

4. Алтынбек пен Заманбектей ардақты ағалар мен Асхат пен Дулаттай бауырлардың өліміне тапсырыс бергендер кімдер? Қылмыстық істі қайта қаратуға әлің жете ме?

5. Саяси режимге бағынбайтын тәуелсіз сотты қалай жасақтаймыз?

6. «162»-мен күреске дайынсың ба?

7. «Сайлау туралы» , «бейбіт митинг туралы», БАҚ, бюджет туралы заңды «лупамен» тексеріп, Конституцияны қайта қарауға миың жетеді ме?

8. Лоббидің жетегінде кетпейсің бе?

9. Өтірігімен туған халқының алдында абыройы «нөл» болған мына кландық саяси режиммен күреске дайынсың ба?

10. Ұлттың тағдырын ойыншық еткендердің ойын шартын бұзуға ше?

11. Құр айғаймен емес, мәселені байыппен, салиқалылықпен шешуге дайынсың ба?

12. Биліктің оң шешімін дұрыс қабылдап, бұрыс шешіміне қарсы шығуға ше?

13. Қоғамның демократиялануы процесін жеделдетуге, көзбояушылықпен емес, шын саяси реформаның жүргізілуіне үлес қоса аласың ба? Онда депутаттыққа үміткер болып бар! Бұларға шамаң жетпесе, өзгенің жолын кеспе, жолына төсе десте. 

 Президент Тоқаевқа назы мен арыздарын айтсын! «Көп – қорқытып, терең – батыруға» көнбейтіндерін жеткізсін! Міне, сонда халық аңсаған Парламент, қолжетімді Мәжіліс болмақ.

 

БИЛІКТЕ ТҮРІ ҚАЗАҚ, ТІЛІ МАЗАҚ АЗАМАТ КӨП

Сөздің реті келгенде айта кетейін, Қытайдан келген бір таныс жігіт маған былай сыр айтқаны бар: «Астанадағы «Мицубиси» орталығынан жаңа машина сатып алғанмын. Үш жылға кепілдігі бар. Сол себепті ақау шығып жатса, өздеріне көрсетіп тұрамын. Айтқым келгені: сонда жұмыс жасайтын түрі «мен қазақпын» деп тұрған азаматтардан қатты шошимын. Түрлерінде қан-сөл жоқ-ау, қан-сөл жоқ. Көздеріндегі жалын өшіп қалған. Ұлттық болмыстан жұрдай. Бейне робот секілді. Қазақша тіл қатсаң, жүздерін суытып, естімеген кейіп танытады. Бірімен-бірі орысша сөйлесіп қана түсініседі. Сол кезде ғана түрлері жадырайды. Бұл – өте қауіпті құбылыс! Саналары әбден уаланған оларда ұлттық мүдде туралы ой болмақ емес. Олардан өрбіген ұрпақтан жақсылық күтуге болмайды».

Ол ашынып көп нәрсе айтты. Есімде қалғандары осылар ғана. Ол күрсініп мұңын шағып жатқанда менің есіме Америка құрлығын алғашқылардың легінде отарлауға, қырып-жоюға күш салған Англия королінің мына сөзі түсті. Ол кемемен «Жаңа жерге» аттанып бара жатқан жаулаушыларға: «Олармен (үнділермен) соғыса беру дамуды кешеуілдетеді. Ойын-сауық үшін ақшаны аямаңдар. Көңілдерін көтеріңдер. Темекі мен арақты тегін таратыңдар. Ағылшын тілін үйренуге құлық танытқандарды қара жұмысқа салмаңдар. Оларға үнемі қолдау білдіріңдер. Билікке әкеліңдер. Жеңілдік жасаңдар. Сонда бәрі оңай шешіледі. Оларда ұлт болмайды, халқын аямайды», – деп шығарып салыпты. Неткен оқымысты жауыз еді әлгі? Өзіндік өркениеті, салт-дәстүрі бар үндістер небәрі елу жылдың ішінде тілінен, дінінен айырылып, мүсәпір болды да қалды. Ақыр аяғында ассимиляцияға ұшырап, жойылды.

Ащы да болса айтайық, біз де үндінің кебін киюге аз-ақ қалған халықпыз. Отарлаушылардың саясаты біреу ғана: Ол – ұлтсыздандыру. Ол үшін тілді құртса, жетіп жатыр. Оған біздің елде жүздеген мысал келтіруге болады. Әлі күнге дейін ана тілін білмейтіндер, білсе де құрмет көрсетпейтіндер жоғары жақта жетіп артылады. Кейбіреуі тоқтаусыз өсіп барады. Ал ең сорақысы, Тәуелсіздікпен түйедей құрдас жастардың ішінде «Мәскеуге қарап ұлитындар» көп. Құлық болмаса, миллиардтаған теңгенің де кәдеге жарамайтынын тілдерді дамыту үшін жасалған тәжірибе көрсетті. Қазақ – тілді анасына теңейді. Бұл бекер емес болар. Демек, тілден мақұрым қазақтан тілді құрметтейтін бала туады деу құр сандырақ! Ендеше тіл тағдыры әлі талай сынаққа түседі деген сөз! Ол үшін мына мысал жеткілікті.

Тіл үшін отқа да, суға да түсіп жүрген Мұхтар Шаханов 1998 жылы жазда Тайландқа барыпты. Мұхаңды Тайландтың танымал жазушысы күтiп алып, түскi астан соң, хайуанаттар паркiне апарады. Біздің тілдік ахуалдан хабардар ма, әлде кездейсоқтық па, Мұхаңа сондағы күтімдегі үлкен ұрғашы арыстанды көрсетiптi. Арқалы ақын арыстанның қасына жақындаса, әлгi ұрғашы арыстанды бес-алты шошқаның торайы таласып емiп жатыпты. Сөйтсе, бұл ұрғашы арыстанды тәжірибе жүргізу үшін кiшкентайынан шошқаның сүтiмен асыраған екен. Есейе келе бұл арыстан өзінің айбарынан, қайратынан, ата-бабасына тән қасиеттерден жұрдай болып, құр сүлдері қалыпты. Біздегі кей азаматтар осы арыстанға ұқсайды. Түрі қазақ, тілі мазақ!

Жаңа Парламент, «Жаңа Қазақстан» орнатуға күш салып жатқан Президент тіл мәселесін күн тәртібіне қоймаса, ешкімге өкпелеуге хақымыз жоқ. Тіл – тұтастық кепілі! Тұтастығы жоқ ел – өзгелерге мазақ ел! Сатқындық та, жалғандық та, әділетсіздік те елге құрмет, тілге ізет көрсетпеген жерден шығады.

 

НАҒЫЗ ПРЕЗИДЕНТКЕ НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

ТҮЙІН: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел билеуде қандай қасиеттер жетіспейді деген сауал көптің көкейінде жүр қазір. Меніңше, онда бәрі бар. Ана тілін біледі. Түсінеді. Сөйлейді. Ата-баба жолын ұстанады. Мешітке барады, құрбандық шалады. Садақа береді. Дүниеден өткен барша марқұмдардың рухына жиі Құран бағыштатады. Саясатқа қырағы. Халқына шын жаны ашиды. Оны Қаңтар қырғыны кезінде ісімен де дәлелдеді. Сөзге еріп, қорқынышқа бой алдырып Ақорданы тастап кетпеді. Үлкен дипломат. Түркия мемлекетіне керемет реформа жасаған, ұлтын шексіз сүйген Мұстафа Кемал Ататүрік айтқан екен: «Түркi бaлaсы aтa-бaбaсын тaнып-бiлген сaйын ұлы iстер жaсaу жолындa тек өз бойынaн ғaнa күшқуaт тaбaды». «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!». «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды. Оған тек қызмет етуге ғана болады. Ұлтқа қызмет жасай білген адам ғана оның қожасы бола алады» деп.

 Мен өз елімнің Президентінің тап Ататүріктей «ұлтым» деп елжіреп тұрғанын қалаймын. Ел анасы деген атым бар, ана басқа нені қалауы мүмкін? Көзіне қамшы тиген аттай жалтақтап тұрмаса екен деймін Президентім. Сонда сатқындарға алданбайды. Жемқорларға жегізбейді. Ұлттың қазынасы өзіне бұйырады. Түріктердің арғы аталары біздің даламыздан кетіп, әлемнің әсем жерлерін жаулап алды. Ал бүгінде біздің ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен аманат еткен жерлерін олигархтар иленіп міз бақпай отыр. Арамыздан сатқындар көптеп шығуда. Әлі қаншасы жүр билік басында, ол әзірге жұмбақ. Тіліміз ала-шұбар. Шер-аға айтқандай, халқымыз «алтын сандықтың үстінде жалаңаш отыр» бүрісіп. Білімді жастардың бәрі шетелде жүр тентіреп. Қандастарымыз Қытайда геноцидке ұрынып қырылып жатыр. Елде қымбатшылық құтырып тұр. Айлығы шайлығына жетпейтін адамдар көбеюде... 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз бұл айтқандарыма немқұрайлы қарамайды деп ойлаймын. Ұлт мүддесі бәрінен биік екенін бізден де жақсы білесіз. Маңайыңызға көп сене бермеңіз. Қасыңызда дос та жүр, дұшпан да жүр. Олардың «бәрі жақсы» дегені сізге жанашырлық емес, керісінше қас дұшпандық болып жүрмесін. Тұңғыш Президент Назарбаевтың түбіне маңындағылар ұлардай шулап «бізде бәрі тамаша» деп жеткізгенін енді біліп жатырмыз.

Ғұлама Конфуций дүниеде 3 нәрсе қайтарылмайды депті. Ол: 1.Тарих. 2. Айтылған сөз. 3. Атылған оқ. Құрметті Президент мырза, ел билігін жеті жылға қолға алдыңыз. Ел сізге сенім артып отыр. Тектінің тұяғы екеніңізді білдіріп, әділ сайлау өткізіп, елдің мұңын айтқан арда жігіттерді Парламентке жинап, сатқындарды жазалап, мемлекеттік тілдің салтанат құруына жол ашыңыз. Бұл менің аналық ақ тілегім. Ақ батам!!!

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист
26.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 23
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 43
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 15
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 21
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 25
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 21
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 46
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 43
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 255
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 252
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 874

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8949
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8343
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11569
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9327
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10553