Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесі өкілдері және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме басшыларымен кеңес отырысын өткізді.
Жиында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев басқарма тарапынан атқарылып жатқан жеті айлық жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, облыста жалпы орман қоры жері – 4,4 миллион, оның ішінде орман көмкерілген аумақтар – 2,3 миллион гектарды құраған. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары – 140,8 миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Өткен жылы 24,4 миллион түп ағаш отырғызылып, жоспар 100 пайыз орындалса, биыл 31,4 миллион түп ағаш егілген. Одан бөлек, күзде 13147 гектар алқапқа 14,5 миллион дана сексеуіл тұқымы себіледі деп күтілуде.
– Осы жылдың жеті айына жеке және заңды тұлғаларға 1570,8 мың гектар жерге 1653 дана орман билеті беріліп, орман пайдаланудан 52 миллион теңге салық түскен. Сонымен қатар, облыстық орман қорында өрт қауіпті маусымында Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының екі ұшағы мен бір тікұшағы арқылы әуеден бақылау- мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Өрт қауіпті маусымы басталғалы алты орман өрті тіркелген. Олар Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Қосқұдық, Жуалы, Меркі орман шаруашылығы мекемелерінің орман қорында тіркелген. Аумағы – 1409,37 гектарды құрады, – деді Олжас Елебекұлы.
Сондай-ақ, басқарма басшысы материалдық-техникалық база, республикалық және жергілікті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қасақылықпен күрес және басқарма тарапынан қосымша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен әңгіме қозғады.
Әрі қарай сөз алған «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Әліби Сағындықов өткен жылғы және биыл мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мекеме директорының сөзінше, биыл мекеме тарапынан 81 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 85 әкімшілік хаттама толтырылған. Ұсталған азаматтардан 22 аңшы мылтықтары тәркіленіп, оның ішінде 17 заңсыз яғни, еш жерде тіркелмеген аңшы мылтықтары жергілікті аудандардағы полиция бөлімшелеріне өткізілген. Екі әкімшілік іс қозғалған.
Алайда, өңір басшысы мекеме директоры Әліби Сағындықовтың осы жылдың жеті айында бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген деген мәлімдемесіне қанағаттанбай, бұл жауапты қатаң сынға алды.
Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы көшет отырғызу жұмысы бойынша тапсырма орындауға құлықсыздық танытып отырған Бурыл-Байтал, Қосқұдық, Ақыртөбе, Меркі, Мойынқұм және Луговой орман шаруашылығы мекемелері басшыларынан жауап алып, ағаш көшеттерін отырғызуға ауа райының қолайсыздығын сылтауратудың қажеті жоқтығын баса айтты. Сонымен қатар, елді мекен төңірегіндегі жайылым жерлерді босатып, қоғамдық падаға беру қажеттігі туралы да сөз етті.
Жиын соңында өңір басшысы «Сапсан» жедел қызметінің жұмысын жандандыруды және рейдік жұмыстарды, қасақылықпен күресті күшейту керектігін айтып, басқарма басшысына және мекеме директорларына нақты тапсырмалар жүктеді.