Елімізде қазіргі уақытта мүгедек жандарға жасалатын қамқорлық аясы кеңіп, олардың әлеуметтік хал-жағдайын жақсартуға мән беріліп келеді. Осы мақсатта көптеген іс-шаралар қолға алынып, көпшілік сол қолдаудың шарапатын көре бастады. Күннен-күнге мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуші қайырымдылық қорлар, ұйымдар, орталықтар саны көбеюде. Әрине бұл істердің барлығы құптарлық жоба, дегенмен де мүгедектерге байланысты проблемалар өте көп. Жарымжан адамдардың, әсіресе жастар арасында қазіргі кезеңде кеңінен тарап отырған мәселелердің бірі жалғыздық, өзін өте төмен бағалау, кемістігіне байланысты қоғамнан шетке шығып қалғандай сезіну, психологиялық және физикалық тәуелділік, сондай-ақ өз қиыншылығын айта алмай қиналушылық, отбасылық өмірдегі мәселелер, т.б.
Осы орайда салауатты өмір салтын насихаттап, адам денсаулығына жіті көңіл бөлу, жарымжан жандарға қолжетімді жағдай жасай отырып, қоғамдық ортаға бейімдеу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Былтыр Алматыда 14 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алып, демалуына арналған «Шапағат» көпсалалы оңалту орталығы ашылды. Орталық экс қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен және пәрменді қолдауымен жүзеге асты.
- Әр бала бақытты болуға лайық. Хакім Абай атамыз: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» деген. Расында, бүгінгі игі бастама үлкен сауапты іс деп айтар едім. Бұл ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға да, ата-аналарға да зор қуаныш сыйлағанына куә болып тұрмыз. Балаларымыздың көзіндегі үміт оты, шексіз қуанышы біздің басты мақсатымыздың орындалғанын көрсетеді. Бұл – жүйелі де жоспарлы жұмыстың жемісі, – деді ол орталықтың ашылу салтанатында.
Әлеуметтік және зайырлы қоғамның басты міндеті – ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Мүгедек жандардың ем алуына қолайлы жағдай туғызу мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және бейімдеу орталығы жаңа ғимаратының ашылу салтанатына экс қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева қатысты. Сондай-ақ ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов та келіп, орталықтың тыныс-тіршілігімен, мүгедектердің жай-күйімен танысып, ата-аналар және қызметкерлермен сұхбаттасып қайтты.
18 жас пен 35 жас аралығындағы 1 және 2 топтағы мүгедектерді қабылдайтын орталықтың 100 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар. Қызмет алушыларға барлық жағдай жасалған, орталық жаңа заманауи құралдармен жабдықталған. Орталықтың реабилитолог дәрігері Мақпал Байказакова қызмет алушыларды медициналық оңалту мен қалпына келтіру емін ұйымдастырып отырады. Орталықта эрготерапия, физиотерапия, терапия, механотерапия, кинезотерапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, емдік дене шынықтыру, жаттығу залы, жуынатын бөлме, массаж кабинеттері бар. Қызмет алушыларға әлеуметтік бағытта тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, экономикалық, құқықтық, мәдени қызметтер де көрсетеді. Орталықта келушілерге барлық жағдай жасалған. Емделушілер бір мезгіл дене шынықтырып, бой жазып аламын десе, инструктор мамандар қызметке әзір. Арнайы кабинеттерде дәрігер нұсқауы бойынша түрлі ем-дом шаралары қарастырылған.
«Рас, мұнымен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін толықтай шешіп тастадық деуге болмас, десе де салада қыруар шаруа атқарылуда. Осы орталықтың пайдалануға берілуінің өзі сол жұмыстардың бір көрінісі. Мүмкіндігі шектеулі жандар нұсқаушының көрсеткен жаттығуларын мүдірмей зор ынтамен қайталауда. Қамкөңіл жандар үшін барлық кешенді жаттығулардың берер пайдасы мол. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, сөз жоқ орталықтың ашылуы ғаріп жандар өміріндегі тағы бір жеңіспен пара-пар. Осы ғимараттың ашылуына зор көмегін тигізген басшыларға өз ризалығымызды білдіргіміз келеді!»,-дейді орталықтың директоры Нұрзия Ағабекқызы.
Бүгінгі таңда орталықта №1, 2, 3, 4 бөлімшелердегі қызмет алушыларды қоса алғанда 209 мүмкіндігі шектеулі бала арнаулы әлеуметтік қызмет алуда.
Күндіз болу орталығының негізгі мақсаты – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму деңгейін арттыру, әлеуметке бейімдеу, қоғамға кіріктіру мақсатында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету. Осы мақсатты алға қоя отырып, күндіз болу орталығы қызмет алушыларға 7 арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді:
1.Әлеуметтік – тұрмыстық қызмет. Күндіз болу орталығының қызмет алушылары үшін жүріп, тұруға қолайлы мекеме, арнайы бөлмелер бөлініп, барлық бөлмелерді қажетті жиһаздармен, мамандандырылған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Күндіз болу орталығы қызмет алушыларына ЖК «Smart Food» 5 мезгіл тамақ ұсынады.
Қызмет алушыларды үйінен мекемеге, мекемеден үйіне және мәдени іс-шараларға жеткізетін автокөліктер бар. Ұйым мамандарының бөлмелері қажетті жиһаздармен және арнайы жабдықтармен жабдықталған. Қызмет алушыларға өзін-өзі қызмет ету дағдыларына, тұрмыстық бағдар негіздеріне үйрету үшін қажетті тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесі бар.
2. Әлеуметтік-медициналық қызмет. Қызмет алушылардың денсаулығын ескере отырып, емдеу-сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылады. Күнделікті балалардың дене қызуын өлшеу, дәрігерлердің тағайындауы бойынша уақытылы дәрі тамызу сияқты рәсімдерді аса ұқыптылықпен жүзеге асырады. Күнделікті балаларды дәрігер-педиатр, дәрігер-невропатолог өз бақылауында ұстайды, балалардың денсаулығының жағдайын күн сайын қадағалайды, олардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес кеңес беріп отырады. ТҚА бұзылған балаларға кесте бойынша емдік-дене жаттығулары,массаж жасалады.
3. Әлеуметтік - психологиялық қызмет. Күндіз болу орталығына жаңа түскен балаларға психологиялық диагностика жасалынады, бұл баланың жеке тұлғалық ерекшелігін анықтауға, талдауға, психологиялық кеңес, ақпарат береді. Қызмет алушының жеке ерекшелігіне байланысты оған шұғыл түрде психологиялық қолдау, қызмет алушылардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетіледі, мүмкіндігі шектеулі балалардың жағымсыз эмоциялық сезімдерін жою мақсатында психологиялық тренингтер өткізіледі. Жоспарға сай әр тоқсан сайын ата-аналарға кеңестер, ұсыныстар, үй жағдайында баланың ашу-ызасын, жағымсыз эмоцияларын жоюға, көңілін көтеру үшін жасалатын арнайы жаттығулар, баламен дұрыс әңгіме жүргізу, дұрыс қарым-қатынасқа түсу керектігі туралы сауалнамалар жүргізіледі. Қызмет алушылардың ойлау операцияларын дамытуға, зейінін шоғырландыруға, есте сақтау қабілетін дамытуға музыка терапиясын, ертегі терапиясын, құм терапиясын және де сенсорлық аясын кеңейту үшін психологиялық түзету сабақтары жүргізілуде.
4. Әлеуметтік - педагогикалық қызмет: Күндіз болу орталығының арнайы педагогтарының алға қойған мақсаты мен міндеті - түзетушілік - педагогикалық жұмыс құрылымының алдын ала анықтау мақсатында қызмет алушыларды ортаға бейімдеп, жылдық жоспар құрылып, олардың физиологиялық мүмкіндіктері мен ақыл - ес қабілеттерін ескере отырып, оқытуды ұйымдастырады. Балалардың қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейтеді, ұсақ моторикасын, сезімін, танымдық қабілетін, өзін-өзі бақылауды, қарым-қатынас дағдыларын қалыптастырып, дамытады, өз-өзіне қызмет көрсету қабілетін қалыптастырады, тұрмыста және қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстауға үйретеді. Әр тоқсан сайын дефектолог мамандары «Көзі көрмейтін және нашар көретін балалармен жүргізілетін түзетушілік жұмыстар», «Күрделі кемістігі бар балаларды ойын арқылы түзету» тағы басқа түзету жұмыстарын жүргізу жөніндегі тақырыптарда, логопед «Дұрыс тыныс алу, тыныс шығару жаттығулары», «Күрделі кемістігі бар баланың ұсақ моторикасын дамыту арқылы сөйлеу тілін қалыптастыру» тақырыптарында ұсыныстарын жеке-жеке ата-аналарына таратып, үй жағдайында қалай жүргізу керектігін кеңес сабақ ретінде балалармен жұмыс жүргізіледі.
5. Әлеуметтік – мәдени қызмет. Жоспар бойынша Орталықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында мерекелермен тынығу іс-шаралары өткізіліп отырады. Әр ай сайын «Құттықтауды ұмытпа»деген тақырыпта туған күн иелерін құттықтау, мерекелерге алдын ала сценарийлер дайындалып, дайындықтар жүргізіліп ертеңгіліктер, мерекелік концерттер өткізіледі. Алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес, қарым-қатынас аясының кеңеюіне бағытталған қызмет алушылар мәдени ошақтарға, кинотеатрларға, көрмелерге, мұражайларға саяхатқа шығып тұрады. Маусымдық өзгерістерді, қоршаған ортаны бақылау үшін тірі табиғатта, яғни саябақтарға, демалыс орындарына экскурсияға барады.
6. Әлеуметтік – экономикалық қызмет. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Респуликасының мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы», 1997 ж. 16-маусымдағы, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 1999 ж. 5-сәуірдегі, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», 2001 ж. 17-шілдедегі, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы», 2005 ж. 28-маусымдағы заңдарына және Қазақстан Республикасының өзгеде нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тиісті жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, басқа төлемдерді алуға жәрдем беріледі.
7. Әлеуметтік – құқықтық қызмет. Қызмет алушыларға әлеуметтік - құқықтық мәселелер жөнінде кеңес беріледі, осы мәселелерді шешу үшін қажетті құжаттарды дайындап, тиісті мекенжайларға жіберуге көмек көрсетіледі. Құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін адвокаттың тегін жәрдемі беріледі.
Біз «Шапағат» көпсалалы оңалту орталығына барып, келушілерге арналған кабинеттерді аралап көріп, қызметкерлердің жұмысымен танысып шықтық. Асхана,спорт, демалу,ем алу, ата-аналарға арналған бөлмелердің барлығы заманауи құралдармен жабдықталған, әрқайсысында мүгедектердің қауіпсіздігі үшін бейнебақылау орнатылған. Мұнда барлық жағдай жасалған. Бөлмелер жарық,таза,тыныш. Балалар күнде таңертең осында келуге асығады екен. Тіпті ата-аналардың айтуынша кейбір балалардың жағдайы болмағандықтан демалыс күндері үйге сыймай, орталыққа келейік деп мазалайтын көрінеді.Өйткені осында өз ортасы, араласатын достары,шұғылданатын істері бар.Бұның бәрі көңілге қуаныш сыйлайды. Міне, осылайша Нұрзия Ағабекқызы бастаған ұжым мүшелері тынбай, шын махаббатпен жарымжан балалар үшін қиындығы көп, шарапаты мол жұмыс істеуде. Сауапты іс жасап жатқан қызметкерлерге төзім мен сабыр, ал жұмыстарына Алла берекесін берсін деп тілейміз!