Саясат пен шахмат

Саясат  пен шахмат

Саясатпен айналысу үшін тәжірибе керек. Терең білім, қажыр-қайрат деген тағы бар. Кеудеңді оққа тосып шаба беру батырлық емес қой. Ол үшін түрлі әдіс-айла,  сан алуан комбинация, бір бас қулық, жылдам шешім, әбжіл қимыл,  керемет тапқырлық  жасауды үйренген абзал. Тағы айтамын, құр айқайлап,  далақтап шаба беру пайдасыз. Өзіңе де,  денсаулығыңа да зиян. Одан да шахмат ойна. Демаласың,  ойлау жүйең күшейеді. 

 Негізі шахмат тақтасы саясат алаңы секілді. Нағыз қан майдан сол жерде. Басты мұрат –  жеңу емес, жеңілу де емес, өзіңді адам ретінде сезіну.  Бәрі өзіңе байланысты, әрине. 

 Шахмат тақтасына отырғанда өзің патша, өзің көсемсің, шіркін!  Қаншама пешканың тағдыры қолыңда тұр.  Аңдаусыз жүрген бір қадам тағдырыңды шешіп кетуі әбден мүмкін.  Қызбалыққа салынсаң, біттің,  қарсыласың қалт жібермейді, ойсыратып жібереді. 

Айтпақшы, демократия да,  шеру де осында.  Ашық майдан мен ашық алаң да көз алдыңда тұрады... Біз болсақ, бәрін оңай көреміз ғой, негізі. Бір сәт Президент болып,  кешіріңіздер, шахмат тақтасында король болып көрейікші.  Қолыңда үлкен билік бар.  Сонда көресіздер,  сонда сезінесіздер билік дегеннің қандай екенін.  Қай жағымнан жау кеп қалады деген қорқыныш пен үрейді бастан кешесің ең жаманы...  

Ішкенің ірің,  жегенің желім болады... Маңайың шетіней бастағанда, сыртқы күштер қыса бастағанда «Қайран, баяғы бейқам күнім-ай!..» деуге дейін барасың.  Бүйткен патшалығың құрысын демесең болды, әйтеуір. «Президент неге өйтпейді,  неге бүйтпейді?» деген сөзің үшін ұяласың сол жерде. Өйткені қалың әскерді король емес,  өзің басқарып отырсың ғой... (Бәлкім президентті де біреу сырттан бақылап, басқарып отырған болар!).

 Мықты болсаң, тығырықтан шығар ол бейбақ пешкаларды. Тағы бір ескерер жайт, фигураларды дұрыс орналастырмасаң, өзіңнің сорың.  Мысалы, дұрыс орналаспаған қаншама фигуралар адасып жүр біздің қоғамда... билікте...

Шахмат тақтасында мықты комбинация ұйымдастыра білген ұтады, негізі. Жүйке мықты болуы тағы маңызды. Қызбалық, асығыстық орға жықпақ. Әлемдік саясат та солай ғой. 

Қарап отырсақ, бүкіл жаһанда  әлді әлсізді тұқыртады,  бай кедейді басынады. Шахмат тақтасында да пешка – әскер биліктің, то-есть, корольдің аяғының астында ылғи.  Тырп еткізбейді. Ашса алақанда,  жұмса жұдырығында. Тіпті пешкаға піл де,  ат та қожа.  Ат шіркін кейде «лауазымын» пайдаланып,  біздің кейбір шенеуніктер тәрізді пешка – халықтың үстінен қарғып өтеді.  Әділетсіздік бұл жерде де бар. Елемеуге тырысасың ондайды. Өйткені ойын.  Біз сөз етіп жүрген саясат та ойын. 

Ал риза болатын тұсың – шахматта тамыр-таныстық жоқ. Пешка байғұс өз еңбегімен жаяулап,  жалпылап «өседі» .  Әй,  бірақ ондайлар аз. Байғұстар жерімді,  елімді,  патшамды қорғаймын деп жүріп «қыршынынан» қиылады.  Аяйсың жаның жылап....

Корольдің жаны қиналғанда Ферзяның өзін құрбандыққа шалып жіберетінін көргенде «Ханда бауыр жоқ,  таста тамыр жоқ» деген бабалар тәмсілі ойыңа келеді...

Ферзяның қасында пешка деген не тәйірі?! Айтайын дегенім,  билік те шахмат тақтасы секілді құрылым. Ол жерде де бізге көрінбейтін «мылтықсыз майдан»  жүріп жатқаны айдан анық...

Ал біз болсақ, билікті сынауға құмармыз. Жоқ дегенде бір шымшып қоямыз. Бәзбіріміз үйдегі бала-шағаға,  әйелге, ағайын-туысқа сөзіміз өтпей жатқанын мүлде ескермейміз... 

Бала-шағаға сөз өтпей жатқанда саясат біздің не теңіміз, ә?! Ағайын-туысқа,  көрші- көлемге өзіміз сыйлымыз ба? Оған мүлде қарамаймыз.  Ойланбаймыз! Ойсырай жеңілген шахмат тақтасындағы қарсылас алаңында жүргендей-ақ далақтап шабамыз келіп.

Ағайын, кел, одан да шахмат тақтасында бақ сынайық.  Нағыз саясат осында ғой... Мұнда да бірде жеңілесің, бірде жеңесің.  Кейде тең ойынға қуанасың. Ең бастысы  сабырлылыққа, дипломатияға үйренесің. Алдап-арбаудың қай жерден шыққанын бажайлайсың. Қулық-сұмдықтың тарихына көз жүгіртесің. Өмірдің күрес екенін сезінесің. Өзіңді тәрбиелейсің!

Шахмат арқылы  саясатқа төселіп алсақ, ар жағын көре жатармыз. Дәл қазір бізге көп нәрсе үйрене білу керек...

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
04.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 63
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 588
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 703
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 617
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 627

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8763
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8162
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11391
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9145
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10376