Бір палаталы Парламент керек пе?

Бір палаталы Парламент  керек пе?

Бір палаталы Парламент пайда болуы үшін Конституциядан бастап біршама заң жаңаруы қажет. Ең алдымен еске түсетіні төрт заң: Сайлау туралы, Саяси партиялар туралы, Парламент туралы, Митинг туралы заңдар. 

1. «Сайлау заңындағы» ОСК төраға-мүшелерін Президент тағайындайтын, дауыс санау жүйесі жасырын, аумақтық сайлауком жұмыстары, нәтижелері жабық, азаматтардың сайлау-сайлану һәм үгіт-насихат құқығы мейлінше шектелген, бюллетенді есік кілттеп санап, сосын едел-жедел жойып тастайтын, жергілікті әкімдер араласып кететін, бюджеттік қызметкерлерді құлша жегетін т.б. қитұрқы арам тәсілдер заң жүзінде тоқтатылуы тиіс. Адал, ашық, халықаралық нормаға сәйкес, азаматтық қоғам араласқан жаңа ереже жазылуы қажет.

2. «Саяси партиялар заңы» билік бірнеше жыл бұрын «партияны тіркеу шегін 40 мың адамнан 20 мыңға, одан 5 мыңға түсірдік» деген «жеңілдетуді» місе тұтып әлі жүр. Бұл заңда жаңа партия құру мен оның қаржылануы, Парламентке кандидаттық тізім түзу шарттары, праймериз, сайланбалы орынға өткен жағдайдағы мандат өкілеті, партия жетекшілігімен қатынас сияқты көптеген ереже жаңадан түзілуі шарт. Саяси партияны тіркеуді мәңгілік машақатқа айналдырып жіберген қазіргі бюрократия диктатурасын бұзатын бұлтартпас заң жазылуы қажет. Партия құрам дегені үшін кемі үш азамат қамауда отырған (М.Жыланбаев, Ж.Мамай, Н.Әлтаев) елде тәуелсіз саяси ұйым құруға ұмтылған жандардың жігері құм болып жүргені анық. Партиялар туралы жаңа мизам оның тіркелуін ғана жеңілдетпей, саяси тәуелсіздігіне кепіл болуы ләзім. 

3. «Парламент заңы» жаңарған кезде ең алдымен әр депутаттың Президентке тікелей сұрақ қою құқығын, және оған Президентті жауап беруге міндеттейтін өкілет кері қайтарылуы қажет. Екі мыңыншы жылдары шетелге тыққан ақшасын тауып алып, С.Әбділдин, Т.Тоқтасыновтар Парламентте сұрақ қойып, қыспаққа алған кезде Н.Назарбаев депутаттардағы бұл құзіретті уқит-суқит қылып, жойып жіберген. Содан бері депутат атаулы ұзаса Премьерге ғана сұрау жолдайтын хәлге түскен. Қолданыстағы заңның 27 бабының 2 тармағы мұны шегелеп тұр. Сол себепті, қазіргі депутаттар Ақордаға қарап ауыз ашпақ түгілі, ФБ парағына видео жазып, ауық-ауық блогер боп кететіні бар. Президенттен жауап алу құқығымен қатар, өзге де көптеген өкілетті – үкімет жасақтау, орнынан алу, күштік органдардың да бюджетін талқылау, Парламенттік комиссияның құзыры, түрмелер мен жабық нысандарды ревизия жасай алуы сияқты көптеген конституциялық пәрмендер депутаттарға берілуі қажет. Бұл жаңа заңның әр бабы үшін қоғам араласқан қиян-кескі талқы өткізу артық болмас еді. 

4. «Митинг заңы» – қанша жаңарттық деп билік өзін-өзі алдаған болса да, бұл заңның іс жүзінде сол баяғы гестаполық сипатта қалғанын бәрі біліп отыр. Бір палаталы Парламентті халық игілігіне жұмыс жасату басты мақсат болса, онда ең алдымен сол халқыңыздан «не қалайсың өзі?» сұрау қажет болады. Оны жүздеген, мыңдаған адам жиналатын бейбіт митингілер өткізбейінше анықтау мүмкін емес. «Екінші Қаңтар» болмауын тілесе билік бейбіт митингілерге еркіндік беруі керек. Сөйлету керек, сынату керек, әділет пен теңдік сұрату керек. Ақыры халықпен тікелей эфирде кездесіп, тілдесіп, тура сұрағына жауап беріп, мұңдаса алмайды екенсің, ендеше халықтың Конституция кепілдік еткен – еркін сөз, ой-пікір айту құқығын қайтару парыз. Бейбіт митингілер туралы жаңа заң – азаматтық қоғамның туындауына, мемлекет, ел үшін жауапкершілігі бар ұрпақтың, яғни болашақ Парламентарилердің қалыптасуына кепілдік беруі тиіс.

 

Қасым АМАНЖОЛ, журналист
11.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17460
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17304
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32485
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31075
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34723