Саяси дәстүріне сызат түскен Қытай

Саяси дәстүріне сызат түскен Қытай

Шығыстағы көршіміз ҚХРда бес жыл сайын өтетін аса маңызды саяси жиналыс – Компартияның кезекті ХХ съезі өз мәресіне жетті. Бұл жиналыстың маңыздылығы құрылтай кезінде партияның бас хатшысы тағайындалатыны деуге болады. Мұндағы бас хатшы мемлекет басшысы әрі қарулы күштердің бас қолбасшысы сынды маңызды міндеттерді қатар арқалайды. Жұрт назарын өзіне аударған съезд осы тұрғыдан да маңызды саяси оқиғалардың қатарынан саналады.

Си Цзиньпин орнында қалды

ҚХР құрылған 73 жылдан бері талай бұралаң тарихты бастан өткергені мәлім. Соның ішінде Қытайдың «күн көсемі» болған Мао ел басқарған 1949-1976 жылдар ҚХР тарихындағы «дауылды жылдар» ретінде есте қалды. 1976 жылы Мао өлген соң, жоғары билікке Дэн Сяопинь келді. Ол ендігі жерде дара билеушілікке жол бермеу үшін ұжымдық басқару жолын таңдаған еді. Яғни елдегі ең маңызды саяси ұйым – ҚХР КП орталық комитетінің саяси бюросының тұрақты комитетінің маңызын барынша арттырды. Тұрақты комитетке сайланған 9 адам ақылдаса отырып, төрағаның жұмыстарына бағыт-бағдар берумен қатар ел басқару істеріне ықпал ете алатын құзыретке ие еді. Бұл саяси дәстүрге айналған болатын. Дэн Сяопиньнің тағы бір жаңалығы «Негізгі заңға» (ҚХР Конституциясы) «Мемлекет төрағасы екі реттен артық міндет атқара алмайды» деген бапты енгізіп, бес жыл сайын құрылтай ашып, сайлау өткізу жолға қойылды. Содан бері мемлекетті басқарған адам 10 жыл ғана билікте отырып, тұрақты комитет мүшелері дайындаған ізбасарды біртіндеп билік сатысына өсіру сынды дәстүр қалыптасқан болатын. 

2018 жылы өткен партияның XIX съезінде осы дәстүр алдағы уақытта бұзылуы мүмкін деген күдік пайда болды. Оған себеп екінші бес жылға сайланған Си Цзиньпиннің «Негізгі заңға» аздап өзгерістер енгізіп жіберуі еді. Яғни құрылтай делегаттарының мақұлдауымен, «Мемлекет төрағасы екі реттен артық міндет атқара алмайды» деген бапты алып тастады. Әдетте әр сөйлемге, әр сөзге мән беріп, әрбір қадамды аса сақтықпен басатын, тәртібі қатал, саяси өмірдің қалтарыстарын ашыққа шығара бермейтін мемлекет үшін бұл аса айтулы оқиға еді. Осы жаңалыққа талдау жасаған шетелдік сарапшылар бірауыздан «бұл Сидің қалауы. Ол ҚХР билігінде қала беретін болады» деген байлам айтқаны есімізде. Көңілдегі күдікті еселей түскен тағы бір мәселе соңғы жылдары төрағаның ізбасарының көлеңкесі де көрінбегендігі болды. Арада аттай желіп бес жыл өтіп, кезекті құрылтайда Си Цзиньпин Компартияның бас хатшылығы лауазымында қала беретін болып шешім қабылданды. Саясаттанушылар «Сидің дара билеу заманы» басталғандығын айтып, алдағы уақытта ҚХР-дың саяси және экономикалық әлеуетінің біртіндеп әлсірей беретіндігін болжап жатыр.

Құрылтайдағы оқыс оқиғалар

Тәртібі аса қатаң Қытай елінде Си билікке келгелі биліктің тегеуріні тіпті де қатая түскені белгілі. Алғашқы бес жылында 2013-2018 жылдары «парақорлармен күресті барынша өрістету, жолбарысты да, шыбынды да қатар соғу» ұраны астында ел астанасынан алыстағы ауылдарға дейін кең көлемде тазалау жұмыстары жүргізілген еді. АҚШ басылымдары осы аралықта ұзын саны 1,5 млн адамның жемқорлық фактісімен, өзге де қылмыстарына бола жазаланғандығын жазды. Қытайдың саяси әлемін жіті бақылап отырған сарапшылар «жемқорларды жою» науқаны кезінде Сидің саяси қарсыластарының да түгелдей аластатылғандығын айтады.

2019 жылы Қытайдың Ухань қаласында басталған COVID-19 ауруы да қытайларды қатал тәртіпті сақтауға үйретіп жіберді. Ал кезекті съезд ашылардан бұрын да бүкіл ел көлемінде «карантин талаптарын қатаң сақтап, ауру көрсеткішін нөлге түсіру» науқаны аса сақтықпен жүргізіліп жатты. Біреулер мұны «жұртты үйлеріне қамап қойып, тағы да бір кезекке сайланып алды» деп сипаттап жатыр. Өз кезегінде карантин талаптарын сақтау мәселесі партияның кезекті құрылтайының тыныштықпен өтуіне септігін тигізгендігі сөзсіз.

ХХ съезд ашылар қарсаңда Бейжіңде бір оқыс оқиға болды. Жаяуларға арналған Se tong көпірінің үстіне шыққан бір адам Си Цзиньпинді сынаған «диктатор, ұры» деген сөздер жазылған керме туды іліп, айнала жұртқа айқайлап тұрып, «ауру көрсеткішін нөлге түсіру» науқанын сынаған. Әрі осы арқылы адамдардың еркіндігін шектеуге болмайтындығын айтыпты. Көп өтпей әлеуметтік желі беттерінде жылдам таралып кеткен видео өшірілген. Содан кейін-ақ Бейжіңдегі көпшілік жиі баратын орындардың барлығында денсаулық сақтау қызметкерлерінің қарасы молайған.

Келесі бір оқыс жағдай құрылтай жабылар сәтте орын алды. Сахна төрінде Сидің сол жағында отырған экс басшы Ху Цзиньтао залдан шығарылды. Майданды бақылап тұрған тілшілердің түсіріп алған кадрлары жер жаһанды шарлап кетті.

Ху Цзиньтао алдымен үстелдің үстіндегі қызыл мұқабалы құжатты тексерді, жанында отырған Ван Хунин оған әлденелерді айтып, құжаттың бетін жауып, өзіне қарай тартады. Бірер минутқа созылған бұл қимыл Си Цзиньпиннің назарын аударды. Ол сол жағына бұрылып, әлдекімге ишарат еткені сол еді, алдымен бір адам, сосын оққағары келіп, Ху Цзиньтаоға бірдеңелерді айтты. Ху Цзиньтао Си Цзиньпиннің алдында тұрған құжатты да ашпақ болды, бірақ Си оны қолымен басып қалып, бермей қалды. Екі адам Худы алып кетті. Худың кеткісі келмегендігі, алдында жатқан қызыл мұқабалы құжатты қайтарып алғысы келгендігі анық байқалды. Ол кетіп бара жатқанда сол жағында отырған Ли Чжаншу орнынан тұрып көмектескісі келді, бірақ Лидің сол жағында отырған Ван Хунин Ли Чжаньшуды кері тартып алды. Ал құжаттар оққағарға тапсырылды. Оққағарлар мен Худың арасындағы диалогтан кейін Ху кетуге көнгендей болды. Ол кетіп бара жатып Сиге бірер ауыз сөз сөйледі, оның жанында отырған Ли Кэцянды иықтан қағып бірдеңелер табыстағандай ишарат жасады да, екі адаммен бірге сахнадан кетті. Бұл аралықта айтылған сөздер мен бұрынғы басшының қайда кеткендігі туралы ақпарат белгісіз күйінде қалды.

Синхуа агенттігі Твиттердегі парақшасында (ағылшын тіліндегі) Ху Цзиньтао жолдастың денсаулығы сыр бергендіктен сахнадан кеткендігін жазды. Алайда шетел медиалары бұл оқыс оқиғаның астарында аса күшті саяси тартыстың жатқандығын, экс төрағаның Сидің шешіміне көңілі толмайтындығын жазып жатыр.

PS: Осылайша Қазақстанның шығысындағы алып көршісінде кезекті құрылтай өз мәресіне жетті. Бір қызығы, 2013 жылдары Си алғаш рет билікке келген кезде Тайваньдық Фэн Шуй білгірлері Си Цзиньпиннің жұлдызына үңіле отырып, оны «2032 жылға дейін билікте отырады. Алғашқы он жылы нәтижелі болады. Кейінгі он жылы күрделі кезеңдерге, сынақтарға толы болады. Ең соңында абыройсыз халде саясат сахнасынан кетеді», – деп болжау айтыпты. Ал кезекті құрылтай кезіндегі баяндамасы мен болашаққа бағдары туралы зерттеу жасаған саясаттанушылар Си Цзиньпин алдағы уақытта әскери саланы дамытуға айрықша көңіл бөледі. Сол арқылы Тайваньды басып алуға әрекет жасауы мүмкін. Ал Қытай экономикасы бұрынғы қарқынынан баяулайды. Сыртқы саудада кері шегіну болады деп жорамал айтып жатыр. Біздің ойымызша, Қытай алдағы уақытта мемлекет ретінде құлдырауға бет алады деуге негіз жоқ. Себебі қазіргі күндегі ҚХР-дың Мао басқарған жылдардағы ҚХР-дан мүлде басқа деңгейге жеткендігі белгілі. Ол экономикасы мен ғылымы жан-жақтылы даму жолына түскен, қуатты мемлекет. Іргетасы 5000 жылдан бері сөгілмеген ел алдағы уақытта талай белестерді бағындырары сөзсіз. 

Ерұлан ЖАНСАРИН
29.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372