Шындықтың шырақшысы Шерхан ата

Шындықтың шырақшысы Шерхан ата

Жасықтықтан арылып, шаршы топта сөз бастауды үйрендім...

Күн көкжиегінен көтеріліп таң ата бастады. Анам Аманкүл бүгін бізді ұйқыдан ерте оятты. Біз үш ағайындымыз. Мен Жалғас, інім Ілияс және қарындасым Зиба. Таң атпастан анам бізді тап-таза етіп шомылдырып, үстімізге мұнтаздай таза киім кигізді. Неге? Себебі, ауылға тек туған жерінің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза келеді.
Біз таңғы асымызды ішіп болған соң "Шерхан атаны күтіп аламыз!" деп жанымызға ауылдағы барлық достарымызды жинап алып, Талапты ауылына кіре берістегі аялдамаға қарай жүгіреміз. Бала көңіліміз қуанышқа толы. Жүзімізге күлкі үйіріліп, жымыңдап күліп, мәз-мейрам күйде аялдамаға қарай беттейміз. Аялдама цементтен жасалған, шатырына шығып алып "әне келеді, міне келеді" деп сол жерде ұйықтап қалған кездеріміз де болды. Сол күні ата келмей қалғанда, көңіліміз түсіп, үйге амалсыз қайтатынбыз. Сөйтсек, ауылға жазушы-публицист Шерхан Мұртаза келеді дегенді естіген басшылар, зиялы қауым өкілдері атаны облыс орталығынан құшақ жая қарсы алып, қонақ ететін көрінеді. Мұны біз кейіннен білдік.
Содан не керек, ата араға бір-екі күн салып ауылға келіп, үй-ішімен, көрші, ауылдастармен амандасып болып, үйге кірместен бұрын анамнан нан және қант әкеп беруін сұрайды. Сөйтіп ол аулада байлаулы тұрған иттерге нан беріп, мойнындағы бауларын ағытып, босатып жібереді. Үйде "Ақ танау", "Жорға тай" аталатын жылқыларымыз болатын. Сол жылқыларға қант беріп, жалынан сипалап, сәлем беретін. Содан кейін барып үйге енетін. Сонда мен атаның келгеніне тек біз және ауыл тұрғындары ғана емес, жан-жауарлар да қуанатынына анық көзім жеткендей болды. Әсем табиғат та мейірленіп, көк аспанда күн күлімдеп атамен бірге ерекше шуағын шашып тұрар еді ғой, шіркін!
Қалтасында ылғи тәтті жүретін. Балаларды қуантуда алдына жан салмайтын, жарықтық. Алматыдан түрлі ойыншықтар әкеп беретін. Атаның балажандығын, балаларға мейірімін төгіп қараған жылы көзқарасын сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес еді. Ол мүлде балаларға қатал мінез танытпаған. Мені "Жако" деп атап, еркелететін.

Ата ауылға келген күні біздің үйдің іші нұрға, бақытқа, қуанышқа толғандай күй кешеміз. Атаның ауылда екенін естіген жұрт тегіс біздің үйге жиналатын. Дастарқан басында, ауыл ақсақалдары ауылдың біраз мәселелерін, күрмеуі қиын проблемаларды айтып, біразға дейін отыратын.
Шерхан атаның қарапайымдылығы сонша ешқашан төрде отырмайтын. Алдымен ауыл молдасын, ауылдағы үлкен ақсақалдарды төрге шығарып, өзі орта тұста отырып, ауылдың мәселесін бар ынтасымен тыңдап, қолдан келсе сол мезетте шешіп беруге тырысатын.
Ертесіне, таңғы сағат бестердің шамасында Ілияс екеумізді ұйқыдан оятып, тау бөктеріне қарай атпен серуендеуге шығамыз. Бір-екі сағат серуендеп келген соң, үстімізге мұздай су құйынатынбыз. Сонда ұйқымыз ашылып, сергек қалыпқа түсеміз. Осылайша, ол бізді ерте тұруға, еңбекқорлыққа баулыды.
Оның киім киісі, жүріс-тұрысы, мәдениеттілігі, өзіне жарасымды киген түрлі шляпалары мені қызықтыра түсетін. Әр сөзіне мұқият құлақ түріп, тағы не айтар екен, деп ұйып тыңдап отыратынбыз.
Алматыдан бізге хат жазып жіберетін. Ондағысы сауатты жазуды үйренсін дегені. Хаттың ішінде білімге қатысты және тағыда басқа түрлі сұрақтар болатын. Хат жазылған парақтың соңына "хатқа бір аптаның ішінде жауап жазып, қайта салып жіберіңдер" деп жазып жіберетін. Біз бауырларымызбен жауап жазуға асығатынбыз.
Ата Ілияс інім екеумізді ылғи да қасында ертіп жүретін. Сонда түрлі басшылармен, қоғам қайраткерлерімен бір дастарқан басында отыратынбыз. Атаммен ілесіп сондай үлкен орталарда әңгіме тыңдап, үлкен кісілердің ұлағатты ойларын санамызға бала кезімізден сіңіріп өстік.
Мектепте сабақты үздік оқығаннан кейін, 9-11 сыныпты Тараз қаласындағы Дарын мектеп-интернатында жалғастырдым. 11 сыныпты аяқтағаннан кейін, жаздың күні атам ауылға келіп, атпен серуендеуге шықтық.
- Мектепті аяқтап қалдың, енді қандай ойың бар?, - деп сұрады Шерхан ата.
Менде көп кідірместен "Болашақ" бағдарламасымен шет елде білім алу ниетім бар екенін жеткіздім. Атам үнсіз қалып, терең демалып, күрсінді де, астындағы жорға айғырымен алға озып кетті. Айтқан ойым көңілінен шыға қоймағанын бірден түсіндім. Қасына қатарласып келіп, не айтар екен дегендей ишара таныттым.
- Әй, сен шет елге барып өзіңнің ана тіліңді, діліңді, салт-дәстүріңді ұмытып сонда қалып қоймақсың ба? Оданда менің тілімді алып Астанада жаңадан ашылып жатқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып, елге қызмет еткенің дұрыс, - деп сөзін қысқа қайырды.
Көп ұзамай атам айтқан университетке "мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуды тәмамдағаннан соң, алғашқы еңбек жолымды Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде сарапшы болып бастадым. Осында біраз жыл еңбек еткен соң, күндердің бір күнінде атам маған қоңырау шалды. Ол кезде ол Тараз қаласында тұратын.
- Әй, Жалғас, мені тастадың да, өзің кетіп қалдың?! Келсейші Таразға, - деді. Телефонның ар жағынан даусы мұңлы естіліп, қанжардай сөздері жүрегімді шаншып өткендей әсер алдым. Ол кезде, атам сексеннің сеңгірігіне шығып қалған.
Атаның сөзін жерге тастамай, көп ұзамай Тараз қаласында жұмысымды жалғастырдым. Атаға күтуші жалдап, өзім көбінде жұмыста жүрдім. Кейіннен қызы - Алма әпкеміз атаны Алматы қаласына алып кетті...

🖋️Шіркін, дүние-ай десейші! Кеше ғана жайраңдап Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдай сөйлеп отырған, "Жако, айналайын" деп еркелететін Шерхан атамыз 2018 жылы ауыр сырқаттан соң дүниеден өтті...
Иә-ә, ұшса - сұңқар, шапса - тұлпар болатын атамыз ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Шығармашылық иелерінің баяғыдан келе жатқан «Гогольдің шекпенінен шықтық» дейтін сөзі бар. Ал бізде қолына қалам ұстап, елдің сөзін екі ауыз ойға сыйдыратын сақа журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп айтып жатады. Мұндайда көңілім бір марқайып қалады.
Шерхан атадан топ ішінде тайсалмай сөйлеуді, айтар ойымды ашық жеткізуді үйреніп, бойымдағы жасықтықтан, енжарлықтан арылдым. Ол пендешіліктен, тойымсыздықтан бойын аулақ ұстайтын. Тірі жанның артынан ғайбат сөз сөйлемейтін. Әрдайым кәлимасы аузында, иманы жүрегінде жүретін. Пендешіліктің емес, адамгершіліктің, адалдықтың ақ туын әрқашан жоғары ұстаған. Осы қасиеттерімен бізді имандылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа баулыды.
Биылғы жылы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толады. Ал осы, 90 жылдық мерейтойды Жуалы жұрты кең көлемде атап өткелі отыр.
Атамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері жадымнан ешқашан өшпейді.
Ел өмірінде орны айрықша, екі туып, қос қайталанбайтын тұлғалар болады. Өз заманының айбатты ағасы атанған қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-бабаларымыздың айбынды рухын қайта тірілтті. Ұрпақ санасын тәрбиеледі. Шындықтың шырақшысы болды. Артынан асыл мұра, өшпес із қалдырды, Шерхан ата!
Ол кісінің әрбір қимылы, әрбір сөзі бізге болашаққа бағдар болды, жігерімізді жанитын қамшы болды.
Жатқан жеріңіз жаннат болып, рухыңыз пейіште шалқысын, Шерхан ата!!!

Мұртаза ЖАЛҒАСТЫҢ ФБ парақшасынан
28.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 153
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 41
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 50
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 59
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 46
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 149
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 153
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 339
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 332
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 956

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9031
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8428
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11655
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9411
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10637