Еліміздің ядролық қарудан бас тартуы адамзат тарихындағы теңдесіз қадам болғаны бүкіл дүние жүзіне мәлім. Иә, Қазақстанның даңқын әлемге танытқан батыл іс-шараның бастамашысы да, оны жүзеге асырған да Елбасы Н. Назарбаев екені де даусыз ақиқат. Ал кезінде полигонның арнайы Жарлықпен жабылуы саяси ерік-жігер мен көрегендіктің үлгісі, тәуелсіз еліміздің бейбіт болашағына қаланған символдық іргетас болғанын сол шақта білікпен, зердемен түсінгендер көп еді деп айту қиын. Мәселені тереңінен аңғарып, бастаманы алғаш қолдағандар - бүгінде ел мақтанышына айналған біртуар тұлғалар-тын. Шын пейілімен тілектестіктің арғы жағында ұлт, халық тағдырына алаңдау тұрғаны белгілі.
Әлемдік қауымдастықта елімізге абырой әперген тарихи, батыл шешімнің бірден жүзеге аспағаны да ақиқат. Ол кезде совет одағы қорған-құрсауының, оның номенклатуралық шеңберінің қаншалықты мықты болғанын, қытығына тигенді қиып, табалағанды тыйып тастайтын қайрат-қауқарын аға ұрпақ өкілдері ұмыта қоймаған шығар. Сол күрделі кезең туралы қилы пікір айтатындардың көлеңкесі көрініп, өзгенікіні елемей, өз үлесін елдің назарына тықпалай бастағандардың қылығы мүлдем жараспайды, қайта қынжылтады. Өйткені жалпы адамзатқа төнген қауіптің алдын алудағы меже-мақсатты жүйелі де саналы түрде діттеген - Елбасының өзі еді. Жергілікті жердегі билік құрылымдары басындағылардың орталыққа жолдаған хаты , “Невада-Семей” қоғамдық қозғалысының пайда болуы, халыққа үндеуі, осы бағыттағы басқа да шаралар мақсатты түрде ұйымдастырылған-ды. Соның нәтижесінде Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Н.Назарбаев барлық жауапкершілікті мойнына алып, 1989 жылғы 1 наурызда Семей облысының экологиялық жай-күйін бақылайтын республикалық комиссия құрды. СССР, КПСС Орталық Комитеті, әскери-өнеркәсіптік кешендер дүрілдеп тұрған заманның өзінде сынақ санын күрт қысқарту, соңынан - мүлдем тоқтату туралы ұйғарымы комиссия құрамының пәрменділігін көрсетсе керек. Соның ішінде де зиялы қауым өкілдерінің, сарапшы мамандардың шешуші рөл атқарғанын атап өткен парыз. КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросында аталған мәселе арнайы қаралғанына қарамастан, 1989 жылы 19 қазанда полигонда тағы бір жойқын жарылыс жасалғаны - тарихи факт. Бұған төзе алмаған Қазақ ССР Жоғары Кеңесі оның халыққа тигізген зиянды әсері бойынша тиісті қарар қабылдап, Мәскеуге полигонды жабу жөнінде үндеу жолдайды. Көп ұзамай, жауабын арқалап СССР Министрлер Советі өкілдері - Атом энергетикасы мен өнеркәсібі министрлігі, Қорғаныс өнеркәсібі министрлігінің жоғары лауазым иелері Алматыға келді. Сол кезде Жоғарғы Кеңес аппаратында қызмет істейтін бізге жоғары әскери шенділерді, оқалы адамдарды көрудің өзі таңсық болды. Өйткені бұрындары келуі былай тұрсын, олар төбе де көрсетпейтін. Ал бұл жолы ХІІ шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясына арнайы қатысып, кезектесіп сөз алды. Сессия жұмысына Президентіміздің өзі қатысып, барлық депутаттардың ықтиярын байқап отырды. Мәскеуліктердің көздегені - алдағы екі жыл ішінде осыған дейін жоспарланып қойған 18 жарылысты (бір жылда - 9 жарылыстан) жасап, 1993 жылы ғана полигонды жабуға келісім беру еді. Елді шулатқан қауіп олардың қаперіне кіріп те шықпайтыны аңғарылды. Алдаусыратып, қайдағы бір өтемақы (компенсация) туралы айтқандай болды. "Ұсынды" деген аты ғана, өктемдікпен, үзілді-кесілді талап қойды. Сонда халық депутаты, жазушы Шерхан МҰРТАЗА сөз сұрап, былай деді:
- Қолтырауын (крокодил) деген хайуан бар, ол іске кіріспей тұрып көз жасын сығып-сығып алады да, жемтігін қылғыта салады. Сонда халқымызды улап келгендері аз болыпты да, енді шімірікпестен, тірі қалғандарының тұқымын тұздай құрту қалды ма? Өтемақы дейсіңдер-ау, онысы несі, тәйірі, жылдар бойы зардап шеккен әр тұрғынға он бес бөлке нанның құнынан аспайтын ақы қай жыртығымызға жамау болмақ? Жан жарасын, тән жарасын кім жазады? Халқымыздың бір бөлшегін сақтап қалуға ендігі жерде Жаратқан Ием жар болсын! Дауысқа емес, адамгершілікке, намысқа салайық, ағайын! Баршаңызды адамзатқа қарсы қадам жасаудан аулақ болуға шақырамын!..
Пікірін тайға таңба басқандай етіп ашық, нақты айтты.
Елдің ойын, алыстағы ағайынның тауқыметін бір ауыз сөзбен жеткізген ШЕР-АҒАНЫҢ жан даусы залда жаңғырып, өткірлігі қынаптан суырылған қылыштай көптің жадында жатталып қалды. Басқа да депутаттардың әділетті жақтаған салиқалы сөздері жиналғандардың көңілін демдеді. Дәл сол жиыннан мәскеулік генералдар жүні жығылып шықты. Кеудесі басылып қалғандай көрінді.
Содан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде халық қалаулыларының пікірін қолдаған, ядролық қаруға қарсы конференциялар мен форумдар өте бастады. Ақырында, еліміздің тұңғыш Президенті - Елбасы 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы тарихи Жарлығын жария етті. Кейін бұл күн БҰҰ шешімімен "Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекет күні" болып белгіленді.
Тарих мұны ұмытпақ емес. Ел тілегі, зиялылар өжеттігі, Елбасы көрегендігі, астанадан ауылға дейін бір мұратпен, бір мүддемен тыныстау керегін ұқтырған осы оқиға Отан тарихында алтын әріппен жазылуы тиіс деп санаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ