Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тоғыс тұрғын алабында орналасқан №120 жалпы орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығын өзі барып бақылап қайтты. Бұл ауыл мегаполиске Төле би ауданынан қосылған. Қаланың шеткі ауылдарының бірі. Айта кету керек, Шымкентке кейіннен қосылған шағынаудандар мен ауылдардың жай-күйі қала басшысының назарынан тыс қалған емес. Инфрақұрылымды жүйелер, мектеп, емхана сынды әлеуметтік нысандар салу, жұмысын жандандыру, тұрғынардың қала мәдениетін қалыптастыруына ықпал ету мәселелері күн тәртібінде тұр.
Биыл №120 мектептің жанынан қосымша 300 орынды оқу корпусының құрылысы басталған. Жаңа оқу жылы қарсаңында бұл нысан да толығымен аяқталып отыр. Осы мәселені көзбен көріп қайтқан қала әкімі жауапты мамандарға ендігі кезекте мектептің айналасын абаттандыру, құрылыс материалдарының қалдықтарынан тазарту жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды. Бұған дейін аталған мектептің 926 орынға арналған ғимаратында даярлық тобын қоса алғанда 2116 бала білім алып келген. 300 орынды қосымша оқу корпусы орын тапшылығын түбегейлі шешіп отыр дейді мектеп мұғалімдері.
Қала әкімі оқушылар арасында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін мектептің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де тапсырды. Мектеп директоры сабақ барлық санитарлықэпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылатынын және ұйым дезинфекциялық құралдармен қамтылғанын айтты. Айта кету керек, Шымкентте қазір 186 мектеп бар. Онда 223 679 оқушы білім алады. 136 білім ұясы орта мектеп санатында. 4 кешкі мектеп бар. Ал, маманандырылған 6 мектепте 6926 оқушы оқиды.