12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні
Бүгінде ғылым саласы айрықша көңіл бөлініп, ғалымдарға барынша қолдау көрсетілуде. Батысқазақстандық жас ғалым Әлия Нагиева әлемге жол ашатын «500 ғалым» халықаралық бағдарламасының арқасында Чехия елінде үш ай ғылыми тағылымдамадан өтіп келген еді.
Ғалым-ұстаз Әлия Ғалымжанқызы алдыңғы буын ғалымдардың жолын қуып, ауылшаруашылығы саласын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Өткен жылдың қазан-желтоқсан айларында Прага қаласындағы Чехия жаратылыстану ғылымдары университетінде ғылыми тағылымдамадан өту барысында ғалым осы бағытта білімін жетілдірді. Тағылымдама бағыты – «Мелиорация, жерді қайта құнарландыру, қалпына келтіру және қорғау. Топырақтану және агрохимия». Тарқатып айтар болсақ, мелиорация дегеніміз – жерді жақсартуға бағытталған техникалық және шаруашылық-ұйымдастырушылық шаралар жиынтығы.
Қазақстандағы ауылшаруашылығы ел экономикасының еңселі саласы екені сөзсіз. Сол секілді қара жер де халық игілігі. Жер-ананың төсін еміп, одан пайда тауып отырған шаруалар аз емес. Ал ғалымдар сапалы өнім алуға негіз болатын топырақтың құнарлылығы жайлы аз айтып жүрген жоқ. Ғалым-ұстаз Әлия Нагиева да – осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарына атсалысып жүргендердің бірі.
– Менің ғылыми-зерттеу тақырыбым – ауылшаруашылығындағы немесе өндірістік жерлердегі топырақтың құнарлылығын арттыру және бағалау. Әрине, топырақты зерттеудің түрлі заманауи әдістері бар. Алайда шетелдегі әдіс-тәсілдер басқаша. Өзім сол жағына көбірек қызығушылық танытып, уақытымның көп бөлігін «Агрохимия және өсімдікті қоректендіру» кафедрасына қарасты топырақ пен өсімдіктерді зерттейтін зертханаларда өткіздім. Тағылымдама барысында жаңа әдіс-тәсілдерді меңгердім, заманауи құрал-жабдықтармен таныстым, – дейді жас ғалым. Ғылыми жетекшісі ретінде профессор Павел Тлустош бекітілген.
Тағы бір айта кетерлігі, кейіпкеріміз тағылымдамадан өткен жоғары оқу орнын ғылым мен озық тәжірибенің қайнаған ортасы деуге болады екен. Күнделікті университеттің ауласында, оқу ғимараттарында, жылыжайлар мен тәжірибе алаңдарында түрлі ғылыми-тәжірибе жұмыстары жүргізіліп жататыны еріксіз таңғалдырған.
Айтуынша, Чехия университетінде ғылыми зерттеулер үздіксіз жүргізіліп, ғылыми жобалар да көптеп жүзеге асырылады. Мысалы, чех ғалымдары топырақтың құрамын жақсартудың, құнарлылығын арттырудың көптеген әдіс-тәсілдерін жасайды. Ол үшін қолданылатын тұрмыстық немесе басқа да қалдықтарды алдымен зерттеп алады. Топырақтың құнарлылығын қайтадан арттыру үшін түрлі биоқоспаларды өздері дайындайды. Сосын топырақты ластап, оны қайта қоректендіріп, өздері дайындаған түрлі қоспалармен қайтадан тазартып алады. Осы процестің өзін ғылыми тұрғыдан толыққанды зерттейді.
Университетте білім алып жүрген магистранттар мен докторанттардың да ғылыми жетекшілерінің бастамасымен осындай ғылыми зерттеулердің басы-қасында жүретіні шетелдік жастардың ғылымға құштарлығын байқатса керек. Тіпті олар білім-ғылым ордасына күнделікті жұмыс орындарына келіп жүргендей қатынайды екен. Ғылыми жетекшілерінің белгілеп берген мақсат-міндеттері бойынша өз беттерімен ғылыми зерттеулерін жүргізіп, жұмыстана беретін қалыпты үрдіс те кейіпкеріміздің қызығушылығын туындатқан.
– Студенттер де сол үрдісті бұзбайды. Тәжірибелік алаңнан топырақ алып келу, өсімдік немесе жеміс ағаштары мен көкөністерді отырғызу, оларды күтіп-баптау, кейін өнімдерді жинап алу сынды жұмыстармен өз беттерінше шұғылдана береді. Университет аумағында сумен, жылумен жабдықталған, әйнекпен қапталған жылыжай бар, ол жерде өсімдік өсірумен қатар топырақты да күз және көктем мезгілдерінде зерттеуге дайындайды. Тағы бір қызығы, университет аумағында сауда-саттық ұйымдастыру да дәстүрге айналған, – дейді кейіпкеріміз. Чехия университетінде ол үшін арнайы үлкен алаң да қарастырылыпты. Әртүрлі мамандықта оқитын студенттер кезекшілікпен шығып, өздері күтіп-баптап өсірген жемістер мен көкөністерді, өздері дайындаған тағам және сүт өнімдерін, сусындарды сатуға шығарады. Міндетті түрде тұтынушыларға кофе, шәй ұсынылады, ойындар ойнатылады. Қазақстандық ғалым бұл көріністі құдды бір жәрмеңкеге ұқсатқан.
Ғалымның әңгімесі Чехия университетінің ғимараттарын көз алдымызға келтіргендей болды. Әр оқу ғимаратында даярланатын мамандықтарға қарай материалдық-техникалық базасы да жақсы жабдықталғанын жеткізді. Соған сәйкес студенттерге білім береді, еңбекпен шыңдайды, тәжірибеге баулиды, кәсіпкерлікке жетелейді. Сондай-ақ университет бизнес-құрылымдармен, шаруашылықтармен тығыз байланыс орнатып, өздерінің ғылыми жобаларын кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарына енгізуге жол ашқан.
Қолмен тәжірибе жасап көру бір басқа да, сол тәжірибенің нәтижесін көру мүлдем басқаша болатыны сөзсіз. Сол себепті қазақстандық ізденуші ғалым Чехия еліндегі өндіріс орындарында болып, озық технологияларын көзбен көрген. Университет ғалымдары өндіріс ошағымен бірлесе биогаз өндіреді екен.
– Үлкен акционерлік қоғам шаруашылықтың бірнеше бағытымен айналысады. Асылтұқымды мал өсіреді, өсімдік және бау-бақша шаруашылығын қолға алған, сүт өнімдерін шығарады. Ал биогаз өндірісіне келсек, малдың көңі мен жем-шөп қалдықтарын пайдаға асырып, биогаз өндіріп, нәтижесінде өз аудандарын жылумен және жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Біз биогаз өндіру әдістерімен, өсімдік шаруашылығының даму барысымен танысып, сүт өнімдерін дайындайтын цехта болдық. Адамдарды жұмыспен және тегін ас-ауқатпен қалай қамтитынын көрдік, – деді Әлия Ғалымжанқызы.
– Ендігі жоспарым – шетелдік ғалымдардан үйренгенімді кәдеге асырып, өз командаммен бірге ғылыми жоба жазу. Топырақтың сапасын жақсарту, оның құнарлылығын арттыру бағытындағы ғылыми жұмыстарға өз үлесімді қоссам деймін. Чехияда жер тапшы болғандықтан, мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық олардың азығына қажетті өсімдіктерді де өздері өсіреді. Сүтті де басқа жерге тапсырмай, өздері пайдаға жаратып, олардан түрлі өнімдерді дайындайды. Көң мен мал азығының қалдықтарын да пайдаға асырып, қалдықсыз технологияны жүзеге асырып отыр, – деген ғалым біздің елімізде мұндай жұмыстар әлі де кенжелеп тұрғанын айтты.
Кейіпкеріміз мұндай білім сапары, әсіресе, жастар үшін тиімді екенін айтты. Себебі, еліміздің болашағын жасайтын – жастар. «Жас буынға жақсы тәрбие алып, өзге елдің мәдениетімен танысып, білімін шыңдауға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік молынан» дейді ғалым-ұстаз.
Әлия Ғалымжанқызы – Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доцент м.а., PhD докторы. Оған Чехия университеті бұрыннан таныс екен. Жәңгір хан университетінің ғалымдары Чехия жаратылыстану ғылымдары университетімен «ERASMUS+» халықаралық жобасы аясында үш жыл бірлесе жұмыс жасаған. Сол кезде кейіпкерімізге сол оқу орнына екі апта жұмыс сапарымен барудың да сәті түсіпті. Дейтұрғанмен, ол сапарда университеттің материалдық-техникалық базасымен толық танысуға мүмкіндік болмағанын жасырмады. Сондықтан «500 ғалым» жобасына қатысуға «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына өтінім берген кезде ойланбастан Чехия университетін таңдапты. Нәтижесінде осы жолы үш айға ғылыми тағылымдаманы сол университетте өткізу бақыты бұйырған.
Ғылыми тағылымдама барысында Чехия университетінің «Агрохимия және өсімдікті қоректендіру» кафедрасында өткен семинарларға, докторанттардың мемлекеттік емтихандарына, халықаралық конференцияға қатысқан. Семинарда баяндама жасап, өзі еңбек етіп жүрген Жәңгір хан университетінің ғылыми әлеуеті, жетістіктері, ғылыми зертханалар мен өндірістік жұмыстар туралы таныстырған. Шетелдік ғалымдар батысқазақстандық университеттің бірнеше бағытта жұмыс жасайтынына қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойыпты.
Үш ай бойы ағылшын тілінде сөйлеп, тілдік қорын молайтқан ғалым мұның пайдасы мол болғанын жеткізді. Дүниетаным көкжиегі кеңейген ілім үйренуші ұстаз ағылшын тілінен үздіксіз білімін жетілдірумен болған. Бар білгенін үйреткен чехиялық ғалымдармен әлі күнге байланыс жасап, ғылыми ізденісін одан әрі жалғастырып, отандық ғылымды дамытуға өз үлесін қосу жолында еңбек етуде.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО, Орал қаласы