Шипажайы жарқыраған, ауылы құлдыраған өңір

Шипажайы  жарқыраған, ауылы құлдыраған өңір

Жақында «Керімағаш» шипажайына жол түсіп, демалып, ем алып қайттым. Қалай қайттым, қандай көңіл күйде хош дестік, сол жөнінде сөз қозғайын. Әркімнің кіндік қаны тамған ауылы өзіне ыстық қой, шіркін! Соншама жыл ғұмырымыз қалада өтіп жатса да, ауылыма деген сағыныш сезімім атойлап тыншымадым, келе сала көшені аралап, аптығымды басқандай болдым. Әп дегенде-ақ сонау бал балалық шағым қалған өз ауылым түссін еске, құдды сол жылдардағы өз көшемде жүргендей күй кештім. Алайда аядай ауыл тұрмысын көріп, көңілім құлазып сала берді. 

Аллаға шүкір! Жаратқан Иеміз пейілімізге қарай ұлан-ғайыр жерді суымен, нуымен бере салған. Басқа байлығын қоя тұрып, жер астынан атқылаған ыстық суды айтсаңызшы! Сөз болған бір «бірақты» айтайын. «Ауылын көріп, азаматын таны» демекші, ауылға кіреберісте-ақ шағын ғана салынған Алланың үйі – мешітті көріп, көңіліміз көтеріліп, марқайып қалдық. Ниетіміз дұрысталды, жастар имандылыққа бет бұрды, шүкір дедім. Құндылық деген – осы. Бойымызды қанағат сезімі кернеп, ойымызды жиғанша «Керімағаш» шипасуы жайғасқан аулаға ат басын да тіредік. 

Қысқа баяндайын. Шипажайдың ауласы жайқалып тұр. Алуан түрлі гүл, тал-дараққа оранған, бәрі орын-орнына қойылған. Бір мін жоқ. Басшысынан қосшысына дейін барша қызметкерлеріне дән ризамыз. Шыны керек, әділдік, адалдық, еңбекқорлық орнаған орта екен. Иманы бардың ұяты бар деген тәмсілдің куәсі болдық. Шипажай қызметі бөлек әңгіме, тоқетеріне тоқталайын. 

Айнаның екі жағы бар дегендей, қоршаудың сыртқы өмірін, ауыл келбетін сөз етпекпін. Мақала басында айтқанымдай, қақпадан шыға бұрылыста қатарласа сарқырай ағып тұрған құбырды көріп тоқтадым. Міне, ғажап! Бірі – қол ұстатпайтын кәдімгі буы бұрқыраған ыстық су, екіншісі – мөлдіреген суық ауызсу тоқтаусыз сыңғырлайды-ай кеп! О, құдіреті күшті, тылсымы терең дүниеде шек жоқ қой! Табиғат-Ананың тартуына не дерің бар?! Сонымен, таяқтың екі ұшы бар дегендей, жақсы мен жаман алмасып, аққа қара жармасып жатуы өмір заңдылығы емес пе, соның кері болды. «Бұлақ көрсең, көзін аштың» іске аспай жатқаны жаныма батты, әрине. Тазалық жоқтың қасы. Лас, қоқыс шашылып жатыр. Атам қазақ су көзін қатты қадірлеген. Бұлақ басын таза ұстаған, ластамаған халықпыз. Мына көрініс көңілден шықпады. Қаншама адам осы жерден ауызсу алады, көреді. Алайда... Көз болғанмен, көрмей жатқаны қынжылтты. Обал-ай деуден басқа аса алмай, әрі қарай аяңдап жүріп кеттім. Тағы да айра-жайра көрініс. Сонау 50-60-жылдары Ұлы Отан Соғысынан кейін ел еңсесін енді көтере бастаған тұстағы ауыл келбеті елес берді. Бірақ дәл мынадай құлаған, жайраған жағдай болмайтын-ды. Байқап келемін, ескі замандағы ағаш қоршаулар сынған, қисайып жерде құлап жатыр. Үй шатырлары шұрық-шұрық тесілген, қырық жамау. Қараусыз қалған, қаңырап бос құлап жатқан дуалдар қаншама... Қираған үйлердің қалқасында жиылып алып карта ойнап отырған ауыл тұрғындарын әңгімеге тарттым. Қысқа ғана айтылған сұхбаттан түсінгенім, халық әкімге, жауапты адамдарға сенімсіздіктерін, құр бос уәдемен ғана қала беретінін жасырмай білдірді. Сөз болған Жастар көшесіне де жеттім. Көшенің аяғына дейін жүріп өту ойымда болған, қайдан... Екі-үш қана үй қарайған көрінеді, басқа ештеңе жоқ. Көз ұшына дейін шашылған темір-терсек үйіндісі, шөп, қала берді қоқыс. Осы көшеде мед. пункт үйі жайғасқан екен. Аты болмаса, заты жоқ деуге де болады. Қиқы-жиқы қисайған есік сым темірмен байланған. Бұл оның жабық екенінен хабардар етті. Жапсарласа бір шатырдың астындағы үй де бос тұр. Есік-терезесі алқа-салқа шағылған. Осылай тізбелей берсем кете береді, одан да келесі мәселеге ауысайын.

«Адамның адамшылығын сәлемінен таны» демекші, көше бойында ойнап жүрген мектеп жасындағы бүлдіршіндер жаппай сәлем беріп өтіп жатты. Ойға қалдым. Қайран қонақжай қазағым-ай! Нағыз қазақы дәстүрдің, қарапайымдылықтың лебі есіп тұр. Ата дәстүр сақталған, бізді осы қуантты. Неге деуіңіз орынды. Қала көшелерінде, әсіресе өзіміз тұратын аула балалары бойынан мұндай тәртіп пен қазақы тәрбиелікті көрмейтініміз жасырын емес. Анда-санда жеті шелпек таратамыз. Сол кездерде ұсынған шелпегіңді жемек түгіл, қолына ұстата алмай дал боласың, қорқады, үрке қарайды. Сонда қынжылып-ақ қаласың, адамдар жатбауыр болып бара ма деп те ойлайсың. 

Ауыл мектебі ауласына да жақындап келдік. Жабық екен, жазғы демалыс кезі ғой. Күзетшімен тілдесіп, кері қайттым. Көшеде кездескен ауыл тұрғындарымен сұхбаттасудан түйгенім: «Керімағаш» шипажайының директоры Болат мырзаға ауыл адамдары дән риза, алғыстарын жаудырып отыр. Себебі ауылдың қыз-келіншектері жаппай осында жұмыспен қамтамасыз етілген. Егер осы шипасу болмаса, ауыл есігі мүлде жабылудың аз алдында тұр ма деген күдік те жылт етті. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні де сол, ауыл, аудан әкіміне құлаққағыс та  емес, ұсыныс та емес, тура талап қойып отырмын. Бүгінгі таңда тәуелсіз елміз, кімге халық қол жаяды, кімге тәуелді болмақ? Халқың қалап сайлаған екен, ендеше әкім болып, жұртыңа жақын болудың уақыты жетті. Хакім Абайдың насихатын ескере кетсек: «Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласыңды» құлаққа құя жүрген қазақтың барша ұл-қыздары қандай сауапты іс тындырар еді-ау. Халқымның қамы деп басқан әкімнің ізін, қызметін халқы да ұмытпас, қайтарымы Хақтан деген тағы бар. Үкіметке жалтақтай бермей, ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, жоғарыда айтқан кемшіліктерді жойса болмай ма? Көшені қоқыстан тазартып, қисайғанды түзетіп, бояп қойса, өздеріне абырой емес пе? «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөзді неге ұмытқан? 

Ендігі мәселе, ақсақалдар алқасы сайланса, ауылдың сыйлы азаматы Болат сынды мырзалар бас болып, үгіт-насихат жиі жүргізілсе, қандай тындырымды іс болар еді. Жас отбасылы жандарға баспана салынса, ауылда клуб, стадион қайта жаңарса, үйірмелер ашылып, ауыл балалары тартылса құба-құп! Жаңарған Қазақстан деген осы емес пе?!

Мұхит асып, қыруар қаржы шашып шапқыламай-ақ, қазағым өз жерінде демалып жатса, Алла Тағаланың таңғажайып тамылжыған табиғатын пайдаланса, «Керімағаштай» керіліп жатқан өлкенің жайқалған нуы мен суы барша қазаққа жететіні анық! Көрдім де, көкейдегіні кесіп айттым, оқырманым. Айту бізден, ойлану мен орындау басшыдан болсын! 

Қоршаудың іші жарқырап, сырты қалтырап тұрғаны, жер жәннаты – Жетісудың осы бір шалғайдағы ауылы жетім қыздың күйін кешіп тұрғаны көңіліме кірбің ұялатты. Халық қамын ойлайтын ер-азаматтар болса, Алланың берген тегін суын пайдаға жаратар жан болса деген жанайқайымды ортаға салдым. Елім, саған айттым, ел сайлаған әкім, сен де тыңдашы дегім келеді. 

Мақала басында сөз болғандай, білім ошағын сөндірмей, отын алаулатып отырған ауыл тұрғыны – мұғалімдер қауымының хал-жағдайын жақсартуды қолға алса, қандай мәртебе болар еді! Білімді, жан-жақты жетілген шәкірт тәрбиеленіп жатса, ауылын азаматынан танып, сол ауылдың түлектері таңғалдырып жатса қанекей, шіркін!

Болашақта өз төл тарихын терең білетін, өз тілін, ділін, мәдениетін сүйетін, әдебиетін білетін, әдет-ғұрпын қадірлейтін, барын бағалайтын балалары бар қазақ елі, ауылы жасай беретініне кәміл сенімдімін! Бар болайық, рухани бай болайық!

Рыскен ӘБІШЕВА, ардагер ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
25.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 35
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 55
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 30
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 56
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 22
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 56
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 164
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 170
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 385
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 351
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 968

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9046
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8441
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11668
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9431
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10648