Көбіміз дәрігерге тек денсаулығымыз сыр беріп, ауырсыну сезімі пайда болғанда ғана баруға дағдыланғанбыз. Бірақ Қазақстандағы заманауи медицина, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің арқасында, аурудың алдын алудың тиімді жолы – скринингтерді ұсынады. Бұл – өзін сау сезінетін жандарға арналған тегін профилактикалық тексерулер. Алматы қаласының №10 қалалық емханасында бұл бағдарламалар бұрынғыдан да қолжетімді әрі жоғары технологиялық деңгейде жүргізілуде.
1. Ересектер үшін: Ауруды ерте анықтау
Скринингтер алғашқы кезеңдерінде белгілері білінбейтін қауіпті ауруларды: қатерлі ісік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға бағытталған. ҚР ДСМ № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығына сәйкес, сақтандырылған азаматтар келесі тексерулерден өте алады:
Жүрек-қан тамырлары және көру қабілетін тексеру: Бұл тесттер инфаркт, инсульт немесе глаукома қаупін ерте анықтауға мүмкіндік береді. №10 емханада жыл басынан бері артериялық гипертензия бойынша 2 721 адам тексеріліп (жоспардың 50,3%-ы), 36 адамнан ауру анықталды. Цереброваскулярлық аурулар бойынша 333 пациент (55,5%) қаралып, 43 адамнан патология табылды. Дер кезінде қойылған диагноз – инфаркт пен инсульттің алдын алудың кепілі.
Диабетке скрининг: 40-тан 70 жасқа дейінгі тұлғалардың қанындағы қант деңгейі тексеріледі. Қазірдің өзінде 3 883 адам тексеруден өтті (жоспардың 71,9%-ы). Нәтижесінде диабетке күдікті 50 жағдай анықталып, пациенттерге уақsтылы ем тағайындалды.
Онкоскринингтер – өмірді сақтау мүмкіндігі:
Жатыр мойны қатерлі ісігі (30-70 жастағы әйелдер): 1 884 әйел тексеріліп, 47 патология анықталды.
Сүт безі қатерлі ісігі (40-70 жастағы әйелдер): 2 660 әйел қаралып, 5 қатерлі ісік және 2 қатерсіз ісік жағдайы табылды.
Колоректальды қатерлі ісік (50-70 жастағы ерлер мен әйелдер): 3 039 адам тексерілді. 18 адамнан полиптер (ісікалды жағдай) және 5 пациенттен ерте сатыдағы қатерлі ісік анықталды.
МӘМС аясында бұл тексерулер толығымен тегін. Бұл – сіздің ағзаңызға жасалатын жоспарлы «техникалық байқау».
2. Балалар үшін: Сау болашақтың іргетасы
Балалар скринингі – бала дамуындағы ауытқуларды ерте анықтаудың жалғыз жолы. №10 емханада ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына сәйкес келесі шаралар жүргізіледі:
Неонаталдық және аудиологиялық скринингтер (есту қабілеті мен тұқым қуалайтын ауруларды тексеру);
Психофизикалық дамуды бақылау;
Мектептегі профилактикалық тексерулер (көру қабілеті, мүсін, т.б.).
Бүгінгі таңда емханада 9 307 бала скринингпен қамтылды (жылдық жоспардың 50,2%-ы). Нәтижесінде 536 баланың денсаулығында түрлі ауытқулар анықталып, олар дер кезінде бейінді мамандарға жолданды.
Халықты ақпараттандыру сапасын арттыру үшін №10 қалалық емхана жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізді:
- ЖИ – қоңырау шалу: Зияткерлік жүйе пациенттерге өзі қоңырау шалып, скринингке немесе флюорографияға шақырады, сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі мәртебені еске салады.
- Холлдағы ЖИ-терминал: Емханаға келген бойда ЖСН арқылы 30 секунд ішінде сақтандыру мәртебеңізді тексере аласыз.
- Басқа тәсілдер: Мәртебені «Qoldau 24/7» қосымшасы, SaqtandyryBot Telegram-боты немесе eGov.kz порталы арқылы білуге болады.
ТІРКЕЛУ МАҢЫЗДЫ: Егер сіз біздің емхананың қызмет көрсету аймағында тұрып, әлі тіркелмеген болсаңыз, eGov.kz порталы арқылы тіркеле аласыз. Бұл сізге ТМККК және МӘМС аясындағы медициналық көмекті толық көлемде алуға мүмкіндік береді.
Біздің емханада тәжірибелі дәрігерлер мен заманауи диагностикалық жабдықтар сіздің денсаулығыңызды күзетуге дайын. Біз әрбір пациенттің ұзақ әрі сау өмір сүруіне жағдай жасаймыз.
Есіңізде болсын: Скрининг небәрі бірнеше сағат уақытыңызды алады, бірақ ол сізге көптеген жылдар бойы сау өмір сыйлауы мүмкін.
Айтолқын ҚАЙЫРБЕКОВА,
№10 емхананың Стратегия және даму
жөніндегі менеджері,
Алматы қаласы















