Жақында бұрынғы Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың орынбасары болған, кейін Шойгу орнынан кеткенде ол да кетіп, Тыва республикасының Жоғарғы хуралына депутат болған Руслан Цаликов тұтқындалды. Оған мемлекетке 7 млрд рубль зиян келтірді деген айып тағылып отыр.
Демек, Сергей Кужугетович Шойгуға да қатер төніп тұр деген сөз.
Осы Серекең Ресей Қорғаныс министрі болып тұрған кезде, ол туралы әрі-сәрі ойға қалатынмын. Өйткені ол өзінің ұлты тыба бола тұра, Тыва халқы Ресейдің езгісінен бас көтере алмай тұрған кезде орыстық шовинизмге құл болып, қызмет істеп жүрді емес пе?
Тыва – Алтай тобына жататын көне түрік. Демек қаны түрік. Оның үстіне Шойгудың шешесі украин қызы. Сонда ол, біріншіден, қанына тартпады (қанына тартпағанның қары сынсын), екіншіден, нағашы жұртын басқыншылықпен шабуды басқарды. Ондай адамға ит жының қалай қозбайды?
«Өзі білдей Қорғаныс министрі. Қолында қарулы әскер тұр. Қайдан шықса, одан шықсын, әскери төңкеріс жасап, Путиннің аяғын көктен келтірмей ме?» – деп қиялдап кететінмін. Дегенмен, қанша жерден орыстық идеологияға уланған десек те, арғы ойым оны әлі де жамандыққа қия алмайды.
Дүние жүзінде екінші армия деп кеуде керіп жүрген Ресей әскери жүйесінің коррупцияға батып, жаппай жемқорлыққа ұшырауы осы Сергей Кужугетовичтің «еңбегі» сияқтана береді. Соғыстың алдында шені ірі ресейлік бір офицер (ұлты татар дейді) армия бюджетінен миллиондаған рубль жымқырып, шетелге тайып тұрғаны туралы оқығанмын. Одан басқа да жымқыру жайында мысалдар көп. Тіпті, Киевті үш күнде аламыз деп өрекпіген Ресей әскері, міне, төрт жыл болды, ақыры масқара боп жеңіліп, шегініп бара жатқанын алайықшы. Сонда Шойгу министр болып тұрып, шындықты айтпай, өтірік ақпар беріп отырды-ау! Путинді осылай адастыруы да Ресейге келтірген үлкен залалы емес пе? Пірқожаның баласы қылған әскери бүліншілік ше? Пірқожаның қарақшы баласы бандиттерімен Мәскеуге бет алғанда алдынан шығып тоқтататын әскер табылмай қалуы сол Сергей Шойгу әдейі қылған қарсыласуы емес пе екен? Тіпті ол «Вагнер» тобына снаряд бермей қойған жоқ па еді.
Апырмай, Сергей Кужугетович Путинге одан артық енді қалай қарсы тұра алсын. Арқасын сүйейтін елі болса, анау. Солай болса да Гитлерді жеңдім деп сексен жыл бойы мықтымсып жүрген орыс әскерін масқара жеңіліске жақындатқан жоқ па. Оның соңы Ресейдің ыдырауы болса ше? Одан әрі тағдыр тауқыметін көп көрген Тыва да Саха, Бурятпен бірге, Татарстан, Башқұртстанмен және тағы басқалармен бірге Тәуелсіздікке қол созуға мүмкіндік алмай ма?
Осынысын сезіп қалып, енді міне, оны орнынан алып тастауды ойластырып жатқан сияқты. Ресейлік журналистер оның соңына түсіп, кемшілік іздеп, тіміскілей бастапты. Путин тіпті оны сатқын деп аттырып тастауы да мүмкін.
Мәселе қайда жатыр де. Мызғымас алып емендей Ресейді өзегіне құрт боп түсіп құлатпаса, балталап жыға алмайтынын Сергейекең жақсы біледі. Міне, азамат! Біздің Аман Төлеевтей жанын салып, ісін адал атқарып арам тер болмай-ақ, білдірмей бүлдіре беріпті. Бар өнерін салып, Кемер облысының экономикасын көтерген Аман Төлеевті еңбек етіпсің-ау деп дәріптеп жатқан бір орыс бар ма қазір? Жоқ қой. Оның еңбегі еңбек емес, далаға кеткен, арамға сіңген құр бейнет.
Сергей Кужугетович Шойгу орыс қатын алып, өзі де орысқа айналып кетсе де, оны жатқа қимай, кейде осылай қиялдап кетем. Несі бар, армандауға болмай ма?
Тарихқа қарасақ, Тыва тағдырдың тауқыметін тартудай-ақ тартып келе жатқан халық. Жойылып кетудің алдында тұр десе де болғандай. Жер көлемі бар болғаны 170,5 мың шаршы шақырым. Біздің Маңғыстау облысынан сәл ғана үлкен. Бірақ адам саны Маңғыстау халқының жартысынан да аз (Маңғыстауда 767 мың, Тывада 310 мың-ақ адам). Тывалардың жартысынан астамы ғана өз ана тілінде сөйлейді. Тываның тағдыры осылай қыл үстінде тұр. Тываның осындай мүшкіл жағдайын кейбір исламшыл дінкештер: «ислам дінін қабылдамағанынан», – деп соғады.
Министр Сергей халқының осынау тағдырын ойлап, баяғы батыр бабаларындай бір бұрқ еткізсе деп іштей тілектес боласың. Бірақ амал не, әкесі мен атасының аттарын жөндеп фамилия қыла алмай жүрген ол қасқадан не сұрайсың.
Оның аты-жөні Сергей Шойгуоглы (Шойгуевич) Серээв болып жазылуы тиіс еді. Әкесіне қойылған ат Шойгу екен. Шойгу жарық дүниеге 1921 жылы келген. Сонда өз әкесі Серээ (министрдің атасы) оған Шойгу деп есім берген. Бірақ құжат алғанда Шойгу деген өз аты мен Күжүгет деген атасының есімі ауысып кетеді де, Шойгу фамилиясы, Күжүгет есімі болып шыға келеді. Толық аты-жөні Шойгу Серээоглы Күжүгетов болу керек еді. Қате орыстардың адам атын бірінші жазбай, фамилиясын бірінші жазатын жаман әдетінен кеткен.
Бұлардың аттарына мән берейік. Министр Сергейдің аты болса да орысша. Бірақ оны жас кезінде ата-анасы Сергек деп атапты дейді. «Сергек» дегені, кәдімгі біз білетін «сергек» сөзі. Осы деректі пайдаланған Зоя Кыргыс деген өнертанушы «Хур-Күжүгеттиң оглу Хурең-Қысқыл аъттыг Сергек» («Сын Хур-Кужугета Сергек с тёмно-рыжим конём», «Күр Күжүгеттің ұлы Күрең қызыл атты Сергек») деген ертегі-жыр жазады. Осы еңбегі 2020 жылы министр Сергейдің 65 жылдығына арналып жеке кітап болып шығады. «Хур-Күжүгеттиң оглу» деп Зоя Кыргыс та қателесіп тұр, дұрысы «Шойгу оглу» болуы керек.
Әкесінің фамилия болып кеткен Шойгу деген аты Шойғара болмаса маған кел. Дәл Шойғара демесек те, «шой» сөзіне байланысы бар. Қырғызда «чой», «чоң», қазақта «шой» – мықты деген сөз. Біздің «сойқан» деген сөзіміздің түбірі осы «шой» болар. Қырғыздар «сойқанды» «шойкон» (айтқанда шойқан) дейді. «Ер Төстік» ертегісіндегі Шойынқұлақ деген осы Шойқұлақ. Яғни алып адам. Түбірі «шойын» емес, «шой». Шойынның өзі осы «шой»-дан шықса да қате емес-ау.
Осы Шойгудың (Шойғараның) әкесінің аты – Серээ. Сері деген мағына бірден көзге ұрып тұр. Шешесінің аты-жөні – Мургуулчу Кудерековна. Демек Күдері қызы. Ал есіміндегі -чу дегені бізше -ша, -ше жұрнағы болуы мүмкін. Бұл жұрнақ зат есімге жалғанып, оны кішірейтіп көрсетеді. Мысалы көрпе-ше, таяқ-ша. Қыз есімдерінде кездеседі – Марал-ша, Бибі-ш, т.б.
Ал Күжүгет деген сөздің мағынасын зерттеу керек. Ол, сірә, қалжыңдап айтқанда Көжеғатық болар.
Тыва тілінде қазаққа түсінікті сөздер көп. Мысалы олардың «Мен – тыва мен» деген әнұраны бар.
МЕН – ТЫВА МЕН!
Арт-арттың оваазынга
Дажын салып чалбарган
Таңды, Саян дыдынга
Агын өргээн тыва мен.
Кожумаа: /қайырмасы/
Мен – тыва мен,
Мөңге харлыг дагның оглу мен.
Мен – тыва мен,
Мөңгүн суглуг чурттуң төлү мен.
Өгбелерим чурттунда
Өлчей тарып иженген,
Өткүт хөөмей ырынга
Өөрүп таалан тыва мен.
Аймак чоннар бүлези
Акы-дуңма найыралдыг,
Депшилгеже чүткүлдүг
Демниг чурттуг тыва мен.
Осындай елден шыққандықтан Сергей Кужугетович Шойгу (Сергек Шойгуоглы Серээв) қалай болғанда да трагедиялық тұлға.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы













