Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу – баршаға ортақ міндет

Суицидтік  мінез-құлықтың  алдын алу – баршаға ортақ міндет

Астанада 22 жастағы бойжеткен 24-қабаттан секіріп кетті. Одан кейін көп өтпей ата-анасымен сөзге келген бозбала болконға асылып қалды. Ол аз болғандай, елорда маңында 14 жастағы қыз бала өз-өзіне қол салып, қайтыс болғаны тез тарады. Осы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюіне байланысты оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды талап еткен еді. Депутат әлеуметтік желідегі қауіпті ойындар мен қатыгездікті насихаттайтын контенттер жасөспірімдердің санасын улап жатқанын айрықша атап өтті.

«Әлеуметтік желіге бақылауды күшейтуді кезек күттірмейтін міндет деп есептеймін. Желінің кері әсеріне көз жұмып қарау – ұрпақтың болашағына балта шабу. Құқық қорғау органдарынан заңнамалық шараларды, әсіресе жасөспірімдерге арналған мессенджерлердегі контенттің гигиеналық нормаларын қатайтуды талап ететін уақыт жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура және Цифрлық даму министрлігі балаларға қауіпті контентті анықтау және зерттеу үшін ведомствоаралық жауапкершілікті күшейтуі керек», – деді Ж.Сүлейменова.

Суицид жасау бойынша Қазақстан әлем елдерінің арасында 20-орында тұр. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы бүгінгі күні қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Бұл мәселенің алдын алу үшін отандық ғалымдар елде психологиялық қолдау қызметін дамыту қажет екенін алға тартады.

Былтыр Астана қаласында жақсы бастама қолға алынды. «Бала қауіпсіздігі – қоғам келешегі» деген тақырыппен өткен шарада Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес, Астана қаласы Полиция департаменті, Білім басқармасы, сондай-ақ мәдениет және спорт саласының  танымал тұлғалары оқушылар мен студенттерге дәріс өткізді. Ол іс-шара биыл да жалғасын табарына сенім мол.

Нәтижесі керемет. Жасөспірімдерге пайдасы да зор болғаны сөзсіз!

«Сіз әлі 18 жаста болмасаңыз да, өз әрекеттеріңіз үшін жауап бересіз. Бірқатар қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Кісі өлтіру, ауыр және орташа денсаулыққа зиян келтіру, зорлау, ұрлық, тонау, бопсалау, ауырлататын бұзақылық – осы қылмыстардың барлығында 14 жастан асқан жасөспірім бас бостандығынан айырылу жазасын алуы мүмкін. 16 жасқа толған адамдар қылмыстың барлық түрі бойынша, соның ішінде есірткі мен қарудың заңсыз айналымы мен оларды сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер құқық бұзушы кәмелет жасқа толмаған болса, онда оның ата-анасы жауап береді», – деді Нұра ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров.

№101 орта мектепте өткен дәрісте тәрбие, отбасы құндылығы, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу бойынша қабылданған шаралар, балалар арасындағы суицид, түнгі уақытта жалғыз қыдыру, ойын-сауық орындарына бару, қылмыс жасау және басқа да заңсыз әрекеттердің салдары, әлеуметтік желілердегі құқықбұзушылықты насихаттайтын ақпараттардың жастардың дамуына кері әсер ететіні туралы және т.б. өзекті мәселелер қамтылды.

«Егер сізді біреу қуатын болса немесе қорқытса, адамдар көп жерге бару керек. Егер көлікке күштеп отырғызса, өтіп бара жатқан адамдардың назарын аудару үшін қатты айқайлаңыз. Бейтаныс адам интернетте қорлайтын хаттар жазса, дереу ата-анаңызға хабарлауыңыз керек, оның хаттарына жауап бермеңіз және SMS жібермеңіз. Дос сұрауын қабылдамас бұрын, олардың профилін қарап, кім екенін анықтауға тырысу керек. Есіңізде болсын: кейде адамдар өздерін басқа адам ретінде көрсетеді және олардың шынайы ақпарат беріп жатқанын білу қиын», – деді Нұра ауданы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторы Мейрам Талғатұлы.

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, 16 жасқа толған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Бұл ретте бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыс (кісі өлтіру, зорлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, адамды ұрлау, ұрлау, тонау, бопсалау, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау, ауырлататын мән-жайлардағы бұзақылық және т.б.) жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 14 жастан басталады. Осы қылмыстарды жасағаны үшін санкциялар 5 жылдан 20 жылға дейінге мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Қазіргі уақытта жасөспірімдерге қатысты топтасып төбелесу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу нәтижелері бойынша бұл істер шешім қабылдау үшін сотқа жіберілетініне назар аударғым келеді», – деді инспектор Мейрам Талғатұлы.

Дәрістің мақсаты – жастарға қателіктерден қалай аулақ болу керектігін түсіндіру.

Спикерлердің айтуынша, оқушылар әрқашан ата-аналардан, психологтардан, мұғалімдерден, құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ 111 нөмірі бойынша немесе мектептерде орналастырылған QR кодтары арқылы көмек пен қолдау сұрай алады.

«Белгілі бір жағдайларда оқушылар немесе студенттер елеулі заң бұзушылықтар жасағаны үшін заң аясында оның ісі қаралады», – деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.

Айта кетсек, мұндай іс-шара елорда мектептері мен ЖОО-да желтоқсан айына дейін өткізіледі.

 

Нағашыбай Қабылбек
31.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16518
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16370
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31545
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30164
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33757