Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр

Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр

 

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Шығыс Қазақстан облысында

 

 

ШҚО-ға 5 қарашада келдік. «AMANAT» партиясының облыстағы филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова мен орынбасары Аманбай Нұркенов ұшақтан күтіп алды. «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызын облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиұлы қабылдап, алдағы жоспарларды бекітіп, экспедиция бағытын ақылдасып, айқындады. Сонымен Самар, Күршім, Марқакөл, Зайсан бағыты талданып, 6 қараша азанда жолға шықтық.

 

Күршімдегі көпір және ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі

 

Соңғы кездегі еліміздегі ең үлкен жаңалық болып саналған Күршім-Самар көпіріне бет түзедік. Ертіс өзенінен қалыптасқан Бұқтырма су қоймасынан өту, арғы жағын айтпағанда, соңғы ғасыр бойы жалғасқан проблемасы болып келген еді. Енді міне, фаронда кемінде екі сағат кезек күтетін көліктер жаңа көпірден екі минутта зыр етіп өте шығады. Көпір басына келіп тоқтап арғы-бергі жағын тамашалап тамсана қарадық. Ел игілігіне берілген көпір шынында халықтың қуанышына айналып, тіршіліктің тамырына қан жүгіртіп тұр. Өскеменнен бізді бастап келе жатқан Жарас Сағади бауырымыз жол бойы елді мекендерді, тауларды, өзен-суларды таныстырып келді. Бізді көпір басында «AMANAT»-тың Күршім аудандық филиалының басшысы Данияр Қалиев қарсы алды. Көпір елдің қуанышы, мемлекеттің мақтанышы. Біз көзайым болып, аудан орталығына кіреберісте Көкжал Барақ батырдың ескерткішіне тоқтап зиярат жасадық. «Әруақты жерден ат үркеді» деген, бабаларға тағзым жасамай өту көргенсіздік болар еді. Ауданға кіргенде Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаков алдымыздан шықты. Екі жақты танысулар мен жөн сұрасу аяқтаған соң түскі асымызды ішіп, оң-солымызға қарадық. Түстен кейін аудандық активтер, ауыл әкімдері, бөлім басшылары бас қосқан жиналысымызды бастадық. Басшымыз Сәуле Мешітбайқызы сөз алып, экспедицияның маңызын, елдегі мәселелерді, «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақ», «Elana.kz» сайты көтерген мәселелерді, ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесіне тоқталып ой-пікірін өрістетті. Жиналған ел азаматтары да ортаға шығып көзқарастарын білдіріп, көсіліп сөйледі. Әсіресе, Ришат Искаков мырзаның аудандағы ұлттық туризмді дамыту туралы жоспарлары мен ұсыныстары құлаққа қонымды, өмірге үйлесімді.

Бұл күнде «Qazaqstan dauiri» секілді ел аралап, су кешіп жүрген мекеме кемде-кем. Нені жазса да көзбен көріп, қолмен ұстағанда не жетсін!.. Экспедициямызды қолдап отырған «AMANAT» партиясы бастаған төрт министрлікке алғысымыз шексіз. Барған жерімізде алдымыздан шығып, қазақ баспасөзіне дем беріп отырған атқа мінер азаматтарға рақмет!.. Күршімде сағат төртте (16:00) қараңғы түсіп кетеді екен. Жұмыстарымызды 6-да (18:00) аяқтап, Зайсанға бет алдық. 230 км жолды 3 сағат жүріп Зайсанға түнгі 9-да (21:00) жеттік. Алла қаласа, 7-қараша азанда Зайсандағы іс-шараларымызды бастаймыз.

Осы жерде айрықша бөліп айта кететін мәселе елімізде 1919 жылдан бері қолданыстағы 105 жыл бойы тұрақты үрдістегі «6» сағаттық белдеудің кенеттен «5» уақыт белдеуіне секіруі ел өміріне кәдімгідей қиындықтар туғызды. Барған жеріміздегі аман сәлемнен кейінгі бірінші сөз «Шығыста қараңғы ерте түседі» деген сөз болды. Өзіміз де куә болып, басымыздан кешірдік. Таңғы 4-те жерге жарық түседі, 5-те күн шығып кетеді. Содан сағат 9-ға дейін төрт сағат бойы уақытты босқа ысырап етіп жұмыстың сәтін күтумен боласың. Немесе, тағы да саржамбас болып көрпеге бүркеніп ұйықтауға тура келеді. Жұмысқа 9:00-де шығып, іске қосыласың. Содан түскі тамағыңды жеп, енді кеңсеге кіре бастағанда сағат 15:00-де күн еңкейіп көкжиекке шоқтанып батып кетеді. 18:00-ге дейінгі 3 сағатты қараңғылық ішінде жарық жағып қызмет етесің. Қызметкерлерден өзге мектептегі бала, жұмыстағы ана бәрі-бәрі түнгі ызғар мен көзге түртсе көргісіз меңіреу ішінде қарманып жүреді.

Сағаттық белдеуді өзгертіп жаңа уақыт режіміне кірудің кімге пайда, кімге зиян екенін анық білмесек те, бір білгеніміз шығыстағы халыққа өте қолайсыздық тудыруда. Адам ғана емес, мал екеш мал да күйісінен жаңылып, азанда қаңтарылып, кеште аңтарылып қалыпты.

 

Зайсандықтар құшақ жая қарсы алды

 

Сонымен Күршімде сағат 4-те қараңғы түсті. Біз шыққанда сағат 6-да аспанда жұлдыздар самсап, айнала түн қараңғылығымен тұмшаланған болатын. Облыстық әкімдіктің жүргізушісі Асқар бауырдың жаңа көлігімен 230 км жолды басып өтіп үш сағатта Зайсанға жеттік. Қонақүйдің алдында «AMANAT»-тың аудандық филиалының басшысы Балғабаев Болатбек Балғабайұлы және Ішкі саясат бөлімінің басшысы Зұмрад Дүйсенбайқызы күтіп тұр екен. Қарсы алып қонақүйге орналастырды. Табанымыз Зайсанға тигенде жаңбыр сіркірей бастаған еді. Азанда қарасақ, дүниені қар басып қалған екен. Дегенмен күн жылы, ызғар жоқ. Түнімен жаңбыр жауып таңға жақын қарға ұласқандықтан, түске дейін тез еріп кетті.

Алдымен аудандық «Зайсан тарихи өлкетану мұражайына» кірдік. Ел мен жердің сыр-сипатын музей қызметкері, экскурсант Нұрлыбек Қалибаев бауырымыздан біліп шықтық. «Сіздер келіп отырған Зайсанға өткен ғасырда, сол кездегі Қазақстанның бас хатшысы Дінмұхамед Қонаев ақсақал келген екен. Зайсанның желкесіндегі биік тауға шығып тұрып, «Зайсан кішкене Алматы екен ғой» депті. Шынында да тауда тұрған телемұнарасы Көктөбені еске салады. Шахматтың тақтасындай көшелері мен арықта ағып жатқан сылдыраған сулары аумаған Алматы дерсің» деп атап өтті. Мұражайдан Совет-Хан Ғаббасов, Ұлықбек Есдәулет, Заманбек Әбдешов, Кәдірбек Сегізбай, Асқар Егеубай, Әубәкір Нілібаев, Марат Қабанбай, Нұрлан Мәукен... секілді қаламгерлер орын алған екен. Көбін көрдік, жақсы танимыз. Арасында бірге сөйлесіп жүрген ағаларда бар, суреттері алдымызда тұр. Бір сағат шамалы музейде болып, көп нәрсеге қандық. Нұрлыбек бауыр бір сөзінде «Өткен ғасырдың басында Семей мен Өскеменде 3000-нан адам өмір сүріп жатқан кезде, біздің Зайсанда 5000 халық тұрған екен. Оған себеп Ертісті бойлаған сауда кемелері тоқтаусыз жүріп тұрған. Қытай мен Ресейдің түйіскен тұсы. Ежелгі Жібек жолының бір тармағы біздің үстімізден өтеді. Біздің Зайсанның тарихы ұзақ, жөні бөлек. Табиғаты тамаша, жері өзгеше өлке. Мұнда тарихи құрылыс нысандары жақсы сақталған. Мынау музей үйі де қазақтан шыққан құрылысшы, өз дәуірінің асқан шебері, Баязит Сәтбаев атаның қолынан шыққан тарихи жәдігердің бірі» деп салмақ бере сөйледі.

Аудан әкімдігіндегі кездесу сағат 11:00-де басталды. Ұйымдастыру өте мұқият жасалғанын зал толы адамнан түсіндік. Ауыл әкімдері, бөлім басшылары, ұстаздар, дәрігерлер, зиялы жұрт өкілдері, кәсіпкерлер біршама көп келген екен. Арасында жастардың өкілдері де бар. Жиналысты аудандық аппарат басшысы Тауасаров Ринат Әбденбекұлы жүргізіп отырды. Аудан туралы, кәсіпкерлік жөнінде, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» мәселелерін баяндай келе жақсы мағлұмат беріп өтті. Аудандық кітапхананы өз алдына арнайы мекеме етіп бөліп шығарып қызметін жандандырғанын естіп қуандық. Кітаптарымызды сыйлап, кітапхана қорына тамшыдай болса да үлесімізді қостық.

Сонан кейінгі сөз «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры Сәуле Мешітбайқызына берілді. Одан ары көпшілікпен сұрақ-жауап негізінде өрбіді. Әрине, арасында бізге де ой-пікірімізді айтуға мүмкіндік болды. Басқосуды «AMANAT»-тың басшысы Болатбек Балғабайұлы қорытып, түйіндеді. Осылайша «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициямыздың мән-маңызын түсіндіріп бірлесіп жұмыс атқарудың үлгісін көрсеттік. Осыған дейінгі ондаған облыстардағы әдетіміз бойынша ШҚО өңіріндегі іс-шараларымыз бен көрген-білгеніміз «Qazaqstan dauiri» газетінің бетінде жарық көреді. Балалар өміріне, мектепке қатысы бар керек тұстарын «Мөлдір бұлақ» журналына да береміз. Кезіндегі белгілі жеке кәсіпкер, елге сыйлы, еңбекқор әйел, Зайсанның тумасы, «Айка» шаруа қожалығының иесі, бүгінгі Зайсанның әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы жұмыс бабымен облыс әкіміне кеткендіктен, ол кісімен кездесе алмадық. Дегенмен, аппарат басшысы Ринат Әбденбекұлы әкімнің сәлемін жеткізіп, жөнін айтты. Іскер басшының көңіл бөліп, назар аударғанына біз де ризалығымызды білдірдік. Болатбек мырза мен Зұмрад ханымның жылы ілтипат, шебер ұйымдастырушылығын көрген біз де қош көңілмен Зайсаннан аттандық. Сағат тілі әлі 4-ті көрсетпесе де, Қара Ертістің көпіріне келгенде күн батты. Екі арада бес сағаттай жол жүріп, Өскеменге түнгі сағат 9-дан кете жеттік. Жол бойы Сәуле әпке, заңгер Жарас Сағадиев ініміз, жүргізуші Асқар төртеу ара әңгімеміз жарасып, шығыс туралы, Абай елі туралы, М.Әуезов жайында айтқан әңгімеміз бірінен-біріне жалғасып, Өскемен қаласына қалай жеткенімізді білмей қалдық.

 

Өскемендегі форум және Самардың сан салалы кәсіптері

 

Көк туы желбіреп тұрған қара шоқының бүйіріндегі «ҚАЗАҚСТАН» деген ақ түсті жазу бадырайып көріне бастады.  8 қарашаның таңы атты. Қонақүйдің 9-қабатында тұрып Өскеменнің ой мен қырына көз салдым. Бүгін Өскемен қаласында облыс әкімінің қатысуымен «Ауыл әкімдерінің форумы» өтеді. Біз де арнайы қонақ ретінде басқосуда боламыз. Алла бұйыртып, ол форумға да қатынастық.

Форумға қатысуға Астанадан «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев келген екен. Жақсы баяндама жасап шықты. Күн тәртібі бойынша сөз келесі кісілерге берілді. Сөз алған делегаттар орнынан көтеріліп баяндай бастаған тұста облыс әкімі Ермек Көшербаев мырза араласты да отырды. Негізі қолымыздағы бағдарламада әкімнің сөзі ең соңында тұр, қорытындысын шығаруға тиіс болатын. Бірақ, әр сөйлеген кісіге төтесінен киліге сұрақтар қойып, түзетулер жасап, толықтырулар енгізіп... қыстырылды да отырды. Бұл жағдай баяндамашы адамға да, жиналысты жүргізіп отырған модераторға да, тыңдаушы жұртқа да ауыр тиді. Әкімнің кезектен тыс араласулары психикалық жақтан ауыр тигені өз алдына, бір жарым сағатта бітуге тиіс форум екі сағаттан асып жығылды.

Екі күн бұрын Күршім, Марқакөл, Зайсан аудандарында болғанда Самарды басып өткенбіз. Өскеменде «AMANAT» партиясының ауыл әкімдері форумы өтетін болған соң, сол жиналысқа қатынасу үшін 7 қараша түнделетіп қалаға қайта келгенбіз. Дәм тартқан соң, 9 қараша Самарға қайтадан айналып келдік. Бізді «AMANAT»-тың облыстық филиалы атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова шығарып салды. Орынбасары Аманбай Мұхамедиярұлы Бұқтырманың жағасындағы Самарға алып келді. Ауданға жете Самар аудандық «AMANAT»-тың төрағасы Айнұр Баянғалиқызы, мәдениет үйінің директоры Дархан Рамазанұлы, аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сайкенұлы, ауданға белгілі кәсіпкер азамат Марат Құмаров болып күтіп алды. Біз бір себептермен Өскемен қаласынан бір сағат кешігіп шықтық. Оның үстіне қар жауып тұрғандықтан, тау асуы «Өміштен» абайлап, иір-қиыр жолдарымен имене өттік. Жоспар бойынша аудандық мәдениет үйінде сағат 11:00-де өтетін Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық іс-шарасына қатынасуымыз керек еді. Біз жеткенде концерт аяқталыпты. Дегенмен, Алматы мен Астанадан келген біздер үшін жаңа ғана аяқтаған концерттің қысқартылған нөмірлерін қайтадан қоюға, бізді үлкен залға шақырды. Қонағын сыйлаған, еланасы Сәуле Мешітбайқызына көрсеткен құрметіне риза болдық.

Аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сайкенұлы мен Мәдениет үйінің директоры Дархан Рамазанұлынан жақсылап сұхбат алдық. Ауданның жағдайын, «Жер аманаты» жобасының атқарылуын, «Ауыл аманаты» бойынша сүйемелдеудің қыр-сырына қанықтық. Көкпекті ауданынан бөлініп шығып, өз алдына қайтадан аудан болған Самардың әупірімдеген тіршілігін сездік. Қазақтан гөрі халқының орысы басым аудан сан салалы кәсіппен айналысып жатыр екен. Мал шаруашылығы, диқаншылық, омарташылық, жазда Бұқтырма жағасына демалысқа келетін елге туристік қызметтер күн өткен сайын жанданып жатқанын естіп білдік. 

Қазақтың хас таланты, қаһарман ұлы Нұрғиса әндерін рақаттана отырып тыңдадық. Қойылым соңынан басшылардан толық мәлімет алып, естелік суретке түстік. Онан шыққан соң Самар ауданы, Құлынжон ауылындағы Ыбырай атындағы мектепке барып, оқу орнының жаңартылған, осы заманға бейімделген бейнесін көріп риза болдық. Осыған дейін СҚО, Ғ.Мүсірепов ауданы Ақселеу ауылындағы мектепті, Павлодар облысы Май ауданы Малайсары мектебін көріп, қош көңілден туған әсерімді «Qazaqstan dauiri» газетіне жазып едім. Мынау Ыбырай мектебі де дәл сол мектептер секілді заман талабына сай өсіп келе жатқан білім жұрты екен.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Біржан Әуезовтың таныстыруы мен көрсетуі арқылы бүгінгі күннің тынысын сезіндік. Бір жағында мемлекет, бір жағында үлкен корпорация «BI group», оның иесі Айдын Рақымбаев мырза тұр. Елден шыққан осындай ұлтын сүйетін, ұрпақ қамын ойлайтын азаматтар бар жерде ауылдың еңсесі биік. Мемлекет пен демеушінің дем беруінде тұрған мектеп өңірдің жауһары, өмірдің шырағына айналып келеді екен. Құлынжондағы Ыбырай мектебіне өңірдегі оқушылар құштар. Кейбір ата-аналар өздері аудан орталығы Самарда тұрса да, ұл-қыздарын жиырма шақырым жердегі ауылда оқытып жатыр екен. Өйткені онда білімді ұстаздар, озық технология, білім алатын өзгеше орта бар.

Самарға оралып, кешкі дастарқан басында ел мен жердің арғы-бергі тарихына бойладық. Бұрын Бастау-Ши (Бастаушы) ауылының әкімі, бұл күндері «АMANAT»-тың басшысы Айнұр ханым, Мәдениеттің тізгінін ұстап отырған Дархан мырза, ауылдың сөз ұстаған азаматы Марат бауыр өз істерінің мықтылары ғана емес, көкірегі даңғыл, көргені мен түйгені мол кісілер екеніне көзіміз жетті. Сәуле Мешітбайқызын ортамызға ала біраз жерге көсіліп, түнгі 12-ге таяғанымызды сезбей қалған екенбіз. Таң атса, Самардан шығып Көкпекті ауданы арқылы Абай облысының аумағына өтеміз.

 

 

 

ШҚО: көкейтесті мәселелер

Уақыт белдеуінің «6»-дан, «5»-ке өткеніне қарсымыз. Әсіресе, шығыстағы елді мекендерде таңғы 5 (5:00)-те таң атады, кешкі 4-те (16:00) қараңғы түседі. Бұл жағдай қалыпты өміріміздің шырқын бұзды. Азанда төрт сағат ысырап, кеште екі сағат қиыншылық.

Ауылда шаруа қожалықтарында жұмыс істейтін адам жоқ. Мал шаруашылық өнімдерінің бағасы төмен, құны жоқ. Табиғи таза өнімдерді базарлайтын, өңдейтін жүйе жасалу керек. Елде жастар мен мамандар тапшы. Олардың ауылда жұмыс істеуіне жағдай қарастырылмаған.

 

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы
08.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 11.12.2024 63
ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ЖОЛДАРДЫ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 39
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 40
ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНДАРЫ ҚОС ТУРНИРДЕ ТОП ЖАРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 29
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 144
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 439
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 451
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 436
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 384
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 379
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 454
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 430
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 440

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10701
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9666
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12901
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11868
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16880