Шырмауық (Сықақ әңгіме)

Шырмауық (Сықақ әңгіме)

Бүгінде Құраш мырзаның дөкей қызметті дөңгелетіп жүргеніне талай жылдар өтті. Жасы зейнеткерліктен асып кетсе де, осы майшелпектен айырылмай, шырмалып қалғандай. Себебі тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі заманда үлкен шенеунік көкесі осы қызметке отырғызып:

– Құраш бауырым, сен енді осыдан айырылма, ертең қызығын көресің. Бұл нағыз майшелпектің ортасы ғой түсіне білсең, – деп батасын берген екен.

Енді міне, Құраш мырза кетейін десе, артынан былық шығып қалмай ма деп, әліптің артын бағып отырғандай. Кезіндегі құлқынға кеткендер бойына сіңіп үлгермей жатқанда, тек анда-санда өткен шақтарын еске түсіріп, күрсініп қояды. Әрине, ол заман келмеске кетті ғой. Қазір тәртіп пен заң күшейген, бұрынғыдай солқылдақ емес.

Оның қорқатыны да сол: кезінде өзінің орынбасарларының байлықтың отын көсегенін қалай ұмытсын? Әсіресе Күребек деген орынбасарының дипломы болмаған. Ең бастысы – айтқанын мүлтіксіз орындап отыратын, басын көп ауыртпайтын жағымпаздардың әдеті. Солардың бәрін пайдаланып, талай арам ойын іске асырып отырған. Ұрланған ақшаларын шетелде жинап, сөйтіп орынбасарларын да түрмеге тоғытып, ізін жасырып келген.

Бүгінде Құраш мырза орынбасарсыз отыр. Себебі қасына қазір білімдері жоғары, көздері ашық, заңды жақсы білетіндер келді. Сондықтан ондайлардан аулақ жүреді. Теледидардың көк экранына көз сүзгенді де қойған. Бұрынғыдай емес, халық та өз ойларын еркін айта алатын жағдайға жеткен. 

Бүгінде Құрекең телефонның қоңырауынан да үрейленетін күйге түскен. Оған дүниенің қызығы таусылғандай. Жұмыстан кетейін десе, кім қабылдап алады? Себебі арты былық, бұрынғыдай көкелері де қалмады. Пара алатындарды да некен-саяқ кездестіресің, олардың өздеріне де сенім жоқ. Күнде неше түрлі ойлар мазалап, миына құрт түскендей жеп жатады.

Бірде күтпеген жерден қара телефон шырылдай жөнелді. Отырған жерінен селк етіп, бойын қайта жинап алды.

– Әй, Әшегүл, ана телефонды көтерші, құрғыр! Шырылдап тұрып алды ғой! – деп айғай салды.

Ас бөлмеде тамақ дайындап жатқан тоқалы:

– Ойбай, не болды? Қазір менің қолым бос емес қой, өзің ала салмайсың ба? – деді.

– Менің телефон көтермейтінімді білесің ғой, мына бәленің тоқтайтын түрі жоқ! – деп, ол басқа бөлмеге кіріп кетті.

Ойына не келмеді?! «Бұл ұзақ шырылдап тұрғанына қарағанда, жаман хабар болмады ма?» – дегендей, жүрегі құрғыр атқақтап тыншымай қойды.

Ас бөлмесінен атып шыққан тоқалы Әшегүл апыл-ғұпыл қолын шалғышына сүрте:

– Ой, Құдай-ай, сонша телефоннан қорқатындай не болды сонша? – деп күбірледі де, дырылдап тұрған телефонның құлағын өші кеткендей жұлып алды.

– Иә, кім екен? – деп сұрады.

Не керек, арғы жақтан ентіге сөйлеген бір үлкен адамның дауысы естілді…

– Жеңеше, әлеу, сіз бе? Әлеу, сіз бе? – деп қайталап берді. Бір сәтте телефонның дауысы анық, бір сәтте естілмей абдырап тұрған тоқалына:

– Әй, болды тастай сал! – деп айғай салды.

– Иә, мейлі, – деді де, тоқалы телефонның құлағын қойып, ас бөлмесіне кете берді.

Құраштың да шыдамы таусылғандай, тоқалына еріп ас бөлмеге ілесе кірді де:

– Осы телефонды ағытып тастайықшы, қазіргі заманда бәрінде ұялы телефон бар, – деп ұсыныс жасады.

Бажырая қараған тоқалы:

– Әй, мен подругаммен қалай сөйлесемін? Әрқайсысымен жоқ дегенде бір сағат сөйлесемін, – деп өзіне бас салды.

Ондай жауапты күтпегендіктен, басекеңнің амалы құрып, ләм-мим деп тіл қатпады.

Сөйтіп, үйде бір сәтке тыныштық орнады. Тек креслода жатқан сары мысығының мияулаған даусы тыныштықты бұзып жібергендей болды. Бұл тегін емес еді: мысық өзінің уақыты келгенде далаға шығамын деп белгі беретін.

Оны естіген тоқалы «Саршомды далаға шығаршы» деп жатқанда, телефон тағы да «баж» ете қалды. Жүрегі аузына тығылған Құраш тағы да безе жөнелді. Бөлменің бұрышында тұрған қызыл диванға қисая кетті. Қоңыраудың даусы тағы да өзгеше шыққандай болды, ұзақ тоқтамай тұрып қалды. 

– Әй, Әшәгүл, ал ананы, ал, – деді. Қисайып жатқан қолы семіп қалғандай, қозғалар емес.

Тоқалы тұтқаны көтеріп біраз үндемей тұрып, арғы жақтан шыққан дауысты үнсіз тыңдады. Арғы жақтан: «Әләу, әләу, бұл Құраштың үйі ме екен?» деп қайталаған дауыс тоқтар емес. Шыдамы таусылған Әшәгүл:

– Әй, сіз кімсіз, кімсіз, кім едіңіз сонша біздің мазамызды алатын? – деп өзіне бас салды.

Арғы жақтағы дауыс сасқалақтап:

– Бұл, жеңеше, кешіріңіз, Күребекпін ғой, – деп қайталады.

– Кім керек, әй, болды, мен сені танымаймын, сізге не керек өзі?! – деп жекіп тастады.

– Мен ғой, Күребек, Құраштың туысқанымын, – деп таныстыра бастады өзін. – Әрине, көп жылдар өтіп кетті, араласуға мүмкіндік болмады. Қайтадан енді туыстарымызды түгендеп алсақ деген ойымыз бар, – деп ақтала бастады.

Жеңешесі:

– Әй, Құраш, сенің нағашың бар ма еді? Мә, өзің сөйлес, – деп телефонның тұтқасын Құраштың қолына ұстатты да, мияулаған мысығына қарай кете барды.

Құраш: «Ой, Алла, бұлар мені қайдан тауып алды екен?» – деп ойлады да, телефон тұтқасын жәймен құлағына тақады да:

– Тыңдап тұрмын, – деді жәй ғана.

Арғы жағындағы әрең шыдап тұрса керек:

– Ассалаумағалейкум, жиен, аман-есенсіз бе? Өздеріңізді көрмегелі талай жыл өтіп кетті... – деп ішіндегі шерін төге бастады. Бауырмашылық пен туысқандықты айтып, тоқтай алар емес. Қарша боратып жатыр, сөйткенше Құраштың жүйкесі сыр берді ме: «Сенсіз де сіркем су көтермей тұр. Қысқасы, сөзіңнің тоқ етерін айт!» – деп оны басып қойды.

– Мен сіздің нөміріңізді әрең тауып алдым, ауылдағы Шоқастың балалары қалада тұрады екен. Солар анау сіздермен оқыған Шаймақтың балаларымен аралас-құралас екен. Солар арқылы әрең тауып отырмын, – деді әлгі. – Уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қалады екенсің, өзіңізді іздеймін деп ойлап жүргенде біршама уақыт өтіп кетіпті, – деп зуылдатты.

– Әй, сөзіңді сағызша созбай, қысқасы, неге қоңырау шалып тұрсың? – деді Құраш тағы да әлгінің аптығын басып.

– Жиен, өзіңді сағындық қой, ең бастысы… Ауылға да келмей кеттіңіз, әрине, түсінеміз, үлкен қызметтегілердің бос уақыты бола бермейтіні белгілі ғой. Соңғы жылдары сізді жоғалтып алдық, өзімізден де кінә бар. Жан-жақтан тіршілік іздеп, тарыдай шашылып кеттік қой. Қазір енді өсіп- өніп, есімізді жинап жатқан кез ғой, – деген нағашысының әңгімесін кілт үзіп:

– Тоқетерін айт, әйтпесе телефонды қоя саламын! – деп зекіп тастады.

– Ойбай, жиен, ашуланбаңыз, менің сізге бір өтінішім бар еді, – дегенде барып ол таңдана:

– Қандай өтініш, сендерге беретін ақшам жоқ, сендерге керегі сол шығар, – деді.

– Жиен, жоқ, ол емес.

– Ендеше сен маған бірдеме бергелі тұрған шығарсың, – деп кекетіп алды. 

– Тура айттыңыз! – деген кезде, Құраш мырзаның делебесі қозып:

– Сендерде не бар еді маған беретіндей? – деп сөзбен шымшып алды.

– Жиен, ол баға жетпейтін байлығым менің ұлым – Орай. Бірақ биыл оқуға түсе алмай қалды, ақшамен оқытуға шама жоқ. Сол себепті, сізде уақытша болса да бір ыңғайлы жұмыс болса дегенім ғой. Оның мінезі жақсы, үлкенді сыйлайды, айтқанды екі етпейді, – деп жалбарына бастады.

«Оу, мына бала сұрағанға береген дегендей, маған керегі де осы ғой», – деп ішінен қуанып кетті, бірақ өзінің маңғаз қалпынан танбай:

– Әәә, солай де, саған деген құрметім үшін... мүмкін офиске өзіме жақын жерге орналастырармын, – деп жылы шырай танытты.

– Ой, жиен, сіздің жақсылығыңызды ұмытпаймыз, қолдан келсе, соғым мәселесін шешеміз, ауылда шүкір, мал басы баршылық, – деді нағашысы қуанышын жасыра алмай, рақметін жаудырып жатыр.

– Сізден басқа кіміміз бар, рақмет, рақмет, жиен бауырым! – деп ол сөзін түйіндеді.

Бір сәтке болса да, Құраштың көңілі орнына түскендей болды. Бірақ алда әлі көп жұмыстар күтіп тұр. Егер бұл жоспар іске асса, Құраш шырмауықтан босап шығатындай жағдай туар еді. Нағашысына ризашылығын білдіргендей:

– Иә, өзіңе де рақмет, осы жиенім бар еді деп мені тауып алғаныңа. Енді алаңдамасаң да болады, баланы жұмыспен қамтамасыз етемін, сырттай оқуын да оқи береді. Диплом деген не, оны сатып алып та жатыр ғой... – деп сөзін аяқтады.

Ондай сөзді күтпеген нағашысы риза болып: 

– «Жиен жиендігін істейді» дегендердің аузына жылан жұмыртқаласын. Хош, жиен, осындай жақсылықтардан ажыратпасын! – деп рақметін жаудырды.

– Әй, нағашы, сен енді ештеңеге алаңдама, ешкімге жар салмай-ақ қой. Артық сөздің керегі жоқ. Менің осы телефоныма хабарласып тұр, – деп телефонның тұтқасын жаймен қойып, ас бөлмеге бет алды.

Әбден шыдамы таусылып, күтіп отырған тоқалы: – Ол қандай туыстар, сені ешкім іздемеуші еді, соған қарағанда бастарына бастырық түсіп кеткендей, ойбайлап кетті ғой, – деді.

– Баяғыдан бері туыстықты жоғалтып алдық, бірақ бастарына күн түскенде, мені тауып ала қойды. Кенжесі оқуға түсе алмай қалыпты, қазір жұмыс табу да оңай емес. Сол кезде ғана ағайын-туыстарын іздей бастайды ғой, оның да қайыры болатын шығар, – деген Құраштың ойын тағы да тоқалы бұзып жіберді.

– Оларда не шатағың бар, оған басыңды ауыртып қайтесің, сенсіз де күндерін көріп жатыр ғой, ауылдан шықпаған бала үлкен қалаға келіп, бірдеңеге ұрынып қалса, не бетіңді айтарсың? Бәлесіне қаласың. Одан да өзіңнің жоспарыңмен жүре бермейсің бе? – деп ескерту жасап жатыр. Ал Құраштың жоспарының бәрі өзгерген, енді біраз уақыт шыдаса болғаны, бәрі орнына түсетін сәтті асыға күтті. Енді тек баладан қоңырау күту қалды.

Құраш қара телефонның дауысынан қорқушы еді, енді керісінше бір қуаныш әкелетіндей алаңдап жүрді. Күндердің бір күні қара телефон тағы шыр етті. Отырған орнынан тұрып, телефонның құлағына жабысты:

– Әләу, әләу, бұл кім? – деп аптыға сұрап ентігін әрең басты. Арғы жағынан биязы дауыспен: 

– Аға, ассалаумағалейкүм, мен Орай едім, кеше әкем сізбен сөйлесті, содан сізге қоңырау шалып тұрмын, – деді.

– Иә, сенің мәселең шешілді. Енді айтқанымды орындап отырсаң болды, оқуыңды өзім қолға аламын, – деген ол жымысқы әрекеттерін ойластыра бастады. Сонымен Құраш мырза шырматылған шырмауығынан шығатын күн жақындап қалғандай көрінді. Көңілі бұрынғыдай емес, көтеріңкі болды.

Сәті түскен күн де келіп, баланы кабинетіне шақырып, екеуі ұзақ сөйлесті. Ондай құрметті көрмеген бала болашағының жарқын болатынына сенді. Кабинеттен шыға сала әкесіне қоңырау шалып, қуанышымен бөлісті.

– Енді балам, сен үйге келіп киім-кешегіңді жинап, жұмысыңа дайындал. Бірақ Құраштың айтқанын екі етпей орындауға тырыс, ертең сен де үлкен қызметке ілігіп кетесің, – деді әкесі Аллаға ризашылығын білдіріп.

Әрине, талай қиыншылықты бастан өткізіп, баласын алға жетелеп әзер өсірген адамның арманы уақыт өте келе іске аса бастады. Баланы жұмысқа кіргізгелі біраз уақыт өтті, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Күндердің бір күні Құраш баланы шақырып алып: 

– Сен жұмысқа кіргелі біраз уақыт өтті, сені өзімнің орынбасарым қылуға шешім қабылдадым, – деп балаға жымия қарады.

Мұндай ұсыныс күтпеген ол күмәндана бастады:

– Аға, менің әлі тәжірибем жеткіліксіз ғой…

– Жоқ, ештеңеден қорықпа, сырттай жоғары оқу орнына түсесің, – деді ағасы. – Оның бәрі келісіліп қойған шаруа. Ештеңеге алаңдама, жұмыс істей бересің.

Сөйтіп, табан астында Орай бала білдей бір бастықтың орынбасары болып шыға келді. Офистегі басқа қызметкерлер аң-таң, әсіресе бас есепші. Уақыт өте берді, бәрі ұмытылғандай болды. Ал Құраш өзінің былығын жабуға кірісіп кетті.

Баланың жұмысқа қабылданған кездегі уақыты бір жылға шегеріліп, бұйрық шығарған екен. Енді сол жылдардағы былықтарын Орай баланың мойнына іле салмақ. Құраш оны да бұрынғы орынбасарлары сияқты түрмеге тоғытып, өзі сытылып кетуге жағдай жасай бастаған.

Біраздан соң баланы кабинетіне шақырып алды да:

– Сен міне, пісіп қалдың, жұмысың жақсы. Енді мен саған сеніп, бүгінге бір үлкен тапсырма беремін. Бұл менің орныма басқарма қызметін уақытша сен мойныңа аласың. Мен ауру-сырқаудан емделуге кетемін біраз уақыт, – деп баланы көндірді.

Сөйтіп, бала бастық болып шыға келді. Құраш кейбір қағаздарға қол қойғызып, өзінің жұмыстан босағанын бәрін тәптіштеп жөндеп кетті. Сол арқылы шырмауықтың шырмауынан босап шыққандай болды.

Сөйтіп жас бастық Құраштың айтып кеткен өсиетін орындап жүрді. Бірақ көпке ұзамай былық-шылықтары шыға бастады. Осы былыққа жиені Құраш әкеліп тыққанын түсінді, бірақ тым кеш еді.

«Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып», баланың қамауға алынғанын естігенде әкесі өзін қоярға жер таппады. Ешкіммен кездесе алмай, дымы құрып, жақсылықтан күдерін үзгендей халге жетті. Баласын өз қолымен апарып батпаққа тыққандай, өзін-өзі кінәлаумен болды.

Сөйтіп дүние төңкеріліп төбесіне түскендей болып жүргенде бір күні күтпеген жерден ұялы телефоны шыр ете қалды. Сасқалақтай қалталарына қол жүгіртті де, телефонын суырып алды. Арғы  жағынан баласының «әке» деген дауысын естігенде көзінен жас парлап қоя берді.

– Әләу, балам, қалайсың? – деп қайталап сұрай берді.

– Әке, мені босатты. Ал анау жиеніңді  қашқалы тұрған жерінен әуежайдан ұстаса керек, – деді баласы. Сонда ғана: 

– Ой, Алла, әділдік бар екеніне сендім,  – деп, әкесі Аллаға шүкіршілік ете бастады. – Ешкімге қянат жасап үлгермеген баланы осындай былыққа тығатынын кім білген? Әй, қу мүйіз жиен-ай! Өзің қазған орға өзің түстің бе, бәлем! Шүкір, әділдік бар екен! – деп қайталай берді.

 

Төлеген ИЛЬЯШЕВ,

Қазақстан Жазушылар және

 Суретшілер Одағының мүшесі

11.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23401
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23062
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39215
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36580
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40700