Өңірдің өркендеуін тек ресми есептердегі сандармен өлшеу аздық етеді. Себебі әрбір цифрдың арғы жағында адам тағдыры, ауылдың тынысы, кәсіпкердің ізденісі, еңбек адамының маңдай тері жатыр. Экономикалық өсімнің шынайы өлшемі – қағаздағы көрсеткіш емес, сол көрсеткіштердің тұрғындардың күнделікті өмірінен көрініс табуы.
Бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданы осындай өзгерістер кезеңін бастан өткеріп келеді. Бір ғана саланың жетістігіне сүйенбей, өндіріс пен ауылшаруашылығын қатар өркендетіп, инвестиция тарту арқылы жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырып, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға ден қойып отырған ауданның даму қарқыны уақыт талабына сай жаңаша сипат алып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Ернар Серікәліұлы Есіркепов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталды. Келтірілген мәліметтерге сараппен қарасақ, аудан экономикасында соңғы жылдары сандық өсіммен қатар сапалық өзгерістер де жүріп жатқанын аңғаруға болады.
Аудан экономикасының бүгінгі ахуалын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – жалпы шығарылған өнім көлемі. Бұл көрсеткіш 21,3 млрд теңгені құрап, белгіленген межеден 3,2 млрд теңгеге жоғары орындалған. Бұл – жай ғана орындалған жоспардың есебі емес. Мұның астарында жергілікті өндірістің жанданып, кәсіпкерлік белсенділіктің артып, экономикалық айналымның кеңейіп келе жатқаны жатыр. Өйткені кез келген ауданның қуаты оның қанша қаржы игергенімен емес, қанша өнім өндіріп, қанша мүмкіндік қалыптастырғанымен бағаланады.
Өнеркәсіп саласындағы 9,4 млрд теңгелік өндіріс көлемі де осы үрдістің айғағы. Өткен жылмен салыстырғанда 109,3 пайыздық өсімнің тіркелуі ауданның өндірістік әлеуеті біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді. Бұрын ауылшаруашылығы басым бағыт ретінде қарастырылған өңірлер бүгінде өндірістік жобалар арқылы экономикалық құрылымын кеңейтуге ұмтылуда. Т.Рысқұлов ауданы да осы жолды таңдаған. Өйткені тұрақты экономика бір ғана салаға арқа сүйемейді. Өндіріс, аграрлық сектор және қызмет көрсету саласы бір-бірін толықтырғанда ғана өңірдің даму іргетасы берік қаланады.
Т.Рысқұлов ауданы үшін ауылшаруашылығы – тарихпен тамырлас, халықтың тұрмысымен біте қайнасқан сала. Ауданның жер көлемі 908 мың гектардан асады. Оның 761 мың гектардан астамы ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылуы өңірдің аграрлық мүмкіндігін айқын аңғартады. Алайда бүгінгі ауылшаруашылығы бұрынғыдай тек табиғи жағдайға тәуелді өндіріс емес. Қазіргі аграрлық секторға технология, техника және тиімді басқару қажет. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесін беріп келеді. Биыл ауылшаруашылығы техникалары жаңартылып, шаруашылықтарға 36 жаңа техника сатып алынған. Бұл көрсеткіштің сыртында қарапайым еңбек процесінің жеңілдеуі, уақыт үнемдеу және өнімділіктің артуы сияқты нақты өзгерістер жатыр.
Ауданда ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5,9 млрд теңгені құрап, өсім байқалған. Әсіресе мал шаруашылығындағы 102,1 пайыздық көрсеткіш саладағы тұрақты қозғалысты көрсетеді. Қант қызылшасының қайта қолға алынуы да кездейсоқ шешім емес. Биыл 11 шаруашылық осы бағытта жұмыс жүргізіп, 1135 гектар жерге тәтті түбір еккен. Бұл – ауылшаруашылығын әртараптандыруға, жердің құнарын тиімді пайдалануға және өңірдегі қайта өңдеу саласының келешегін кеңейтуге бағытталған қадам.
Бүгінгі таңда өңірдің инвестициялық тартымдылығы оның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсері анық. Себебі инвестиция – тек қаржы құю емес, ол жаңа өндіріс, жаңа технология және жаңа жұмыс орны. Т.Рысқұлов ауданында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 185,8 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш ауданға деген іскерлік сенімнің артып келе жатқанын білдіреді. Қазіргі таңда аудан аумағында түрлі бағыттағы ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың арасында минералды су өндіру, құс шаруашылығы, тау-кен өндірісіне арналған техника шығару, сүт өңдеу, суару технологияларын өндіру секілді жобалар бар. Бұл жобалардың ерекшелігі – экономиканың бір ғана саласын емес, тұтас өндірістік тізбекті дамытуында. Мәселен, құны 4,5 млрд теңге болатын «Gakku Qus» жобасы іске қосылған жағдайда құс шаруашылығының жаңа бағыты қалыптасады. Ал кварцит өндірісін дамытуға арналған 20 млрд теңгелік жоба ауданның өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.
Инвестиция көлеміне қарап қана қоймай, оның әлеуметтік әсеріне назар аудару қажет. Қазіргі және жоспарланған жобалар нәтижесінде жүздеген тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Демек, инвестиция – аудан экономикасына ғана емес, халықтың болашағына салынған капитал.
Кез келген реформаның нәтижесі алдымен халықтың тұрмысынан байқалады. Сондықтан инфрақұрылым мәселесі аудан дамуының негізгі өлшемдерінің бірі болып қала береді. Бүгінде аудандағы 42 елді мекен толық орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылған. Бұл – тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін үлкен жетістік. Газдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Қазір халық саны бойынша 99,4 пайыз тұрғын табиғи отын игілігін пайдаланып отыр. Бұл көрсеткіштердің маңызы неде? Бір қарағанда, бұл тек инженерлік желілердің тартылуы секілді көрінуі мүмкін. Алайда ауыл үшін ауызсу мен газ – жай ғана коммуникация емес. Бұл – тұрмыс мәдениетінің өзгеруі, уақыт үнемі, өмір сапасының жақсаруы.
Жол саласы да аудан дамуының күретамыры саналады. Қазіргі таңда аудандық жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 98 пайызға жетсе, ішкі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 87 пайызды құрайды. Алдағы уақытта 69,9 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл тек көлік қатынасын жақсарту емес, ауылдардың экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Себебі жол бар жерде қозғалыс бар, қозғалыс бар жерде мүмкіндік көбейеді.
Ауданның даму деңгейі салынған өндіріс орындарымен ғана емес, адамдар үшін жасалған жағдаймен де бағаланады. Биыл әлеуметтік бағыттағы төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Құлан ауылындағы спорт мектебі, Қарақат ауылындағы спорт залы, Жаңатұрмыс ауылындағы мәдениет үйі және жаңа вокзал құрылысы – ауылдық жерлердің әлеуметтік келбетін өзгертетін нысандар. Спорт пен мәдениетке салынған қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Себебі ауыл жастарының сапалы ортада тәрбиеленуі, олардың шығармашылық және спорттық мүмкіндіктерінің ашылуы елдің ертеңгі әлеуетін қалыптастырады. Тұрғын үй мәселесі бойынша да нақты жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға 20 пәтер сатып алынуы – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы.
Соңғы жылдары экологиялық жауапкершілік мәселесі де қоғам назарында. Т.Рысқұлов ауданында бұл бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалғасып келеді. Жыл басынан бері 115 мыңнан астам көшет отырғызылып, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 137 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл – тек көгалдандыру науқаны емес. Әрбір отырғызылған ағаш – туған жерге деген жауапкершіліктің, келешек ұрпақ алдындағы аманаттың белгісі.
Әлеуметтік саладағы ахуал да аудан дамуының маңызды көрсеткіші. Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюы халықтың еңбекке араласу мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» жобасының ықпалы айрықша. Бағдарлама арқылы ауыл тұрғындары кәсіп бастауға, өз кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алып отыр. Шағын кәсіптің дамуы – үлкен экономиканың негізі. Себебі әрбір ашылған кәсіпкерлік нысан ауылдағы жаңа табыс көзіне, жаңа жұмыс орнына айналады.
Т.Рысқұлов ауданының бүгінгі даму бейнесіне көз салсақ, басты ерекшелік – қозғалыстың барлық салада қатар жүруінде. 21,3 млрд теңгелік өнім көлемі, 7,5 млрд теңгелік инвестиция, өндірістегі өсім, ауылшаруашылығындағы тұрақтылық, жаңарған инфрақұрылым – бұлардың барлығы бір-бірінен бөлек көрсеткіштер емес. Олар бір мақсатқа бағытталған үлкен экономикалық жүйенің бөлшектері.
Әрине, кез келген даму жолында шешімін күткен мәселелер болады. Бірақ маңыздысы – ауданның алға қойған мақсаты айқын, бағыты анық. Бүгінгі Т.Рысқұлов ауданы – өткеннің тәжірибесін сақтай отырып, болашақтың мүмкіндіктеріне ұмтылған өңір. Мұнда әрбір жаңа өндіріс, әрбір жаңарған жол, әрбір бой көтерген нысан – уақыттың талабына жауап беретін өзгерістің көрінісі. Ал шынайы даму дегеніміз – дәл осы. Санның сапаға айналуы, жоспардың нәтижеге ұласуы, ал экономикалық өсімнің халықтың өмірінен сезілуі.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы














