Экономика мен адамзат тек экологиялық тазалықты сақтап, жер ресурстарын негізсіз құртпағанда ғана өркендей алады. Бүгінгі таңда табиғи ресурстарды үнемді пайдалану өзекті тақырыпқа айналды.
Экологияның пайдасына қарай экономиканы модернизациялау туралы алғаш рет XX ғасырдың 70 жылдары айтыла бастады. 1973 жылғы мұнай дағдарысынан кейін энергоресурстар бағасы шарықтап кетті. Сол үшін де ғаламда энергия тиімділігі, жаңа технологиялар және жаңартылатын энергия көздері туралы жаңа көзқарас қалыптасты.
Экономикалық өсім байқалғанда, бүкіл әлемдегі экологиялық тұрақтылық төмендеп кетеді. Дүниежүзілік табиғат қорының (WWF) 2010 жылғы есебі бойынша, ғаламшар индексі 1970 жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендеген.
Негізінен ғаламшар индексі табиғаттың капиталы – орман, су және теңіз экожүйелерімен өлшенеді және бұған орташа үш көрсеткіштің бөлімдері кіреді: ормандардағы, су және теңіз экожүйелеріндегі хайуанаттардың саны. Әрбір көрсеткіш экожүйедегі ағзалардың ең көрнекті үлгісі санының өзгеруін көрсетеді. Ал адамзаттың экологиялық ізі керісінше, екі есеге ұлғайған. 2030 жылға қарай, қазіргідей өмір сүру дағдысы үшін табиғи ресурстар жетіспеуі әбден мүмкін.
«Жасыл» экономика табиғи капиталды, экожүйені және биоалуантүрлілікті сақтай отыра, халықты жұмыссыз, табыссыз қалдырмау, қайта табысты ұлғайта түсу. Бұл ұғым тұрақты даму (sustainable development) концепциясының бөлігі ретінде пайда болды.
Бүгінгі адамзаттың қажеттіліктерін қанағаттандыру, ұрпақтың мүмкіндіктеріне нұқсан келтірмейтіндей дамуды тұрақты даму деп айтуға болады. Мұндай базалық тұжырым 1987 жылы БҰҰ-ның Қоршаған орта және даму жөніндегі комиссиясының «Біздің ортақ болашағымыз» баяндамасында айтылған болтын. Тұрақты дамудың мәні – мемлекеттік құрылыстың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сияқты 3 компонентінің өзара байланысты және пропорционалды дамуында.
Экономикалық қарыштап даму үлкен экологиялық шығындарға әкеп соғатынын пайымдай отырып, әлемнің ірі экономикасы тұрақты даму тұжырымдамасын жүзеге асыруға және «жасыл» экономиканы дамудың нағыз тиімді үлгісі етуге тырысады. Егер әлемдегі экономикасы дамыған елдермен бір қатарда тұруды мақсат еткен болса, Қазастан да осы бағытқа қарай ұмтылуы тиіс.
«Жасыл Қазақстан» жобасында осыны негізге алған бірнеше бағыттар бар. Мысалы, су үнемдеу технологиялары ауылшаруашылығындағы су ресурстарының өнімділігін арттыру.
Қазақстанда «жасыл» экономиканың даму болашағы зор. Есеп бойынша, 2050 жылға қарай «жасыл» экономикаға көшу ЖІӨ-ні 3%-ға ұлғайтады. Экологиялық реформалардың арқасында, жарты миллионға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласының жаңа салалары пайда болады, ал өмір сүру сапасы артады деп күтілуде.
Бұған дейін де елімізде «Жасыл» технологиялар ауылшаруашылығында да, бизнес ортада да қолданылып келеді. Қазақстанда экологиялық критерийлерге толық жауап беретін 2 жоба іске асырылды.
Мысалы шағын ғана Арнасай ауылында 2015 жылы Астанадан 30 шақырым жерде «жасыл» технологиялар орталығы ашылды. Онда органикалық егіншілік, ресурс үнемдеу саласында 35 инновациялық жоба әзірленуде. Ауылда 168 үй тамшылатып суару қолданылады, 5 үйде пиролизді пеш орнатылды. Арнасайда жыл бойғы жылыжай жұмыс істейді, онда әр түрлі жылу көздері араласады. Жазда ауылда балалар шатырлы лагері жұмыс істеді. Шатырлар күн батареяларымен жарықтандырылды.
Нұр-Сұлтанда салынған Talan Towers Қазақстандағы тұңғыш «жасыл» бизнес орталығы LEED халықаралық сертификатын алды. Оны салу кезінде пайдаланылған» «жасыл технологиялардың» көпшілігі Қазақстанда алғаш рет енгізілді. Talan Towers-те энергия тиімді лифтілер, арнайы энергия үнемдейтін шыны, күн батареялары қолданылады. Жаңбыр суын қайта пайдалану, электромобильдерге арналған зарядтау станциялары, шешінетін бөлмелер және велосипедшілерге арналған арнайы орындар қарастырылған. Бұл – елордада «Жасыл» шатыр технологиясы қолданылған бірінші ғимарат. Жылдың суық мезгілінде шатыр ғимараттың ішінде жылуды, ал жылы мезгілде керісінше қоңыр салқын ауаны сақтайды.
Көріп тұрғаныңыздай, «Жасыл Қазақстан» жобасы тек еліміздің экологиялық жағдайы мен табиғи ресурстарын ғана сақтап қалмай, ғаламдық проблемаларды шешуге үлес қосу үшін де өте пайдалы. Қазіргі таңда адамзат саны өсіп, түрлі қалалар табиғи ортаны ластап жатқанын, бей-берекет су ресурстарын жарамсыз етіп жатқанын білеміз. Жасыл экономика – осы тұрғыда болашақ ұрпаққа қалдыруға тиіс мұрамызды барынша таза ұстауға мүмкіндік береді.