Табыс салығына мөлшерлеме енгізілді

Табыс салығына мөлшерлеме енгізілді

Корпоративтік табыс салығы (КТС) Қазақстан бюджетінің негізгі кіріс көзінің бірі болып қала береді. Жаңа Салық кодексі аясында бұл салықты есептеу мен төлеу тәртібіне маңызды өзгерістер енбек. Атап айтқанда, экономиканың жекелеген салаларының ерекшелігін ескере отырып, сараланған мөлшерлемелер қарастырылған. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаментінің Камералдық бақылау басқармасы камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Данияр Талғат осылай деп мәлімдеді.   

Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі салық салынатын табыстың 20%-ы деңгейінде қалды. Алайда кейбір қызмет түріне басқа мөлшерлеме белгіленген. Мысалы, банк қызметі (бизнеске несие беруді қоспағанда) мен құмар ойыны бизнесінің мөлшерлемесі 25% деңгейінде болмақ. Әлеуметтік сала, соның ішінде білім беру мен медицина саласы үшін 2026 жылы – 5%,  2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10% төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған.

Аграрлық секторға ерекше назар аударылған. Ауылшаруашылығын қолдау мен дамыту мақсатында ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер үшін КТС мөлшерлемесі 3% деңгейіне дейін төмендетіліп, ауылшаруашылығы кооперативтері үшін бұл көрсеткіш 6% болып белгіленді. Бұл қадам елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын осы саланың өсіп-өнуін ынталандыруға бағытталып отыр.

Сонымен қатар, корпоративтік табыс салығы бөлімінің құрылымы өзгертілді, бұл әрбір нақты қызмет түрі мен шегерімдер бойынша тиісті нормаларды қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ тұрақты мекеме арқылы немесе ел ішіндегі көздерден табыс алатын бейрезиденттер салық төлейтіндер қатарында қалады. Бұрынғыша мемлекеттік мекемелер КТС төлеушілер қатарына кірмейді, мемлекеттік орта білім беру ұйымдары бұл санаттан алынып тасталды.

«Жаңа салық салу жүйесі жекелеген салалардың ерекшелігін ескереді. Әлеуметтік маңызы бар және ауылшаруашылығы өндірісі салалары үшін төмендетілген мөлшерлемелер, ал жоғары табысты қызмет түрлері үшін жоғары мөлшерлемелер енгізіліп отыр», – деп атап өтті Данияр Талғат.

Қызметкерлерінің басым бөлігін мүгедектігі бар адамдар құрайтын ұйымдар корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша жеңілдіктерге ие болады. «Егер мүгедектігі бар қызметкерлер саны 10 адамнан асса, ұйым корпоративтік табыс салығын төлеуден толық босатылады», – деп мәлімдеді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Камералдық бақылау басқармасы камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Данияр Талғат Өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Ұйымды мүгедектігі бар адамдардың ұйымы деп тану үшін қажетті шарт:  

- мүгедектігі бар қызметкерлердің орташа жылдық саны жалпы қызметкерлер санының кемінде 51%-ын құрауы керек;

- оларға төленетін еңбекақы шығыны жалпы еңбек шығынының кемінде 51%-ын құрауы тиіс;

- табыстың кемінде 90 пайызы солардың араласуымен тауар сатып, қызмет сатудан түсуі керек. 

Сондай-ақ, бұл табыс ұйымның өз қызметіне бағытталуы қажет және мүгедектігі бар қызметкерлер басқа осындай типтегі ұйымдармен бір мезгілде еңбек қатынасында болмауы тиіс.

Мұндай ұйымдарға екі деңгейлі салық жеңілдігі көзделген:

- егер штаттағы мүгедектігі бар қызметкерлер саны 3-тен 10 адамға дейін болса, есептелген КТС сомасы 50%-ға азайтылады;

- ал егер қызметкерлер саны 10 адамнан асса, КТС толықтай жойылады.

Мемлекет осылайша мүгедектігі бар адамдар үшін тұрақты жұмыс орындарын құруға жағдай жасап, оларды белсенді тұрде жұмысқа   тартуға ынталандырып отыр.

Мұндай іс-шаралар салықтық жүктемені азайтып қана қоймай, сонымен қатар жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға да сеп болады. Инклюзивті кәсіпорындардың құрылуы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлеуметтік бағыттағы бизнес-орта да қалыптастырады. Мұндай ортада ұйымдар мемлекеттік қолдауға ие болып, мүгедектігі бар адамдар кәсіби тұрғыда өзін-өзі шыңдауға қосымша мүмкіндік алады, – деп атап өтті Данияр Талғат.

Г.ТҰРСЫНҚОЖА,

Алматы қаласы

 

04.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17382
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17226
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32408
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30996
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34648