Талибанның көзірі

Талибанның көзірі

«Аппас көшсе,  Жаппас қонады...»

АҚШ әскерлері Ауғанстаннан шегініп шыққалы «Талибан-Қытай қатынастары» халықаралық сарапшылардың назарын аударған өзекті тақырыптардың біріне айналып шыға келді. Талибанды бір кездері «лаңкестік ұйым» ретінде таныған Қытай, Ауған мәселесін біржолата шешу жолында талибандарды да келіссөз үстеліне шақырудың маңыздылығын түсінген еді. 2016 жылы 18-22 шілде  аралығында Катардағы Талибан өкілдігінің басшысы Аббас Станакзай бастаған шағын топ, Қытайдың ресми түрде шақыруымен Бейжіңге барды. Ашық ақпарат көздерінде хабарлануынша Талибан өкілдері бұдан кейін 3 мәрте Қытайға ресми сапар жасаған. Осылайша Қытай тарапы «Лаңкестік ұйым» ретінде таныған Талибандарды басқа қырынан бағалай бастады. Бұл тақырыпқа назар аударған адам, екі жақтың да өз есептері бар екендігін бірден аңғарар еді. Бұл жерде 40 жыл бойы соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстанның айырықша стратегиялық маңызынан гөрі Қытайдың «бас ауруына» айналған «Шығыс Түркістан қозғалысының»  шекара сыртында күшеюіне тосқауыл қою мақсаты бар болатын. 

Ұйғырлардың тәуелсіздік алуын көздейтін «Шығыс Түркістан қозғалысы» 2000 жылдары Ауғанстанда қайта құрылды, әрі оны Талибан және Аль-Кайда ұйымдары қолдады» – деген дерек бар. Сол кезден бастап Қытайда террорлық ұйым ретінде бағаланды. 2001 жылғы «11 қыркүйек оқиғасынан» кейін, бүкіл әлем «Терроризммен күрес адамзаттың ортақ күресі» атты ұранды ортаға тастаған тұста Қытай тарапы «Шығыс Түркістан қозғалысын» әлем елдері алдында, террористік ұйым ретінде бағалауды ұсынды. АҚШ Президенті Джордж Буш 2004 жылы аталмыш қозғалысты «террористік ұйымдардың қара тізіміне» енгізді. Осыдан кейінгі 20 жылдағы өзгерістерді шағын мақаланың көлемінде тізбелеп отыру артық болары сөзсіз. Бір анығы Ауған жері халықаралық қатынастардағы мүдделер қақтығысы мен алпауыттар арасындағы өзара бәсекелестіктің сыналар майданына айналып кетті. Арада 20 жыл өткеннен кейін АҚШ бұл елден әскерлерін әкететіндігін мәлімдеді. «20 жылдық соғыс АҚШ-тың жеңілісімен аяқталды» деп баға берді халықаралық сарапшылар. Алайда Ақ үйдің саясаткерлерінің түп есептерін ешкім болжаған жоқ. Олар не үшін қыруар қаржы шығындап қайтты? Әлде өзінің басты қарсыластары Ресей мен Қытайға қарсы ойластырған құпия жоспарлары бар ма? Бұл сұраққа қазірге дейін де ешкім сенімді жауап айта алмайды. Ал көз алдымызда болып жатқан Талибан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың себептері бұған қарағанда айдан анық екені белгілі. Ол «Қытайдың ұлттық қауіпсіздігі үшін аяққа оралғы болатын жау күштерді» Талибан арқылы ауыздықтау болса, Талибан үшін өздеріне саяси және экономикалық жақтан көмектесуге ниетті болып отырған Қытайды барынша пайдаланып қалу, стратегиялық маңызды мәселеге айналып шыға келді. 

Талибан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасына назар аударған сарапшылардың пікірлері осы екі түйінмен қоса Орталық Азиядағы Қытай беделі, АҚШ ықпалын әлсірету, Үнді-Қытай қатынастарындағы жеңімпаздың анықталуы қатарлы көптеген болжамдарға тоқайласа береді. Осының ішіндегі «Ұйғыр мәселесі» халықаралық қоғам назарындағы нәзік тақырыптардың бірі. Себебі АҚШ үкіметі 2004 жылы террорлық ұйымдардың тізіміне енгізген «Шығыс Түркістан қозғалысын» 2020 жылы «қара тізімнен» шығарып тастаған еді. Ал бұл мәселеде айтқанынан қайта қоймаған мемлекеттер үшін «Шығыс Түркістан қозғалысы» тақырыбы дипломатиялық қатынастарында «үстел астынан» көрсетілетін көзірге айналды. Ашығын айтқанда Қытай инвестициясы салынған елдер «Шығыс Түркістан Республикасы» деген сөзден бас тартып, оның кез келген мүшесі сол елдің аумағында көзге түсер болса, Қытайға экстрадициялауы тиіс. Бұл соңғы кезге дейін Орта Азия елдерінде арагідік кездесіп қалған болса, Қытаймен жақындаса бастаған Талибандар да осы тәжірибені қолданатындығын білдірді.

 

Ауғанстандағы ұйғыр босқындары

Талибан Кабулға бақылау жүргізе бастаған тұста бұл елдегі этникалық азшылық есептелетін өзбек, қырғыз, тәжік, хазар, қазақтармен қоса, Ауғанстанның әр аймағында жүрген ұйғырлар да қара бастарына қатер төніп келе жатқандығын айтып жан-жақтан көмек сұрай бастаған еді. Өкінішке орай халықаралық қауымдастықтан Ауғанстанда тұрып жатқан ұйғырларға арнайы көмек беру жағы қарастырылған жоқ. Тек ақпарат көздерінде жарияланған бірнеше мақалалар жұрт назарын Ауған жерінде босқын болып жүрген ұйғырлардың тағдырына  назар аударғандай болды. 

«BBC» агенттігінің тілшісі Джоэл Гюнтер (Joel Gunter) 2021 жылы 31 тамызда «Ауғанстандағы шиеленіс: Талибандардан қауіптеніп жүрген ұйғырлар енді Қытайдан қорқып отыр» атты мақала жариялады. Автор бұл жазбасында Мазари-Шариф қаласында тұратын ұйғырлардың жағдайын айта келіп, олардың «Талибандар бізді ұстап алып, Қытайға қайтарып жібере ме?» – деп алаңдап отырғандығын жазды. Джоэл Гюнтер сөз арасында зерттеушілердің пікірлерін де қыстыра кетіпті. Соның бірі Джорж Вашингтон университетінің профессоры, «Ұйғырларға соғыс» атты зерттеудің авторы Шон Робертс: «Олар көптеген мемлекеттердің Ауғанстандағы отандастарын, қандастарын әкетіп жатқандығын көріп отыр. Мысалы қазақтар, қырғыздар... Алайда ұйғырларға ешкім жанашырлық танытқан жоқ» депті. Мақала авторы қазіргі таңда Ауғанстан аумағында 2000-нан астам ұйғырдың өмір сүріп жатқандығын айтады. Олардың көбі Қытайдан шекара асып келгендер болып, қолдарындағы құжаттарында ұлтының ұйғыр екендігі, кейбіреуінде «Қытай босқыны» деген анықтамалары бар екен. Жергілікті ұйғырларды Талибандар олардың қолдарындағы осы анықтамаларға қарап, Қытайға кері қайтарып жіберсе, өмірлерінің тіпті де қиындайтындығын ойлап, қорқып отырғандығын айтқан.

«Халықаралық қауымдастықтан ешкім көмек қолын созбады» деп отырған ұйғырларға жақында ғана әлдебір қанішер көмектің керін келтірді. 8 қазан күні Ауғанстанның солтүстік шығысында орналасқан Құндыз қаласындағы Сейт Абад мешітінде жұма намазы кезінде әлдебір лаңкес мешіт ішінде өзін жарып жіберген. Салдарынан  80-ге тарта адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Бұл мешіт Шит бағытындағы хазар мұсылмандарына тиесілі мешіт болып, осы күнгі жұма намазына 300-ден артық адам жиналған екен. Терактіні «Ислам мемлекетінің Хорасан жасақтары» өз мойнына алған. Олар әлеуметтік желіге жариялаған ақпаратында: «Жарылысты ұйғыр жігіті жасады, оның мақсаты Талибанның Ауғанстандағы ұйғырларды Қытайға экстрадициялауына қарсы жауабы» екендігін айтқан. Бұл қанды оқиға халықаралық қауымдастықтың қатаң наразылығын туғызды. Ауғанстандағы хазар ұлты этникалық азшылық ретінде әрі шит бағытында болғандықтан пуштундар жағынан қақпайлауға жиі ұшырайды. Кезекті лаңкестік әрекеттің нысанасы да осы халық болды. Ал қанішерлер болса, Талибаннан ұйғырлар тағдырына осылай «араша» сұрады. Талибан бұл оқиғаға қарсы жалғатсы тексерулер жүргізіп, «Ислам мемлекеті Хорасан жасақтары ұйымының» лаңкестеріне қарсы күрес жасайтынын мәлімдеді. 

Бұл қанды оқиға кезінде ұйғыр атауы тілге алынғанымен, Талибан тарапы қазірше Ауғанстандағы ұйғырлар туралы ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Ал Қытай сайттары болса тек қана «терактіні ISKP ұйымы жасағандығын мәлімдеді» дегеннен арыға барған жоқ. 

 

Талибанның есебі

Талибан мен Қытайды байланыстыруы мүмкін делінген келесі бір мәселе Ауған жеріндегі бағалы кендерді Қытай кәсіпорындарының игеруі туралы болып отыр. Ауғанстан жері стратегиялық жақтан маңызды аймақта орналасумен қоса бұл жерде мыс, алтын, мұнай, табиғи газ, уран, боксит, көмір, темір кені, сирек металдар, литий, хром, қорғасын, мырыш, асыл тастар, тальк, күкірт қатарлы бағалы кендердің мол қоры бар. 2010 жылдары Ауғанстан Кен және мұнай   министрлігі «Ауғанстандағы мұнай кеніштері мен пайдалы қазбалар қорының жалпы құны 1 триллион доллардан асады» деген мәлімет таратқан болатын. Алайда осынау мол байлықты лайықты игере алмау және елдегі жемқорлықтың кесірінен Ауғанстан «алтынның үстінде отырған кедей мемлекет» ретінде өмір сүріп еді. Бұл ел билігін қолына алып жатқан Талибан үшін аса маңызды қаржы көзі болмақ. Сондықтан қазба байлықтарды бірлесіп игеру ақшаға қатты зәру болып отырған Талибандарға да, «өнеркәсіптік металдар мен минералдардың әлемдегі негізгі сатып алушысы» Қытайға да тиімді екені даусыз. Бұл маңызды қадам үшін талибандар Қытайдың өтініштерін де жерде қалдырмауы бек мүмкін... 

Биыл шілде айында Қытай Сыртқы істер министрі Ван И «Талибан қозғалысы» жетекшісінің орынбасары Мулла Абдул Ғани Барадармен кездесуінде Талибан мен «Шығыс Түркістан қозғалысы» «толықтай есеп айырысады» деп үміттенетінін әрі Талибанның «оң имидж қалыптастырады әрі инклюзивті саясат жүргізеді» деп сенетіндігін білдірді. Бұған жауап ретінде Барадар Талибан ешқашан Қытайға қауіп төндіретін ешбір ұйымның Ауғанстан аумағын пайдалануға рұқсат бермейтіндігін айтты. Сондықтан «Қытайдың бас ауруы – Шығыс Түркістан қозғалысы» ендігі жерде Талибандар үшін көзір іспетті. Керек кезінде «лаңкес ұйғырларды» бір-бірден ұстап беруіне немесе Талибанның бақылауынан шығып кеткен күштердің қолымен от көсеуіне де жетіп жатыр...

Алайда екі ортада жоғарыдағыдай жазықсыз жандар зардап шегері даусыз. Талибан билігін халықаралық қауымдастық жаппай мойындай қоймаса да, Қытай ендігі жерде Ауғанстан үшін маңызды серіктеске айналатындығына күмән жоқ. Бұл жерде Бейжіңнің «Бір белдеу, бір жол стратегиясы» алға шығады дейді сарапшылар. Ал ендігі жердегі Ауғанстан жеріндегі басты ойыншылардың қатарына қосылғалы тұрған Қытай, Түркия, Ресей арасында қандай майдан ашылатындығы алдағы күннің еншісінде болмақ.

 

Ерқазы Сейтқали
14.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 222
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 217
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 723
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 846
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 759

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8914
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8308
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11535
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9292
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10520