Ұлыстың ұлы күніндегі басқосу әуелі «Төрткүл» керуен сарайынан басталды. Мұнда қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, жұртшылық мол дастарханнан дәм татты. Сахна төрінде концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл жерден керуен шаһар көшелерін жаяулатып жолға шығып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ал, «Көне-Тараз» этномәдени орталығына жиналғандардың қарасы өте көп. Театрландырылған көрініс ұсынылып, әсем ән мен ұлттық биден шашу шашылды. Елдің бас алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды мерекемен құттықтады. Мекемелер, басқармалар, оқу орындары ақшаңқан үйлер тігіп, әр ауыл маңында түрлі спорттық ойындар ойнатылды.
Бүгін тек орталықта емес мөлтек аудандарда, шаһардан шалғай орналасқан аумақтық округтерде халықтың өз ұсыныстары бойынша көрші-қолаң наурыз мерекесін тойлауда.
Жаңару мен жақсылықтың күнінде «Талас» мөлтек ауданы тұрғындары ақ дастархан жайып, құран бағыштап, ел тыныштығын тіледі. Бірлігі жарасқан жұртшылыққа арнайы облыс әкімі келіп, құттықтап, тұрғындардың ұйымдастырған наурыз тартуын тамашалады.
«Шөлдала», «Құмшағал», 28 саяжай, «Көлтоған», «Қазарма» елді мекен тұрғындары да салт-жоралғыларды жаңғыртып, ауылдастар жеті дәмнен жасалған наурыз көжеден дәм татты.
Ал, орталық «Ауыл береке» базары маңында яғни, №3 округте көпшілік құрметіне белгілі өнер жұлдызы Мадина Садуақасова ән шырқады. Жұртшылық бір билеп, серігіп қалды.
Биылғы наурыздың тағы бір маңыздылығы қай жерге бармасаң да ата-баба дәстүрі жаңғырып, құмай тазылар мен бүркіттер алаңға шығарылып, көрмелер ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық ойындар кең көлемде ұйымдастырылды.
Қаланың барлық аймақтарында арқан тартыс, кір тасын көтеру, тоғызұмалақ, күш сынасу, қой көтеру сынды спорттық жарыстар өтуде.
Күн-райына қарамастан, Тараздағы бұл көрініс халықтың екі жыл карантин салдарынан аталмай қалған мерекеге деген сағыныш, ұлыстың ұлы күніне деген ұлы қошемет жатыр.