Теректідегі толайым істер

Теректідегі толайым істер

 

Бұл сапар барысында Теректі аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айнұр Лұқпанова жол бастап, Сәуле Мешітбайқызына аудандағы кәсіп иелерінің тірлігі мен ауылдардағы өркениетті істерді таныстырды. Жалпы аудан бойынша 1700-ден астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Алдымен Теректі ауданының орталығы – Федоровка ауылдық округінде болып, алты мыңдай халқы бар округтің тынысынан хабардар болдық. Ауылдық округ әкімі Әсет Аубакиров елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. – Ауылда әмбебап спорт алаңы салынды. Екі жылдың ішінде округ ішінде 7 шақырым жолға асфальт төселіп, жөнделді. Биыл алты көшенің жолдары жөнделіп, тағы жеті көшенің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жалпы аудан орталығында 40 көше бар. Бүгінгі таңда жолға асфальт төсеу жұмыстарының 45 пайызы орындалды. Округтегі төрт ауылдың үшеуі көгілдір отынмен қамтылды, – деді әкім Әсет Сәбитұлы.

Аудан орталығында 12 ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Ауыл тұрғындары көбінесе егін және мал шаруашылығымен айналысады. Жайылым жер де жеткілікті, әсіресе жусан көп өседі. Жастар мәселесін қозғағанымызда округ әкімі олардың көпшілігі сатып алу-сату бизнесімен айналысатынын жеткізді. Жас буын негізінен жақсы жалақысы бар жұмыс іздейтінін жасырмады. Ерекше атап өтер жайт – арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасылар санының азайып жатқаны. Бұған мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар септігін тигізген. Бірқатарын жергілікті әкімдік жұмысқа орналастырған. Енді біразы өздері жұмыс тауып, отбасын асырауға көшкен.

            Әкім кеңседен шығып, ауылды аралатып, құрылысы жүріп жатқан нысандарды көрсетті. Аудан орталығында салынып жатқан екі бірдей үш қабатты үйді әлеуметтік санаттағы тұрғындарға жалға беру көзделуде. Округтегі ең күрделі мәселе – жұмыс жасап тұрған емхана ғимараты ескірген, оның үстіне бұл нысан денсаулық сақтау мекемесіне лайықталмапты. Емхана – тұрғындар үшін ең қажетті әлеуметтік мекеме екені белгілі. Сондықтан орталықта 200 орындық емхананың құрылысы басталыпты. Жаңа ғимарат аталған мәселенің түйінін шешуге себепші болмақ.

Округте жалпы төрт мектеп жұмыс жасайды. Көп отбасы бүгінде балаларын қазақ мектебіне бере бастаған. Сол себепті орын тапшылығының салдарынан мектеп оқушылары үш ауысыммен оқытылуда. Сондықтан мектеп ғимаратына қосалқы ғимарат қажеттігі сезіледі. Әзірге жуық арадағы жоспарға енгізілмегенін, ал адам саны күн санап өсіп жатқанын ескерсек, бұл мәселені де жылы жаба салуға болмайды. Оның үстіне округке өзге аудандардан көшіп келушілер бар.

Ауыл әкімі не дейді?

Теректідегі Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов «Nur Otan» партиясының атынан сайлауға түскен. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі жеткілікті, білімді азамат өңірдегі бір ауданның орталығын екі жылдай басқарған. Сондықтан ауылдық округке әкім болу туралы ұсыныс түскенде, оны ақылға салып, ой таразысынан өткізіп барып қабылдаған. – Биыл алғашқы ауыл әкімдерінің сайлауы Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылды. Үміткерлер белгілі бір партияның атынан сайлауға түсті. Мен сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түстім. Бір айта кетерлігі, мен осы облыстың тумасы болғаныммен, бұл ауданда туып-өскен жоқпын. Сондықтан халық арасында «өз ауылымыздан шыққан азаматтар болмады ма?» деген ой-пікірлер туындады. Әрине, мен де ол ауылда әкімдікке лайықты жерлестеріміз жоқ деп ойламаймын. Дейтұрғанмен, сол халықтың қолдауымен басым дауысқа ие болып, жеңіске жеттім, – деді бес ай бұрын сайланған Ақсуат ауылдық округінің әкімі.

Келесі ауыл әкімдерінің сайлауында халық  үшін де бұл зор тәжірибе екенін айтты. Ауыл әкімі сайлау билік пен бұқараның арасын жақындатқанына сенімді. Бір ауылдың тізгінін қолға алған Жаннұр Бекбауұлы өзінің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, тұрғындардың өтініш-тілегіне орай ауылға интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз еткен. Бұл ретте өзіне ел азаматтары да қолдау көрсеткенін жеткізді. Сонымен қатар малды қараусыз жіберетін иелерін де тәртіпке шақырған. Алдағы уақытта да жергілікті халықтың сенімінен шығып, келер жылға жоспарланған жұмыстарын іске асыруға күш салмақ. Айтуынша, құрамына үш елді мекен кіретін Ақсуат ауылдық округінде 3 мың халық қоныстанған. Ауылда Мәдениет үйі, 11 жылдық екі мектеп пен бастауыш екі мектеп, екі балабақша, күнбағыс майы өндірілетін кәсіпорын, мұнай өңдейтін зауыт, жылыжай бар. Сөз арасында әкім баспасөз туралы да ойымен бөлісіп, газет-журнал – рухани азық екенін тілге тиек етті.

Корпоративке біріккен тұрғындар

            Өзара кооператив құрып, шаруаларын жайластыруды көздеген тұрғындар Теректінің ауылдарында да аз емес екен. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, биыл қазан айында Павлодар облысынан ауданға 129 бас симментал тұқымды ірі қара малы әкелінген. Қайтарымсыз несие алу үшін жұмыссыз азаматтар әкімшілік тарапынан ұйымдастырылған оқыту курстарына қатысып, оларға әрқайсысына 583 мың теңгеден ақша бөлінген. Нәтижесінде Павлодар облысынан тасымалданған ірі қара малы АӨК арқылы сол қаражатқа сатып алыныпты.

Біз алдымен арнайы бұрылған Ақжайық ауылдық округіндегі «Масқар» ауылшаруашылық өндірістік корпоративіне сол 129 бастың 30-ы бұйырған екен. Корпоративтің құрылтайшысы – Абат Нұрғалиев, ал басшысы Айбек Борисов ауылда болмағандықтан, онымен жүздесудің сәті түспеді. 2017 жылы өз жұмысын бастаған кооперативтің құрамында 23 адам бар екен. Барлығы да – ауыл тұрғындары. – Мал шаруашылығын қолға алып, оларды асылдандыру мақсатында жұмыстанудамыз. Келген малды жем-шөбімен, азығымен бірге иелеріне таратып береміз. Грант алу үшін барлық жұмыстар корпоратив арқылы жасалды. Мемлекеттен берілетін демеуқаржы малдың бағымына жұмсалады. Сонымен бірге ауылдың жеке малдарын бағуды ұйымдастырдық. Малшы өзімізден, жалпы 200-дей малды бағып отыр. Ай сайынғы бақташының төлемақысын тұрғындар төлейді. Корпоративтің құрамындағы адамдарға мың теңгеден бақтыртамыз. Үстіндегі 500 теңгесін АӨК төлейді. Малшының аты, оның жем-шөбі бар, қосымша субсидиядан түскен айлығын беріп отырамыз, – деді корпоратив құрылтайшысы А.Нұрғалиев. АӨК-де ірі қарамен бірге жылқы, үй құстары бар екен.

            Теректіде жалпы 38 ауыл шаруашылығы корпоративі тіркелген, соның ішінде 32-сі белсенді жұмыс жасауда.   

Рухани жүздесу

Теректі сапары кезінде ел анасы Сәуле Мешітбайқызы қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева білім алған Ақжайық орта мектебінде болып, ұстаздармен және оқушылармен кездесті. Қаламы қарымды журналист Сәуле апай өзінің де ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарғанын айтты. Өзінің шығармашылық жолы, журналистика саласына келуі, тіл мәселесі жайлы айтты. Қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйіне, «Qazaqstan dauiri» газетінің және «Мөлдір бұлақ» журналының тарихына тоқталды. Өз кезегінде мектеп мұғалімдері газетпен танысып, ондағы «Білім шырағы» айдарында құнды дүниелер жазылғанын атап өтті. Алыстан келген мейман мектеп директоры Шолпан Бижанқызымен бірге білім ордасындағы Ақұштап ақынның кабинетін, мұражайды аралады.

Осылайша Теректі ауданындағы біркүндік іссапарымыз да өз мәресіне жетті. Жалпы 15 ауылдық округтен тұратын Теректі ауданында атқарылған шаруалар аз емес. Бұрынғы әкім Арман Өтеғұловтың кезінде бұл аймақта көптеген игілікті істердің атқарылуына мұрындық болыпты. Ауылдан түлеп ұшқан азаматтар өз туған жерінен кәсіп ашып, қызмет етеді. Мұның өзі – көңіл қуантарлық жағдай.

Жалпы осы сапарлар барысында орысша елді мекен атаулары көптеп кездескені қынжылтты. Дейтұрғанмен, оларды тәуелсіз елдің тынысымен үндестіру, тарихи атаулар беру жұмыстары жүргізіліп жатқаны да белгілі болды. Мысалы, Теректі ауданының орталығы, жасыл желекті Федоровка ауылдық округінің атауын «Теректі» деп қазақшалау мақсатында жұмыстар басталып кеткен. Ауылдық мәслихатта, облыстық ономастикалық комиссияда қаралып, оң шешімін тапқан бұл бастама облыстық мәслихатта қаралым кезегін күтуде. Еліміздегі жалпыхалықтық санаққа байланысты бұл іс кешеуілдеп қалыпты. Осы ауылдық округтегі Донецк ауылына 2019 жылы «Тақсай» ханшайымының құрметіне соның есімі берілген. Жергілікті басшылар да өз наздарын айтып қалды. «Бізден мемлекеттік тілге көшуімізді талап етеді. Алайда ағылшынша атаулардан әлі де құтылар емеспіз» дейді олар. Бұл сөздерінің де жаны бар.

Ләззат Қажымова, Батыс Қазақстан облысы
16.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 44
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 575
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 689
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 604
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 613

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8750
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8150
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11379
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9133
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10364