Тарихы мен шығу тегі
Қазіргі төбет – бүкіл қазақ халқы бастан кешкен дәуірлердің куәгері болған асыл тұқымның шынайы ұрпағы. Алматы облысындағы тасқа қашалған ит суреттеріне негізделген деректерге сүйенсек, бұл иттердің осы өлкеде 4 мың жылдан астам уақытта өмір сүргенін топшылап білуге болады. Төбет иттері – қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келген ерекше ұлттық тұқымы. Бұл иттер тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағында танымал болған.
Көшпенді дәуір кезіндегі көштің көркі – байыптылық пен қырағылық таныта білген төбеттер. Көш тоқтаған мезетте қырат басынан табылатын алапат күш иесі салқынқандылықпен өз міндетін атқаратын. Көшпенділер дәстүрі тоқтап, ұмытыла бастағанда табиғаттың бірегей туындысы төбет те тарих тереңіне, уақыт тұманына кіріп адасқандай күй кешті. Адамдардың қат-қабат тағдырымен төбеттің аңызға бергісіз тарихының осындай байланысы бар еді.
Сыртқы ерекшеліктері
Төбет иттерінің денесі мықты, бұлшық етті, терісі қалың, жүні ұзын әрі түбіт тектес және қылшықты. Олар ірі, салмағы 50-ден 60 келіге дейін, биіктігі 70-80 см-ге жетуі мүмкін. Төбеттің басы үлкен, төбелері доғал, тұмсығы ұзынша, құлақтары шағын үйлесімді, ал көздері ақылды әрі сергек көрінеді, құйрығы оралған қалың жүнді. Қазақы төбет мүсінінің күштілігімен таңғалдырады. Бір көргеннен кейін сіз оның қайталанбас тұлғасын ұмыта алмайсыз. Иттің жаратылыс ерекшелігіне орай температуралық өзгерістерге бейімділігі бар. Төбеттер түсі жағынан аса алуан түрлі бола бермейді. Олар қара, қоңыр, сұр, сарғыш қызыл және теңбілдене ерекшеленуі де мүмкін. Көбіне итке көз астында ақтаңдақ пен көз айналасында көзілдірік тәрізді белгілер тән. Мұндай иттерді қазақтар «төрткөз ит» деп атап, оны түркі дәуіріндегі діни ұғым-нанымдармен байланыстырады. Ала, теңбіл, ақ түсті иттер сирек кездеседі.
Мінезі мен қабілеттері
Төбеттер ақылды, батыл әрі адал келеді. Олар күш-қуаты мен адалдығы, иесіне деген беріктігімен ерекшеленеді. Жыртқыштармен күресте төбеттердің ерлігі ерекше көрінеді. Сонымен қатар, олар балажан әрі басқа үй жануарларымен де жақсы тіл табысады. Халқымыз төбетті жеті қазынаның бірі ретінде бағалап, дала көшпенділерінің құндылығы ретінде тіл-көзден сақтауға тырысқан. Төбет – адам қабағын баққан жай серік немесе айбат берер көрік, ұлтқа тән ортаның көрсеткіші емес, сайын даланың ғасырлар көшімен жалғасқан тұтас өркениетін қорғау міндетін мойнына жүктеген метафизикалық күш, кие. Төбе иті – алысты шалған қырағы күзетші. «Төбет» атауының шығуы да осыған байланысты болар, сірә? Төрт түлік – көшпенділердің басты байлығы. Бұл байлыққа көз тіккен басты жау – дала тағылары, қасқырлар. Айтпай келетін апат – қасқырларға қайыспай, қаймықпай қарсы тұратын тосқауыл тек табиғатынан осы қасиетке ие төбеттер ғана еді.
Қазіргі жағдайы
Бүгінгі күнде қазақы төбет – сирек кездесетін құбылыс, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған тұқым. Қазақстанда таза қанды төбеттер аз қалды және төбет тұқымына қауіп төніп тұр десе де болады. Әлемде де асылтұқымды төбеттердің саны азайып бара жатыр. Бұл урбанизация, мал шаруашылығының қысқаруы және басқа да факторларға байланысты. Сондықтан төбеттерді сақтау үшін арнайы бағдарлама жасау қажет. Әлі де болса осы көнекөз әрі біртума тұқымның қайта оралту мүмкіндіктерін қарастыру керек. Ертеде қазақ малшылары төбеттерді тамақтандыратын ағаш итаяқтарды жасатқанда ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптатады екен. Бұл төбет иттің тағам иісі мен қасқырдың иісін де қатар алып, өз қасиетін ұштай түсуіне баулиды. Бүгінгі күнде қазақстандық малшылардың миллиондаған шығынға ұшырауының басты себептерінің бірі – малдың ит-құсқа жем болуы. Жергілікті орындарда қасқырды ату бағасын 10-нан 40 долларға дейін бағалайды. Мамандар мұнан да гөрі тиімді әдісі мықты қорғаныш төбет ит ұстау қажеттігін айтуда.
Төбетті қорғау және сақтау жолдары
1. Асылтұқымды көбейту: таза қанмен өсіріп, төбеттердің генетикалық ерекшеліктерін сақтау.
2. Ғылыми зерттеу: бұл иттердің биологиясын, генетикасын зерттеп, арнайы мәліметтер базасын құру.
3. Халықаралық деңгейде насихаттау: қазақ төбетін әлемге танытып, оны ұлттық бренд ретінде қорғау.
Төбет – тек ит емес, ол қазақ халқының мәдениеті мен тарихының бір бөлігі. Олар адалдық пен батылдықтың символы ретінде қазақ халқының мақтанышы болып қала береді. Сондықтан төбетті сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – баршамыздың міндетіміз.