Тойға да жаңашыл реформа керек

Тойға да жаңашыл  реформа  керек

Жамбылдықтардың  үндеуін қолдайық!

 

Өткен нөмірімізде (№49-50, (1525) 12 желтоқсан 2024 жыл) Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырларының елімізде той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты халыққа үндеуін жариялаған болатынбыз. Іле-шала газетіміздің басшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Елана» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызының «Әулиеаталықтардың той мәдениеті туралы үндеуі қолдауға лайық» деген кеңінен толғаған мақаласы шықты. Бұл Үндеуді қолдаушылар бірден үн қатып, хабарласты. Бүгін біз оның бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сіздер де өз пікірлеріңізді білдіріңіздер.

ҮНДЕУДІ ҚОС ҚОЛЫМДЫ КӨТЕРІП ҚОЛДАЙМЫН

«Qazaqstan dauiri» газетін («Қазақстан ZAMAN» кезінен) жаздырып алып оқитын оқырманның бірімін. Үнемі шындықты қаузайтын, тура ұстанымынан танбайтындығы ұнайды. Қай кезде де қоғамдағы түйткілді мәселелерді алдыңғылардың легінде көтеретін, кез келген саяси мәселеге немқұрайлы қарамайтындығы да ел көңілінен шығады деп білемін. Бас редактор Ертай Айғалиұлының «Редактор бағаны» атына заты сай айдар. Шағын ғана толғамда елді елеңдетіп отырған проблема қамтылады. Газеттің ұстанымы байқалады. Ал қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызының адуынды мақалалары уақыт тынысын сездіріп, келеңсіздіктерді дер шағында айтуымен құнды. Жалпы газетті ақиқатты бүкпесіз айтатыны үшін құрметтеймін. Алда келе жатқан жаңа жылда жаңашылдығымен қуанта беретініне сенемін.

Айтайын дегенім, басылымның өткен нөмірінде Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырларының елімізде той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты халыққа ҮНДЕУІ жарияланды. Оқып отырып ойға баттым. Шындығында қазақ халқы қайда бара жатыр? «Той десе қу бас домалайды» деп, нарықтың доңғалағына тапталып жатқан жоқпыз ба? 

Бұл үндеу бар қазаққа ой салары анық. Себебі қазақ тойсыз отырмайды. Той жасау керек. Бірақ адам шама-шарқына да қарауы тиіс. Қазақта «Аттыға еремін деп жаяуың таңы айырылыпты» деген мақал бар. 

Жамбылдықтардың үндеуін еліміздің бар аймағы қолдайтыны анық. Өйткені той өткізу шектен шығып барады. Дарақылық көп. Несие алып, оны төлеуге шамасы келмей жүрген отбасылар баршылық. Бұлай жалғаса берсе арты не болмақ? Бұл үндеу дер шағында жарияланып отыр. Және анау-мынау емес «Qazaqstan dauiri» газеті арқылы көтеріліп отыр. Бұл басылым үшін де үлкен мәртебе! Ұжымына да абырой!

Әсіресе Жамбылдықтардың үндеуін қолдап, дарақы қазақтың санасына ой салар мақала жазған қоғам қайраткері, публицист Сәуле Мешітбайқызына айтар алғысым шексіз! «Әулиеаталықтардың той мәдениеті туралы үндеуі қолдауға лайық!» мақаласы көп қазақтың ішіндегі сыры мен мұңын оқып алғандай тарқата жазуымен ерекшеленбек.

Иә, «той – халықтың қазынасы» десек те, шектен шыққан аста-төк той қазақтың да ыңыршағын айналдырып, мүсәпір күйге түсіруде. 

Бұдан қазақ арылуы керек. Той мәдениеті қалыптасуы керек. Мен тұрып жатқан Арқалық қаласында да дарақы тойлар көбеюде. Аузына не келсе соны сөйлейтін асабалар да жетерлік. Шыны керек, бүгінгі тойдан демалып емес, шаршап қайтасың! Қуанып емес, қуарып қайтасың! Себебі той иелеріне (көпке топырақ шашпаймын) арақ-шарапты көп құйып, у-шу қылса болды. Той жақсы өттіге саналады. Бұл қазақ ұлты үшін қасірет! Той мәдениеті қалыптаспай бәрі бекер. Сондықтан да жамбылдықтардың үндеуін қос қолымды көтеріп қолдаймын. Барша қазақты қолдауға шақырамын.

Сәлімбек Қаратай ағаларың,  Арқалық қаласынан

 

Қазақы нақышта той жасап,  ұлттық идеологияны жаңғыртайық!

Бұрын мен де республикалық, облыстық қоғам кеңесі, ардагерлер, билер, аналар мен әкелер алқасы деген қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне жолдау жасағанмын. Жамбылдықтардың Үндеуін қолдаймын. Төмендегі пікірім сол Үндеумен үндес. 

Соңғы жылдары елімізде түгелінен той-думан, шоу болып кеткені баршамызға мәлім. Ежелгі, қазақи, ұлттық салт-дәстүрімізді бұзғаны былай тұрсын, халыққа, әсіресе жастарға, олардың тәлім-тәрбиесіне кері әсерін беретін, қолайсыз жағдайлар жиілеп кеткенін көріп жүрміз. Осындай тойлардың арқасында әнші, биші жұлдызсымақтардың да дарақаланып кеткені белгілі жағдай. 

Белі қатып, кәмелет жасқа жетіп, отбасын құруға ниет қылған жастардың «үйлену» немесе «қыз ұзату» деген тойлардың өзін дарақыланбай, көп ысырапшылдыққа жол бермей, өзіміздің салт-дәстүрімізге үйлестіріп өткізген дұрыс болар еді. 

Ал, кәмелет жасына толмаған ұл-қыздардың «бесік той», «тұсаукесер той», «тіл ашар той» «сүндет той» тағысы тағы деген тойларды мүлдем доғару керек. Бұлар той емес, қазағымыздың салт-дәстүрлері, рәсімдері мен ырымдары болған. Бұрындары мұндай той қазақ даласында болмағаны белгілі. Тек қана елдің бай-болыстары жиырма, отыз бас малдарын сойып, отыз күн ойын, қырық күн тойын, бәйге, көкпар сияқты ұлттық ойын жарыстар өткізген. Осыдан «кедейдің бір тойғаны, шала байығаны» деген мәтелдің де шыққаны бар. Ал қазір бары да, жоғы да той жасап жатыр. Мысалы, мейрамханаларда арақ-шараппен, асыр салғызып, жалаңаш бишілерді билеткізіп сол кішкентай балалардың тойын өткізген қаншалықты дұрыс? 

Жасөспірімдердің қуанышын салт-дәстүрімізге сәйкес, бар рәсімін отбасы, ошақ қасында, ақ жаулықты апаларымыз бен ақсақал аталарымыз алтын сөзді ақ батасын беріп өткізген дұрыс болар. Берілген ақ бата да қабыл болып, отбасына төгілетін ырыс пен береке молынан болары сөзсіз. 

Мысалы бесік тойын алайық. Қазақта «бесіктен белі шықпай» деген нақыл сөз бар, ал біз әлі бесікке бөленбеген нәрестені Қазақтың киелі де қасиетті бесігімен қоса «шайтан үйіне» көтеріп келіп, «бесікке бөлеу» рәсімін осы мейрамханаларда өткізуіміз қаншалықты дұрыс? Сол сияқты тұсаукесер, тіл ашар, сүндет тойларды да осы «шайтан үйінде» өткізу ше? Бұл жерде айтайын дегенім, бір қолымызда арақ-шарапқа толы бокал, ал екінші қолымызбен бетті сипай салып, ары қарай ішіп-жеп, би билеп тойлап кетеміз. Ал осы жерде берілген ақ бата қаншалықты қабыл болар? Иә, баршамыздың ойымыз осы беріліп жатқан ақ баталар қабыл болсын дейміз. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген мақал бекер айтылмаған шығар. Бесікке бөлеу, тұсаукесер, сүндет той т.б. секілді қазақи рәсімдер өз отбасында, әулеттің үлкендерімен, көрші-қолаң арасында жасалып, үлкендердің ақ батасын алғанымыз дұрыс болар. Сол кезде отбасына, балаларға берілген баталар да қабыл болып, шаңырақтың берекесін арттыра түсетіні анық. 

Ал, кейінірек осы қуанышты сәттерін мейрамханада «жуамын» деген ойы болса, жақын дос-құрдастарын, құда-құдағиларын шақырып, кішігірім отырыс жасаса да болар еді. Арақ-шарап ағыл-тегіл ағылып жатқан жерге кішкентай балаларды араластырмағанымыз жөн. Қазіргі кездегі жастардың денсаулықтарының төмендігі (әскердегілердің 50%-ы), білімдерінің нашарлығы, психикалық тұрақсыздықтың артуы, тағы да сондай жағымсыз жағдайларына, осы нәресте жасынан бастап шайтан үйінде арақ-шараппен араластырып тойлап жатқанымыздың да әсері бар деп ойлаймын. 

«Қазағымызға тән киелі де қасиетті бесікті қорлап жүрген жоқпыз ба екен?» деген сұрақ мазалайды.  

Соңғы жылдары әр жаңа туылған нәрестеге нағашылар жағынан бөлек-бөлек бесік әкелуі, бесікпен қоса дүниесін ала келетіні қаншалықты дұрыс? Бұл ысырапшылдық емес пе, дәстүрге сәйкес пе? Осы жерде айта кетерім, ағам мен өзім, іні-қарындастарым барлығымыз, 9 бала бөленген ағаш бесік осы күнге дейін қара шаңырақта үйдің төбесінде (чердакта) ілулі тұр. Мұндай жағдай әр әулеттің қара шаңырағында бары белгілі. 

«Әй дейтін әже қой, дейтін қожаның» (ақсақалдар, зиялы қауым, ардагерлер) жоқтығы, осылай салт-дәстүріміздің бұзұлуына әкелді десе де болады. Бүгінде той жасау оңай емес, сол баяғы «елден қалмайық», «ұят болады» деумен, кредит те алып жүгіріп жүрген халық.Той жасамаса ұят болады деп, той жасатып алып, өздері жұмыссыз жүргендері де, кейін ажырасып жатқандары тағы бар. Ол ұят емес пе? 

«Жиған-тергенің тойға шашылсын», «Басқа той тойланбаса да балалардың тойы тойлансын», «Той – қазақтың қазынасы» деген өтірік мақалдарды да шығарып отырғандар осы той-шоудың ақынсымақ асабалары екені белгілі. 

Үйлену, қыз ұзату тойының өзін де ысырапсыз, дәстүрімізге үйлестіре отырып, уақытын да реттейтін кез келді. Қыз ұзату тойларын күндіз өткізген дұрыс. Қарағандылық бір ақ жаулықты апамыз оңтүстіктен келінді түнгі 12-00 алып кететінін білгенде: «Қай ата-ана түн ішінде өз қызына бата беріп шығарып салған? Түн ішінде дәстүр бойынша тек алып қашу ғана бар» дегені бар еді. 

Зиялы қауым ағалар, ақ жаулықты аналар, идеологияны басқарып отырған биліктегілер осы тойларды өзіміздің салт-дәстүрімізге сай қылып өткізу, той-думанды азайту туралы жастарға ақылдарын айтса дұрыс болар еді. Осы жағдайларды Үкімет басына, билікке жеткізіп, бір оңтайлы шешім шығаратын да кез келгендей. 

Жастарға кішкентайынан тәлім-тәрбиені өзіміздің қазақы нақышта, құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге үйлестіре отырып беетін, Ұлттық идеологияны жаңғыртатын мезгіл жетті деп есептеймін. 

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген нақыл бекер айтылмаған болар. 

Амантай ДОСМАХАНБЕТ

 

 

Бәріне де ой көзімен қарап, жөндеуге  болады

 

«Той дегенде немене, домалайды қу бастар» деп қазекең бекер айтпаған. Ықылым заманнан бері қазақ халқы той десе елеңдеп, тайлы-тұяғымен баратын болған. Той – бір отбасының, бір әулеттің қуанышы, шаттығы. Сәби іңгәлап  туғаннан сонау жер бесікке енгенше қазақтың тойы бітпеген.

 Бұрынғы байлар мен патшалардың тойы, әрине, ерекше салтанатты болған. Қазір де сол жалғасып    жатыр. Бүгінде адамдар қауғалап қарыз алып, өмірбақи банкке берешек болады. Ең қиыны осы. Жамбылдықтар бастама көтергенде тойды қызғанып жатқан жоқ. Ысырапшылдыққа жол бермейін дейді. Шамаңа қарап той жаса деген игі ниеттерін білдіріп жатыр. Дұрыс бастама. Қолдаймын. Бәсекелестікке берілмей, шама-шарқымызша той жасасақ, ешкім сынамайтыны анық. Тойға ағайынды, бауырды, жақын-жұрағатты шақырмасам ұят болады деп ойлайды. Себебі олар да мұны тойға шақырған. Бәрі есептеулі. Қарымта қайтару керек. Содан тойға келушілер саны көбейіп кетеді. Себебі қазекеңнің жақыны көп. 

Меніңше, қалай болғанда да жағдайға қарау керек. Қазіргі тойлардың шығындары көп. Ол үндеуде де, белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы да бәрін айтты. Енді қорытынды шығарайық. Тойға да реформа жасау керек. Онсыз болмайды. Жалпы мен жамбылдықтардың бастамасын қолдаймын. 

Мұрат САНСЫЗБАЕВ, 

ардагер

 

 

 

 

 

20.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 57
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 113
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 27
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 61
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 60
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 113
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 146
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 149
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 136
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 143
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 150
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 145

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11275
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10211
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13457
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12411
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17419