Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты 2025 жылға дейін облыста орман қорына тиесілі 110 210 гектар алқапқа 170 млн. көшет отырғызу жоспарлануда. Ал қала мен елдімекендерде 1149 га аумаққа 1 млн. 81 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 2022-2024 жылдары облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспары бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінде «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жүктелді. Ал елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау, қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.
Осы орайда Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған жұмысшы топ Отырар ауданы мен Арыс қаласына арнайы іссапармен барып, жиын өткізді. Мұндағы мақсат – аудан, қала әкімдіктерінің елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысу.
Мәжіліске Түркістан облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы және аудан, қала әкімдері, көгалдандыру жұмыстарын үйлестіру бойынша бекітілген қызметкерлері мен салаларға жауапты мамандар және кәсіпкерлер қатысты.
Жиында аудан, қала әкімдіктерінің елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, салаларға қатысты ұсыныстар мен өзекті мәселелер айтылып, келелі ойлар тыңдалды. Сондай-ақ Отырар ауданына «Жасыл белдеу» құруға жер телімдерін бөлу мәселелері қаралып, нақты шешім қабылданатыны жайлы айтылды.
– Облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланған. Бүгінгі таңда барлығы 13 629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 млн. данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елдімекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді. Орман шаруашылығы саласының заңнамаларына сәйкес, Түркістан облысында егілген мәдени екпелердің нормалық жерсіну пайызы 50 % болып бекітілді, – деді Табиғи ресурстар жән табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.
Сондай-ақ басқарма басшысы облыс аумағындағы 158 полигонда 92738 тоннаға жуық қалдық жинақталған. Оның 17 621 тоннасы қайта өңдеуге бағытталып, қайта өңдеу көлемі 19% -ды құрап, жоспар толығымен орындалғанын жеткізді.
Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Мәжілісте осы саланың болашағын талқылады. 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін, тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. 2022 жылы 6199,85 тонна тауарлы балық өндіріліп, жоспар 101,4 пайызға орындалды. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында аудан, қалаларда 2023-2025 жылдары жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, іске асыру жоспары бекітіліп, жолданды.
Балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. 2023 жылға акваөсіруге – 500,0 млн теңге, инвестициялық салымдарға 226,0 млн теңге қаралып, 1 наурыздан бастап беріледі. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ арқылы осы салаға жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта несие алуға 14 кәсіпкерден 5,4 млрд. теңгеге болжамды ұсыныстар түсті. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, саланы дамыту үшін инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, жұмысшы топ бүгіннен бастап ақпан айына дейін өңірдегі барлық аудан, қалаларды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.