Түркістан облысында 3,5 млн. 144 мың гектар орман қоры жері бар. Оның 50 %-ға жуығы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 16 200 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 32, 6 млн. дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.
– Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 %-дан аспайды. Табиғи ерекшеліктері өте ұқсас Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы жерсіну көрсеткіштерімен тең болып шықты. Ал өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады, – дейді мамандар.
Түркістан облысының аймағында құрылып жатқан «Жасыл белдеуге» «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғам (КеАҚ) мен «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» (әрі қарай-ҚазОШАОМҒЗИ) ЖШС-нің Алматы филиалы мамандарымен табиғи климаттық жағдайына талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде Түркістан облысы аумағындағы орман дақылдарының нормалық жерсіну және сақталу көрсеткіші 75 пайыздан 50 пайызға төмендетілді.
ҚазОШАОМҒЗИ мамандарының қорытындысына сәйкес, Түркістан қаласының қатаң континентальды климаты, желдің бағыттары мен соғу мерзімдері ескеріліп, қала айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеуге» егілген орман екпелерінің нормалық жерсіну және сақталу көрсеткіші (көнімділігі) 50 пайызды құрайтыны анықталып, дәлелденді.
Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. түп ағаш көшеттерін отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 13 тұқымбақта бүгінде 16,6 млн. данадан астам әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 2025 жылға дейін 60 миллионға жеткізу жоспарланған.