Газетіміздің өткен санында да түркістандық спортшылардың жетістігін бір саралап өткен болатынбыз. Қуанышқа орай, жерлес спортшыларымыздың жұлдызды сәттері әлі де жалғасын тауып отыр. Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында каратэ-до спорт түрінен қыркүйек айының 14-21 аралығында өткен «Gold World Cup» атты Әлем кубогынан каратэшілеріміз елге үлкен олжамен оралды. Қазақстан ұлттық құрамасының қатарында өнер көрсетіп, ел намысын қорғаған спортшылардың арасында Түркістан облыстық №2 ОРМБЖ спорт мектебінің асығы алшысынан түсті деп сүйіншілеуге болады. Айталық, татамиде тамаша өнер көрсеткен жерлесіміз Абен Меруерт қос бірдей алтын жүлде иеленсе, талантты саңлақ Құлажан Олжас пен Қуандық Ердос та бірінші орыннан көрінді. Келешегінен мол үміт күттіретін Маттай Диас пен Даниял Қайратұлы да жеңімпаздар қатарынан табылды. Жасұлан Бекмұрат күміс жүлдені місе тұтты. Ал болашағы жарқын Балауса Кеңес қарсыластарынан екі алтын медальді жұлып алса, ширақ қимылды спортшы қарындасымыз Мариям Алиджани бір алтын, бір күмісті қанжығасына байлады. Осылайша Мәскеу төріндегі татамиде жасындай жарқылдаған жерлестеріміз ел командасының қоржынына 11 алтын, 2 күміс медаль салып, Ресей көгінде көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті.
Иранның Тегеран қаласында өткен XVI Әлем чемпионатында бап пен бақ сынаған түркістандық спортшы Айкөз Ералхан да бір емес, үш бірдей медаль жеңіп алды. Әлемнің 12 елінен кіл мықтылар іріктеліп, «сен тұр, мен атайын» деген сайыпқыран спортшылары қатысқан додада жерлесіміз жүзден жүйрік атанып, 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Ол алтын жүлдені жарыстың алғашқы күні корей стилі бойынша өткен сайыста жеңіп алса, кассай (венгр) стиліндегі жарыста күміс жүлдегер атанды. Нәтижесінде А.Ералхан Әлемнің вице-чемпионы атанды. Айкөз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев басқаратын Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің талантты шәкірттерінің бірі саналады.
Тағы бір талантты қарындасымыз, 2004 жылы Түркістан облысы Төлеби ауданы Момынай ауылында дүниеге келген Назым Сатыбалды Венгрия елінің Будапешт қаласында спорттың кикбоксинг түрінен өткен әлем кубогының қола жүлдегері атанды. Жастар арасындағы спорттық сайыста 60 келі салмақта өнер көрсеткен спортшы қыз бұған дейін бірқатар белестерді бағындырған. Атап айтсақ, Түркістан облысының үш дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы, Венгрияда өткен әлем кубогының қола жүлдегері, спорт шеберіне үміткер. Кикбокспен айналысқанына 6 жылдан асқан. Бүгінде спортшы қыз Момынай жалпы орта мектебінде 11 сыныпта оқиды. Жаттықтырушысы Алмаз Дүйсебаев Момынай жалпы орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі. Міне, облыс орталығы немесе ірі қалада тұрып, арнайы спорт мектебінде жаттықпаса да, ауыл мектебінде оқып жүріп-ақ әлемдік додаларда топ жарып жүрген спортшыларыздың болашағынан мол үміт күтуге болады. Бұның барлығы, әрине, халықты спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстану бағытындағы жергілікті атқарушы биліктің атқарып жатқан қарқынды жұмыстардың тигізген оң ықпалы орасан екені даусыз.