Ұлт мүддесін қорғауда Жазушылар одағы авангард болуы тиіс еді...

Ұлт мүддесін  қорғауда Жазушылар одағы авангард  болуы тиіс еді...

Қазақстан ақын-жазушыларының назарына

Қазақ елінің қазіргі кезеңі сансыз қарама-қайшы ұғымдар мен көзқарастарға толы жағдайды басынан кешіп келеді. Қоғамдағы осы құбылыс бір-бірін қуалаған теңіздің толқынындай, жартас жағалауды ұрғылаған қуаттары ақкөбік шашқаннан басқа берері жоқ көріністі көзге елестетеді. Отыз екі жылда табиғи байлығы мен дарынды халқы бар қазақ елінің өз жұртының мүддесін қорғайтын дамыған, шаңырағы биік, қабырғасы берік жаңа мемлекеттің іргетасын қалай алмау себебі неде дегенге жауап бар ма? Жоқ. Ал, өзгеріс болады, «Жаңа Қазақстан орнатамыз» дегендер нақтылы ғылыми негізі бар деген идеясын көрсетіп, соңынан барша халықты ілестіре алмауының жауабы бар ма? Жоқ. Тек, қазақ елін осы күйзеліске әкелген пендешілікке (субъективизм) байланысты НӘН-нің ғана жіберген қателері дегеннен басқа, тіршіліктің даму заңдылығына байланысты негізгі кемшілік неде деген сұраққа жауап берген бірде-бір атағы жер жарып жүрген философ, саясаткер мен саясаттанушы ғалымдардың үні естілмейді. Ал, осы сұрақтарға жауап іздесек, неге көзіміз жетеді? Оның жауабын адамзаттың даму тарихындағы әлемдік қоғамдаму тәжірибесіне жүгінсек қана түсінеміз. 

 

Қоғамдық сананы руханият өкілдері ғана өзгертеді

Ал, талдаудың нәтижесі мыналарға алып келеді:

Бірінші, біздің ел өз тәуелсіздігін саяси күресте шыңдалып, саяси майданда тәжірибе жинай алмағаны белгілі. Соның салдарынан, билікке саяси күресте тәжірибесі жоқ, бұрынғы тоталитарлық бір ғана саяси партия билеу жүйесінен шыққан, ешқашан өз ұлтының мүддесі үшін күресуді ойлап көрмегендердің ие болып қалғаны аян. Ал, қазақ зиялыларының ішіндегі ұлтының келешегін ойлайтын ғалым, саясаткерлер мен қалам ұстағандар сол уақытта бас қосып, жаңа қоғамның келешегінің бағытын анықтап, жол іздеудің орнына тәуелсіздікке мас болған эйфория жетегінде кетті. Билік болса, тәуелсіз мемлекет құру мен басқарудан тәжірибесі жоқ, бұрыннан жетекке үйреніп қалғандықтан, кешегі қожасы Ресейдің қадамдарын қайталаудан аспай, ел келешегін экономикалық және саяси тәуелді бағытқа байлады. Ал, озық ойлы билік маңайында болған, ары таза ұлтының келешегін ойлайтын зиялыларды, саяси қарсыластарымен күресуде қулықтарына құрық жетпейтін билік өз маңайынан аластап, қуғындыққа ұшыратты. Соның салдарынан жұрт кедейлікке қамалып, қоғамның дамуы тығырыққа тіреліп отыр. 

Екінші, тәуелсіздігін алған халық осы бақыттың ғұмырының мәңгі болуы мен ұрпағының ешқашан бодандыққа ұшырамауын ойласа, бұрыннан қалыптасқан қоғамдық санадан ажырап, өзінің ұлттық санасын дамытып, соның негізінде жаңа қоғамдық сана қалыптастырса ғана жұртының егеменді, бай-бақуатты ел болатын ұлттық мемлекетін құра алады. Өйткені бұрынғы тоталитарлық қоғамдық санадан түбегейлі арылып, жаңа қоғамдық сана қалыптаспай, қоғам ешқашан өзгермейді. Қоғамдық сананы тек озық ойлы, ары таза ақын, жазушылар, философтар, ғалымдар, мәдениет пен өнер өкілдері және өмір тәжірибесі мол, халқына ізгілікті із қалдырған, қарапайым қалың жұрттың құрметіне бөленген дана қариялар ғана қалыптастыра алады. Қоғамдық сананы саясаткерлер, саясаттанушылар және саяси насихат деңгейі қалыптастырмайтынын әлемдегі тарихи тәжірибе көрсететіні ақиқат. Саясат әрқашан тек қоғамдық сананы өз мүддесіне пайдаланып, билікті күшпен ұстау жолын жетілдіру үшін, байлық пен атақ қуған ғалымдар мен қалам ұстағандарды ынталандырып отырады. Осы шындықты, адамзаттың дамуындағы заңдылық екенін дүниежүзі елінің қоғамдаму тәжірибесі дәлелдейді.

«Жаңа Қазақстан» болу үшін билікке келгендер халықтың қолдауына ие болуы керек еді. Қазіргі кезде билік пен халықтың арақатынасында ондай ынтымақтастық орнаған жоқ. Билік шын ниетімен халықтың келешегі мен тәуелсіздігін ойласа, «ештен кеш жақсы» деп, әлі де болса нақты саяси реформа жасап, басты шешетін мәселесі жоғарыда айтылған екі талапты шешу жолын ұстануына болады. Қоғамда жаңа қоғамдық сана қалыптастырмай, саяси насихатпен, күшпен өзгертеміз деу – әсірелік (авантюра). Оның аяғы жақсылыққа әкелмейді. Билік халықтың да төзімінің шегі болатынын ұғып, өз жұртының үнімен санасатын жолмен жүруі қажет.     

 

Одақ неге құлдырап кетті?                                                         

Халқымыздың тарихына үңілсек, тағдыры бодандықтың құрсауында болып, басынан өткен сан-қилы қиындық пен кемсіту көріп, елі мен жеріне иелік етуден айырылып, ашаршылық пен қанды қырғын қасапқа ұшыраса да өзінің болмысынан айырылмай, ұлттық құндылықтарын сақтап қалған. Кеңес дәуірінің ойлауға тұсау салған заманында халқының келешегіне жүрегі ауыратын қаламгерлер мен ғалымдар өздеріне төнетін қатерге қаймықпай қарсы тұрып, қазақтың рухы мен болмысының жоғалмауына қызмет етті. Енді, сол істі жалғастыратын, қазақ елінің келешегінің кепілі болатын, қоғам өмірінің темірқазығы – ұлттық сана негізінде, қоғамдық сана қалыптастыратын күштің ұйытқысы озық ойлы, ары таза өз халқының тағдырын пендешілік осалдыққа айырбастамайтын жігерлі ақын, жазушылар болуы қажет. Қоғамдық сана қалыптастыру оңай іс емес. Ол үшін бір мақсатқа – білім мен біліктілікті, парасаттылық пен төзімділікті, ақылға ақыл қоса алатын даналығы бар ғалымдар мен мәдениет-өнер бағытындағы ұлтына адал азаматтардың ұйысуына күш жұмсау қажет. Еліміз ондай азаматтарға кенде емес, тек жігер, ынтымақ пен бірлік керек. «Бірақ қазіргі Жазушылар Одағы осы миссияны орындауға дайын ба?» – деген сұраққа жауап бермей, аттап кетуге болмайды. Олардың ішкі ісіне араласатындай менің бұл ұйымға ешқандай қатысым жоқ. Мен өткен ғасырдың алпысыншы жылынан бері «Қазақ әдебиеті» газетінің тұрақты оқырманымын. Осы газет пен «Жұлдыз» және «Білім және Еңбек» жорналдары менің өмірдің сан алуан бояулы сырын ұғуыма, қазақтың тарихы мен рухани құндылығын бойыма сіңдіруге ықпал еткен университетім болды. Бұл баспалардың ықпалымен қазақтың қамын жеп өткен ұлтымыздың дарынды алыптарының қасіреті мен қуанышын ұғып, армандарына жетпей кеткен арыстардың қайғысына да ортақ болғандығымнан, Жазушылар Одағының кемшілігін айтуды ұйғардым. Қазақтың «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дегеніндей, менің пікірім кемшіліктердің түзелуіне игі әсерін тигізсе деген үміт қой. 

Қарапайым халықтың тіршілігі мен мұң-мұқтажына «...саясатпен айналыспаймыз, ол сайқалдық жолы...» деген сылтаумен енжарлық бағыт ұстану; Қазақтың бірлігіне зиян келтіретін рушылдық, жершілдік, тамыр-таныстық сияқты пендешілік шеңберінен шыға алмау; бауырмал-кішіпейілдік пен жағымпаздықтың арасын шатастыру; Әлем өркениетінің жетістігін қабылдауда ғылыми талдаусыз, ұлттық мәдениет пен менталитетін ескермей көшіру мен еліктеуге және өзін-өзі жарнамалауға бейімділік. Осы кемшіліктерден тазармаса, қазақ зиялылары ұлт мүддесін қорғайтын күш деңгейіне көтеріле алмай, тек бас-басына «би», «дана», «жеке батыр» болып, айтыс-тартыспен ел бірлігіне зиян әкеледі. Кемшілікті айту барлығын қаралау емес, олардың арасында ұрпақ тағылым алатын, жүрегі халқы үшін соғатын дарынды тұлғалар да бар. Олардың ат төбеліндей, аз ғана болуы өкініш тудырады. Қазақ әдебиетінің негізін қалаған Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұқтар, Ғабит, Ғабидендер құрған Жазушы Одағының Кеңес заманындағы халыққа қызмет ету деңгейінен төмендеп кетті десе, қазіргі Одақ басшылары ренжуі ықтимал. Оған ренжімесін, бұл өмір шындығы. Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде Жазушылар Одағы деңгейінің төмендеуіне қатардағы ақын-жазушылар кінәлі емес. Одақ он жылдай заманның ауысуына байланысты өзін сақтап қалу үшін күресті. Ал, одан кейінгі жиырма жылда Одақтың қайта түлеп, заман талабына сай өсу жолын таңдау болмағаны, басшыларының қоғам дамуының ерекшелігіне сәйкес жаңа заманның көшіне ілесе алмағаны болып отыр. Бұл жерде мен Нұрлан мен Ұлықбектің ақындық дарындарына шек келтіріп отырғаным жоқ, тек ащы да болса шындықты айтып, басқару мен ұйымдастырудағы кемшілігі туралы ойымды жазып отырмын. 

 

Бастама неге аяқсыз қалды?

Одақтың алғаш құрылған Кеңес заманы кезінде, оның құрылымы мен басқару жүйесі сол замандағы тоталитарлық жүйеге сай болды. Ал, қазіргі заманның талабы демократиялық қоғам құрып, соны дамыту болғандықтан, енді одақтың жаңа құрылымы мен басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, оны халықтың мүддесін қорғау мен елінің келешегіне ықпал ететін жаңа қоғамдық сана қалыптастыратын деңгейге көтеру қажет. Бұл зиялы қауымның бірлесіп, даналықпен ұйысып, өз ұлтының келешегін мәңгілікке апаратын жолдан адаспау үшін қажет. Осыдан он жылдай бұрын Алматы қаласының бір топ жазушылары Одақтың құрылымын өзгертетін ұтымды идеяларын ұсынған бастама көтерді. Кезінде, сол бастаманы орталық басқарма мүшелерінің ғылыми сараптан өткізіп, облыстармен ақылдаса отырып, одақ жұмысын жаңғыртудың қажеттігін ұққанда, одақ жұмысы көп алға жылжитыны ықтимал еді. Бастаманың үнін өшіргендер әлі орталарыңда. Жазушылар Одағын басқаратын тұлға таңдауда ашық, еркін пікір мен әділдік болуы қажет. Ол үшін кандидат пендешілікке, жікшілікке, билік ықпалына жол бермейтіндей және өзара келісілген бір топтың адамы болмауы қажет. Таңдаудың шешімі әр кандидаттың одақтың идеология бағыты, құрылымы, басқару жүйесі қандай деген сұрақтарға берген ұсыныстар деңгейі жоғары болса ғана өзгеріс болады. Егер кандидатты билік қолдайды, облыс әкімдерімен тіл табысады деген ескі жолды таңдау болса, онда одақ халық алдында қадірі, билік алдында беделі жоқ «қуыршақтың» қойылымын көретін театр деңгейінде қала береді. Жазушылар одағы халықтың мұң-мұқтажын ойлайтын, елінің, жерінің мүддесін қорғайтын қоғамдық сана қалыптастырудағы тарихи миссиясын орындау үшін көшбасшы болатын деңгейге көтерілуді мақсат ететін болса, өзгерісті өздерінен бастауы керек. Халықтың жоғын жоқтау ауыр, бірақ құрметті жол. Ол үшін терең ой, жігерлік, парасаттылық, намысшылдық, білім мен біліктілік, қайсарлық пен табандылық, ғылым мен жаңалыққа құштарлық, төзімділік пен қарапайымдылық және әділдік пен турашылдық қажет. Төле би дананың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген өсиеті әр қазақтың әнұраны болғанда ғана ар-ұят таза, елімізде әділдік болады. Ол қоғамдық санаға байланысты. Кешегі ел билеген пендешіліктің құлы Назарбаев сияқты, өз інісі мен сыбайластарын ғана ойлайтындардан Одақ та, қоғам да тазаруы қажет. Жаңа қоғамдық сана қалыптастырудың көшбасшысы болу үшін Жазушылар Одағының бағыты әдебиет шеңберінде ғана қалмай, әрқашан ойдан шығармайтын мақсаты халықтың әлеуметтік, денсаулық пен экологияға байланысты мәселелермен қатар қазақ тілінің мәртебесі мен мәдениетін дамытуы болады. Жұрттың негізгі көпшілігінің кедейліктен құтылатын әлеуметтік өзгерістер әкелетін қадамдарға белсене араласып, халықпен жұмыс істеудің қажеттілігін ойлау керек. Қалыптасқан әдетпен, жұмысты облыс әкімі кабинетінен бастамай, халықпен кездескеннен кейін әкімге кіріп, халықтың мұқтажын шешу мәселесін көтеруді үйрену қажет. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында шекара аумағындағы жабылып қалған аудандарды қайта ашу мәселесіне қарсы болып, халықтың жағдайын ойламайтын әкімнің кемшілігін айтудың орнына оны мадақтаса, халық түсіне ме? Жоқ. Егер жазушылар ел аралағанда «құрметті қонақ» болмай, халықтың мұң-мұқтажына жақын, жұртының хал-жағдайының жақсаруына іс-әрекеті әсер ететін деңгейге көтерілсе, билікке беделді, халыққа қадірлі болатыны аян.                                                                          

 

АЭС салуда, тіл мәселесінде неге үнсізбіз?

Адамдардың денсаулығы туралы айтатын болсақ, одан экология мен жер мәселесін бөлуге болмайды. Адам денсаулығы ауа, су мен азық-түліктің табиғи болуы мен сапасына тікелей байланысты болғандықтан, экологияның жағдайына мұқият көңіл бөлу өте қажет. Адамның өмір сүруі мен ұлттың келешегі өз жерінің табиғатын қорғау деңгейіне байланысты. Бізге осы заңдылықты ұғуды еске салып, санамызды оятқан, екі жылға таяу уақытта мыңдаған адамдарды арамыздан алып кеткен «пандемияның қайғылы тәжірибесі» болды. Оны ірілі-ұсақты қалалардағы ауырғандар мен ажал құшқандар санымен, ауылды жерде таза ауа, су, табиғи, химиясыз тағаммен өмір сүретін адамдардың шығын санының үлес айырмашылығы көрсетіп отыр. Біздің халқымыздың мінезіне тән бір кемшілік – өз денсаулығына әсер ететін нәрселерге енжарлығы. Бізде денсаулықты сақтау жүйесінің кемшіліктерін түзетуге белсенділік танытуды, өздері үшін осы саладағы әлемдік жетістіктерге көңіл бөлуді және емдеу орындары мен билікке талап қоюды үйренбегендіктен, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейі дүниежүзіндегі көптеген елдерден артта қалып отырғаны белгілі. Тағы бір адамның өмірі мен ұлттың тағдырына байланысты мәселеге ақын-жазушылардың көңіл бөлмейтіні өкінішті. Қазіргі биліктің алпауыт көршінің ықпалымен, ел экономикасы халықты кедейшіліктен құтқаруға қаржы таппай отырғанда, барша жұртты қымбатшылықтың қыспағына алып, АЭС салуды қолға алуының аяғы ұлттың келешегіне не әкеледі деген сұраққа, одақтың үнсіз болуын қалай түсінуге болады? АЭС салу кешегі Семей полигоны, Байқоңыр тағы басқа Ресейдің қазіргі 6 әскери полигондарының қазақ жерінің экологиясы мен халқының денсаулығына әкеліп жатқан зияндары туралы неге жұртқа ашық айтылмайды? Осы орасан зияндардың зардаптарынан айығуға ондаған жылдар, әлде ғасырлар кететін жағдайда, АЭС салуды қолдайтын, өз ұлты мен ұрпағының келешегін ойламайтындарға халық ешқашан сенбейді. Оларды билік жүйесіне әкеліп, қолдап отырғандармен бірге қызмет орындарынан кетуді барша халық талап ететін күннің тууы да мүмкін. Ел бірлігін ойлаған билік халықты ашындырмаудың жолын ұстануы қажет. Әлемдегі ғылыми тұжырым: АЭС-тың әкелетін зардабын жою уақыты он-он бес ғасырға созылатынын айтады. «Қазіргі Еуропадағы энергетика саласының тығырыққа тірелген кезінде Алманияда (немістер) өз жұртының келешегін ойлап соңғы АЭС-ын тоқтатып отырғанда, біздің ел өз елінің мүддесі емес, алпауыт көршісінің келешегіне қызмет ете ме?» деген сұрақ туады. Біздің жазушылар қауымы неге үнсіз? Семей полигонын жабуға қоғамдық ұйым құрып, өз атын әлемге таныстырып ұрандаған Олжас ағамыз және оны қолдауға бар жұртты көтерген қазақ қаламгерлері әлі оянбағаны қалай? Неге үнсіз? Бұл жалғыз менің қойып отырған сұрағым емес. Бұл экологияға әкелетін АЭС-тың зардабына ұшыраған ұрпақтың генетикалық мутацияға ұшырап, ұлтымызды айықпас қасіретке апаратын әрекетті тоқтатуды ойламайтындарға қойып отырған халықтың сұрағы мен талабы. АЭС салудың әлемдегі ешбір халыққа керегі жоқ, ол тек дүниежүзі елдерін өздерінің пайда табатын қор көзіне айналдырған аз ғана алпауыт мемлекеттерге ғана керегі аян. Жазушылар ел намысының қорғаны емес пе, осы ел тағдырына қауіп тудырып отырған мәселеге нүкте қоюға Семей полигонын жабуға жасаған батыл қадамдарын қайталауға қарсы болмайтын шығар деп ойлаймын. Ұлтымыздың келешегі мен тәуелсіздігі еліміздің барша жұртына ортақ тіл қазақ тілі болуына тікелей байланысты. Тілсіз – ұлт жоқ, ұлтсыз – мемлекет жоқ. Тіл мүддесін қорғамаған елде тәуелсіздік жоқ. Отыз екі жылда қазақ тілінің «Мемлекеттік тіл» деген мәртебесін бекітуге құлқы жоқ билік қай елдің мүддесін қорғайды? Оған кінәлі кім? Билік – саңырау, халық – енжар, зиялы қауым – мылқау, оппозицияның мақсаты – тек билікке жету. Яғни кінәлі бәріміз – өзіміз өзгеруіміз қажет! Бірге өзгерейік, тек сөзбен емес, халыққа пайдалы іспен.         

БОЛАТ ДҮЙСЕМБІ, ақын, қоғам қайраткері
04.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 39
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 103
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 32
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 39
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 46
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 38
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 99
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 103
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 297
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 291
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 913

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8985
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8380
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11605
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9363
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10589