Қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ынтымақ бар жерде береке бар. Кез келген мемлекеттің дамуының шыңында ынтымақтастық рух пен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау тұр. Бұл жерде үлкен тағылымды тәрбие мен ұлттық болмыс көрініс бермек.
Ұлттар арасындағы достық пен татулық – ел бірлігінің кепілі. Мысалы 1 мамыр мерекесі халықтар достығы мен ынтымақтастық рухына толы. Халықтар достығы қазіргі қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналды. Бізге қашанда төзімділікке негізделген адамгершілік қасиет қажет. Толеранттылық, ынтымақтастық дегеніміз – бұл басқаларға деген қарапайым төзімділік қана емес, сонымен қатар олардың жеке басы мен бостандығына деген құрмет, бұл басқа этнос, дін өкілдеріне, барлық санаттағы және кез келген жастағы адамдарға деген құрмет. Оларды бақыт, әділдік, бейбітшілік, татулық үшін күресу тілегі біріктіреді. Мемлекет – ұлттың өзі қалыптастырып, иелік етіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп отыратын ортақ үйі. Қазақтың мемлекет құрудағы мәдениетінің негізінде ұлттық бірегейлік жатыр. Ұлттық бірегейлік ұлттың болмысынан шығады. Ұлттық болмыстың ұлтқа тән ортақ белгісі – ұлттық мінез. Ата-бабаларымыздың мемлекет құрудағы және оны қорғауға ұрпақты жұмылдыру ісінде жинақталып отырған тәжірибелердің маңызын осыдан-ақ білуге болады. Абай данамыз айтып кеткендей, ұлттық мінезін жоғалтқан ұрпақ елін өркениет биігіне шығара алмайды. Себебі адам баласының рухани мүмкіндігінің өрісі білім, ғылым, өнер арқылы кеңейген дәуірде өркениет ұғымының өлшемі де өзгеріп отырмақ.
Әлемдік қоғамдастық шеңберінде мемлекетіміз «ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің қазақстандық моделімен» ерекшеленеді. Ұлт саясатындағы қазақстандық модельдің іргетасы бірнеше факторға табан тірейді және ол отандық дара құндылық болып қалыптасты.
Мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Отанымызда тұрып жатқан басқа этностар өкілдеріне деген толеранттылық қатынасты қалыптастыру саясатын мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазақстанда ұлтаралық диалог пен татулықты сақтаудың жаңа идеологиялық моделі құрастырылды. Біз бұл идеяны бүкіл елге және барша әлемге насихаттап, оған өз жұртымызды да, әлемдік қоғамдастықты да сендіре білдік. Конституцияда ұлтаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекет «Конституциядан тыс» деп танылған. Заңдық және күштік құрылымдар сепаратистердің, террористердің және ұлтшылдардың бас көтерулерінің жолын қатаң кесіп отырды.
Ал ерекше қажеттіліктері бар адамдар қай қоғамда да болған. Келешекте де бола бермек. Олардың көңіл күйін табу, құрмет көрсету, өгейсітпеу – ұлы міндет. Бұл да ынтымақтастықтың бір парасы. Адами байланыстың биік шыңы! Дамуында кемістігі бар адамдарды күнделікті өмірде кездестірмей, түсіну мүмкін емес. Бірақ олар тек отбасында тұруды, достасуды, қоғамдық көлікті пайдалануды, кафелер мен мейрамханаларға баруды және білім алуды қалайды және оған құқығы бар. Сондықтан қолжетімді кедергісіз ортаны құруға үлес қосу өте маңызды. Кедергілерге келетін болсақ, бұл мүгедектердің өз бетінше жүріп-тұруына арналған инфрақұрылымды (пандустар, тротуарлар мен өткелдердегі арнайы белгілер, метродағы лифттер, автобустар және т.б.) ғана емес, сонымен қатар айналадағылармен қарым-қатынас.
Біз сөйлеу арқылы сөйлесуге дағдыланғанбыз және бұл қарым-қатынас әдісі кез келген адамға қолжетімді емес деп ойламаймыз. Сонымен, сөйлей алмайтын, бірақ ым-ишара немесе арнайы байланыс құралдары арқылы сөйлесетін мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Бұған құрметпен қарау керек, өйткені олардың қарым-қатынасқа деген қажеттілігі бізден кем емес. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын қалай жақсартамыз? Бұл – үлкен мәселе. Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың жаңашылдықтары туралы айтып берді. Қазақстанда мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар бекітіліпті. Оның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың өмір сүру сапасын жақсарту мен құқықтарын қамтамасыз ету жолында барлық тартылған тараптардың үйлесімді іс-қимылының стратегиясын, құрамы мен жүйелілігін қамтамасыз ету.
– Ұлттық жоспар идеологиясының өзі бірде-бір сала тек бір бағытта ғана дербес дамып, қолдауға ие болып кете алмайтындай етіп жасалған. Себебі әрбір сала тұлғаларға қатысты. Өмір сүру, көрсетілетін қызметтер сапасын қамтамасыз ету үшін осы Ұлттық жоспар әзірленіп, бекітілді, – деді С. Жақыпова. Ұлттық жоспар 64 іс-шараны қамтитын 7 басымдықты бағытты қарастырады:
- Мүгедектік профилактикасы және оның алдын алу;
- Білім берудің қолжетімділігі;
- Кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта;
- Экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту;
- Әлеуметтік оңалту және абилитация тиімділігін арттыру;
- Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту;
- Қоғамдық сананы жаңғырту.
«Мүгедектік профилактикасы және оның алдын алу» бірінші бағыты аясында Денсаулық сақтау министрлігімен іс-қимылды үйлестіруде тығыз өзара байланыс орнату қарастырылған.
– Бүгінгі көрсеткіштер мұндай өзара байланыстың үздіксіз болуы қажеттігін көрсетіп отыр. Мысалы, тіпті, профилактика мен реабилитацияның алдын алу бойынша да. Егер бүгінде бізде реабилитация тек санаторийлік-курорттық ем түрінде қорғаныс органдарына ғана көрсетілсе, қазір Ұлттық жоспар тіпті амбулаторлық, стационарлық, санаторийлік-курорттық ем деңгейінде реабилитацияның үздіксіз болуын қарастырады, – деп түсіндірді С. Жақыпова.
Қазақстанда 15 мыңнан астам бала үйден оқытылады. Осы балаларды әлеуметтендіріп, оларға мектептерде білім алуға мүмкіндік беру үшін ЕХӘҚМ Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, аурулар тізімін әзірлеуді жоспарлап отыр. Олар бойынша балалар үйден оқытылады және сәйкесінше баланың сыныпта оқу қажеттілігі мен мүмкіндігі анықталады. Егер сыныпта оқуға мүмкіндік болса, бұл балалар басқалармен қатар мектепке баратын болады. Егер баланың ондай мүмкіндігі болмаса, оған оқу үдерісіне қашықтан қатысуға құқық беріледі. Бұл реформа барлық білім беру деңгейлерінде іске асырылады.