Тәуелсіздікті ардақ тұту, ұлтты сүю, ел мен жерді құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы. Мұны жалпақ тілде патриот дейді. Осы патриоттық сезім жастар арасында қаншалықты деңгейде? Патриот жастарды билік қаншалықты қолдап жүр?
Естімеген елде көп. 9 мамыр күні ұлттық намысы оянып, тәуелсіздікке қауіп төндірген топқа қарсы шығып, азат елдің аспанында қазақты қынадай қырған КСРО жалауының желбіреуіне тосқауыл қоймақ болған азамат Жанболат Шайзада 5 күнге түрмеге қамалып шықты. Оның бар айыбы – Алматы көшесінде «Совет одағының туын алып жүрме» деген ескертуі. Осы сөзі үшін өзінің қандас қазақ полициясы оны қылмыскер санап, сағын сындырмақ болыпты. Бұдан өткен қасірет болмас! Бұл дегеніңіз ұлттық намысқа балта шабу, ел қамқоры болуға лайық жастарды көктей солдыру емей не?!
Қуанарлығы, бұл хабарды ести сала Парламент Мәжілісінен бойында қазақтың қыжылы, қайсар рухы бар депутат Ермұрат Бапи үн қатты. «Ішкі саясаттың ұлттық намыстан жұрдай бір жандайшап нөкері Кремльді шошытып, шоршытып алмайық деген далбаса долбармен Жанболат Шайзаданы жазалау керек деп, прокуратураға ым қағады. Прокуратурадағы парықсыз орындаушы қалалық полицияға «Жанболатты ұстап әкеліңдер!» деп команда береді. Ертең ел не дейді, қазақ қоғамы толқып кетеді-ау деген ой топас миына кірмейді. Қазақи ұлттық қасиетін карьера үшін айырбастап жіберуге жандәрмен болған полиция бастығы Жанболатты ұстап әкелуге екі сержантты жұмсайды. Екі сержант Жанболатты дедектетіп, әкімшілік сотқа алып келеді. Саясатқа салдақы болған сот (сот емес – мот) Жанболатты бес күнге қамауға қаулы шығарады.
Міне, халқының мемлекеттік намысын қорғап, ұлттық мінез көрсеткен жігітті жазалауға қатысқандар – тегіс қазақтар! Осыны ұлттық топастық демеске лаж бар ма?!
Бәрін қоялықшы, жандайшап жантықтар білген боғын жесін! Бірақ Жанболат Шайзадаға жасалған осы қиямет қиянаттан кейін ұлттық патриотизм туралы, қазақи қасиетті қорғауға қатысты азаматтық парыздың порша-поршасы шықпай ма?!
Жанболатты озбырларға жығып берген мынау сорақылықты көрген қай қазақтың баласы ертең ел намысы үшін жанқиярлыққа бара алады?! Құдай-ау, өз ұлтының намысын өзеуреген өзгеден қорғай алмайтын, қорғағанды қор қылатын, бас көтергенді абақтыға айдайтын мұндай масқаралық қазақтан басқа қай елде бар екен?!» – деп жазады Ермұрат Бапи. Бұл ащы шындық.
Кейіннен бес күнге қамауға алынған Жанболат Шайзада бостандыққа шықты. Оны уақытша изолятор алдынан елуге жуық адам Қазақстанның Мемлекеттік туын көтеріп, күтіп алды. «Мен тағылған айыппен келіспеймін. Апелляциялық отырыс болып, сот шешімі өзгеріссіз қалды. Уақытымыз да бітті. Жазасын өтедік. Істеген ісім үшін өкінішім жоқ. Менің орнымда қандай қазақ болса да сондай істейді деп ойлаймын. Әр ісімізді заңды түрде жасайық. Олардың әрекеттері дұрыс емес», – дейді Жанболат Шайзада.
«Оларды тоқтатып, «102» шақыруыма болар еді. Бірақ намысыма тиіп кетті», – деді ол.
Оқиға былай болған. Алматы көшесінде КСРО туын ұстағандарды көргенде бұл әрекеттерінің дұрыс еместігін ескертеді. Шеру деп қабылдап, алғаш ескертеді. Тыңдамаған. Оларды екінші рет жолда көргенде ұлттық намысы оянып, туларын жұлып алған. Сол сәтте ту ұстағандардың тарапынан қарсылыққа тап болған. Ер-азаматтың ар-намысына тиетін сөз айтқандықтан, ол да сондай мәнерде жауап қатқан.
«Ол кезде де менің ар-намысыма тиді. Олар менің намысыма тиді. «Не благодарный» деді. Мен де оларды ашуға беріліп боқтадым», – дейді азамат.
Ел қорғайтын азаматтарды осылай абақтыға тоғытып, рухтарын сындыра берсек, келешегіміз не болмақ? Тәуелсіздіктің қандай қадір-қасиеті қалмақ? Қазақтың көк туын, қасиетті тілін сыйламайтындарға заң арқылы тоқтам қоюға не кедергі? Бұл – ұлт болып ойланатын мәселе.