ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ҰЛЫ ІСТЕРДІҢ БАСТАМАШЫСЫ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ –  ҰЛЫ ІСТЕРДІҢ  БАСТАМАШЫСЫ

Президент тапсырмалары кезең-кезеңмен жүзеге асуда

Ұлттық құрылтайда Президент айт-қан, жүзеге асқан тапсырмалар қатарына Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандар құрылуын айтсақ жарасар. Сондай-ақ өңірлік рәміздерді реттеуге, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне «ұлттық» мәртебе беруге, «Балалар кітапханасы» жобасына қатысты бастамалар жүзеге асырылды. Екі жыл бұрын ұлт ұясы Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында көтерілген маңызды бастаманың бірі – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару ұсынысы. Президент бастамасымен бекітілген бұл атаулы күнді мұқым ел болып тойлап жүрміз.

Бұған дейін ұлт ұясы Ұлытауда, екінші рет түркі әлемінің рухани астанасы  Түркістан төрінде жұртты жинаған Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Хан ордалы Сарайшық іргесіндегі Атырауда жалғасын тапты. 2024 жылдың  14 наурызында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеясымен ұлт болашағын бейнелеп, елді алға жылжыту үшін идеологиялық тұғырнама іспеттес алты құндылықты атап өтіп еді. Олар қазір біртін-біртін жүзеге асуда.

Мысалы өскелең ұрпақтың тәрбиесі Түркістандағы құрылтайда көтерілген маңызды мәселелердің бірі болды. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізілді, бірқатар заң қабылданды, талайы талқыланып жатыр. 

Одан бөлек, қоғамда бар, барлығы білетін, дегенмен қанша айтылғанымен, шешімін таппаған мәселелер де басты назарда екені мәлім болды.

– Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру, – деген еді Президент.

Сонымен қатар, бұл айтылғандар ауқымды жұмыстың бастамасы ғана екенін де ескерткен болатын. Яғни, Құрылтайда көтерілген мәселелердің орындалу мерзімі бір жылмен, қандай да бір уақытпен өлшенбейтіні, бірте-бірте шешімін тауып, толықтырылып отыратыны анық. 

Оның нәтижесін халықтың өзі байқап, сезініп баға береді. Сол кезде айтылғандай, «бұл – бір күнде бітетін шаруа емес, ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек». 

– Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет, – деген еді Президент.

Шынында, ұлан-ғайыр Ұлы даланың қай жерінде де қазақтың тарихы тұнып тұр. Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін кең-байтақ қазақ даласының қадір-қасиетін, қазақ халқының басынан өткен қилы кезеңдерді шын бағалай алып жүрміз бе деген ой келеді. Ал Мемлекет басшысы өз баяндамасында «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Менің бастамаммен Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.

Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ» деуі бұл ойымыздың түйінін шешкендей. Осындай біздің тарихымыздың терең екенін, егемендік алып, дербес мемлекет болып әлемдік қауымдастыққа енгеннен кейін біз де халқымыздың өткенін терең зерттеп, өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу борышымыз деп есептейміз. Мұны Мемлекет басшысының баяндамасы нақтылап берді, – дейді ҚР ҰҒА академигі, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов.

 

Үш құрылтайда не көтерілді, не жүзеге асты?

 

Көптің көкейінде үш рет өткізілген Ұлттық құрылтайдың нәтижесі не болды, Ел Президентінің тапсырмасы қалай атқарылып жатыр деген сауалдар болуы заңдылық.

Мамыр айының аяғында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қазақтілді интернет басылым басшыларымен кездесу өткізіп, Ұлттық құрылтай аясында жүзеге асқан және алдағы уақытта жүзеге асатын бастамалар туралы тарқатып айтқан болатын. «Құрылтайдан кейін үш заңнамаға қол қойылды. Олар –  әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі түзетулер, шегуге келмейтін темекі өнімдері мен вейптерге тыйым салу жөніндегі түзетулер, мемлекеттік марапаттар туралы түзетулер. Сонымен қатар Ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудомания мәселелері жөніндегі түзетулер, есірткі өндірушілері мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін саралау жөніндегі түзетулер қазіргі таңда Мәжілістің бірінші оқылымында. Ал вандализм және табиғи объектілерді қорғау жөніндегі түзетулер, ономастика мәселелері туралы түзетулер, археология саласындағы түзетулер сынды заң жобалары әзірленуде», – дейді Е.Қарин.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың I отырысында «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады.  Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім. Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз  маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.   Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды.  Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды.  Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз.  

  

Ұлытауда басталған ұлы миссия жалғасады

 

 Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер  дәл осында өткен.  Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады.

Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты» деуі бекер емес.

«Отандық әдебиет, кино, өнер саласына қатысты, мәдениет пен балалардың білім беру саласы жөнінде заңнаманы қарастырып отырмыз. Әлі де жұмыс топтары жүріп жатыр. Тек отандық қана емес, шетелдік арналарда да міндетті түрде мемлекеттік тілде шығарылатын бағдарламалар саны көбірек болуға тиісті. Бұл өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында бұл өзгерістің маңызы зор», – деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева. 

Жастар, тәрбие, рухани даму және денсаулық. Бұл бағытта жасалған жұмыстың бірі – вейп айналымына тыйым салу нормасының қабылдануы. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес-тің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы заң жобасын әзірлеу, Парламент Мәжілісінің вейптерді елімізге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу туралы заң жобасын қабылдауы осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың аясына кіреді.

«Рухани салаға қолдау көрсету, әсіресе, жастарымыз үшін өте қажет. Біздің жастарымызға, бір жағынан, интернет, одан басқа әлеуметтік желілер қатты әсер етеді. Осы құбылыста әлеуметтік желі кері әсерін бермесін деп, біз өзіміздің ұлттық арналарымызда тәрбиелік мәні мол бағдарлама шығаруымыз керек. Бұдан басқа, бірінші және екінші құрылтайда өте өзекті тақырыптар талқыланды. Мысалы, қоғамда өршіп тұрған кәмелетке толмаған балаларға жасалатын зорлық-зомбылық, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату керек деп айтқан. Осыған байланысты біз, Мәжіліс депутаттары, арнайы заңнаманы әзірледік. Оған жалпы қылмыс үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған түзетулер енгіздік», – деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
24.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

28 мың орындық  мектеп салынады
Ш. МЕКЕНБАЙ, Шымкент қаласы - 04.09.2024 241
Жолдауға шынайы қолдау керек
Шолпан ҒАББАСОВА, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы - 04.09.2024 308
Конституция күні аталып өтті
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 04.09.2024 262
Жаңа қонысқа ие болды
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 04.09.2024 299

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 4129
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 3556
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 5771
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 4533
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 5717