Табиғат анамызды, қоршаған ортамызды қорғаудың қаншалықты маңызды екенін айта-айта бұл – үйреншікті жауыр тақырыптың біріне айналған сияқты. Бұл тақырыпқа немқұрайлы қарамай, нақты қарекетке бару адамзаттың міндеті. Әрине үзілді-кесілді табиғатты сақтап қалу үшін азаматтар саусағының ұшын да қимылдатпай жатыр деу әбестік болар еді. Бұндай өзекті мәселеде мемлекет тарапынан да көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Бірі білсе, бірі білмес. 2021 жылы қазан айында ҚР Президенті Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын таныстырған болатын. Мұндай игі шаралардың бағытын жеткізу – халықтың көзі әрі құлағы һәм тілі болып отырған «төртінші билік» БАҚ өкілдерінің міндеті. Елдің экологиялық жағдайын жақсартуға, қоғамның қолайлы, жақсы өмірін ұзартуға бағытталған бұл жоба ҚР президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Кез келген елдің экономикалық дамуын ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім) макроэкономикалық көрсеткішімен анықтайды. ЖІӨ – бір жылдың ішінде өндірілген тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын көрсететін макроэкономикалық көрсеткіш. Демек ЖІӨ көлемі жоғары болса, мемлекеттің экономикасы қуатты деген сөз. Егер жан басына жаққанда ЖІӨ жоғары болса, онда халықтың өмір сапасы жоғары. Бұл тұрғысынан Серікқали Брекешев-тің айтуы бойынша жобаны іске асыру – халықтың нақты табысын арттыруға, ЖІӨ-ні 231 млрд теңгеге ұлғайтуға ықпал ететін болады. Бұл Қазақстан экономикасын шиказаттық бағытынан арылтып, әртараптандыру, индустрияландыру жолына түсірудің бір қадамы десек болады. Себебі елдің экономикасы мен өмір сүруіне тікелей әсер ететін мұндай ұтымды жобаның ықпалы көп. «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты төрт негізгі бағыты бар жоба 11 тапсырмадан тұрады.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев осы 4 бағытты өз сөзінде кеңінен түсіндіріп өтеді:
– Ұлттық жобаны іске асыру есебінен 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Құжат төрт негізгі бағыттан тұрады: I. Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. II. Екінші бағыт «Үнемді Қазақстан» табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану мақсатын қойып отыр. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. III. «Табиғат» бағытының мақсаты биоәртүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды дамыту болып табылады. IV. Төртінші бағыт – «Экология болашағы», халықтың экобілімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған. Жалпыұлттық жоба 11 міндеттен тұрады, олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалған. «Таза Қазақстан» бірінші бағытының мақсаты атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, тұйық циклдегі экономиканы дамыту және тарихи ластануларды жою, елдің су объектілерінің экожүйелерін сақтау болып табылады. Осы проблеманы шешу үшін ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шығарындыларды 20 пайызға қысқарту болжанып отыр. Тағы бір негізгі проблема – қалдықтардың шамадан тыс жинақталуы. Осыған байланысты қалдықтарды тұрақты басқару бөлігінде «Waste-to-Energy» технологиясы бойынша энергия алумен қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді салу сияқты іс-шаралар есебінен тұрмыстық қатты қалдықтардың үлесін және оларды кәдеге жаратуды 18-дан 34 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұдан басқа, құрамында сынабы бар қалдықтарды бөлек жинау үшін 8 мыңнан астам контейнер, сондай-ақ дәріханаларда медициналық қалдықтарға арналған экобокстар орнату жоспарда бар. Тұйық циклді экономиканы дамыту шеңберінде құрылыс және ірі габаритті қалдықтарды жинауға арналған алаңдар құру жоспарланып отыр, – дейді.
Былтыр еліміздегі қуаңшылық көптеген шаруашылықтардың жұмысын тұралатып тастады. Әрине «Судың да сұрауы бар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бұл мәселеде ұлттық жоба су ресурстарын үнемді пайдалану арқылы мәселені шешу үшін бір қатар шараларды қолға алып жатыр. Мысалы еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау басты назарға алынды.
– «Сырдария өзенінің арнасын реттеу, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін және Бурабай, Щучье, Қопа, Шалқар көлдерін қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыру жоспарланды. Су ресурстарын басқару бөлігіндегі басты міндет – қоршаған ортаның, халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері арасында тепе-теңдік құру. Бұл жағдайда халықтың және қоршаған ортаның өмір сүру жағдайларын сақтау және жақсарту үшін суды пайдаланудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы жағдайларын іске асыру қажет. «Суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру» міндеті шеңберінде 401 арнаны қайта жаңарту және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезінде су шығынын 4 км3 қысқарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 600 мың га суармалы жерлерді ұлғайту бойынша іс-шаралар қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда, – дейді Серікқали Брекешев.
Ұлттық жоба аясында қолға алынып жатқан мұндай мәселелерде білек сыбанып, үнемі қолдау көрсетуге дайын болсақ, еліміздің түйіткілді мәселелерін жұдырықтай жұмылып шешер едік. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының мұраты – біздің өмір сүріп жатқан ортамыздың гүлденуі, қолайлы әрі жайнаған жасыл орта қалыптастыру. Бұл біздің қазіргі жағдайымызды ғана емес, бүтін бір халықтың болашағына жол ашатын, ұрпағына дейін қолайлы өмірмен қамтитын ұлттық жоба. Еліміз үшін маңызы зор мұндай жобаларды ұйымдастырудың өзі көрегендік. Біз ел болып осындай игі шараның жүзеге асуын тілейміз.