Ұлы сапардың ұлағаты

Ұлы сапардың ұлағаты

Алла нәсіп етіп, исі мұсылман үшін киелі саналатын атақты Мекке, Мединеге сапарлаудың да сәті түсті. Тамыз айында жетпіс жас тойымда балаларым тосын сый ретінде тарту еткен жолдамамен зайыбым екеуміз 9 қазанда Умра қажылығын өтеуге бет алдық. SCAT әуе компаниясының «Боинг 737» ұшағы Алматы әуежайынан жеңіл көтеріліп, қала үстімен қиялай айналып бағытын оңтүстік батысқа түзеді.

Ұшақта «Qazaq travel», «Zam-Zam Qazaqstan», «Хикмет Тревел» қажылық компаниялары арқылы кіші қажылыққа келе жатқан жүз елуден аса адам бар. Барлығының ортақ парызы – Медине мешітіндегі ұлы пайғамбарға тағзым етіп, Меккедегі Қағбаны айналып тәу ету. Сөйтіп, Құдайға бір табан жақыннан сәждаға бас ұрып күнәларына кешірім өтіну, болашаққа игі тілектерін жеткізу.

Ұшақ Медине әуежайына қонуға бет алғаны хабарланды. Пайғамбар қаласы деп аталатын Медине жазық жерде орналасқан екен. Жинақы, таза қала көрінді. Алыстан айнала қоршаған таулар мұнартады. Пайғамбар қаласы деп аталуы осындағы бас мешітте адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) зираты орналасуынан. Пайғамбардың жасыл күмбезді кесенесіне жапсарлап салынған мешіт жылдар өте кеңейтіле-кеңейтіле келе бүгінгі таңда ішінде бір мезгілде 600 мың адам мінәжат ете аларлық алып кешенге айналған. Сыйымдылығы жағынан әлемдегі екінші үлкен мешіт. Мешіт біз орналасқан қонақүйден онша қашық емес екен. Мұнда мешітті айнала орналасқан қонақүйлері 5-тен 16 қабатқа дейін барады. Көпшілігі жаңа үлгіде салынған, жоғары-төмен тынбай лифтілер жұмыс істеп тұр, есігіне дейін электрондық кілтпен ашылады. Қонақүйдің иелері араб байлары болса, қызметшілерінің дені мигранттар. Осы арада айта кетейік, Сауд Арабиясында жалпы 33 миллиондай халық тұратын болса, оның жартысына жуығы көрші елдерден келіп жұмыс істеп нәпақа тауып жүрген мигранттар деседі. Оларға азаматтық берілмейді және ешқандай жылжымайтын мүлік сатылмайды екен. Өткен ғасырлардағы ата-бабасынан бері осында тұратындардың өздерінде жеке баспана жоқ, үйді тек жалдап қана тұрып жатыр. Қонақүйде, мешітте, көшеде қызмет жасап жүргендердің дені Түркия, Иемен, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Оман, Египет тәрізді елдерден келген түрік, парсы, негр нәсілді мұсылмандар екен. Тіпті, шағын дүкендер ұстап, сауда саласында істейтін өзбектер мен ұйғырлар да кездесті. Қонақүйлердің төменгі қабаты тұнған сауда орындары. Сырттан келгеніңді біліп тауарын жарнамалап әлекедей жалаңдаған саудагерлер алды-артыңды орайды. Айтпақшы, елден АҚШ долларымен әкелген ақшамыздың біразын сауд риялына айырбастап алғанбыз. Біздің ақшамен есептегенде 1 риял – 130 теңге шамасында екен. Оған жайнамаз, таспих, киім-кешек, мешіттердің суреті, қағба бейнеленген жәдігерлер тәрізді естелік заттар алуға болады. Осы қалада орналасқан әлемдегі ең басты «Құран» баспасында басылған Құранның түр-түрлері қай жерде де самсап тұр. Одан сатып алып мешіттегі Құран кітаптары тұрған сөрелерге апарып қойсаң, оны кім-кім де алып оқыған сайын сауабы саған бұйырады деседі. Расында да мешітке намаздан бұрын келіп, намаздан соң да қалып әлгі кітаптардан алып оқып отырғандарды көп көрген едік. Біз де он риялдық кітаптан бір-екеуін алып, сатушыға мөр бастырып мешіт сөресіне апарып қойдық. Қайсыбір жерлестеріміз оншақты кітаптан сатып алып жұртқа тегін таратып жатты. Бұл елде мешітке садақа берілмейді екен. Біздің мешіттердегідей садақа жәшіктері атымен жоқ. Өйткені, мешіт мемлекеттің, яғни, Сауд Арабиясы корольдігінің қамқорлығында. Садақа берер болсаң, сол мешітте еденді жуып, тазалап қара жұмыс істеп жүрген жұмысшыларға берген жөн екен.

Көшеде де, мешітте де ұзын көйлек киген қалың нөпір адамнан көрінбейді. Ұмтыла басып мешітке біз де келдік. Ақ, сары, қара, қоңырқай өңді ерлер мен әйелдердің жер бетінің әр тарапынан келгені байқалады. Мешітке жақындаған бетте-ақ ақ мәрмәр еденге жайнамаздарын жайып жіберіп нәпіл құлшылығын жасауда. Бір кезде дыбыс күшейткіштерден намазға шақырған азан дауысы естілді. Әлгі қалың нөпір жұрт мешітке қарай ағылды. Оның әр тұсынан ішіне еніп жатыр, еніп жатыр. Бұл күллі мұсылмандар үшін әлемдегі ең қасиетті, ең үлкен екі мешіттің бірі екенін айттық. Аумағы 56 гектар жерді алып жатқан мешіттің айналасында 67 есік бар дейді. Мешіттің ішіне 600 мың адам сыйса, үлкен қажылық кезінде сыртындағы орындарды қосқанда бір мезгілде бір миллион адам намаз оқи алады екен. Сондай-ақ, мешіттегі биіктігі 63 метрлік 12 мұнараның болуы Пайғамбар 63 жыл өмір сүріп, 12 жыл Мәдинәда пайғамбарлық еткенін білдіреді екен. Оның айналасындағы ашылып-жабылатын шатырлары, шамдары бар тіреулердің 270 болуы Құранды соңғы рет 654 жылы Оспан 270 күнде түгелдей қайта жазып бітіргенінен. 25 күмбездің саны Құранда жазылған 25 пайғамбардың санына тең. Мешіттегі есіктің 67 болуы Мұхаммедтің 63 жыл өмір сүрген төрт шаһардың қосындысы екен. 730 терезе 365 күн мен 365 түнді білдірсе, 6350 тіреу Құранның 114 сүрелері мен 6236 аяттарымен тең, төрдегі отыз есік отыз пара құранды білдіреді деген қызықты деректер кездесті. Көрнекті жерлерге Құран аяттары алтындап жазылып қойылған.

Жалпы, Мединеде болу қажылық парызына енбейді, алайда алғаш рет мұсылманның туы тігілген, алғашқы мешіт салынған, алғаш рет құбыланы Құдыстан (Иерусалим) Қағбаға қаратқан, пайғамбардың қабірі жатқан Медине мешітінде болу әркімнің-ақ арманы. Қалада жүзден аса мешіт болса, оның ең бастысы осы Пайғамбар мешіті. Оның бұлай аталуы сонау VII ғасырдан бері көздің қарашығындай сақталып келе жатқан Мұхаммед пайғамбарымыз бен оның әзіз серіктерінің зираттары болуында. Қажылыққа келген адам ең кемі бір мәрте Пайғамбардың жасыл күмбезді кесенесіне кіріп, намаз оқуға ұмтылады. Ал, оған жету оңай емес, бас-аяғы көрінбейтін ұзын кезекте сағаттап бел талдырып тұруың керек. Келесі күні түннің бір уағында біздің топтың да кезегі жетіп Алланың шарапатты құлының алдынан иіліп тағзым етіп, сәлем беріп, тілегімізді күбірлеп айтып, шын көңілмен жалбарынып өттік. Алла осылай еткендердің күнәсін кешіреді деген. Дұға айтып алғашқы сәлем бергеніміз – Мұхаммедтің қайын атасы әрі досы, өзінен кейін халифа болған Әбубәкірдің қабірі еді. Екіншісі – Мұхаммед пайғамбарымыз. Үшіншіде – Омар. Қабірлердің алдыңғы жағын мықтап торлап, алтын жалатып, нақыштап қойыпты. Сыптай киінген күзет қызметкерлері әр адамның қимылын бағып міз бақпай қарауылдап тұр. Шұбырған жұрт әр қабірдегі көздей тесікке үңіледі, біз де сөйттік.

Мединеде болған үш күнде бес уақыт намазды өткізіп алмай барынша мешітте оқуға тырыстық. Дыбыс күшейткішпен мақамдап оқылған Құранға ұйып, білетінімізді іштей қайталап, білмейтінімізді үйреніп рухани сабақ алдық десек болады. Бір күн қала сыртындағы киелі жерлерге экскурсияға арналды. Қаладан 7 шақырымда Мұхаммед Меккеден келе жатып үш күн аялдаған жердегі Құба мешіті исламдағы ең алғашқы мешіт саналады екен. Сондай-ақ, пайғамбардың өсиетіне құлақ аспаған 50 садақшының кесірінен мүшріктерден жеңіліс тауып, 70-тен аса сақаба шейіт болған Ұхыд тауында болдық. Арабтардың ай қозғалысына негізделген жыл санау жүйесі – хиджра пайғамбардың осы Меккеден Мединеге келуіне байланысты енгізілген болатын. Діни уағыздарына құлақ аспай, өзін өлтірмек болған арабтардан Мұхаммед 24 сафарда Меккеден жаяулап қашып шығып, екі жұмадан кейін әууәл айының 8-і күні (бізше 622-ші жылы) Ясриб қаласының іргесіне келеді. Ясриб арабтары Мұхаммедті пайғамбар деп таниды, бұл қала кейін Медине аталады. Мұхаммед өлгеннен соң бес жыл өткеннен кейін, яғни біздің заманымыздың 637 жылы хижра күнтізбесі тағайындалады. Пайғамбардың өмірі жайлы әдебиеттерден оқыған осындай оқиғалар өткен жерлерді көзбен көріп, топырағын басудың әсері өзгеше. Сондай-ақ, пайғамбардың атақты құрма бағына да барып, үйімізге сәлем-сауқат ретінде киелі жемістің түр-түрінен таңдап алдық. Бұл құрма ағашы отырғызылғаннан жиырма бес жылдан кейін жүз жылдан аса жеміс береді екен. Пайғамбар қаласында үш күн болған соң, жер түбінен келгендегі басты мақсатымыз – Умра қажылығын өтеуге Мединеден 450 шақырымдағы Мекке қаласына қарай жолға шығуға қамдандық.

Әлемдегі мұсылмандардың саны осы күні екі миллиардтан асқан деген дерек бар. Отызға жуық мемлекетте ислам мемлекеттік дін болып табылады. Олардың 22-сі араб мемлекеттері болса, Сауд Арабиясы күллі мұсылманды өзіне қаратқан Меккедегі қасиетті қара тас – Қағба тұрған ел ретінде айрықша орында. Жыл сайын Құрбан айттағы қажылық уақытында әлемнің 120-дан астам елінен миллиондаған адам Меккеге үлкен қажылыққа келіп жатады. Одан басқа уақыттарда да Умра, яғни, кіші қажылық жасап қайтатындар қаншама?! Біз де, міне, нәсіп болып қасиетті Қағбаға тәу етуге келе жатырмыз. Қажылық жасаушының бірінші парызы ер адамдардың ихрамға кіруі, яғни тұттай жалаңаштанып, ғұсыл дәретпен екі бөлек ақ матаға орану болса, оны бесін намазының алдында атқарып алғанбыз. Ал, әйелдер жағына бұл міндетті емес, орамал тағып әдеттегі киімдерімен жүре береді.

Мединеден түсте шыққан жүрдек автобус жол апшысын қуырып-ақ келеді. Жол дегеніңіз осындай-ақ болсын, бір бүртігі жоқ тақтайдай тегіс. Жолбасшымыз Ақберді қажылық ғибадатының тағы бір шарты ихрам оранғаннан кейін қасиетті Қағба көрінгенге дейін айтылуы тиіс «Ләббәйка Аллаһума ләбәйк» деп басталатын тәлбияны жаттатты. Қас қарая Меккеге де келіп жеттік. Мейманханаға орналасып алған соң тобымыз жазылмаған күйі атақты Әл-Харам мешітіне тарттық.

Міне, қарсы алдымызда исламдық күнтізбелер мен әдебиеттерден көзтаныс, биіктігі 13 метрлік текше тас – Қағба тұр. Ендігі парыз ихрамнан оң жақ иығымызды жалаңаштап алып оны жеті рет айналып шығу. Қағбаға тәу ету кезіндегі сезімді айтсайшы. Әлемнің әр түкпірінен келген түрі де, тілі де неше алуан, тек бір ғана діни наным біріктірген қисапсыз адамдар осылай текке сабылып жүрмеген болар? Олардың ішінде қарапайым жандардан бастап, дүниенің оқуын тауысқан ғалымдар, түрлі саланың әйдік мамандары, бизнесмен, әкім-қараларға дейін жүр. Екі кез ихрамға орану кім болса да атақ-дәрежесіне қарамай Алла алдында тең екенін ескертіп тұрғандай. Барлығын мұнда жинаған құдыретті бір ұлы күштің барлығына еш күдігің қалмастай. Нөпір адамдар тасқынының ішінде жас пен жасамыс та, сау мен сырқат та, қаріп пен қасір де жүр. Олар Жаратушыдан ауруынан арылуды, қасіретінен құтылуды, жасаған күнәларын кешіруді сұрайды. Кәудіреген қариялар мен ақ шашты аналарды қоларбаға салып алып, Құдайдан олардың денінің саулығын тілеп жүрген жандар да аз емес еді. Біз де Қағбаны айнала жүріп еліміздің амандығы, ағайын-туыстың бірлігі, бала-шағамыздың жарқын өміріне деген дұға тілегімізді қайталап айтумен болдық. Айналып жүріп бәрі де Қағбаны алақанымен бір сипап қалуға ұмтылып жатыр. Аңызға қарағанда 4 мың жылдай бұрын Ыбырайым пайғамбар мен оның ұлы Исмаил Алланың пәрменімен құлшылық үйін алғаш саз балшықтан тұрғызып жатқанда Жебірейіл періште көктен түсірген қол басындай қара тас оның бір бұрышына қаланған деседі. Ол тас әу баста аппақ болған екен. Кейіннен адамдардың күнәлі қолдары тие-тие қарайып кетіпті. Қағба одан кейін он екі рет қайта салынған. Пайғамбарлар мен халифтер заманынан қалған дәстүрмен Қағбаның алтын жазулы жамылғысы жыл сайын құрбан айт тұсында жаңартылып тұрады екен.

Қасиетті Қағбаны түн ортасында жеті рет айналып шығып, тәуәп етіп болған соң, екі бас сүннет намазы оқылды. Мұнан кейін мешіт ішіндегі 450 метрлік Сафа мен Маруа жоталарының арасын жеті рет жүріп, жасылмен белгіленген аралығын жүгіріп өтіп жүзімізді Қағбаға қарата дұға оқу шарты орындалды. Осыдан соң шаш алдыру рәсімі өтті. Сөйтіп, Умра, яғни, кіші қажылық парызы өтелген болып есептелді. Бұдан кейін мейманханаға келіп ихрамнан шығып өз киімімізді киіп алдық. Алғашқы Умра өзің үшін, одан кейін қайтыс болған ата-аналарың немесе Қағбаға келуге мүмкіндігі жоқ қатты науқас, кембағал жандар үшін де бәдәл Умра атқаруға болады дегесін, ертеңінде күндіз ихрамға оранып келіп қажылық шарттарын және бір қайталадық. Тіпті, Умраны кейінгі күндері төрт-бес мәрте орындағандар болды.

Қағбаны айнала бірнеше қабаттан тұратын Әл-Харам мешіті орналасқан. Оның ондаған қақпасының қайсысынан кірсеңіз де дәл ортадағы Қағбаға әкеледі. Бұл енді сыйымдылығы жөнінен әлемдегі ең үлкен мешіт. Құрбан айт күндері мұнда бір мезгілде төрт миллионға жуық адам сәждеге бас иетін көрінеді. Эскалатормен жоғарғы қабаттарға көтеріліп-түсіп жатқан қисапсыз адам. Сәл көзің тайса қасыңдағы серігіңнен адасып қалу оңай. Сондықтан, әр қажылық компания өз топтарына түсі бірдей кеудешелер мен зиярат етушінің аты-жөні, топ басшысының телефоны жазылған бейджиктер береді екен. Мешіттің сыртынан мойны сорайған алып крандар мұнда үлкен құрылыстардың жүріп жатқанының айғағы. Гидіміздің айтуынша, кезең-кезеңдік жоспар бойынша 2030 жылға қарай мешіттің сыйымдылығын 7 миллион адамға дейін жеткізу көзделіп отырған көрінеді.

Әлемдегі ең үлкен сағат та осында. Қағбаның түстік бетіндегі төрт тарапқа қараған алып сағаттары мен алтынданған айы бар аса биік әрі әсем ғимарат көз тартпай қоймайды. Мекке мәдениетінің ең көрнекті ғимараты саналатын 120 қабаттан тұратын бұл Абрадж әл-Бейт мұнарасының биіктігі 601 метрден асады. Уақытты хижра кестесі бойынша көрсететін, тілінің өзі 43 метрлік алып сағат ондаған шақырым жерден анық көрінеді. Ұшар басындағы алтын түстес жарты айының салмағы 107 тоннаны құраса, оған бекітілген 160 қуатты дауыс зорайтқыштардан шыққан азан дауысы 7 шақырым аумаққа еркін жетеді дейді. Ал, ғимараттың ішінде резиденция, қалталыларға арналған люкс қонақүйлер, мейрамханалар, сауда үйлері мен емханалар орналасқан. Төменгі қабатында жалпы көпшілік үшін дүкендер мен базарлар желісі орналасыпты.

Киелі жердің тағы бір құндылығы – зәмзәм суы. Мекке мен Медине мешіттерінде таяқ тастам жер сайын зәмзім суы құйылған қатар-қатар бөшкелер қойылған. Шүмегін аш та қалауыңша құйып алып іше бер. Босаған бөшкелер дереу әкетіліп, орнына жаңалары қойылып жатыр. Ал, бұл судың көзі қайда? Әл-Харам мешітіндегі ғажайып құбылыс – зәмзәм бұлағы Матафа алаңында екен. Басқышпен жерастына түсіп сол қасиетті тұманы көруге болады.

Мешіттің шығыс жағында пайғамбар дүниеге келген үйдің орнындағы кітапхананы сыртынан көрсетті. Меккеде туып, Мединеде қайтыс болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өміріне қатысты тарихи орындар мұнда да жеткілікті. Бір күн қала маңындағы тарихи орындарға арналды. Пайғамбар өзін қуған жаулардан қашып паналаған Сәуір тауындағы үңгір, Пайғамбарымызға Алла жіберген алғашқы Құран аяттарын Жебірейіл жеткізді дейтін Қира үңгірі тәрізді жерлерді барып көрдік. Ал, үлкен қажылық кезінде жыл сайын Зулхиджа айының 8-ші жұлдызында Меккеден 40 шақырымдай жердегі Мина жазығына барып түнеу, ертеңінде Арафат тауының етегіне барып намаз оқып, Алладан тілек тілеу, күн бата Мұздалифа жазығына жетіп сонда түнеу, ертеңіне қайтадан Минаға оралып шайтан сұлбаларына тас ату, құрбандық шалу, шашты тықырлап алдыру, Меккеге келіп, қағбаны жеті рет айналып, зәмзәм судан ішіп қоштасу тәуебін атқару тәрізді парыздар орындалатын жерлерді көрудің әсері тіпті өзгеше. Айтқанға оңай, қырық-елу градустық аптап күннің астында әлгі жерлерде үш күн бойы ихрамға оранып жүріп далаға түнеу, жаяулап жүрудің парызы үлкен, атқарылуы да қиын. Бұл Мина жазығына қажылық кезінде жүздеген мың шатыр тігіліп, 3-4 миллион адам осында бірнеше күн ерсілі-қарсылы сабылып мінәжат етеді екен. Күннің ыстығына, соншама көп адамның жиналуынан туындаған кедергілерге шыдамай ана дүниеге аттанып кететін мұсылмандар да болып жатады екен. Міне, нағыз қажылық сондай қиындықтарға төзу болса керек-ті.

Жалпы, Мекке орналасқан аймақ біздің Қордай асуындағы тәрізді құжыр-құжыр жартасты, таулы жер екен. Кейбір көпқабатты үйлер жартаспен жапсарласа салынып, бірігіп кеткендей көрінеді. Түзу көшелер жоқ, сай-сайды қуалап бірде өрлей, бірде ылдилай, кей тұсында тауды тесіп өткен туннельдермен жалғасады. Ал енді, қай тұсынан қарасаң да Қағбаның қасындағы алып сағаты бар ғимарат менмұндалап көрініп тұрады.

Меккеден 80 шақырым жердегі Жидда қаласының ерекшеліктері де өз алдына. Сауд Арабиясының ресми астанасы Эр-Рияд болғанымен, халқының саны 4 миллионнан асатын Қызыл теңіздің жағасындағы бұл портты қала ел экономикасының астанасы дерлік. Түстігі Үнді мұхитына, терістігі Жерорта теңізіне шығатын теңіз қақпасы екен. Көптеген мемлекеттік мекемелер осында орналасқан. Қазақстанның консулдығы да осы қалада десті. Айтпақшы, Меккеден шыға берісте үлкен автотрасса үстінен қаланың символына айналған беті ашық Құран кітабы бейнесіндегі алып арканы көрген едік. Жолбасшымыздың айтуынша, бұл нысанның о бастағы идея авторы Кеңес Одағының осы елдегі алғашқы тұрақты елшісі болған қазақ азаматы Нәзір Төреқұлов болған екен. Есіл азамат әйгілі «отыз жетінің» сүргінінде «халық жауы» делініп атылып кетсе де, киелі өлкеде қазақ атынан бір белгісі қалғанына шүкір дестік. Тағы бір қазақ, данышпан Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы «Меккеде қонақ үй салыпты» дегенді естуші едік. Анығында, арғы ғасырда Құнанбай атпен, арбамен Меккеге жеткенше арапа күні өтіп кетіп, қажылығы толық болмайтындықтан, келесі қажылықты тосып тағы бір жылға қалған да елден келушілер паналайтын үй салдырған дейді. Бүгінде оның орнын қайдан іздерсің?

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген көне Жиддада Хауа ананың қабірі жатыр деседі. Бүгінде келушілер үшін жабық Ақ мешіттің ауласында кезінде ауыр қылмыстары үшін өлім жазасына кесілгендердің үкімі жариялы түрде орындалатын болған көрінеді. Кісі өлтіргендердің басы алынған, ұрылардың қолы шабылған, жемқорлардың көзі ойылған дегендей. Әрине, халықаралық адам құқы декларациясының талаптарына сәйкес мұндай жазалар қазір қолданылмайды. Жиддада туристер үшін жағажай демалысы да жақсы дамыған. Уақыт тауып біз де катерге мініп Қызыл теңіздің жағасында жүзіп келдік. Теңіздің тұзды суы небір айықпас тері ауруларына дауа екенін білдік.

Жан-жағы үлкен-үлкен ашық күмбездермен көмкерілген Жидда әуежайының аумағы үлкен де көрікті екен. Сырттағы аптап ыстыққа кереғар салқын лепті лекітіп тұрған жанға жайлы күту залында құжаттарымызды реттеп, киелі жердің дәмі деп алған құрмалар мен кісі басы бес литрден берген зәмзәм сулы багажымызды тапсырып қойып, Алматыдан Умраға ниет еткендердің кезекті тобын әкеле жатқан ұшақтың қонуын күттік. Сәлден кейін сол ұшақпен біз елге қайтамыз.

Ал, енді осы сапардан не түйдік? Ислам адалдық пен шыншылдыққа, шүкіршілік пен сабырлыққа, инабаттылық пен мейірімділікке үйретеді, оның салт-ғұрпы біздің тамырымызға балта шауып жатқан маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік сияқты кесел-кесапаттарға мүлде кереғар, сыйыспайтын орта қалыптастыратынына көз жете түскендей. Миллиондаған адамды қасиетті Қағбаға бас идірген құдырет, оның алдына барып сәждеге жығылу арман болса, Алла соты, ар соты алдында тәубаға келетін күн туғанда қандай жауап айтатының үнемі жадыңда жүрсе, Жаратушы Құдірет сені жалған сөйлетпейді, шалыс бастырмайды деген ойға бекіндік. Жалпы, қажылық сапары кім-кім үшін де ғажайып рухани мектеп, іштей тазару сапары болмақ. Мұндай сапар сізге де нәсіп болсын!

Ақ жол газеті
12.11.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 73
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 110
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 43
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 111
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 34
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 73
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 219
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 224
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 438
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 401

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9093
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8492
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11719
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9485
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10700