ҰЛЫТАУ – ҰЛТТЫҢ РУХЫ

ҰЛЫТАУ – ҰЛТТЫҢ РУХЫ

«Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы, Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» әлеуметтік-танымдық сайты, 

«Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Ұлытау облысында

Тарихқа бір сәт үңілер болсаң, тым ертеге бармасаң да, сегіз ғасырдың сілемінен Шыңғыс хан мен оның тұңғыш ұлы Жошы ханды жолықтырасың. Анау айтқандай ол ешқандайда моңғол шапқыншылығы емес, түркі баласының ту көтерген сәті. Алтай тауларынан Каспийге дейінгі, онан өтіп қара теңіз жиегіндегі ұланғайыр аймақты бірлікке келтіріп, ұлы империя құрған Жошы ұлысы болатын. Біз айтып жүрген Алтынорда мемлекетінің түп қазығы қағылып, керегесін жайып, шаңырағын көтерген киелі мекен – Ұлытау өңірі. Жошы ұлысы уысында ұстаған Азия мен Еуропа құрлығында басқа жер табылмай қалған жоқ. Қаған Шыңғыс хан мен баласы Жошы хан ат байлар мама ағаш, ірге жаяр құтты қоныс ретінде Ұлытауды таңдапты. Жалпақ даланы жапырып, жаулардың қарасын батырып жеткен Жошы қолы тіпті де моңғол емес болатын. Олар қазақты құраған уақ, керей, арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, үйсін, жалайыр секілді сайлауыттар. Сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген түркі жұрты мен жатжұрттық хорезмдердің билеуінде құлданған халықтың еңсесін Ұлы қағанат көтерді. 

Айтайын дегенім әне сол, айбыны асып, атағы дүрілдеген, бет қаратпас алапат тасқын секілді жөңкіліп бабалар рухын оятқан Жошы ұлысы жерұйық мекен, асты асыл қазынаға толы, үсті сулы да нулы малға өріс, жанға жайлы қоныс Ұлытау өңіріне тұрақтап, елдіктің ордасын тікті. Оған дәлел – жазылған тарихи құжаттар мен жеткен аңыз-дастандар. Жеті ғасыр бойы желдің өтінде, елдің бетінде еңсе көтеріп тұрған Алаша хан мен Жошы хан кесенесі айғайлап тұр. Бабалардың басқан ізі қалған, уақыты жеткенде жамбасы жерге тиіп құлпытасы қойылған, халық қадірлеп күмбезін көтеріп, ескерткішін жасаған Кеңгір өзенінің бойы әлемге әйгілі.  Ұлытау – ұлт ұясы десек, табылған сөз. Ұлытау – елдіктің бесігі десек, жарасып тұр. Шынында, Ұлытау – ұлт руханиятының алтын шоқысы, мемлекеттік пен елдіктің жарқын ескерткіші. Біздер Ұлытаудың қадір-қасиеті мен маңызын әлі білген жоқпыз. Сондықтан да анау жылдары «оңтайландырудың» орағына алғаш рет Ұлытауды салып елеусіз, ескерусіз бір бұрышқа айналдырдық. Ұлытаудың рухы басылған соң, тексіздік жайлап тентектер тасыраңдаған заманда жүдеп-жадап, азып-тозып кетті. Елден ес қашты, жерден кие кетті. Ештен кеш жақсы дейді, әрине, кеш те болса, кемтігіміз жетіліп, кемігіміз майланып келеді. Ұлтымыздың көсемі, данасөздің шешені Хакім Абай елі де сондай күй кешіп, соры қайнап қалып еді. Алаштың алтын бесігі болған, ұлылардың мекені Торғай да әлі еңсесін көтере алмай есеңгіреп жатыр. Таңғалатын жағдай – ұлтты оятатын ұран мен іштей түлететін намысты тұмшалап өшіріп, тасаға тастаған екенбіз!..

Ұлытау облысы деп жалау көтерген, тарихтағы дәрежесіне қол созып, жоғын түгендей бастаған, ашылған жаңа облыс Ұлытауға үшінші рет келіп тұрмын. 2023 жылы алғаш рет ат басын бұрғанда құпияға толы сырлы тұлға Алаша ханға зиярат жасадым. Онан Жошы хан кесенесін көзбен көрдік. Батыр бабалар мен парасатты қолбасылардың рухына арнап Құран бағыштап, қол жайып дұға жасадық. 2024 жылы Жаңаарқа жерін аралап, ақындар мен алыптардың кіндік қаны тамған өлкені көріп көңіл толып, көзіміз күлімдеді. Биылғы сапардың бағытын Жезқазғаннан Жездіге, Жездіден жер кіндігі Ұлытауға бұрдық. 

«Qazaqstan dauiri» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кезекті экспедициясы басталды. Көтерген тақырыбымыз «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы». Ұстанған ұранымыз – «Болашаққа бәріміз жауаптымыз!». Біздің «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының өзінің қалыптасқан дәстүрі мен саралы жолы бар. Он сегіз жылдан бері ел аралап су кешу, тау асып тас басу, елмен кездесіп, тікелей байланыста болу бұлтармас жобамыз. Газетке жазылатын мақала мен берілетін құнды материалдың дені көзбен көріп, қолмен ұстаған дүниелердің жемісі. Газеттің қалыптасқан жолы, таңдаулы дәстүрі бар. Сол мақсатпен Бас директорымыз Сәуле Мешітбайқызы Солтүстік Қазақстан облысына барды. Газетіміздің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы Ақмола облысын аралап шықты. Нағашыбай Қабылбек Қостанай-Торғай өңірін шиырлап, шырқыраған шындықты жазып жатыр. Мен Ұлытау облысына барып, үлкенді-кішілі оқиғалар ортасында болдым. 

Қазанның 8-і күні Жезқазғанға жеттім. Облыс әкімі Дастан Адайұлы еңбек демалысында жүргендіктен, әкімнің орынбасары Зина Жұманазарқызы қабылдады. Қарамағындағы әкімдік аппараты, Қоғамдық даму басқармасы, білім басқармасы секілді мекемелердің басшыларын жинап ақылдасып, әрқайсысына тапсырмалар берді. Зина Жұманазарқызының жіті бақылауында жұмыстар ретіне келіп, бағытымыз айқындалып, басты мәселелер шешілді. Ұлытау өңіріндегі жұмыстың тыңғылықты, табысты өтуіне «AMANAT» республикалық партиясының Ұлытау облысы бойынша атқарушы хатшысы Ерлан Батырбекұлының ықпалы зор болды. Партия басшысының ұйымдастыруы бойынша жататын қонақүй, мінетін көлік, баратын бағыт, көретін нысандар, алып жүретін қызметкер бір сәтте шешімін тапты. Бар жұмыс ең әуелі ықылас пен пейілден басталады. Облыс басшыларының назар аударуы мен қолдауының нәтижесінде жұмыстар жүйесіне түсіп жылжи бастады. 

Ұлытауға өлмес өмір сыйлаған

 

Қазанның 9-ы күні таңнан «AMANAT»-тың Ұлытау облысындағы атқарушы хатшысы Думан Жұмановтың бастауымен Ұлытау ауданына жолға шықтық. Кезіндегі 20000 халқы бар Жездіде бүгінде 2000-дай адам тұрады. Бұрынғының оннан біріне кеміп кетіпті. Тұрғындардың кемуінің басты себебі: «оңтайландыру» саясаты кезінде қараусыз қалғандықтан, ел жан-жаққа үдере көшіпті. Жездідегі облыстық деңгейдегі «Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы» музейіне тоқтап, директоры Қазанбаева Зейпін Зікірқызына жолығып сұхбаттастық. Мұражайдың құрылуы мен қалыптасып қызмет көрсете бастауы Ұлы Отан соғысының ардагері, Жездінің басшылық міндетін атқарған, одақтық дәрежедегі зейнеткер, көп жылдар аудандық ардагерлер кеңесін басқарған Мәкен Төрегельдиннің есімімен тікелей байланысты. Музей туралы және ондағы экспонаттардың жәй-күйін Зейпін Зікірқызынан алған арнайы сұхбаттан оқи аласыздар. 

Алыс жол басып, Ұлытауға кірер босағадағы Айыртау ауылына бұрылдық. Күре жолдан 4 км жердегі ауылдың жолына асфальт төсеу жұмысы жүріп жатыр екен. Кезіндегі үлкен бөлімше болғанына қарамастан, бұл күнде жиырма шақты үй тіршілік етіп жатыр. Ауылға «Жол картасы» бағдарламасы бойынша медпункт салынып бітіпті. Бұйыртса, осында тұрақтап, қызмет ететін медицина маманы анықталған соң, жұмысын бастауға дайын тұр дейді. Ауылдағы бір мәселе интернеттің жоқтығы десек, бұл араға жалғап тарату станциясы орнатылып, ауыл жылдамдығы жоғары интернетпен қосылыпты. Ауыл тұрғындары бұл жаңалыққа қуанып отыр. Айыртаудағы аталар мен әжелер: «Интернеттің келгені жақсы болды. Дегенмен, немерелер мен шөберелер ертегімізді тыңдамайды, әңгімемізге қосылмайды. Бос уақыттары бола қалса, телефонды құшақтап алып бүк түсіп жатады. Жазғы каникулда балалар ауылға келді. Келгенін қайтейін, не далаға шығып ойнамай, не тай мініп, қозы қумай, бұрышқа тығылып алып, интернет арқылы көктемірге телміргенін қоймады. Кейбіреуінің бетін бері қаратып шаруаға қоссақ та, көбінің назарын аудара алмай қиналдық», – дейді.

«Қалиев» шаруа қожалығының иесі Нұрбол Қалиев әкесі Ақбатырды алып шетелге кеткендіктен, біз әулеттің отанасы Бейсенкүл Досмағамбетова ападан сұхнбат алдық. 

– Мен Жезқазғанда туылып, сонда оқыған қаланың қызымын. Ақбатырдың етегінен ұстап осында келгеніме де елу жылдың жүзі болыпты. Алғашында қиналсам да, жүре келе үйреніп, үйлесіп кеттік. Көп жылдар фермада сауыншы болып жұмыс істедім. Кейінгі кезде өзіміздің қожалықта жұмыс істеп жүрмін.

Осы араға келгенде бізді ертіп келе жатқан «AMANAT»-тың Думаны сөз қосып: 

«Әулеттің тірлігі жақсы,  отағасы Ақбатыр аға осы ауылдың бейресми сайланбаған «әкімі». Былай айтқанда, ауылдың ақсақалы. Мынау медпункт пен интернеттің жалғап тарату станциясы салынып жатқанда ақсақалымыз жұмыскерлерді тамаққа шақырып, етін асып, шәйін беріп отырды. Тіпті қойын апарып сойып беріп, ауыл мен елдің дарқандығын танытты», – деді.  

Одан ары, Бейсенкүл апа айтып келе жатқан сөзін жалғады. 

 – Осыдан үш жыл бұрын, 2022 жылы төмен пайызбен несие алып, шаруа қожалығын құрдық. Алған ақшамызды малға салдық. Қолымыздағы сиыр, жылқы іріқара малы. Қазір 30-дан аса сиыр сауамыз. Бойдағы мен өзгесін қосқанда біршама. Бие байлап, қымыз ашытамыз. Облыс  берген субсидия көп көмек болды. Ескі техникамызды шетінен жаңартып жатырмыз. Биылдың өзінде екі жаңа трактор алдық. Бұл Айыртау кезінде 500 сиыры бар 2 ферма болатын. Соның орнындағы қалған жиырмаға жуық отбасы мал өсіріп жатырмыз. Кәсібіміз – ет-сүт, құрт-ірімшік, саумал-қымыз. Астана мен Алматы, Жезқазған мен Сәтпаев қалалары тапсырыс береді. Таяуда келін ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесіне Астанаға барып келді. Облыс көлеміндегі әртүрлі жәрмеңкелерге қатысады. Екі ұл, төрт қызымыз бар. Бәрінің де кәсібі, жұмысы өз алдына. Шаруашылыққа ие болып отырған – қолымыздағы баламыз Нұрбол. Соңғы кездегі байқағаным, ұлттық тағамдар мен табиғи өнімдерге сұраныс артып келеді. Біз дүкен ашып сатпасақ та, тапсырыстың өзіне үлгере алмай жатамыз. 

Тағы бір қуанарлық жағдай бар... Бұрын осы ауылда болып көшіп кеткен отбасылардың, өмірден өткен қарттардың кетіп қалған балалары ауылға айналып келіп, жабылып қалған есік-терезелерін ашып, үйін жөндеп, қорасын бүтіндеп, мал салып ата кәсібіне оралып, тіршілік ете бастады. Ауылға назар аударылғалы, шаруашылыққа көңіл бөлінгелі өріс малға толып, ауыл жандана бастады!..

Бейсенкүл апаның сөзі орнықты, болашаққа сенімі зор. Ең бастысы әулеттің тірлігі мен мемлекеттің саясатына ризалығын ашық білдіріп отыр.     

Аудан орталығына жеткенде жаңарып, тіршілік тынысы сезіле бастаған ауылды көрдік. Әкімдіктің еңселі ғимаратына ат басын тіреп, аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың қабылдауында болдық. Әкім өзімен бірге орынбасары Алмас Қайырбекті, Ішкі саясат бөлімінің басшысын, білім бөлімінің басшысын жинап отыр екен. Әкім алдын ала біліп отырса да, өзімді таныстырып, экспедиция сапарының мән-маңызы туралы қысқаша баяндап, газетіміз бен журналымызды, әкелген кітабымды ұсындым. Әкім де ауданның бет-бейнесінен толық мәлімет беретін «Ұлытау – елдік мектебі» деген суретті альбомды сыйлады. Өз кезегінде аудан мен елдің жағдайынан суыртпақтап сыр ағытып, сапарымызға сәттілік тілеп жылы пейілмен қабылдап, ақжарма тілекпен шығарып салды. Ендігі жұмыстарды аудандағы атқа мінген азаматтарға тапсырып қоштасты. Әкімнен шыққан соң «AMANAT» пен аудандық мәслихаттың төрағасы, қаламгер Ахат Құрмансейітовтың алдына беттедік. Жезқазғанда, Қаражалда, Қарағандыда, міне енді Ұлытаудың басында қызмет етіп жүрген Ахат мырзаның бұрын атын естісем де, кездесудің реті келмеген екен. «Ұлытау аудандық мәслихатының аппараты» деген маңдайшалығы бар кабинетке кіріп, көпті көрген, талай жауапты қызметтерді атқарған тәжірибелі, ортасына беделді азаматтың лебізін тыңдап, өңірдің өзгерген өмірімен таныстым. Әсіресе, мәдени, әдеби, қоғамдық жаңалықтарды жақсы жеткізді. Ахат мырза «Qazaqstan dauiri» газетіне жазылады екен. Алдындағы газеттердің арасынан біздің соңғы нөмеріміз де орын алыпты.  

Аудандағы нысандарды Думан Жұманов екеуі аралатып жүріп таныстырып шықты. «Ауыл аманаты», «Жол картасы» бағдарламалары  бойынша қолға алынған шаруалар мен атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті. Атап айтар болсақ, «Әкімнің арнайы қайтарымсыз грантын» жеңіп алған Сәрсенбаева Жазира Еділбайқызының шаштаразына тоқтадық. Шебері Жазираның күйеуі Исанбай Ғынаят екен. Ол осыған дейін әр жерде жалдап алған тұрақтарда жұмыс істеп келсе, енді міне, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы негізінде жеңіп алған үш млн теңге грант арқылы өздеріне тиесілі кабинет жасап, жабдық сатып алып, жеке кәсіптерін онан ары дамытып отыр. Еңселі баспанасы, азық-түлік дүкені де бар. Дүкенге келген кісі шашын қидыра кетеді. Шашын қидырған адам қолтығына бір зат қыса қайтады. Алдағы жерде Жазирада шаш алу өнерін үйреніп, кәсібімізді онан ары кеңейтсек деген ойларын айтты. Осы кезде Кәсіпкерлік бөлімнің маманы Бауыржан Бимағамбетов сөз қосып: «Исанбек Ғынаят аудандағы зейнеткерлерге жеңілдік жасап, жарты бағасын ғана алады. Ауру-сырқау, мүгедек жандардың үйлеріне барып тегін қызмет көрсетеді. Ал, өзіміз осыған дейін шашымызды алдыру үшін Сәтпаев пен Жезқазғанға шабатын едік. Міне енді, Ұлытаудың басынан шаш алдырамыз. Біз ғана емес, Ұлытаудың айналасындағы қаншалаған ауылдың адамдары осында келіп шаштарын бастырып қайтатын болды», – деп соңғы жаңалыққа ризалықтарын білдірді. 

Келесі барған жеріміз аудан орталығының желкесіндегі «Тасбұлақ» болды. Тасбұлақ – Ұлытаудың бөктерінен шығып жатқан табиғи таза шипалы су. Дәрігер, тағамтану ғылымының докторы, академик, әйгілі тұлға Төрегелді Шармановтың осы өлкенің төл перзенті екенін білесіздер. Ғылымның және ғалымның зерттеуі бойынша Тасбұлақтың суы көптеген пайдалы заттар мен емдік қасиетке ие. Ол 12 түрлі сырқатқа шипа болады екен. Осыған дейін алқапқа жайылып сазданып ағып жатқан бұлақты облыстық әкімдік пен «Қазақмыс» корпорациясы бірлесе отырып жоба жасап, корпорация 50 млн теңге ақша бөліп құрылыс салып, басын абаттандырыпты. Суын құйып алуға, ішуге ыңғайлы етіп, трубамен ағызып қойыпты. Біз де бұлақ суынан мейірлене ішіп отырып, осы өлкеде туып-өскен қаламгер, ақын Батырбек Мырзабековтың бір шумақ өлеңіне көзіміз түсті.

«Тасбұлаққа тоқтап, қане, тізе бүк,

Тауға келіп, соқпай кетсең, күлер жұрт.

Ұлытауға өлмес өмір сыйлаған 

Тасбұлақтан сен де, достым, бірер жұт!»

Шипасудан ішіп отырып, өлеңге көзіміз түсіп, «Ұлытауға өлмес өмір сыйлаған» бұлаққа ат басын бұрғанымыз қандай жақсы болған деп күбірледік. 

Онан соң Ұлытау Ұлттық тарихи, мәдени және табиғи музей қорығы «Сапар орталығында» болдық. Аталған орталықтың директорының міндетін атқарушы Айболат Рахманияұлы музейді аралатып жүріп, толық мәлімет беріп шықты. Өздерінің Алматы, Астана, Жезқазған, Сарайшық музейлерімен тікелей қатынасы бар екенін айтты. Осы кезде бізді бастап жүрген Думан Жұманов: «Бұл музей министрлікке тікелей қарайды. Директоры жоқ. Басқа жақтан келген басшылар бұл жерді баспалдақ етіп кетіп қалады. Мынау Айболат Рахманияұлы осы өңірдің тумасы. Қызметке тыңғылықты, білімді, музейдің жанашыры. Сондықтан да, директорды алыстан іздемей-ақ, қазіргі міндетін атқарушы Айболатты бастық етіп қойса, өте лайықты азамат» деп өз ойын қосты. 

Аудандық орталық кітапханаға бардық. Кітапхана меңгерушісі Салтанат Махмұтқызы алдымыздан шығып қарсы алды. Балалар кітапханашысы Гүлзира Тұрсынқызының бөліміне бас сұқтық. «Мөлдір бұлақ» журналы жарқ етіп алдымыздан шыққанда біздің де көңіліміз көтеріліп қуанып қалдық. «Аудандық орталық кітапхана және аудандағы барлық мектептің кітапханалары жазылады» деді. Кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар бас қосқан жиналысымыз қысқа болса да, қызу ынталы, мазмұнды болып өтті. Алдағы уақытта шығармашылық байланыста болуға уағдаластық. 

Ұлытау ауданындағы жоспарымыз орындалған соң, қашық болғанына қарамастан, алыс жолды еңсеріп  «AMANAT» партиясының Ұлытау аудандық филиалының төрағасы Ахат Құрмансейітов мені Жезқазғанға өзі жеткізіп салды. 

 

Кітапқа дос – қоғамның қозғаушы күші

 

10 қазан күні түске дейін Жезқазғандағы төрт нысанды көріп шықтым. Облыс болғалы бері бой көтерген мәдени, спорт, сауықтыру мекемелерін, қалалық кітапхананы араладым. Тың серпіліс пен қомақты нәтижелерін көріп қуандық. Қалалық орталықтандырылған кітапхана, Облыстық көрме залы,  «Жігер спорт кешені», Шахмат академиясы қатарлы төрт мекемеде болып, бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін сезіндік. Кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, соңғы үлгідегі модернизациядан өтіпті. Кітапхананы аралап жүрсем, кітап қорының қатарында менің «Мәңгілік мекен» және «Өлместің суы бар ма?» деген кітаптарым тұр екен. «Өлместің суы бар ма?» жинағымды қолыма алып: 

– Мынау кітаптың авторын танисыздар ма? – деп сұрадым. Бөгеліп қалған меңгеруші кітапты аударыстыра бастады. Мен ол кісіге: 

– Мұқабаның соңғы бетінде автордың суреті бар екен, соған бір қарап, сонан соң маған қараңызшы... – дедім. 

Сонда ғана байыбына барған қарындасымыз бетіме қарап күліп жіберді де: 

– Ой, ағай, бұл кітаптың авторы сіз екенсіз ғой!... – деді...

Көрме залына барсақ, осы Ұлытау жерінің перзенті, көрнекті тұлға, даңқты ғалым Төрегелді Шармановтың туғанына 95 жыл толуына байланысты көрменің ашылуына тура келдік. Ғалымның тіршіліктегі заттары, жазған кітаптары, әр кезде алған бағалы сыйлықтары мен тұтынған бұйымдары қойылыпты. Ұрпаққа ұлағат, елге өнеге ретінде ұйымдастырылған көрменің берер тағылымы мол. Көрме ашылған сәтте Ұлытаудың ардагерлер қоғамының басшысы: «Жезқазған қаласынан Төрегелді Шарманов пен журналист, қоғам қайраткері Камал Смайыловқа арнап мұражай ашылу керек!» деген ұсынысын облыс басшылары мен министрліктің өкілдеріне айтыпты. 

Біз барған Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының  «Жігер спорт кешені» «Қазақмыстың» жергілікті халыққа сыйлап салып берген мектеп екен. «Спорт мектебі осы жылдың басында ашылды. Баскетбол, волейбол, бокс, жүзу, үстел теннисі, көркем гимнастика, шахмат секілді спорт түрлері бар. Облыстық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі. Осы кезде 11 спорт түрі бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 1800 оқушы тәрбиеленуге лайықталған. Шәкірттеріміз өз мектептерінен білім алады. Спорттық бағыттағы талантты балалар ғана осында келіп бізге қабылданып, жаттығулармен айналысады. Мамандандырылған орталық». Міне осы жағдайларды бізді көрсетіп жүрген «Жігер» орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шыңғысхан Нұрбекұлынан білдік. 

Келесі барған жеріміз «Жансая Абдулмалик Шахмат академиясы» болды. Оқу орнына «KAZAKHMYS» корпорациясы тарапынан жауапты Нұрсұлтан Тажбенов  төрт қабаттан тұратын академияны бір-бірлеп таныстырып шықты. Академия осы жылдың ақпан айында ашылыпты. Корпорация тарапынан ашылған жекеменшік мекеме. Балаларды 4 жастан бастап қабылдайды. Жалпы 1200 баланы тәрбиелеуге мүмкіндігі бар. Осы кезде 320 шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Ашылған жарты жылдың ішінде жүзден аса разрядқа ие болған балалар бар. Халықаралық деңгейге жеткен 15 бала бар.  Алматыда өткен халықаралық байқауда Италиядан, Африкадан, өзге де елдерден келген спортшыларды жеңіп, 3 баламыз халықаралық чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінді. Оқу ақылы, айына 28000 тг төлейді. Бұл ақша пайда табу мақсатында емес, коммуналдық төлем, ұстаздардың еңбекақысы, түрлі шығындарға жұмсалады. Бір аптада үш мәрте сабаққа келеді. Үйрететін ұстаздар өз дәрежесіне байланысты қызмет атқарады. Алғашқы жаттығуларды қазақстандық шеберлер үйретсе, баланың дәрежесі көтерілген сайын деңгейі биік шетелдік жаттықтырушыларға ауысып отырады. Грузиядан, Беларуссиядан шақыртқан ұстаздарымыз бар. Анау жүлде алған үш чемпион – Грузиялық шебердің шәкірттері. Академия ашылғанда Жансая Абдулмалик өзі келді. Онан кейінгі кездерде жауапты ата-анасы хабарласып тұрады, ай сайын келеді екен. 

Басқосудың салмағын арттырған бас маман

 

Түстен кейін Қайыркүл Тұяқбайқызы басқаратын облыстық орталық әмбебап кітапханада Жезқазған мен Сәтпаев қалаларының мектеп директорлары, тәрбие ісі бойынша орынбасарлары, кітапханашылар,  ата-аналар қатынасқан маңызды жиналыс болды. Шақырылған адамдар бірі қалмай толық келді. «AMANAT» партиясының саяси бөлім меңгерушісі Бегзат Азияқызы кіріспе сөзбен ашып, мені көпшілікке таныстырып,  басқосуға сәттілік тіледі. Одан ары экспедициямыздың мақсаты мен маңызын айтып, бүгінгі жастар тәрбиесінің берілу жолдарына ойысып, соңында баспасөзге жазылу, «оқитын ұлт» болудың алғышарттарын ортаға салдық. Тыңдаушы құлықты болса, сөйлеуші шабытты болатыны белгілі. Жиналыс жоғары дәрежеде өтті. Келген ұстаздар қауымы кері байланысқа шығып, әңгіме сұрақ-жауаптармен өрбіді. Ата-ана – мектеп – қоғам, «үш жақ» бірлескен жүйе оқушының білім алу және тәрбие барысына ықпал етеді. Ал, соның қатарына балалар басылымын да қосуға болады. Сондықтан да «Мөлдір бұлақ» секілді журналды оқуды, түрлі жанрдағы кітапты оқуды бір сәтте босаңсытуға болмайтын тетік. 

Оқушы кітап оқи бастаса, ата-ананың да, ұстаздардың да жүгі жеңілдеп, мазасыздықтан арыла бастайды. Өйткені кітап оқыған бала іштей түлеп, кемелдікке қадам басады. Сөздің соңында Алматыдан арқалап келген газет-журналдарымды көпшілікке таратып, мектеп директорларының қолына арнайы хат ұстаттым. Екі қаладағы барлық мектепті аралап шығу мен кездесулер өткізуге қыруар уақыт кетеді. Сондықтанда облыстық білім бөлімі жауапты басшылар мен кітапханашыларды бір жерге жинап беруі өте дұрыс шешім болды. Басқарманың бас маманы Салтанат Дүйсенбекқызының өзі келіп қадағалауы басқосудың салмағын арттырып, маңызын тереңдетті. Жиналыстан соң бүгінгі келген адамдардың тізімін қолыма ұстатқаны бұл облыстың бала тәрбиесі мен оқушылардың білім алуына айрықша назар аударып отырғанын аңғартты.   

Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – ұлттың келешегі болған ұрпақ қамы. Бүгін газет-журнал оқыған бала ертең кітап оқитын болады. Кітапқа дос болған адам қоғамның қозғаушы күшіне айналады. Газет-журнал шығарып отырған мекеменің науқан басталғанда жарғақ құлағы жастыққа тимей ел кезіп, алыс сапарларға шығуы тек басылымның таралымын арттырып, қаржыны көбейту десек, қателесеміз. Қанша көп адам жазылса, сонша оқитындар пайда болады. Басылым оқылып, ондағы танымдық, тағылымдық және тәрбиелік дүниелер оқушы санасына жетсе, қоғамдық сананың өзгеріп, жастардың сапасы арта түседі. Сонда ғана бүгінгі күндегі жамыраған тәртіпсіздіктер мен заңсыздықтардың жолы кесіледі. Біз мәселе туындаған соң алашапқын болғанша, жаншошырлық жаманатты нәрселерді болдырмаудың амалын алдын ала қарастырғанымыз абзал. Сондай игілікті іс-шараның бірі баспасөзге жазылып, балалар басылымының күшінен пайдалану дер едім. 

Көзбен көрген соң, көңілмен сенесің. Ұлытау облысындағы басшылар мен басқарма бастықтарының біздің «Qazaqstan dauirі» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына пейілдері ақ, қолдаулары қуанарлық. Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Өміртайұлы мен Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маратбек Жақыпбекұлы қатарлы азаматтарға айтар алғысымыз шексіз!.. Баспасөз саласы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарағанмен, оқырманымыз – оқушылар. Күллі мектеп Оқу-ағарту министрлігіне қарайды. Сондықтан да біздің тірлігіміз білім саласымен тікелей байланысты. Оқу-ағарту министрлігінің оң көзбен қарауы аса маңызды. 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы
22.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 63
Министрлікте өткен кеңес
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 27
Ақындар айтысы өтті
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 26
АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 63
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 304
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 299

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18973
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18833
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33998
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32551
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36357