«Qazaqstan dauiri» газетінің «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен дәстүрлі экспедициясы Жамбыл облысында
Экспедициямыздың кезекті сапары Сәуірдің 28-29 күндері Алматы облысы, Қордай ауданында сәтімен жалғасты. «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, газеттің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Мұқағали Балтабай, Алматыдағы үйлестіруші Ерлан Мыңтаев, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы төрт адамдық топ Қордайға қадам басып, халықпен кездесті. Мектептегі бірыңғай ұлттық тәрбие қызметі, ұлттық құндылықтарды тереңдете түсу мақсатында жүріліп жатқан іс-шаралар ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды.
Қордай ауданындағы іргелі білім ордасының бірі 1992 жылы негізі қаланған №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы еді. Бүгінгі күнде бұл мекеме заманауи талаптарға сай жабдықталып, 1458 оқушыға сапалы білім беріп келеді. Мектептің материалдық-техникалық базасы мықты. Онда 53 оқу бөлмесі, 150 орындық мәжіліс залы, 128 орындық асхана, 2 спорт залы, 3 зертхана, кітапхана, 3 компьютер кабинеті және коворкинг орталығы бар. Сондай-ақ 3 жаңа модификациялық кабинет оқушылардың жаңаша білім алуына мүмкіндік беруде. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін бұл білім ордасында 141 педагог еңбек етеді. Олардың ішінде шебер ұстаздар саны 5, зерттеуші 46, сарапшы 25, модератор 38, педагог 26 болып бәріде өз деңгейіндегі жоғары санатты ұстаздар қосынын құрайды. Бұл деген білім сапасының жоғары болуының бірден-бір кепілі. Білім беру мен тәрбие жүргізу қатар жүрген бұл мектеп қордай өңірінің мақтанышы. Сондықтан да «эксперименттік алаң жағдайында оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуді ұйымдастырудың» міндеттері дәл осы аталған білім ордасына жүктеліп отыр.
Бұл жолғы экспедиция тұңғыш рет аталып өтіп жатқан «Ұлттық кітап күні» қарсаңымен тұспа-тұс келді. Біздің елімізде халықаралық және мемлекеттік деңгейде аталып өтетін атаулы күндер, мерекелер бар. Атаулы күндердің қатарына «Ұлттық кітап күні» қосылды. Бұл деген түсінген адамға нағыз мереке!.. Әсіресе, адам өмірін кітаппен байланыстыру рухани жаңғырудың жарқын сипаты. Кітап адамзат ақыл парасатының жинақталған жауһары. Бағалы қазына, теңдессіз байлық. Ол өткен замандар мен болашақ күндерді жалғап тұратын алтын көпір. Кітаптан алыстаған қоғамның не болатынын осы өткен 30 жылда анық сезіндік. Сол кеткен есе, ойсыраған олқылықтардың орнын толтырудың орайы енді келді. Ештен кеш жақсы дейді екен, Президенттің пәрмені тұтас қоғамның қолдауына ие болды. Жалпы кітапсіз өмір сүруге де болады. Бірақ, ондай кітапсіз қоғам – тұрпайы, дөрекі қараңғы қоғам. Кітапсіз өмір – ойсыз қуыс кеуделердің тобыры болмақ. Өйткені «кітап оқу тоқтаған жерде ойлауда тоқтайды» деген ақиқатты мойындауымыз керек.
Әр істің бір себебі, бір сәті болады. Сапарға мұрындық болған Қордай аудандық №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Танабекова Назира Азтанқызының шақыру бойынша басталып кетті. Сәуле Мешітбайқызы Астанадан Таразға, Тараздан Қордайға келді. Біздер Алматыдан жол басып, асу асып жеттік. Түбіміз бір туысқан қырғыз елімен шекаралас өңір. Қойнауы құт, шөбі шүйгін, жері құнарлы, суы мол, адамдары еңбекқор берекелі өлке.
Айтулы шара мектеп-гимназиясының «Білім беру мазмұны жаңартылу жағдайындағы оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеудің ұйымдастыру-педагогикалық шарттары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында өтті. Оқу орыны бес жылдан бері «Эксперименттік алаң жағдайында оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуді ұйымдастырудың жаңа әдістерін көрсету, тәрбие проблемаларын айқындай және оларды тиімді шешу тәжірибемен бөлісу» мазмұны бойынша пікір өрбіді. Жеті жобаның қалай орындалып жатқанын өз кабинеттерінен көріп шықтық. Жобаға қатынасушы ұстаздар мен оқушылардың біріккен жобасын мұқият тыңдап, көзбен көрдік, қолмен ұстадық. Жинақы реттілікті, қағылез қырағылықты, мұқият дайындықты сезініп риза болдық. Осы кезге дейін қолға алынып, атқарылып жатқан көптеген жобалардың ішінен бөліп алып көрсеткен жеті жоба мыналар болды.
1. «Оқырман ұрпақ» жобасы
2. «Мейірімді жүрек» жобасы
3. «Патриот» жобасы
4. «Салауатты ұрпақ» жобасы
5. «Жас эколог» жобасы
6. «Ұлттық мұра» жобасы
7. «Шаттық» жобасы
Жобаның жетекшілері жиналған жұрт алдында тарқатып таныстырып, ұғымды етіп баяндап шықты. Ақылды электронды тақтаның алдында таныстырылым жасап бүгінгі технологияның үздік жетістіктері арқылы көрсетіп шықты. Әсіресе, осы жеті жобаның жетекшісі, Әбу Насыр әл Фараби атындағы Ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры психология ғылымдарының докторы Тоқсанбаева Нұргүл Қорғаджанқызы сөз сөйлеп тереңінен түсіндірді. Тағы бір айта кететін жағдай: Мектеп-гимназияның табалдырығын аттаған сәттен бастап, бас модератор Аязбаева Мадина Серікқызы өте байсалды, сабырлы, шешендікпен жүйелі сөйлеу машығы арқылы келген қонақтарға жинақы, түсінікті информация беріп баяндап отырды. Осындайда тілдің құдіреті мен көркемдік мәнеріне де тәнті боласың! Бірінші қадам домбырашылар тобының күмбірлеген күйімен басталды. Күй ойшылдыққа, тереңдікке, парасатқа бастайтын сырлы әлем. Қазақтың күйінде кие бар, қасиет бар. Кез келген қазақ шерте білмесе де, сезіне білуге, түйсіне білуге тиіс. Өйткені қазақтың жаны күймен егіз, домбырамен бірге туған. Егер домбыра күйінен қожырасаң, онда ұлтыңнан да қожырағанмен бірдейсің. Бұл оқу орнының өзгешелігі күйге маңыз беріп, оқушы жанына күйдің ырғағын, тәтті ләззатын сіңіре білгендігі бізді қуандырды.
Мектеп-гимназияда оқушылардың рухани адамгершілік, шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған «Қонаев жаршысы» газеті шығады. Бас редакторы Төремұратова Балзира. Газет бетінде ұстаздардың еңбегі, шәкірттердің шығармалары, мектептегі маңызды жаңалықтар жарияланып тұрады. Әсіресе, аталған жеті жобаның айналасындағы іс-қимылдар уақтында басылып шығып оқырмандарға жеткізіледі.
Бұл жолғы конференцияға «Qazaqstan dauiri» өкілдері, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Сағымбекұлы, аудандағы 48 мектептің оқу ісінің меңгерушілері, арнайы пән мұғалімдері, жобаның арнаулы жетекшісі ғалым Нұргүл Қорғаджанқызы қатысты. Конференцияда арнайы шақырылған қонақ Сәуле Мешітбайқызына сөз берілді. Аудан бойынша білім саласының таңдаулы қызметкерлері алдында маңызды ойларын ортаға салған басшы, ұрпақ тәрбиесі мен ұстаздардың жауапкершілігі туралы тереңінен қозғап, салмақты сараптау жасап айтып өтті.
Білімді болған жақсы, бірақ тек білім беру арқылы ғана негізгі мақсатқа жетуге болмайды. Өйткені біздің ұлттың сан ғасырдан бері жүйеленіп қалыптасқан дәстүрі бар. Сондықтан әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басшылыққа алып тәрбиені ешқашан әлсіретпей біліммен қатар жолға қою бұл мектептің бірден бір ұстанымы.
Сондықтан да олар рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуді басты назарға ұстап келеді. Мектеп директорынан жоба жетекшілеріне дейінгі шешендердің сөзінен байқағанымыз «оқушыларды мейірімділікпен баулу» олардың негізгі қағидасы саналады.
Конференция соңында мектеп-гимназиясының директоры Танабекова Назира ханым қорытынды сөз сөйлеп, Астанадан келген Сәуле Мешітбайқызына, «Qazaqstan dauiri» мекемесінің ұжымына, Алматыдан келген ғалым Тоқсанбаева Нұргүл ханымға алғыс айтты. Орамал тон болмайды жол болады деп, оқу орнының естелігін тарту етті.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
«Мөлдір бұлақ» журналының
бас редакторы